Ветеринариялық медицина кафедрасы отырысында қаралған және ұсынылған



бет3/5
Дата29.01.2018
өлшемі0,98 Mb.
#35845
1   2   3   4   5

КІРІСПЕ

«Жануарларда сирек кездесетін, аз зерттелген індеттік аурулары» атты ұсынылып отырған еңбек - қазақ тілінде осы пәнге арналған оқулықтың кезекті басылымы. Оқулық ветеринария саласындағы нормативтік құқықтық актілердің жинағына сүйене отырып жазылды.



Бұл басылымда оқытудың кредиттік жүйесінің талаптары негізге алынды. Осыған байланысты әрбір тақырыпта қарастырылатын өзекті мәселелер ескертілді. Ауру атаулары төрт тілде: қазақша, орысша, латынша және ағылшынша берілді. Тақырып мәтінінің соңында баяндалған материялдарды саралап, пысықтау үшін және оларды студенттің қандай дәрежеде игергенін өзін-өзі тексеру мақсатында бақылау сұрақтары берілді.

Бұл басылымда ветеринариялық ғылымдарының докторлары, профессор К.Б. Бияшев, профессор Т.С. Сайдулдиндардың еңбектеріне қарап қазақша терминдер еркін қолданылды.

Малдәрігерлер мамандар ауыл-шаруашылық және үй жануарлардың індеттік жұқпалы ауруларымен жұмыс атқаратын болғандықтан ең жауапты екені белгілі. Сондықтан біздің мақсатымыз өзіміздің тілде оқулықты шығарумен бірге студенттерге терең білім беріп малдардан адамдарға жұғатын аурулардан сақтау жағдайды үйретіп терең ұғындыруымыз керек.

Зооантропоноздармен да кейбір жағдайда ең бірінші малдәрігерлер ауыратыны бәрімізге белгілі. Көп ғалымдарда ғылыми ізденістердің арқасында осы жұқпалы аурулардың құрбаны болған, сондықтан қазірден бастап біз студенттерді «сақ болсаң алла сақтайды» деген үғыммен жақсы үйретіп, терең білім беруге жауаптымыз.

Мысалы, осы 2010 жылдың басында Ресейге біздің Қазақстаннан апарған орнитозбен ауырған тотықұстар, Қорған облысы Петухов селосында он бес шақты адамдардың жаппай орнитозбен ауырып ауруханаға түсуіне себеп болды. Бұл шекарада тұрған бақылаудағы малдәрігерлердің өздерінің жұмыстарына жауапсызбен қарайтынының нәтижесі деп саналады.

Осы шығарылып отырған оқулығымыз студеттерге, тәжірибелік малдәрігерлерлерге осымен қатар барлық ветеринария саласында жұмыс істейтін мамандарға арналады.

Оқу құралының мәселелері бойынша сын айтып, пікірлерін ортаға салушылар болса, алдын ала шын жүректен рахмет айтамын.


1 тақырып СИЫРДЫҢ ПАРАГРИПІ
Сабақтың мақсаты: Аурудың себебін, шығуын, клиникалық белгілері мен алдын алу шаралары және күресу жолдарын оқып игеру.

Сиырдың парагрипі /орыс. парагрипп крупного рогатого скота, лат. Раragrippus bоvит, ағыл. Раrainfluenza-3/ - негізінен жас малда болатын, ыстығы көтеріліп, жоғарғы тыныс жолдарының катарлы қабынуымен ерекшеленетін, жіті өтетін жұқпалы ауру.

Тарихи деректср. Алғаш рет АҚШ-та 1932 ж. Скот пен Тарлей ауруды сипаттады, коздырушы вирусты 1958 ж. Чанок пен серіктестері бөліп алды. 1959 ж. Рейзенгер мен Хедделстон бұл вирустың антигендік кұрамы жағынан адамнын парагрипп-3 вирусымен ұксас екенін анықтады. Ауруды алғашқыда анықтаған зерттеушілер этиологиялық фактор ретінда пастереллаларға айрықша мән берген болатын, кейінгі кезде бұл микроб аурудың негізгі қоздырушысы емес, оның асқынып, өлім көрсеткішінің жоғарылауының себепкері екені айкындалды. Ауру бордақылайтын малды тасымалдаған кезде жиі байқалатын болғандықтан көліктік қызба деп аталды. Кейіннен бұзаулар мен тайыншаларды өндірістік кешендерде өсіріп, бордақылайтын елдердің көбінде бұл аурудың кең тарайтындығы белгілі болды.

