Вебинар технологиясы жоғары оқу орындарындағы экономикалық білім беру сапасын жоғарылату факторы ретінде



Дата25.01.2017
өлшемі97,74 Kb.
#7634
Вебинар технологиясы жоғары оқу орындарындағы экономикалық білім беру сапасын жоғарылату факторы ретінде
1Ж.М. Жартай 2Ә.Т.Сәбит

1Экономика және халықаралық бизнес кафедрасының аға оқытушысы, педагогика ғылымдарының магистрі

2"Халықаралық энономика" мамандығының 1 курс студенті

zhanibek862010@mail.ru adilsabit3@gmail.com
Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті, Қарағанды қ.
Аннотация: Мақалада вебинар технологиясы жоғары оқу орындарындағы экономикалық білім беру сапасын жоғарылату факторы ретінде қарастырылады. Соңғы бірнеше жылдар ішінде вебинарлар ең үлкен танымалдылыққа ие дистанциялық оқыту құралдарының қатарына кірді. Вебинарлар білімділік деңгейін арттыру үшін, маркетингтік мақсаттар мен орта және жоғары білім беру шегінде оқыту үшін де қолданылады.
Кілт сөздер:Инновация, инновациялық педагогикалық технологиялар, вебинар, онлайн-конференция, онлайн-семинар


  1. Қазақстан Республикасындағы қоғамдық өзгерістердің ауқымдылығы, күрделілігі білім беру саласына оның ішінде жоғары оқу орындарында білім беру стратегияларына өзгерістер енгізуді талап етеді. Әр түрлі болжамдардың сан алуандығына қарамастан, қазіргі білім беру жүйесін дамыту үдерісінде жаңа оқыту үлгілеріне, мазмұнына, технологияларына, түрлері мен әдістеріне қатысты шығармашылық ізденістердің қарқындылығымен әрі көп түрлілігімен ерекшеленетінін мойындауға болады. Мұндай даму қоғамды ақпараттандыру технологиясын қарқынды дамыту аясында жүзеге асырылып отыр.

  2. Жоғары білім – маманға білім, іскерлік және дағды ғана беріп қоймайды, ол жеке тұлға қалыптастырады. Бүгінгі күнгі педагогика ғылымының өзекті мәселелері - әлемдік білім беру кеңістігіне сай бейімдеп білім алу, кәсіби қалыптастырудың сапасын жақсарту, біліммен қамтамасыз етудің ғылыми-әдістемелік жүйесін түбегейлі жаңарту, оқытудың әдістері мен ұйымдастыру түрлерін өзгерту, педагогикалық ғылымдарды ұйымдастыруды қайта құру, ондағы алдыңғы қатарлы оқу-тәрбие тәжірибелері мен қазіргі қоғамның сұраныстарының алшақтығын жою, білімдегі жаңашылдықты саралау, білімді жетілдіру үдерісіндегі үздіксіздікті қамтамасыз етуде оның ролін арттыру.

  3. Қазақстан Респубикасының «Білім туралы» Заңында ұлттық және жалпы адамзаттық құндылықтар, ғылым мен тәжірибе жетістіктері негізінде тұлғаны қалыптастыруға, дамытуға және кәсіби шыңдауға бағытталған білім беру және оның шығармашылық, рухани және тәни күш қуатын жетілдіру, жеке тұлғаның жан-жақты дамуына жағдай жасау міндеті көзделгенін ескерсек, болашақ мамандарды жаңашылдыққа даярлауымыз керек.

  4. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халқына арнаған жолдауында: «ХХІ ғасырда білім беру ісін дамыта білмеген мемлекет құрдымға кетері хақ. Сондықтан біз болашақта жоғары технологиялық және білікті өнеркәсіп мамандарының шоғырын қалыптастыруымыз қажет. Бұл орайда, Қазақстандағы жоғары оқу орындарының міндеті - әлемдік стандартқа сай білім беру, ал олардан алынған дипломдар дүние жүзі мойындайтындай болуы қажет. Біз әрбір Қазақстан азаматтарының дұрыс мүмкіндіктермен жоғары білім алуына кепілдік беруіміз қажет», - деген болатын.

