ҚАЗТҰТЫНУОДАҒЫ ҚАРАҒАНЫ УНИВЕРСИТЕТІ
Қаржы, логистика және цифрлық технологиялар факультеті (ФФЛиЦТ)
Реферат
Пән: «Қазақстан тарихы»
Тақырып: «Оғыздар»
Орындаған: ВТ-22-3ск тобы студенті
Жантураев Д.Е.
Тексерген: Қыздарбеков Б.К.
Қарағанды 2022
Жоспар
Кіріспе...........................................................................................................................3
.Оғыз мелекеті туралы түсінік.........................................................................5
Оғыздардың саяси бірлестігі............................................................................7
Оғызнама..........................................................................................................11
Оғыз тілі...........................................................................................................12
Оғыздардың шаруашылығы. .........................................................................15
Қорытынды.................................................................................................................17
Қолданылған әдебиеттер...........................................................................................18
Кіріспе
Қарлұқ қағанатының солтүстік-батыс жағында, Сырдарияның орта және төменгі бойында және оған жалғасып жатқан Батыс Қазақстан далаларында ІХ-Х ғасырларда оғыз тайпаларының ерте ортағасырлық феодалдық мемлекеті қалыптасқан. Оғыздардың алғашқы ата- бабаларының қонысы Ыстықкөл маңайында болыпты, ал VIIIғасырдың орта шенінде оғыз тайпалары Жетісу өңіріне көше бастаған.Батысқа қарай жылжыған оғыздар сырдарияның орта шенінде тұратын қанғар- печенег бірлестігімен ұзақ уақыт бойы шайқасқа түсті.
Бұл шайқас тайпалардың оғыз одағының саяси топтасуына себебін тигізді. Бұл одақ оғыздардың Оңтүстік Және Батыс Қазақстанның байырғы тұрғындарымен араласуының нәтижесінде құрылды. Оғыз одағының құрамына – печенегтердің біразы, Сырдария аңғарындағы, Арал маңындағы, каспийдің солтүстік төңірегіндегі басқа да далалаық тайпалардың біразы кірді. Бұлар арғы үнді-еуропалық және фин- угорлық болғанымен, бара-бара түріктенген алаңдар, астар, бажғарлар, нукардалар, бажналар болатын.
Қалыптасқан оғыз этносының құрамына Жетісудан шыққан түркі тілдес түрлі тайпалар кірді. Бұлардың ішінде УІІІ ғасырда Шу мен Талас аңғарларын мекендеген жағрлар (шағр) және шарұқтар да болған. Оғыздардың қалыптасуына шығыс түрік тайпаларының кейбір топтары, қимақ тайпалары, Обь пен Ертіс арасын мекендеген баяндурлар, имурлар, қайлар қатысты.Сөйтіп, оғыз этникалық қауымының қалыптасуы күрделі де ұзақ процесс болды .
Оғыздар ХІ ғасырда ру бөлімшелері көп 22 тайпадан тұрғаны мәлім болып отыр. Тайпалардың ірі бірлестіктері “ел”, “халық”, “ мемлекет” деген ұғымды білдірді. Оғыздарда туысқандық байланыстар қандастық жағынан емес, шаруашылық- жерлестік байланыстарға негізделді. Оғыздар арасында көбіне далалық аймақты мекендеген монғол тектес нәсілдік топ басым болды.
Ісләм дініне кіргеннен кейін оғыздардың біразы Шаш пен Испиджаб аймақтарында тұрып қалады.
ІХ ғасырда ұзақ күрестен кейін оғыз көсемдері Арал маңы даласында саяси билікті өз қолдарына алды. Ғасырдың аяқ кезінде оғыздар хазарлармен одақтасып печенегтерді ойсырата жеңді де, Жайық пен еділ аралығын өзіне қаратып алды. Х ғасырда оғыз мемлекетінің астанасы Янгикент немесе Жаңа Гузия деп аталатын қала болды. Оғыз мемлекетінің саяси орталығы ретінде Янгикентті таңдап алуына көптеген жағдайлар себеп болады. Бұлардың ең бастысы оның Азияның ірі егіншілік өңірлерімен, Хорезммен және Мәуереннахрмен түйісіп жатқан географиялық орнының қолайлығы еді. Янгикент қимақ даласы арқылы Сарысу, Кеңгірт, Есіл және Нұра бойларына баратын маңызды керуен жолының үстінде жатты. Сығанақ пен Оңтүстік Оралға баратын сауда жолы осы қаланың үстінен өтетін.
