Әлемдік және дәстүрлі діндердің алғашқы төрт съезі нақ біздің елімізде өтті. ХХІ ғасырда Қазақстан Шығыс пен Батыстың үнқатысуы мен өзара іс-қимылының көпірі болуға тиіс.
(3) ШЕТЕЛДІК ИНВЕСТИЦИЯЛАР МЕН ІШКІ САЛЫМДАРДЫҢ ДЕҢГЕЙІ ЖОҒАРЫ АШЫҚ НАРЫҚТЫҚ ЭКОНОМИКАҒА НЕГІЗДЕЛГЕН ЭКОНОМИКАЛЫҚ ӨСУ. Біз дамудың нақты, орнықты және үдемелі қарқынына қол жеткізу міндетін қойдық.
Біз осы міндетті тарихи тұрғыдан алғанда аса қысқа мерзімде шештік. Дәл осы «Қазақстан-2030» Стратегиясында басты назар экономикалық өсуге аударылды.
Нәтижесінде, 15 жыл ішінде ұлттық экономиканың көлемі 1997 жылғы 1,7 триллион теңгеден 2011 жылы 28 триллионтеңгеге өсті.
Елдің ІЖӨ 16 еседен астам өсті. 1999 жылдан бастап Қазақстанның ІЖӨ-нің жыл сайынғы өсуі 7,6 %-ды құрап, алдыңғы қатарлы елдерді басып озды.
Жан басына шаққанда ІЖӨ 1998 жылғы 1500 доллардан 2012 жылы 12 мың долларға жетіп, 7 еседен астам өсті.
Қазақстан әуел бастан жан басына шаққанда тартылған тікелей шетелдік инвестициялардың көлемі жағынан ТМД-да көшбасшы болды. Бүгін бұл 9200 АҚШ долларына жетті.
Біз сыртқы сауданың – 12 есе өсуіне, ал өнеркәсіп өнімін өндіру көлемінің 20 есе өсуіне қол жеткіздік.
Осы жылдар ішінде мұнай өндіру – 3 есе, табиғи газ өндіру 5 есе ұлғайды. Біз шикізат ресурстарынан түскен кірісті Ұлттық қорға жібердік.
Бұл – ықтимал экономикалық және қаржылық сілкіністерден қорғайтын сенімді қалқанымыз. Бұл – бүгінгі және болашақ ұрпаққауіпсіздігінің кепілі.