Қазіргі білім берудің барлық деңгейлерінде зерттеулік, компьютерлік, жобалық және көптеген өзге де инновациялардың кең ауқымы байқалады. Алайда, бұл инновациялардың басым көпшілігі технологиялық жеткіліксіздігі мен теориялық негізінің әлсіздігі салдарынан жаппай білім беру жүйесіне айтарлықтай ықпалын тигізе алмай келеді. Десек те, жаңа аталмыш үлгілер ескі білім беру парадигмасы шектеулерінің жойылып, оның орнына жаңасының құрылып жатқандығын растай түседі.

Жаңашылдық білім беру саласының алдында тұрған жаңа міндеттерді сәтті орындаудың негізгі шарттарының бірі болып саналады. Олар оқу-тәрбие жұмыстарының тиімділігі мен өнімділігін арттыруға септігін тигізеді. Білім беру саласына жаңалықтар енгізбестен бұрын, қоғамдық еңбектің басқа салаларына сәтті түрде жаңалықтар енгізу қиынға соғады.



«Инновация» термині ғылымға XIX ғасырда оның антропология және этнография салалары арқылы енді. Мұнда ол «дәстүр» терминінің антонимі ретінде мәдениеттегі өзгерістер үрдісін зерттеуде қолданылды. Әсіресе, тиісті ортада мәдени жаңа жасалымдардың диффузиясына, олардың басқа мәдениетке өтуіне назар аударылды. Сол арқылы инновация ұғымы диффузионизм тұжырымдамасы мәніне енді. Бұл ұғым мәдениет өндірісіндегі эволюционизмнің орнын ауыстырды. XX ғасырдың бірінші жартысында функционализм әсерінен өндірістер үрдісі Батыстағы әлеуметтік ғылымдардың перифериясына сәйкес келді. Ал инновациялар жүйедегі теңсіздік, қысымдардың бой көрсетуі немесе жаңа қысымдардың бастау көзі қызметін атқаратын қалыптан ауытқу ретінде көрінді. Бірақ экономика ғылымы XX ғасырдың басында «инновация» ұғымын меңгеріп, субъектілердің шаруашылық өмірде қолданатын және «кәсіпкерлік пайда» көзі ретінде жұмсалатын элементтеріне жаңа рең берді, циклдық дағдарыстарды жеңудің маңызды құралы ретінде танылды.

Инновация – оқу-тәрбие процесінің ағымы мен нәтижесін жақсартуда педагогикалық жүйедегі өзгеріс. Сондықтан, қазіргі педагогикалық инновацияның мәні мен бағыты жайындағы көзқарас өте қарама-қайшылықты туғызуда. Соған орай, білім беру жүйесіндегі негізгі қарама-қайшылық – бүгінгі өмірдегі білімдердің тез қарқынмен жетілуі жағдайы мен индивидтің олардың меңгерудегі мүмкіншіліктерінің шектеулігі арасындағы қарама-қайшылық болып табылады. Мұндай жағдайда педагогикалық теорияны абсолюттік білім беру мұратынан бас тартуға мәжбүр етіп, жаңа мұратқа өзін-өзін басқаратын және өздігінен білім алатын адамның қабілеттерін барынша дамытуға итермелейді.

Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті оқу үрдісінде педагогикалық инновациялық технологияларды енгізіп, ұйымдастырылады. Осындай педагогикалық инновациялық технологиялар ретінде вебинар технологиясы қарастырылады.

Онлайн-семинар (веб-конференция, вебинар – ағылш. «webinar») –ғаламтор арқылы шынайы уақыт режимінде онлайн-кездесулер немесе презентациялар өткізу, веб-конференцияның бір түрі. Веб-конференция кезінде әрбір қатысушы өз компьютері алдында отырады, ал олардың арасындағы байланыс әр қатысушы компьютерінде орнатылған ғаламтор желісінде жүктеліп отыратын қосымша (приложение) немесе веб-қосымша арқылы қамтамасыз етіледі. Соңғы жағдайда конференцияға қосылу үшін браузер терезесіне URL (сайт адресін) енгізу керек. Алшақтанған оқу нысанының ерекшелігіне байланысты дәстүрлі семинарды аудиториядағы сияқты ғаламторда да өткізу мүмкін емес. Көбінесе маңызға ие ерекшеліктері кестеде көрсетілген.
Кесте 1