Оғыз мемлекетінің этникалық құрамы әр тектес болды, олардың тұтас халық болып бірігу процесі аяқталмады. Оғыздар мемлекеті де тұтас мемлекет бола алған жоқ. Ірі бірлестіктерді басқарған көсемдердің тұрағы мықты бекініс болды, оларда қазына және азық-түлік сақталды. Оғыз патшалары өз иеліктерін қорғау үшін арнайы әскер ұстады, ал шапқыншылық жасалған кезде бала-шағасы мен мал-мүлкін алып, қамалдарға тығылды. Оғыз мемлекетінің билеушісі жабғу (ябғу) деп аталған. Оғыз жабғуларының көмекші билеушілері мен кеңесшілері болды. Жабғу ресми түрде сайланып қойылған деп есептелсе де, билік атадан балаға мирас болып қалып отырды.Билеушілер кеңесте сайланды. Бұл кеңес өткен замандағы халық жиналыстарының өзгерген түрі еді.
Алайда оғыздардың халық жиналыстары өте сирек шақырылды. Күнделікті өмірде шонжарлар кеңесі басты рөл атқаратын.
Жабғудың “инал” деп аталатын өз мұрагерлері болған. Оларды бала кезінен тәрбиелеу үшін арнайы қамқоршылар тағайындалған. Әйелдер де сарай маңындағы саяси қызметтерге тартылған.
Сарайдың оғыз әскерінің бастығы- сюбашының беделі зор болды. Әскер бастықтары кейде тіпті жағбуға да қарсы шығып отырған. Жабғудың билігін ірі әскери-тайпалық шонжарлар кеңесі шектеп отырды.
Х ғасырдың аяғында уақтылы алынып тұратын алым-салық жүйесі қалыптасты. Жабғудың салық жинаушылары мың адамға дейін баратын арнайы салт атты әскер болды. Алым-салықтан бас тартқан тайпаларға жазалау шаралары жүргізілді.
Оғыз мемлекеті мен Киев князі Святославтың арасында хазарларға қарсы соғыс одағы жасалды. Хазарлармен бәсекелес көшпелі оғыз шонжарлары мал жайылымы үшін Дон және Қара теңіз маңындағы далаларға өте мұқтаж болды. Ал оған жетуге Хазар қағандығы бөгет жасайтын..Сонымен қатар оғыздарды Еділ бойы, Маңғыстау, Үстіртті басып өтетін, Еуропаны Азиямен жалғастыратын аса маңызды сауда жолдары барынша қызықтырды.
Бұл сауда жолдарын өз бақылауында ұстауға орыс мемлекеті де мүдделі болды. Хазарияның талқандалуы орыс саудагерлеріне Шығыс елдерінің бай базарларына жол ашатын еді. Осындай сыртқы саясат бағытында оғыз жабғуы мен орыс князі одақ жасасты. Сөйтіп, мүдделі одақтастардың біріккен күші Хазар қағанатын ойсырата жеңіп, тас- талқанын шығарды.
Хазар қағанатының талқандалуы оғыздардың саяси қуатын өсіре түсті. Х ғасырдың аяғында оғыз жабғулары орыс княздарымен біріге отырып Еділ Бұлғариясын да күйрете жеңді.
1. Оғыз мелекеті туралы түсінік.
