7-бап. Саяси партияның атауы мен рәмiзi 1. Саяси партияның атауында "саяси партия" немесе "партия" деген сөздер болуға тиiс, оларды саяси партиялардың атауында ғана пайдалануға жол берiледi.
Саяси партияның толық және қысқартылған атауы мен оның рәмiзi мемлекеттiк органдардың, Қазақстан Республикасында тiркелген саяси партиялардың атаулары мен рәмiзiнен өзгеше болуға тиiс.
2. Саяси партияның атауында ұлттық, этникалық, дiни, аймақтық, қауымдық және гендерлiк белгiлердi көрсетуге, оның лидерлерiнiң, тарихи тұлғалардың есiмдерi мен фамилияларын пайдалануға жол берiлмейдi.
3. Саяси партияның өз рәмiзi ретiнде Қазақстан Республикасының және басқа мемлекеттердiң мемлекеттiк нышандарын пайдалануға құқығы жоқ.
4. Саяси партия рәмiз ретiнде эмблемаларды, туларды, гимндердi, вымпелдердi, значоктарды пайдалануға құқылы.
5. Саяси партияның рәмiзi Конституцияға қарсы және заңға қарсы мақсаттарды насихаттауға қызмет етпеуге тиiс.
6. Саяси партия рәмiзiнiң сипаттамасы мен эскиздерi жарғыда болуға тиiс.