Дәстүрлі семинар мен вебинар арасындағы айырмашылықтар мен ерекшеліктер






Дәстүрлі семинар

Вебинар

Кездесу орны

Жалға алу

Қажет етпейді

География

1 қала

Шектеу жоқ

Кері байланыс

Күшті

Әлсіз

Аудитория назары

Ұстауға жеңіл

Әртараптандырылған

Матреиалдың берілуі

Бір уақытта

Дозаланған

Ойға қонымды ұзақтылығы

1-2 күн

Сессиялар 90 минуттан

Қосымша материалдар

Басында

Алдын-ала

Тапсырмалар

Мүмкін емес

Қолданылады

Ескерту – автормен [1] әдебиет көзінің негізінде құрастырылған

Вебинарларды дәстүрлі түрде 2 түрге бөледі:



  • Веб-семинар (оқытушылар мен білім алушылардың екі жақты қарым-қатынасын қамтиды);

  • Веб-конференция (оқытушы баяндама жасайды, ал студенттер оған қарайды және тыңдайды).

«Вебинар» жүйесінде дәріспен қатар, практикалық, лабораториялық, семинар сабақтарын және білім алушылардың оқытушылар жетекшілігімен өзіндік жұмыстарын өткізуге болады.

Вебинарлар бірлескен және дәрісхана мен жүргізуші арасында толық әрекеттестікті қамтамасыз ететін дауыс беру мен сауалнамалар сеанстарын қосуы мүмкін. Кейбір жағдайда жүргізуші телефон арқылы сөйлеп, экранда көрсетілетін ақпаратқа түсінік бере алады, ал тыңдаушылар оған телефондағы дауыс жоғарылатушымен (громкоговоритель) жауап бере алады. Ортада, сонымен қатар, желі арқылы толық аудиобайланысты қамтамасыз етуші VoIP-аудиотехнологиялар демеуімен жұмыс істейтін технологиялар бар. Вебинарлар (провайдерлерге тәуелді) бір конференцияның қатысушылары бір-бірінің сол конференцияға қатысып отырғандары туралы білмейтін анонимдік немесе «көзге көрінбеушілік» функциясыларына ие болуы мүмкін.

Ғаламтор желісі пайда болған бірінші жылдары «веб-конференция» терминімен көбінесе форум немесе хабарландыру тақтасының тармақтарын атаған. Кейінірек бұл термин шынайы уақыт режиміндегі қарым-қатынас түсінігін алды. Қазіргі уақытта вебинар дистанциялық оқыту жүйесінің шегінде қолданылады.

Бірінші IRC сияқты шынайы уақыт режиміндегі мәтіндік қарым-қатынас жүйесі ғаламтор тарихының ең бастапқы уақытында, 1980 ж. соңында пайда болды. Тез қатынасқа арналған веб-чаттар мен бағдарламалық жасақтамалар (ПО) 1990 ж. ортасында жарық көрді. Ең бірінші конференц-байланыстың толық мүмкіндігі 1990 ж. соңында пайда болды, содан кейін шынайы уақыт режиміндегі қатынастың басқа да көптеген құралдары дамыды.

«Webinar» терминінің саудалық белгісі 1998 жылы Эрик Р. Корбпен тіркелді (Eric R. Korb) (Сериялық Номері 75478683, USPTO), бірақ кейін сотта қарастырылып, қазір InterCall компаниясына тиесілі.

Конференция-байланыстың басқа да әдеттегі функцияларының ішінде:



  • слайдтық презентациялар;

  • шынайы уақыт режиміндегі видео;

  • VoIP (компьютер арқылы шынайы уақыт режимінде наушники немесе колонкалар арқылы аудиобайланыс);

  • веб-турлар – сеанс туралы беттер адресі, форма мәліметтері, cookies, скрипттар мен басқа да ақпараттарды жүйеге кіру элементтерін, басу (клик), экраннан экранға ауысуды көрнекі оқыту үшін қолдану мақсатымен басқа қатысушалырға жіберу. Берілген функция типі ұолданушылардың тікелей қатысуы арқылы сайттың немесе қосымшаның көрсетілімі (демонстрация) үшін қолданылады;

  • жазылым трансляциясы (кез-келген қолданушы көріп, тыңдауы үшін өте сирек веб-адрес бойынша таратылады);

  • whiteboard – жүргізуші мен тыңдаушы слайдтық презентациия бөлімдеріне белгі қойып, түсіндірме (комментарий) жазатын түсіндірмелерге арналған электронды тақта;

  • мәтіндік чат – конференция қатысушыларына ғана жүргізілетін шынайы уақыт режиміндегі сұрақтар мен жауаптар сеансы, чатта топтық (қатынастар барлық қатысушаларға көрінеді) және жекеше қарым-қатынас (әңгіме тек екі қатысушы арасында болады) болуы мүмкін;