ОҒЫЗДАР ( араб, және парсы-ғуз, ғузз, ежелгі түрікше- оғуз ; қазақша – оғыз) ертедегі орта ғасырда Орталық және Орта Азияда өмір сүрген түрік тілдес тайпалар. Оғыз атауы, сірә, алғашқыда “ тайпалар”, “тайпалар бірлестігі” деген ұғымды білдірген болса керек, ал кейіннен жинақтап айтылған этникалық атау мағынасына айналған. Оғыздар жөніндегі тарихи аңыздарға талдау жасау олардың арғы тегінің топтаса бастау кезеңі Батыс Жетісумен байланысты екенін көрсетеді . Алғашқы даңқты Оғыз тайпалары бірінің басқару ордасы Ыстықкөл жағалауында болған . 7 ғасырдың басында Түрік қағандығы құрамында тоғыз- Оғыз одағы пайда болды. Орхон руна жазуында Шығыс Түрік қағандығы (6-8ғ.) құрамына кірген.Оғыз тайпалары Шығыс Монғолияны мекендегендігі айтылады . Оғыздар шамамен 8 ғ-дың орта шенінде Жетісудан Қаратау бөктері мен Сырдарияның төменгі ағысы алқаптарына жылжи бастаған. 9 ғ-да қырғыздар ығыстырған. Қытай Халық Республикесіндегі қазіргі Шыңжаң және Ганьсу провинцияларына барып қоныстанды. Мұнда “тоғыз оғыз” атауын бірте-бірте ұйғыр этномимі ығыстырып шығарды Ал 9-10 ғ-да Оңтүстік және Батыс қазақстан территориясында Оғыз этносы бірте- бірте қалыптасты. Оғыздың этникалық құрамына Сырдария алқабы мен Арал-Каспий далаларын мекендеген ежелгі этникалық топтар ( негізінен түріктенгендері) мен Жетісу, Сібірдің көшпелі және жартылай көшпелі рулары мен тайпалары енді . Оғыздар бірнеше тайпаға, тайпалар көптеген руларға бөлінді.Махмут Қашғаридің (11ғ.) деректерінде Оғыздың алғашқы 24 тайпадан, кейін 22 тайпадан құралғаны айтылады. Оғыз бұзық (бузук), ұшұқ (учук) болып екіге бөлінеді. Олар тиісінше Оғыз әскерлерінің оң және сол қанаттарына кірді.Осы топтардың әрқайсысы теңдей екі топқа бөлінген 24 тайпадан құралды.
Оғыздардың қарлұқ, печенег, башқұрт, қимақ, қыпшақ сияқты түріктілдес көрші тайпалармен, қауымдармен тығыз байланыста болуы- уақыт өткен сайын олардың өзара жақындасуына жол ашады.
ІХ ғ-дың соңы – Х ғасырдың ортасында Арал теңізі мен Каспий теңізі маңындағы территориялардда да Оғыздар одағы құрылды. Х ғасырда Сырдарияның төменгі бойындағы алқаптарда Оғыз мемлекеті ұйымдасты. Мемлекет орталығы Янгикент ( Жаңакент) қаласы болды. ХІ ғасырдың ортасында шығыстан келген қыпшақтар Оғыз мемлекетін талқандады. Оғыздардың бір бөлігі батысқа кетіп, оңтүстік орыс далаларына қоныс тепті, салжұқтар басқарған басқа бір бөлігі Алдыңғы Азия елдерін жаулап алды. Кейіннен бірнеше мемлекет пайда болды.( Салжұқ мемлекеті, Салжұқ әулеті билеген мемлекет, ең ірі - Коний сұлтандығы). Оғыздардың солтүстік- батыстағы бөліктері бертін келе Еділдің ( Волганың) төмен бойындағы татарлармен, Оңтүстік Оралдағы башқұрттармен сіңісіп кетті.
Сырдария, Арал алқаптары мен Солтүстік Каспий маңын мекендеген Оғыз тайпалары қазақ тарихында айтарлықтай із қалдырған. Тарихи аңыз деректерде Оғыз қазақтың арғы тегінің бірі ретінде аталады. Оғыздар сондай –ақ түрікмен, өзбек, қарақалпақ халықтары аталарының бірі болып саналады. Оғыздардың ХІ-ХІІІ ғ-да Закавказье мен Кіші Азияға өтіп кеткен оңтүстік тобы азербайжан, түрік, гагауз халықтарының этногонезінде маңызды роль атқарды.
Оғыздардың саяси бірлестігі.