Қоздырушысы - Рагаіпflиеnzа 3 Ьоvіпе раrатіхоvіrиs парамиксови-рустар туыстастығы мен тұқымдастығына жататын құрамында РНҚ бар вирус. Парамиксовирустар тұқымдастығының адамның паротит пен парагрипп-3, кемірушілердің, маймыл мен құстың парагрипп вирустары мен құстың ньюкасл ауруының қоздырушылармен морфологиялық жағынан айырмашылығы болмағанмен антигендік құрамы бойынша өзгешелігі бар. Антигендік құрамы тұрақты, баска елдерде бөлініп алынған вирус АҚШ-тағы эталондық прототипімен тақылеттес.

Төзімділігі. Парагрипптің вирусы сыртқы ортада төзімсіз, жоғары температура мен ультракүлгін сәулесінің әсерінен тез күшін жояды. 56° С-та 1 сағ., 37° С-та 5 сағ. өледі. Ал төменгі температурада ұзақ сақталады. 4 мәрте қатырып жібіткеңде зардаптьлығын сақтайды. Қышкыл ортада төзімсіз, рН 3,4 тез күшін жояды. Әдеттегі дезинфектанттар зарарсыздандыру үшін толык жарамды.

Індеттік ерекшеліктері. Әдетте 10 күннен 1 жасқа дейін, сирегірек 1 жастан асқан жас малдар ауырады. Ересек жануарлар ауруға шалдыққан кезде жеңіл ғана ауырып, тез жазылады. Ауруға сонымен қатар қой, ешкі және түйе шалдығады. Қойдын арасыңда ауру кең таралған жағдайда сиырға арналған вакцинамен егу ұсынылады. Парагрипптің вирусының /сиырдың ауруына тән штамы/ буйволдан, жылқыдан, иттен, егеуқұйрықтан бөлінгендігі туралы мәліметтер бар.Аурудың қоздырушысының бастауы - ауырған мал. Әр түрлі жастағы сау ірі қараның арасында вирус алып жүру кең тараған /80-100 %-ке дейін жетеді/. Сондықтан індеттің тұтануына қолайсыз жағдайлар - шоғырландыру, тасымалдау, тұрған қорасының жағымсыз микроклиматы, әсіресе ылғалды суық ауа, зиянды газдар басқа да стресс-факторлар зор әсер етеді.Вирус негізінен аэрогендік жолмен жұғады, алиментарлық және жыныс жолымен де беріледі. Аурудың байқалуына жануарлардың иммунитет ақуалы, әсіресе бұзаулардың енесінен уыз арқылы алған антиденелердің манызы зор. Ірі кешендерде малды әртүрлі шаруашылықтан жинағанда, бастапқы 2 апта ішінде індет тез тұтанады. Сондықтан аурудың аддын алу үшін кешендерге малды үздік-создық әкелмей, тез арада, 2-3 күннен асырмай, толтыру керек. Бұл жағдайда "бос - бос емес" ережесін бұлжытпай орындау қажет, өйткені әрбір жаңадан әкелінген мал аурудың шығуына себепкер болады. Індет шыға қалғанда, егер малға жасалынған жағдай нашар болса, қысқа уақытта ауру көрсеткіші жоғары деңгейге /70 %-ке дейін/ жетеді. Өлім көрсеткіші әдетте 2-3 % шамасында, бірақ кей жағдайда 20 %-ке дейін болуы мүмкін.