  • дауыс беру мен сауалнама (жүргізушіге таңдауға бірнеше жауап түрлерін ұсына отырып, дәрісханаға сауалнама жүргізуге мүмкіндік береді);

  • алшақтанған жұмыс үстелі, қосымшаларды бірлесіп қолдану (қатысушылар өз мониторында веб-конфееренция жүргізушісімен берілген барлық мәліметтерді көре алады; кейбір бірлесіп қолданылатын қосымшалар қатысушыларға жүргізуші компьютерін (экранын) басқаруға мүмкіндік беретін алшақтанған жұмыс үстелі функцияларына ие).

Желі арқылы жүргізілетін конференц-байланыс қызметі көбінесе жабдықтаушы-компанияның веб-серверінде орналасқан сервис ретінде қолданылады. Әрбір жабдықтаушының өз шарттары бар, бірақ олардың көбісі қолданушыға минут сайынғы есептесу құны үлгісін немесе белгіленген айлық төлемді пайдаланады.

Кейбір жабдықтаушылар сондай-ақ тапсырыс берушіге конференц-байланыс сервисін өз серверінде орналастыруға мүмкіндік беретін серверлік шешімдерді ұсынады.

Желі арқылы конференц-байланысты ұйымдастыруға арналған бағдарламалардың маңызды функциясы болып қосымшаларды бірлесіп қолдану (ағылш. application sharing) табылады. Бұл веб-конференцияның бір қатысушысы қосымша басқарылымын басқа бір қатысушыға бере алады деген сөз.

Ғаламтор арқылы конференц-байланыс технологиясы стандартталмаған. Бұл функционалды үйлесімділік, платформаға тәуелділік, қауіпсіздік сұрақтары, баға мен нарық сегменттелуіне жағымсыз әсер етеді. 2003 жылы IETF конференц-байланыс стандарттарын орнату үшін «Centralized Conferencing» (XCON) атты жұмыс тобын құрды. XCON-ң жоспарланған мақсаттарының ішінде:



  • «floor control» базалық протоколы — RFC 4582-де құрастырылған Binary Floor Control Protocol (BFCP);

  • мүшелік және авторизацияны бақылау механизмі;

  • түрлі медиафайлдар (аудио, видео, тексттік) типтерін қиыстыруды басқару механизмі және оның мазмұны;

  • конференцияға қатысты оқиға/өзгерістер (мысалы, протокол ауысуы) туралы хабарландыру механизмі.

Соңғы бірнеше жылдар ішінде вебинарлар ең үлкен танымалдылыққа ие дистанциялық оқыту құралдарының қатарына кірді. Вебинарлар білімділік деңгейін арттыру үшін, маркетингтік мақсаттар мен орта және жоғары білім беру шегінде оқыту үшін де қолданылады.

Қазіргі кезде дистанциондық оқыту технологияларын кең көлемде қолданып, вебинарларды қолданбайтын ұйымды табу қиын.



Вебинарлардың танымалдылығы мен тартымдылығының себебі ретінде оның ұйымдастыру арзандылығын және өте зор оқытушылық қабілетін айтуға болады.

Әдебиеттер тізімі


  1. Айтбаева А. Б. Білім берудегі жаңа технологиялар [М?тін] : оқу құралы / А. Б. Айтбаева; Әл - Фараби атын. Қазақ ұлттық ун-ті. - Алматы : Қазақ университеті, 2011. - 161 б.;

  2. Айтмамбетова Б. Жаңашыл педагогтар идеялары мен тәжірибелері. Алматы, 1991.;

  3. Тұрғынбаева Б.А. Дамыта оқыту технологиялары. Алматы: 2000 ж.

  4. Тұрғынбаева Б.А. Шығармашылық қабілеттер және дамыта оқыту. Алматы: 1999 ж.-Б. 55-64.

  5. Шадинова.Н. Дамыта оқыту негізінде // Қазақстан мектебі.- 2005.-№1.-Б. 34-39.

  6. Эльконин Д.Б. Психология обучения младшего школьника. М.: Педагогика, 1974 г.

  7. Ядгарова Н., Досжанов Т., Игнотенко А. Психодиагностика – дамыта оқытудың негізі // Ұлағат.- 2001.- №3.- Б. 9-10.




Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет