Тыныс алу түрі – көкірек және құрсақ бұлшық еттерінің, тыныс алу кезіндегі жұмысы мен әрекетінен анықтайды. Дені сау малдарда тыныс алу түрі аралас немесе көкіректі-құрсақты болып келеді, тек иттерде және терісі бағалы аңдарда көкіректі тыныс алу түрі басымырақ, көкіректі тыныс алу түрі - бұл кезде көкірек құрсақ қабырғасына қарағанда қозғалмалы болып келеді, мұндай құбылыс көк ет (диафрагма) ауруларында (қабыну, сал болу, жарақаттарда) құрсақ ауруларында (перитонит), құрсақ ішіндегі қысым жоғарылағанда және кейбір ауруларда, көк ет қысылғанда (қарын кеңейгенде, (ішектердің) метеоризмі немесе түйілуінде, бауыр күрт үлкейгенде, үлкен ісіктерде және т.б).
Құрсақты тыныс алу түрі - бұл кезде құрсақ бұлшық еттері қабырға еттеріне қарағанда көбірек қимылдайды. Ол плевритте, қабырға сынғанда, өкпенің созылмалы альвеолярлық эмфиземасында байқалады.
Тыныс алу саны - өкпе жағдайын анықтағанда өте қажетті көрсеткіш болып есептеледі. Тыныс алу санын көкірек қанқасының құрсақ қабырғасының және танаудың (жылқыда, қоянда) қозғалыс санынан, шығарылған ауаның лебінен (қыс мезгілінде) өкпені немесе кеңірдекті тындау арқылы 1 минутта неше рет тыныс алатындығын және пневмографиялық тәсілмен анықтайды. Дені сау малдарда тыныс алу саны 1 минутта төмендегідей болады: ірі қара малында 12-25, қой және ешкіде 16-30, жылқыда 8-16, шошқада 15-20, итте 14-26, тауықта 12-32.
Тыныс алу санына мына жағдайлар әсер етеді: жынысы, жасы, тұқымы, қондылығы, ауаның жылы-суықтығы, ылғалдылығы, тәулікпен жыл мезгілі, буаздығы, ішек-қарынның азықпен толуы, жұмысы, жүйкенің қозуы, сыртқы орта жағдайы.
Ауру малда тыныс алудың жиілеуі немесе сиреуі байқалады. Тыныс алудың жиіленуі - полипноэ-өкпе, плевра ауруларында кездеседі және құрсақ қуысының қысымы жоғарылағанда, іш кебуі (тимпания немесе ішек метеоризімінде) мен жүрек ауруларында, қан азайғанда, дене қызуы көтерілгенде байқалады.
Тыныс алудың сиректенуі (бәсендеуі) - олигопноэ – көмей, ірі бронхтар тарылғанда, бас сүйегінің ішкі қысымы көтерілгенде (жылқының жұқпалы энцофаломиелитінде, менингитте, ісіктерде, қан құйылғанда және миға су жиналғанда), зілді гастриттерде, ацетономияда, мал сал болғанда және басқа ауруларда.
Тыныс алу терендігінің күші - диагностикалық тұрғыдан маңызы өте зор. Тыныс алу тереңдік күшін тыныс алу қозғалысының қимылынан байқайды, яғни тыныс алғандағы және тыныс шығарғандағы ауа көлемімен анықтайды.
Тыныс алу терендік күшінің өзгеруі жоғарғы (әлсізденген) және терең, күшті тыныс алу болып бөлінеді. Жоғарғы тыныс алу көбінесе патологиялық жиіленген тыныспен бірге бірігіп келеді, бұл кезде тыныс шығару мен тыныс алу қысқа болады. Тереңдік тыныс патологиялық ырғағы сирелген тыныспен бірге байқалады, тыныс алу мен тыныс шығару созылыңқы болып келеді.
Тыныс алу симметриясының қалыптылығын көкірек қаңқасының қимылынан, қозғалысынан анықтайды. Дені сау малдарда тыныс алу қозғалысы симметриялы болады. Көкірек қаңқасының бір жақ бөлігінің әлсізденгенінде немесе тыныс алу координациясы бұзылғанда асимметриялы болады. Асимметриялы тыныс алу бір жақты плевритте, пневмотораксте, қабырға сынғанда, пневмонияда, бронхтың бір үлкен жүйесінің бөлігі (стеноз) тарылғанда кездеседі. Тыныс алу ырғағы тыныс шығару мен тыныс алудың дұрыс қайталанып тұруын сипаттайды. Тыныс алу мен тыныс шығару фазасының теңділігі жылқыда-1:1,8; Ірі қара малында - 1:1,2; қой және шошқада - 1:1; ешкіде - 1:2,7; итте -1:1,6. Дені сау малдарда тыныс алу ырғағының өзгеруі дене қозғанда, ыңыранғанда, мөңірегенде, шыңғырғанда және басқа кездерде байқалады. Тыныс алу ырғағының бұзылуының ішінде клиникалық тұрғыдан маңыздысы тыныс алу аритмиясы болып келеді, сипаттамасы төменде берілген.
Достарыңызбен бөлісу: |