Дерттенуі. Парагриптінң вирусы тыныс жолдарына тікелей жағымсыз әсер етеді. Танау қуысына және баска тыныс жолдарына түскенде вирион эпителий торшаларына енеді де, тез көбейіп, кілегейлі қабықтың бетіне бөлініп шығады. Нейраминидаза, гемагтлютинин сияқты факторлардың әсерінен кілегейлі қабықтың тосқауьлдық қорғаныс қабілеті нашарлап, қосалқы микробтардың зиянды ықпалы күшейеді. Бүркеніш эпителиі зақымданып, тыныс жолдарында қабыну процестері туындайды. Тыныс жолдарыңдағы микробтар күшейіп, зардаптылық белсенділігі артады. Зақымдану процесінің, өкпе ағзасы мен тыныс жолдарының қабынуы ауруды өршітуге қатысқан микробтардың ерекшеліктеріне байланысты. Пастереллалар болған жағдайда фибринді пневмония, ал микрофлорада коктар басым болғанда катарлы ірінді пневмония байқалады.

Өтуі мен симптомдары. Жасырын кезеңі 1-5 күн. Клиникалық байкалуы белгілі дәрежеде әртүрлі стресс-факторлардың әсері мен қосалқы микробтарға байланысты. Ауру өте жіті, жіті, жітіден төмен және созылмалы түрде өтеді.

Өте жіті парагрипп 6 айға дейінгі бұзауларда кездеседі де, белгілері байқалған күні-ақ өліммен аяқталады. Өйткенменде ауру негізінен жіті -өтеді, ал инфекцияның солғын байқалған кезінде, қосалқы микробтар қабаттасып, жітіден төмен немесе созылмалы сипатталады. Негізгі белгілері: ауырған бұзаудың ыстығы 40-41,5° С-ге көтеріліп, бұл деңгейде алғашқы 2-4 күн бойы сақталады. Жануардың кетеуі кетіп, жүні сабалақтанып, ұйпаланады. 2 күннен кейін құрғақ жөтел пайда болып, тынысы сырылдап шығады. Танауынан бастапқыда кілегейлі, соңынан ірің араласқан сора ағады. Көп жағдайда ауру бұзаудың көзінен жас, аузынан сілекей ағады. Ауру сәтті өткенде аталған клиникалық белгілері 1-2 аптаның ішінде басылады.Парагрипп асқынған шақта өкпе мен оның пердесі зақымданады да, созылмалы бронхопневмонияға ұласады. Кейде энтериттің белгілері де байқалады.

Патологиялық-анатомиялық өзгерістер. Негізінен жоғарғы тыныс жолдарында кілегейлі қабықтарының катарлы қабынуы байқалады. Тыныс жолдарында созылмалы қоймалжың сұйық жиналады, кілегей қабықтарының кейбір тұстары ошарланып қанталайды. Жұткыншақ, жақасты, кеудеаралық сөл түйіндері ісініп, ылғалданып, қызарады. Өкпенің алдыңғы немесе ортаңғы, сирек жағдайда соңғы диафрагмалық бөлігі қабынады. Қабынған телімдер тығызданып, түрі күңгірттеніп, тілгенде бронха айналасындағы және бөлік аралық ұлпа қабынып, бронхалардың ішінде кілегейлі, немесе кілегейлі-ірінді экссудат болады. Крупозды қабыну болғанда өкпе ұлпасы тығызданып, кескенде аламыштанып тұрады, ал өкпе пердесінде көп жағдайда фибринді қабыршақ болады.

Балау. Диагноз қою үшін індеттанулық, клиникалық және патологиялық - анатомиялық деректер ескеріледі. Аурудың басты ерекшелігі 1-2 апта ішінде бейім жануарларды түгелдей дерлік қамтиды. Клиникалық және патологиялық-анатомиялық белгілері бойынша тек қана алдын ала болжам жасауға болады. Түбегейлі қорытындыға келу үшін міндетті түрде вирусологиялық жөне серологиялық зерттеулер жүргізу қажет.

Зертханалық тексеру төмендегі бағыттарда іске асырылады:

- ауырған малдан немесе өлекседен алынған патологиялық материалдан төсеніш шыныдағы жағындыда немесе кесіндіде иммунофлуоресценция реакциясы арқылы парагрипп антигенін айқындау;

  • патологиялық материалдан сиыр эмбрионының бүйрек немесе өкпе торшаларының өсінділерінде вирусты бөліп алып, гемадсорбдияны немесе гемагглютинацияны тежеу реакцияларында, иммунофлуоресценция реакция-сында аныктау;

  • ауырған немесе аурып жазылған малдардың қанында
    парагрипп антиденелерін гемагглютинацияны немесе гемадсорбцияны тежеу, комплемент байланыстыру және бейтараптау реакцияларында айқындау. Антиденелер табылған кезде 1-2 аптадан кейін тексергенде, титры 4 есе немесе оданда артық жоғарылау керек.Сонымен қатар вирусологиялық зерттеулерге тауық эмбриондарына және сау шаруашылықтан әкелінген бұзауларға жұқтыру қолданылады. Тауық эмбрионнына жұктырғанда бірнеше пассаж жасауға тура келеді. Амниондык сұйыкты серологиялық әдістермен және торша өсіндісіне жұқтырып тексеруді қажет етеді. Бұзауға жұқтыру үшін пайдаланылатын жануардың қанында парагриптің антиденелері болмау керек. Жұктыру және одан кейінгі зерттеулер де көп еңбекті қажет етеді. Сондықтан бұл әдістер ерекше жағдайда ғана сирек қолданылады.

Ажыратып балау. Парагрипті жұкпалы ринотрахеиттен, вирустық диареядан, аденовирустық және респираторлық синцитиялық инфекциялардан ажырату қажет. Бұл аурулардың індеттанулық, клиникалық және патологоанатомиялық белгілері бір біріне ұқсас келеді. Сондықтан зертханалық зерттеулерді олардың барлығына қатар жүргізу керек.

Емі. Ең алдымен малдың күтімін жақсартьш, қораның микроклиматын қалыпты жағдайда ұстау қажет. Жас бұзауларға бұлшық етіне немесе көк тамырына аурып жазылған малдың қан сарысуын жібереді. Реконвалесценттің қан сарысуының дозасы 1 кг дене массасына 2 мл. Бактериялармен асқынуға жол бермеу үшін әр түрлі әсері кең спектрлі антибиотиктер, сульфаниламидтер және химиялық препараттар қолданылады. Ауырған малдың жай-күйіне байланысты симптоматикалық дәрілер /қақырық бөлетін, бронханың спазмасын жоятын, жүрек қызметін жақсартатын/ қолданылады. Дәрілер әр малға жеке-жеке немесе топтық, әдіспен колданылады. Топтық әдіс ретінде жануарларға антибиотиктер, сульфаниламидтер, қан сарысуы аэрозоль күйінде беріледі.

Дауалау және күресу шаралары. Парагриппке қарсы тірі және өлтірілген вакциналар ұсынылған. Бірақ өлтірілген вакциналардың иммуногендік әсері өте төмен. Тірі вакциналардың дауалық әсері айтарлықтай, оның үстіне интерферонның түзілуін қамтамасыз ету арқылы індет шыға салысымен қолданған жағдайда емдік нәтиже де береді. Бұл препараттардың ішінде қолданыс тапқандары: паравирусқа қарсы “Паравак”, парагрипп пен жұқпалы ринотрахеитке қарсы қос валентті препарат “Бивак”. Өлтірілген вакциналар да күн тәртібінен алынған жоқ. Аталған екі ауруға қосымша вирусты диареяға қарсы өлтірілген үш валенггі вакцина едәуір сенімге ие болып отыр. Бұл вакциналарды қолданғанда айрықша ескеретін бір жағдай - бұзаулардың қанындағы уыздан келген колостральдық антиденелер вакцинаға белсенді иммунитеттің қалыптасуына бөгет болады. Сондықтан бұзауларды интраназальдік әдіспен егу ұсынылып отыр. Сонын өзінде бұзауларды қайталап, екі мәрте егу керек. Бірінші рет кешендерге апарудан 2-3 апта бұрын 2-4 апталык кезінде, екінші рет кешенге әкелінген соң 1-2 ай өткен соң.Парагриппті дауалау үшін негізінен ветеринариялық-санитариялық, зоогигиеналық шаралардың маңызы зор. Кешендерге мал әкелгенде олардың сау шаруашылықтардан алынуын және тасымалдағанда стрес-факторлардың әсер етуіне жол бермеу үшін бұл шараларға мейлінше мұқият даярланып, аса бір ұқыптылықпен жүзеге асыру қажет. Малдарды топтастырғанда, орналастырғанда "бос-бос емес", "қораны демалдыру" шараларын мүлтіксіз орындап отыру керек. Аурудың алдын алу үшін витаминді және емдік премикстерді қолдану қажет. Микробтарға қарсы дәрмектер қосылған қоспаларды пайдалану,жалқы фармакопрофилактикалык шараларды жүзеге асыру - вирустық пневмоэнтериттер сияқты әр түрлі этиогиялык факторлардың бір-біріне қабаттасуы арқылы туындайтын инфекциялардың алдын алу үшін әзірше ең тиімді әдіс.
Бақылау сұрақтары

1. Сиырдың парагрипі ауруының тарихи деректері мен қоздырушысын

мінездеп беріңіз.

2. Індеттік деректерімен дерттенуін сипаттап беріңіз.

3. Клиникалық белгілері мен патологоанатомиялық өзгерістері қандай

болады?


4. Балау және ажырытып балауды айтып беріңіз.

5. Сиырдың парагрипі ауруына ем қолданама, қолданса қалай емдейді?



6. Даулау және күресу жолдарын айтып беріңіз.

2 тақырып ПАРАТУБЕРКУЛЕЗ

Сабақтың мақсаты: Аурудың себебін, шығуын, клиникалық белгілері мен алдын алу шаралары және күресу жолдарын оқып игеру.

Паратуберкулез /орыс. болезнь Йоне, лат. Раratuberculosis, ағыл. johnes disease/ немесе солма - созылмалы өтетін, ішектің баяу өрбіп, еселеніп қабынуы мен оқтын-оқтын іш өтуі арқылы ерекшеленетін, шектен тыс арықтауға әкеліп соқтыратьш жұқпалы ауру.

Тарихи деректер. 1895 ж. Х.Ионе мен Г.Фротингем ауырған сиырдың ішегінен алынған жағындыдан инфекция қоздырушысын тауып, сипаттады. Б.Банг 1906 ж. ауруды бұзауға қолдан жұқтырды.

Қоздырушысы - Мусоbасterіит раratuberculosis - жіңішке, полиморфты, қысқа таякша /0,5-1,5 х 0,2-0,5 мкм/, қышқылға, спиртке, антиформинге төзімді, қозғалмайды, спора мен қауашак түзбейді, Циль-Нильсен әдісімен жақсы боялады. Ауру малдың нәжісінен, зақымданған ішек пен шажыркай сөл түйінінен алынған жағындыда үймеленіп, топтасып, кейде жеке дара немесе жұптанып орналасады. Жасанды қоректік ортады баяу өседі де, өсінді шоғыры 15-120 күн өткенде пайда болады. Кәдімгі қоректік орталарда өспейды. Өсіру үшін арнайы Дюбо-Смиттің өзгертілген казеин ортасы, Данкин, Ренжер, Лон, Генгли қоректік орталары пайдаланылады. Сұйық ортада өсірілгеңде ауру жұққан малда аллергиялык реакция беретін улы зат паратуберкулин немесе йонин пайда болады. Паратуберкулездің микобактериясы зертханалық жануарлар үшін зардапсыз.

Төзімділігі. Солманың микробы сыртқы орта мен дезинфектанттардың әсеріне айтарлықтай төзімді. Топырақ пен көңде 10-12 ай, жемшөп пен тоспа суда 8-10 ай сақталады. 85° С кезінде 5 мин., жабық ыдыста қыздырылған сүтте 63° С кезінде 30 мин., 80° С кезінде 1-5 мин. өткенде өледі. Күн сәулесі 10 айда жояды. Кейбір туберкулезге қарсы қолданылатын синтетикалык қоспалар, сульфаниламидтер мен антибиотиктер паратуберкулездің қоздырушысын өлтіре алмайды, тек қана in vitro өсуін тоқтатады. Бұл микроб үшін ең сенімді дезинфектант формальдегидтің 3 % сілтідегі / 3 % күйдіргіш натрий / ерітіндісі, 20 % жаңадан сөндірілген әк, 1:500 езілген алмас /сулема/, ксилонафтың 5 % эмульсиясы болып табылады.