Оғыздардың саяси бірлестігі – оғыздардың ІХ-ХІ ғасырдағы феодалдық мемлекеті. Шамамен 8 ғ-дың ортасында Оғыз тайпалары түп аталарының тобы Жетісудан кете бастады. Жетісу түріктерінің бір бөлігі Қаратау бөктері мен Сырдарияның төмен ағысы бойына қоныс аударды. Олар кенгар-печенек бірлестігімен ұзақ жылдар қақтығысып, соғысып, Арал теңізінің батысы мен Каспий теңізінің солтүстігіндегі жерлерді басып алды. Бұл соғыстар Оғыз тайпаларының саяси жағынан топтасып қалыптасуына жағдай жасады. Оғыздар бірнеше тайпаға, ал тайпалар көптеген ру тармақтарына бөлінді. Махмуд Қашғари оғыздар алғашқыда 24 тайпадан құралды, ал Марвази 12 тайпадан құралды дейді.
ІХ ғ. соңы-ХІ ғ-дың І- ширегінде Оғыз тайпалары Сырдарияның орта ағысынан Еділдің (Волга) төменгі ағысына дейінгі байтақ жерлерді мекендеді. Олар Ырғыз, Жайық, Ембі, Ойыл өзендерінің алқабында, Аралсор көлінің жағалауы мен Сырдария Қаратауының бөктерінде көшіп-қонып жүрді. Арал теңізі маңында, Каспийдің солтүстігіндегі жерлер мен Сырдарияның төменгі ағысы алқабын мекендеді.
VIII ғасырдың 2-жартысы мен ІХ ғасырдың соңында Оғыз тайпаларында мемлекеттік ұйым нышандары пайда болып, нығая түсті. Орта Азияға, Шығыс Европаға, Шығыс Қазақстан мен Монголияға баратын керуен жолдарының тоғысқан жеріне орналасқан Янгикент қаласы Х ғасырда Оғыздардың солтүстік бөлігінің астанасы болды. Мемлекет басында жоғары әкім (билеуші, құрметті лауазымы “жабғу”) тұрды. Олардың орынбасарлары күл- еркіндер деп аталды. Жабғу сөз жүзінде хан болып сайланғанымен, іс жүзінде мемлекет билігі атадан балаға мирас болып қалып отырды. Оғыздардың бас хандары әскери демократия кезіндегі халық жиналыстарының қайталанған түрі іспеттес кеңестерде сайланды. Жағбу мемлекетінде оғыз әскерлерінің бас жетекшісі ( лауазымы “сюбашы”) үлкен роль атқарды. Ол мемлекеттің саяси өміріне араласып, кейде жоғары әкімге де қарсы шығып отырды.
ІХ-Х ғ-дағы Оғыздардың солтүстік батысы өзінің саяси және әлеуметтік құрылымы жағынан феодалдық қоғамға дейінгі дәуірден ертедегі феодалдық қоғамға өту дәуіріндегі мемлекет болды. Мұнда ескі ру- тайпалық жойылып, патриархалды-феодалдық қатынастар дамыды. Х ғ-дың аяғы-ХІ ғ-дың басында Сырдария жабғулары мемлекетінде тұрақты салық жүйесі қолданылды. Бұл мемлекетте белгілі бір басқару аппараты қалыптасқанын көрсетеді. Сондықтан ХІ ғ-ғы Оғыздың солтүстік батысын ертедегі қарапайым феодалдық мемлекеттік бірлестік деп атауға болады.
965 ж. оғыздар Киев Русымен одақтасып, Каспий теңізінің солт.- шығ. жағалауларындағы жерлерді иемденген Хазар қағандығын талқандады. 986 ж. оғыздардың Жабғуы орыс князьдарымен бірге Волга – Кама бұлғарларын күйрете жеңді. Мұның бәрі Оғыз мемлекеті саяси қуатының артуына жағдай жасады.
Алайда шамадан тыс ауыр салыққа наразы, тайпалар арасындағы көтерілістері және феодалдана бастаған ақсүйектердің езгісі мен зорлық – зомбылығына қарсы халық қозғалыстары нәтижесінде X – XI ғысырда Оғыздың солтүстік батыс. дағдарысқа ұшырап, төмен құлдырады. Ішкі қайшылықтар жегідей жеп, әлсіреген Жабғу мемлекеті Қыпшақ тайпалары көсемдерінің соққысынан біржолата құлады. Оғыздардың едәуір бөлігі қыпшақтардың қысымымен Шығыс Европа мен Кіші Азияға ығысты, енді бір бөлігі Мауараннахрдағы Қарахан әулеті мен Хорасандағы Салжұқ әкімдерінің билігіне көшті. XI ғасырдың ортасында оғыздардың қыпшықтар талқандаған соңғы бөлігі Дешті Қыпшақтың түрік тілдес тайпаларына бірте-бірте сіңісіп кетті.
Оғыздардың басым көпшілігі негізінен экстенсивті көшпелі мал шаруашылығымен (қой, жылқы, түйе, сиыр, ішінара ешкі) шұғылданды, аң аулады. Көшпелілермен қатар отырықшы және жартылай отырықшы оғыздар да болды. Олар Сырдария алқабындағы қалаларды мекендеді.Түрлі әлеуметтік-экономикалық себептерге байланысты малынан айырылған көшпелі оғыздар отырықшылардың қатарын толықтырды. Отырықшы оғыздар негізінен егіншілікпен және қолөнермен айналысты.Түрлі аяқ киім тікті, ыдыс, әшекей бұйымдар жасады, оғыздардың шаруашылығында зат айырбасы мен сауда маңызды орын алды.
Жетісу, Хорезм, Мауараннахрмен сауда жасауда Сырдария алабындағы қалалар (Янгикент, Сабран) елеулі роль атқарды.Оғыздар шетке мал, ет, тері, аң терісін, малахит шығарып, соғыс кезінде қолға түскен адамдардан құл аудасын өрістетті.Оғыздпрмен жауласқан тайпалар мен халықтар өз кезегінде қолға түскен оғыздарды да құлға айналдырып, сатып отырды. ІХ ғ-ғы Хорасан билеушілері жылма-жыл Бағдада халифтеріне 2000 құл (оғыз) жөнелтіп тұрды. Орта ғасырлардағы деректемелерде оғыздардың әлеуметтік жіктерге бөлінгені айтылады. Ибн Фатлах 10000 жылқысы бар оғыз ақсүйектерінің болғанын жазады. Байлар да, кедейлер де, құлдар мен қатардағы қауым мүшелері де болды. Оғыздардың көпшілігі- мәжусилер болды, бақсы-балгерлерге табынды. Сонымен, бірге оғыздар арасында бірте-бірте ислам діні тарады . Сырдария алқабындағы, Арал теңізі, Каспий теңізінің солтүстігіндегі жерлерді мекендеген Оғыз тайпалары қазақтардың этникалық тарихында елеулі орын алды. Тарихи аңыздарда олар қазақ халқының арғы аталарының бірі ретінде аталады. Оғыздар – тарихи тұрғыда түрікмендердің, өзбектердің, қарақалпақтардың түпкі аталарының бірі. Оғыздардың солтүстік-батыс бөлігі кейін төменгі Еділ бойы татарлары мен Оңтүстік Орал башқұрттарының құрамына қосылды.
ХІ-ХІІІ ғ-да Закавказье мен Кіші Азияға кеткен оғыздардың оңтүстік тобы азербайжан және түрік халықтарының қалыптасуына үлес қосты.
3. Оғызнама.
