2.Ақбөкеннің биологиясы, таралуы және тиімді пайдалану жолдары мен қорғау шараларына сипаттама беріңіз.
Ақбөкен, киік (лат. Saiga tatarica) – жұптұяқтылар отрядының бөкендер туысына жататын, тұлғасы ірі, қойға ұқсас, дөңес тұмсықты, күйіс қайыратын түз жануары. Ақбөкеннің қазба қалдықтары плейстоцен қабатынан Батыс Англиядан Шығыс Аляскаға дейінгі аралықтан табылған. Ақбөкендер Моңғолияда, Қалмақ даласы мен Қазақстанда ғана сақталған. Республикамызда Ақбөкендердің бір-бірінен жеке дара бөлінген Бетпақдала – Арыс, Үстірт және Еділ – Жайық деген топтары мекендейді. Текелерінің дене тұрқы 126 – 150 см, салм. 37 – 49 кг, ал ешкілері кішірек, дене тұрқы 109 – 127 см, салм. 22 – 37 кг-дай болады. Үстіңгі ерні салбырап, етті тұмсыққа айналған. Текесінің мүйізі қайқылау келеді, ешкісінде мүйіз болмайды. Жаз айларында арқа түсі сарғыш тартады, қыста түсі ақшылданады. Ақбөкендер шөл, шөлейтті және далалық аймақтарда тіршілік етуге бейімделген. Олардың қоныс өзгертуі ауа райына, Ақбөкен жұп тұяқты жануарлардың ішіндегі ең өсімталы, жылына бір рет төлдейді. Жаппай төлдеуі мамырдың 1-жартысында өтеді. Бұл кезде күн салқындап, жауын-шашын көп болады да, оны қазақ халқы «Құралайдың салқыны» деп атайды. Көбіне егізден, кейде 3 лақ та туады. Ақбөкендер өсімдіктердің 80-нен астам түрімен қоректенеді. Олардың басты жауы – қасқыр, ал жас төлдеріне бүркіт, дала қыраны мен қарақұстар да шабуыл жасайды. Ақбөкен аусыл, пастереллез ауруларымен ауырады. Ақбөкен – дәмді еті, құнды мүйізі мен тұяғы, әдемі терісі үшін ауланатын кәсіптік маңызы бар жануар. Қазақстанда 1921 ж. Ақбөкенді аулауға тыйым салынған. 1957 – 58 ж. олардың жалпы саны 2 млн-нан асқаннан кейін, кәсіптік жолмен аулауға рұқсат берілді. Оның мүйізінен пантокрин дәрісі алынады, тұяғын күйдіріп, одан алынған күлді денедегі теміреткіге жағады, сусамыр ауруына шалдыққандарды емдеу үшін пайдаланады.
Ақбөкендердің табындары жүздеген, мыңдаған бастан тұрады. Әдетте табынды текелері емес, ұрғашы киік бастап жүреді. Текелері күйек науқаны біткеннен кейін табынға көп қосыла бермейді, әсіресе киіктер бұзаулайтын кезде олар жеке жиналып, бөлек табынмен жүреді. Ақбөкендер күйекке түсер алдында, қазан, қараша айларына қарай қоң жинап, жұмырланады. Бұл кезде текелердің кеңсірігі дөңестеніп, әукесі салбырап, сақалы төмен түседі. Ұрықтандыруға көп уақыт жұмсалмайды, әрбір теке бір-екі күннің ішінде 40-50 киікке дейін шабады. Соңғы кездерде ақбөкенді мүйізін алу үшін браконьерлер көп қырып жіберді де, текелердің саны күрт азайды. Ұрғашы киіктердің саны текелерден бірнеше есе басым болғандықтан, күйек кезінде кейбір шамасына қарамайтын, тәжірибесіз жас текелер әлсіреп, зорығып өледі немесе түлкі, қарсақ сияқты кішігірім жыртқыштарға жем болады. Күйек біткеннен кейін, ауа райы қатты суытып кетпей, жайылымға қолайлы болып тұрса, қаңтардың аяғы, ақпанның басына қарай қайта қоң жинап, әлденіп алады.
Бетпақдаладағы ақбөкендер өсімдіктің 81 түрімен қоректенеді. Олар әр түрлі шөптерді жылдың мезгіліне қарай таңдап жейді. Көктемгі айларда киіктер ақселеу мен құрақты қорек етеді. Жаз айларындағы аптаптарда жапырақты шөптер қурап кетеді де, жануарлар жусан, қырықбуын, шиді оттайды. Қыс кездерінде киіктер қарын жел үрлеп кеткен жоталардың жонынан азық тауып жейді. Ауыл маңайындағы маялап үйілген құрғақ шөпті олар жей алмайды, өйткені танаулары кедергі жасайды. Киіктер шөпті жерден жұлып жеуге ғана дағдыланған, сондықтан елді мекендерге жақындап баратын болса, тек қар астындағы күздік бидайды тебіндеп азықтану үшін барады.
Зоолог мамандардың айтуынша, киіктердің басқа жануарларға ұқсамайтын тағы да бір ерекше қасиеті бар екен. Ұрғашы киіктер дүниеге әкелетін лақтарының еркек немесе ұрғашы болып тууын өздері реттейтін көрінеді. Егер араларында текелері азайып, ұрықтандырып үлгермей жатса, сол жылы табында кілең еркек лақтар қоздайды. Киіктер осылайша өз өсімін өздері бақылап отырады екен. Ақбөкендердің табыны жыл сайын лақтармен толықтырылып отырады. Осы кезде туған шібіштер (ұрғашы лақ) алты айдан кейін күйлеп, текеге шыға береді. Енді алты айдан кейін бұл шібіштер табынға қос-қостан лақ әкеледі. Ал еркек лақтардың жөні басқа, олар жетіліп, текелік жасау үшін 19 ай уақыт керек, өзімен бірге туған шібіштер бір рет лақтағаннан кейін, келесі жылдың күйегіне ғана араласады.
Достарыңызбен бөлісу: |