Індеттік ерекшеліктері. Паратуберкулезбен негізінен сиыр, қой, түйе, сирегірек басқа күйіс қайыратын жануарлар: ешкі, қодас, бұғы аурады. Кейбір жағдайда бірен – сараң зоопаркте ұсталатын жабайы күйіс қайыратын жануарлар аурады. Көбінесе солма аздаған індеттік тұтану ретінде оқтын-оқтын байқалып тұрады. 4 айға дейінгі бұзау және 2-3 жасқа дейінгі түйеге ауру тез жұғады. Сүйтседе жасырын кезеңі өте ұзақ болғандықтан негізінен аналық малда 1-2 рет төлдегеннен кейін ғана білінеді. Малдың нашар күтімі, біржақты сүрлем, сірне, болжыр сияқты қышқыл азықтармен қоректендіру, минералды заттардың жетімсіздігі, глист инвазиялары, суыққа немесе ыстыққа шалдығу аурудың таралуына ықпал етеді. Сонымен қатар басқа жақтан әкелінген жерсінбеген жануарларға үйреншікті емес жайсыз жағдайда солма тез жұғады.

Паратуберкулез жылдың кез келген маусымында байқалады. Қышқыл, балшықты, сортаң топырақты өлкелерде, жемшөпте кальций және фосфор тұздары жетімсіз болғанда жиі байқалады. Инфекция қоздырушысының бастауы – ауру және микроб алып жүретін жануарлар. Олар қоздырушыны нәжіспен, шаранамен, несеппен тіпті сүтпен де бөліп шығарады. Қоздырушыны таратушы факторларға ластанған су, малды күту жабдықтары жатады. Ауру жайылым арқылы да жұғады. Жас төлге сүтпен, немесе уызбен де беріледі. Төлдің тіпті тумай тұрып енесінен солманың микробын жұқтыруға да мүмкін.



Дерттенуі. Алиментарлык жолмен енгенде паратуберкулездың қоздырушысы аш ішектің зақымданған эпителиінен өтіп, ретикулярлық клеткалар арқылы фагоцитозғаұшырайды. Тұтылған микобактериялар құрамындағы стеарин қышқылдары мен балауыз тақылеттес заттардың арқасында қортылмайды да, торша ішінде өсіп-өне бастайды. Нәтижесінде фагоциттер ұлғайып, ядролары шетке қарай тықсырылады. Зақымданған макрофагтар шоғырланып, эпителиоидты клеткалар әлпеттес түрге енеді. Микробтардың көбеюінен торшалар ыдырайды да, босап шыққан микробтар қайтадан фагоциттермен тұтылады. Бастапқыда ішектің түгінде кейіннен тереңгі қабатында және шажырқай сөл түйіндерінде микобактериялар мен зақымданған макрофагтар шоғырланады. Осыдан барып ішектің эиителиі мен сөл түйіндері атрофияға және ұлғайып қабынуға ұшырайды. Ішектің ферменттік, секреттік және сору қызметі минеральдік және су алмасуы бұзылады. Бұның бәрі организмнің интоксикациясы мен арықтауына әкеліп соғады.

Жас төлде паратуберкулез таяқшалары қанға өтіп кейіннен


әртүрлі үлпершекті ағзаларға барып тұрақтайды.

Өтуі мен симптомдары. Жасырын кезеңі 1 айдан 12 айға дейін, ірі қарада 2-6 жылға дейін созылады. Ауру созылмалы өтеді де, симптомсыз /латентті, субклиникалық/ және клиникалық кезеңдерге бөлінеді. Симптомсыз кезеңі малдың физиологиялық күйіне байланысты өсіп жетілуінің баяулауы, қоңдылығының төмендеуі арқылы байқалады да бірнеше жылға дейін созылады. Ауру әсіресе қойда симптомсыз өтеді де клиникалық белгілері күтімі нашарлағанда, коздағаннан кейінгі уақытта байқалады.