“ Оғызнама ”- ІV ғ-да Үйсін мемлекеттерінің территориясында оғыз-қыпшақ тілінде геналогиялық көне аңызға негізделіп жазылған эпикалық көркем туынды. “Оғызнаманың” негізгі идеясы- ерлікті, бірлікті жырлау. Шығарманың сюжеттік желісінде Оғыз қағандығының жорықтары мен ол жүргізген соғыстар туралы сипаттаулар, ондағы ел, жер, су, кісі,мемлекет аттары тарихта болған оқиғалардың ізін аңғартады. Мифол, элементтердің (Көкбөрі, Қият, Күнсұлу, Жерсұлу т.б) едәуір орын алуы- шығармадағы қоғамдық сананың өте көне дәуір қойнауындағы болмысынан хабар береді. Қаңлы,Қыпшақ, Қарлұқ, Қалаш т.б этникалық атаулардың этимолдық түп мағынасы ашылады, әрі олар ру, тайпалардың жинақталған образы ретінде бейнеленеді. “Оғызнама” ІІ ғасырдың тарихи оқиғаларына байланысты жазылған шығарма деп қарайды. “Оғызнама” VI ғасырда парсы, ІХ ғасырда араб тіліне аударылған. “Оғызнаманың” қазіргі қолда бары ХV ғасырдан кейін қайта жаңғыртылып, хатқа түскен көшірме нұсқалар ғана. Бұл кезеңде түркітектес халықтар ислам идеологиясын қоғамдық сана ретінде қабылдағандықтан, “Оғызнаманың” көшірме нұсқаларына мұсылман дінінің белгілі дәрежеде ықпалы тиген. Бірақ шығарманың бас кейіпкері Оғыз қағандығының мұсылмандық түсінігі күңгірт, қайта Көкбөрі, Көктәңірге табыну әрекеті басым. Академик Бартольдің “Аңыздың авторы ұйғыр емес, қазақ даласының тұрғындары”, деп арнайы атап көрсетуі – аталмыш шығарманың оғыз-қыпшақ дәуірінен бізге жеткен бірегей мәдени ескерткіш екендігін айғақтайды.
4. Оғыз тілі.
Оғыз тілі ертедегі көне түркі тайпаларының бірі- оғыздардың (кейде, ғұз, ұз) тілі. Оғыз тілі көне заманда кең тараған түркі тілдерінің бірі болғанымен, бүгінде ол өлі тілдер қатарына жатады. ” VIІ-” VIІІ ғасырда балбал, сынтастар бетіне жазылған көне түркі жазба ескерткіштерінің Селенга және Орхон өзендерінің бойынан табылған бір тобы (Онгин, Құтлық қаған, Күлтегін, ТОниқуқ т.б) осы көне Оғыз тілінде жазылғаны мәлім. Оғыздар Түрік қағандығы құлағаннан кейінгі дәуірде өз мемлекетін құрып (орталығы Жаңакент), төңірегіндегі түркі тайпаларының (оның ішінде қыпшақтардың) тіліне зор ықпал жасады және бірнеше дербес тілдердің (түрікмен, азербайжан, гагауз, түрік т.б) қалыптасуына негіз болды. Оғыз тілі көне түркі тілдерінің ішінде, әсіресе қыпшақ тілдерімен өте жақын болу себебі, біріншіден, олардың төркіндестігі болса, екіншіден, ұзақ тарихи дәуірлер бойы оғыздар мен қыпшақтардың аралас құралас бірге тұрып, біте қайнасуына байланысты. Алайда көне Оғыз тілінің өзіне ғана тән кейбір ерекшеліктері болды: Фонетикалық ерекшеліктеріне: а) 8 қысқа дауысты фонеманың сақталуы; ә) сөз аяғындағы г//ғ дауыссыз дыбыстарының тұрақтылығы (“дағ”-тау,”бәг”- бек); осы дыбыстардың кейбір қосымшалардың құрамында түсіп қалуы ( “гәләе”-келген, “алан”- алған); б) сөз басындағы қатаң т, к, қ тәрізді дыбыстардың ұяңдануы ( “дил”-тіл, “гәл”-кел); г) “бол” (> ол) сөзінің басында “б” дыбысының айтылмауы т.б;
Грамматикалық ерекшеліктеріне: а) кейбір септік және көптік жалғаулардың фонетикалық редукцияға ( қысқаруға, әлсізденуге) ұшырауы (“адама”-адамға, ”малың”-малдың,малниң; “бәрәрис”- берерміз т.б); ә)кейбір морфологиялық форманттардың (-малы//-мәли, -мыш//-миш) сақталуы және басқаша мағынада жиі қолданылуы т.б жатады.
VIII ғасырдың орта кезінде түргештер мұрасы үшін қарлұқтармен болған күресте оғыздардың едәуір бөлігі Жетісуды тастап, тау баурайлары мен Шу алқабына кетіп қалған болатын . Осы арада олардың “Көне Гузия”деп аталатын ордасы бартұғын. ІХ ғ. бас кезінде оғыздардың көсемдері қарлұқтармен және қимақтармен одақтасып, қаңғар- печенег бірлестігін күйретеді, сөйтіп Сырдарияның төменгі жағы мен Арал өңірі даласын басып алады. ІХ ғ. соңғы кезінде олар хазарлармен одақ құрып, печенегтерді жеңеді де, Орал мен Еділ арасын қоластына қаратады.
Печенегтермен ұзақ уақытқа созылған күрес- тартысы олардың саяси бірлігін күшейтіп, тайпалардың оғыздық одағын құруға себепші болады. Оғыздар құрамына Сырдария алқабы мен Арал-Каспий далаларының үнді-еуропа және финн-угор тектес ежелгі ( негізінен түріктендірілген) этникалық компоненттері және сонымен бірге Жетісу мен Сібірдің: халаджылар, жагарлар, чаруктер, қарлұқтар, имурлер, байандүрлер, қайлар секілді көшпелі және жартылай көшпелі тайпалары да кіреді. Оғыздардың этникалық қауымдастығының құрылуы ұзақ және күрделі процесс болады. Әу баста оғыз тобының өзегі Жетісуда ұйымдасады, алайда батысқа қарай жылжу барысында Оңтүстік және Батыс Қазақстан жерінің көшпелі және жартылай отырықшы халқының есебінен едәуір дәрежеде толығады.
ІХ ғ. аяғы мен ХІ ғ. бас кезінде оғыз тайпалары Сырдарияның орта ағысынан Еділдің төменгі бойына дейінгі орасан кең территроияны мекендейді. Оғыздардың қоныс өрістері Ырғыз, Орал, Ембі, Ойыл өзендерінің бойларында , Сырдариялық Қаратау баурайлары мен Исфиджаб шегіне дейін жайылып, шашырап жататын. Олар Сырдарияның орта және төменгі ағысы бойында, Арал өңірі мен Шығыс Каспий аймағында шоғырланып қоныс тепкенді. Оғыз тұрақтары мен бекіністерінің шекарасы Оңтүстік Орал мен Төменгі Еділ бойына дейін жететін. Оғыздар жер иеленетін отырықшы облыстармен, Хорезммен, Мауараннахрмен және Хорасанмен шектесіп жататын.
Х ғ. сонау Хазарияға дейін созылып жататын ұлан дала, сол сияқты Солтұстік Каспийдің құла түзі, Орталық, Заунғыз, оңтүстік шығыс Қарақұм шөлі мен Арал аймағының Қызылқұмы Оғыз сахарасы деп аталатын. Оғыздар мемлекеті жөніндегі алғашқы деректер ІХ-Х ғ. басында жазылған араб тіліндегі тарихи- жағрафиялық шығармаларда келтіріледі. Оғыздар мемлекетінің бар екендігі жайлы ең ескі хабардың бірі әл- Якубидің (ІХ ғ) туындыларында айтылады. Араб жағрафының куәлік сөзінің қызық болатын бір себебі- оның оғыздарды еске ала кеткені ғана емес, олардың түрік тайпалары- қарлұқтармен, тоғыз, оғыздармен, қимақтармен жүргізген соғыстарын да хатқа түсірген. ІХ-Х ғғ. Оғыздар тайпалары туралы қызғылықты мәлімет Ибн -әл- Факихтың (Хғ.) жағрафиялық еңбегінде кездеседі, онда оғыздар- қимақтармен және тоғыз, оғыздарман бірге “патшалар” (малик) болып табылады және түріктер арасында өзгелерден гөрі көбірек құрметтеледі-деп хабарланады .
Орта Азия мен Шығыс Еуропа ға және Орталық Азияға керуен жолдарының тоғысқан жерінде жатқан Янгикент қаласы Х ғасырда Оғыз мемлекетінің астанасына айналады. “Жабғы” атағы бар жоғарғы билеуші Оғыз мемлекетінің басшысы болған.
5. Оғыздардың шаруашылығы.
Оғыздардың шаруашылығы- оғыздардың басты кәсібі мал шаруашылығы болды. Малмен айналысатын тайпалар маусымдық жайылымдарда көшіп- қонып жүрді. Жайылымдарды дұрыс пайдалану үшін жылдың қай кезінде қай жерде шөптің қалың өсетінін біліп отырды. Бұрыннан келе жатқан тұрақты көшіқон жолдарының бағыты бір үлкен экономикалық немесе саяси жағдайларда ғана өзгерді. Оғыздардың көшпелі тайпаларының кейбірі қыста Жайық пен Жемнің арасын қыстап, жазда Ертіс бойына малын жайды. Енді бір тайпалар Сырдария бойын қыстап, жайлауға Каспий маңындағы далаға барды.
Оғыздарда көшпелілерге тән, үстіне киіз үй қондырылған арбалары болған. Орта ғасыр зерттеушілерді оғыздардың жылқы, қой, сиыр, түйе өсіргендерін айтады. Көшпелі шаруашылықта қой, жылқы өсірудің ерекше маңызы болды. Жылқының жүрдектігі, төзімділігі арқасында алыста жатқан жайылымдар игеріліп отырды. Оғыздарда жылқының екі түрі – аласа, басы үлкен, мойны қысқы әрі жуан келетін түрі және басы кішірек, тірсегі жіңішке, салт мінілетін тұқымы өсірілді. Осымен қатар жүйрік бәйге аттары да бар еді. Көшпелі оғыздар айыр өркешті ірі түйелер өсірді. Оларда түрік, хазар және қарлұқ түйелері деген түрлері болған. Түрік түйелерін алыс жол жүргенде мінетін, ал хазар түйелері аласа болғандықтан жақын жерге мінуге, жүк тасуға пайдаланылатын.
Малдың сүтін, етін тамаққа пайдаланған. Жылқыдан қымыз, түйеден шұбат алған. Малдың жүні мен терісінен киім, күнделікті тұрмысқа қажетті бұйымдар жасаған. Киіз басқан, кілем тоқыған, жаздық, қыстық киімдердің неше түрін жүн мен теріден дайындаған.
Оғыздардың күнкөріс кәсіптерінің бірі- аң, балық аулау болған. Аң аулау шаруашылық маңызымен қатар өзінше бір үлгідегі әскери жаттығу есебінде пайдалы болды.
Аң аулаушылар қымбат құндыз, сусар, түлкі, бұлғын терілерін басқа елдерге сатты, айырбасқа салды.
Оғыздардың жартылай отырықшы және отырықшы тайпалары егін салды. Көбінесе тары өсірді. Әл-Идриси оғыздарда бидай, арпа егілетінін,0 құнарлы, сулы жерге еңбекті көп керек ететін күріш дақылын өсіргенін жазады.
Қорытынды
Х-ХІІ ғасырлардың арасында оғыз мемлекеті құлдырай бастады. Алым-салықтардың ауыртпалығына наразы оғыз тайпаларының көтерілістері жиілей түсті. Салжұқ көсемдері Янгикенттің оғыз билеушілеріне қарсы көтеріліс бастап, Жентті басып алады. Бұқараның қолдауынан айрылған оғыз мемлекеті қыпшақ тайпаларының соққысынан құлады. Оғыз тайпалары қыпшақтардың тегеурінінен Шығыс Еуропаға, Кіші Азияға, Мәуереннахрдың, Қарахан әулетінің және Хорасанның, салжұқ билеушілерінің қол астына ыдырап кетті. Талқандалған оғыздардың біразы кейін Дәшті Қыпшақтың түркі тілдес тайпаларына қосылды.
Пайдаланған әдебиеттер:
Қазақстан тарихы ( очерктер). Көне заманнан бүгінге дейін. Қазақстан орта ғасырда . Алматы “Дәуір” баспасы 1994 жыл. §3. 65-67 бет.
Қазақстан тарихы, І бөлім. Алматы “Рауан” – 1995 жыл
Д.Бабаев. 78-82 бет.
Қазақстан тарихы, С.Жолдасбаев,Д.Бабаев. Алматы “Атамұра”, 2003 жыл. 22-27 бет. “Оғыз мемлекет”.
Қазақтар-Казахи. Энциклопедия –8 том. “Оғызнама ” Алматы-2004 жыл.
Қазақ Соет Энциклопедиясы. 8-ші том. Алматы-1976 жыл. 438-442 бет.
Егемен Қазақстан газеттерінің 2003 ж. жинағы.
Достарыңызбен бөлісу: |