Клиникалық кезеңі басталғанда бастапқыда жануар енжар тартып, жатып қалады, табыннан бөлініп қала береді. Жемшөп жеуі дұрыс болғанмен күйі төмендейді. Терісі қатқылданып жүні ұйпаланады. Ауық-ауық іші өткенімен, аралығында нәжісі қалыпты болады, сүті қайтып кетеді. Бара-бара іші жиі өтіп, тоқтамай қояды. Нәжісі судай сұйылып, көк-жасыл, қонырқай түсті, жалқақ пен қан араласып, газ көпіршіктері мен аса жағымсыз иісі болады.



Іш өтуі ұзаққа созылып, организмдегі сұйықтың азаюынан көзі ішіне еніп, бұлшық еттері солып / әсіресе сан еттері мен бел омыртқасы / жануар шөлдей береді. Кейде анустың сфинктері ұстамай, нәжісі еркінен тыс судай ағады. Малдың арты нәжіспен ластанып, сауыс болып тұрады.Дененің ыстығы қалыпты жағдайда болады, өлер алдында төмен түседі. Қанда эритроциттер мен гемоглобин азайып, ядросы солға ауысқан лейкопения байқалады.

Патологиялық-анатомиялық өзгерістер сиырдың аш ішегінде, мықын ішегінде, шажырқай сөл түйіндерінде, қан тамырларында кездеседі. Ішектің кілегей қабығы бірнеше есе қалындап, жиырылып, көлденең және тік қатпарлар түзеді, бетінде қоймалжың кілегейлі сұйық болады. Ішектің зақымданған және зақымданбаған телімдері алма-кезектеніп ұшырасады. Қатпарлар тегістеген кезде жазылмайды, кілегейлі қабығы сұрғылт ақшыл түсті, кей жерлері қан толып қызарып, ұсақ-ұсақ қанталаған жерлері кездеседі. Мықын ішек пен бүйеннің аралығындағы илеоцекальдік клапан домбығып, қара қошқылданып, сәл көгереді.Кілегейлі қабықтың қалыңдауы оңдағы грануляциялық ұлпаның өсуінен туындайды. Ол эпителиоидты, лимфоидты және плазмалық торшалардан тұрады, арасында гигант торшалар мен Лангерганс типтес торшалар да кездеседі. Шажыркай сөл тамырларында гранулемалар пайда болады, сөл түйіндері ұлғайып, мөлшері әртүрлі эпителиоидты торшалардан тұратын сұрғылт ошақтар ұшырасады.Қойдың ішегі зақымдануымен қатар әдетте шажыркай сөл түйіндері мен тамырларында әктенген казеозды ошақтар пайда болады. Мұндай ошақтар ішектің кілегей қабығының терең қабатында да кездеседі.Түйенің аш ішегінде ошақты дистрофия жиі байқалады да, ішек жұқарып, ар жақ - бер жағы көрініп тұрады. Тоқ ішегі әр жерінен жуандап, қатпарланады. Шажырақай сөл түйіндері шектен тыс ұлғаяды. Сонымен қатар бауыры, көк бауыры, бүйректері зақымданып, жақ асты, жұтқыншақ және шабындағы сөл түйіндері ұлғаяды.

Каталог: files -> book
files -> Қазақстан тарихы 5 сынып. 2013-2014 оқу жылы
files -> Расул гамзатов
files -> Жамбыл атындағы республикалық жасөспірімдер кітапханасы Қазақстан ақын – жазушылары ХХ ғасырда
files -> «№ мектеп-лицей» мемлекеттік мекемесі Күнтізбелік- тақырыптық жоспар
files -> Ермұхан Бекмахановқа Сыздайды жаным, мұздайды қаным, жан аға!
files -> Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі, жергілікті атқарушы органдар көрсететін білім және ғылым саласындағы мемлекеттік қызмет стандарттарын бекіту туралы
book -> Макс Лукадо сенің Қолыңнан келеді
book -> Игілігіміз үшін болатын азаптар Құдай неге қиындыққа жол береді?


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет