Американың ғажап демократиялық елге айналуын біз құсап желіп өткен адам толық түсініп болуы мүмкін емес. Дегенмен, аз-кем көргенді бағамдасақ, біраз қорытындыға келесің. Американы жаулап алған европалықтар цивилизациядан мақұрым, жабайы адамдар мекендеген материкке ие болып, осы жерге туын тіккен. Туын тіккен деген сөзге мен көп мағына беріп айтып отырмын. Америка жаулап алғандардың отанына, туған жеріне айналған. Олар кейін қалған еліне алаңдамаған, түп-тұқияным неміс, швед, иттальян, т.б. дегені болмаса, олар жаңа қауымдастық құрып, оның аты американдық болған.
* * *
Біздерді отарлаудың жөні басқа еді. Ресей армиясының күшімен бағындырылған кавказдықтардың да, далалықтардың да өз тарихы, мәдениеті, өз дәрежесінде дамыған экономикасы бар еді. Ресей басып алған отар елдерді өз еркімен қосылды деп көпе-көрнеу жалған айтатын. Қорқып қосылған ел де, алдауға түсіп қосылған ел де бұл өтірікті біле тұра иланатын. Сонымен орыстың өктемдігі, бұратана халықтардың қорлық көруі қанша «измдермен» әдіптеп бүркемелегенмен, білініп тұратын. Аз халық та, көп халық та, «Біздің Отанымым – Кеңестер Одағы» деп қанша қақсатқанымен, өз Отаны басқа екенін білетін. Ал, әнді қорыққанынан айтатын. Одақтың тарауының себептері көп, өте көп. Соның ең бастысы – оның әр мүшесі болған ел халықтарының жүрегіндегі қоз. Сол қоз маздап жана алмай, жасырынып жататын, қайта құру лебімен лап ете қалды. Еркіндік аңсаған елдер егемендік алды, демократиялық өрлеу жолына түсті.
Біз Қазақ республикасы, Қазақстан едік. Енді келіп Қазақстан республикасы болдық. Қазақ елі деп айтудан жасқанатынды шығардық. Қазақстандық деген халықты қалыптастыру жолына түскендейміз. Бұл – Америкаға еліктеу, жаман еліктеу. Мен жоғарыда айттым, Американы қазір мекендеп отырған, американдық болып кеткен халықтардың үндістерден басқасының бәрі – отарлау жолымен келгендер – басқыншылар, негрлерді солар құл ретінде алып келген. Олардың бәрі қазір түпкі отандарынан қол үзген. Америка дейтін алып елді құрып, гүлдендіріп отыр.
Ал, бізде бәрі белгілі. Қазақстан – қазақтың жері, ата қонысы. Келімсектердің бәрінің өз отаны бар, олар өз елімен байланысын үзіп көрген емес. Қазақстанды мекендеген қазақтан басқа халықтың бәрінің барар жер, басар тауы дайын. Олардың көбісі Одақ кезінде келген, өскен, өнген, тамырын тереңге жіберген. Бәрі шайқап ішіп, шалқып басуға үйренген, қазіргі жалпы еліміздегі қиындықтарға олардың төзгісі келмейді. Сөйтіп біздерде анадай бар-мынадай бар деп шақырып отырған туысқандарының тіліне еріп көшуге бел байлайды. Ал, саясатшысымақтар, жалған патриоттар: «Ойбай, Қазақстанда отандастарымызға күн көрсетпей жатыр» – деп байбалам салады. Бұл айқай-сүреңдері жеміс беріп те отыр. Бізде Қазақ елінде отырып қазақтар ұлт саясатын еркін жүргізе алмайды, жасқаншақ хал кешіп отырған жайымыз бар. Басты себеп – қазақтардың санының басымдыққа жетпеуі, яғни үстемдікке ие емес. Нәтижесінде өгіз өлмес, арба сынбас тірлік кешуге мәжбүрміз. Ұлтымыздың мерейін өсіріп, мәртебесін биіктетер іс-шараларды жүзеге асыру естен шығып барады. Айталық қазақ тілі туралы мәселе. Алғашқы екпінмен біраз шаруаның басы қайырылып еді, қазір әбден қожырады. Қараңызшы, Ұлы жырау Жамбылдың 150 жылдығына арналған салтанатты жиын орыс тілінде жүргізілді. Ештеңе жоқ, біз бұған көнгенбіз, ал енді Ираннан, Пәкстаннан, Түркиядан келген, орыс тілінен мүлдем мақұрым ағайындарға орыс тілінде сөз беру қай ақылға сыймақ?! Бір қарағанда Конституциямыздың 7-ші бабы бұған жол беретін тәрізді. Онда Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі екені шегеленіп айтылып, мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады делінген. Қазақ тіліне өріс беруді қорлық деп білетіндер мен дүбәра қазақтарға бұл өте жақсы болды. Тең қолданыладыны малданған олар қазақ тілін кем қолданымдыға душар етті. Ал, шындығында, Конституция бабында орыс тілін сыйлау, айта берсек, көңіл жықпастық бар еді. 7-баптың үшінші тармағы Қазақстан халқының тілдерін үйрету мен дамыту үшін жағдай туғызуға қамқорлық жасауға саяды емес пе. Бұл – біздің гуманистік пейіліміздің жарқын көрінісі. Демократиялық мемлекеттің үлгісі болып отырған Америка бүйтіп жалпақшешейлік көрсетпеген, өз еркін қазір бас шұлғып отырған халықтарға аямай таңған, нәтижесінде бұл күнде оны мекендеген барлық ұлт пен ұлыс бір-ақ тілде, ағылшын тілінде сөйлесіп, қарым-қатынас жасайды. Қос сөзінің жақсы мағынасы аз емес, қос аққу, қос қанат, қос арман. Ал, қос үкімет, қос билік деп көріңіз, бұлар – жаман. Ендеше қос тіл де болмауы керек. Қостілділіктен құтылып, теңдік алып едік, онымыз кемдік болып шығып отыр.
Әлбетте, Конституцияны ақылды адамдар жазған, оның бастауында Елбасы тұрған. Оларды, әсіресе, көп толғандырғаны осы бап болғаны белгілі. Ұлы орыс халқына, саяси-экономикалық өмірімізге оның тілінің өлшеусіз зор рөліне құрмет белгісі ретінде жазылған «тең» сөзі біздің тілімізді теңсіздікке қайта ұрындырды. Бұл дәрежеге жеткізіп отырған Конституция да, оның 7-бабы да емес, өзіміз, өзіміздің жалтақтығымыз, қорқақтығымыз, билік басындағылардың әсіре сақтығы. Әйтпесе, алғаш азаттық алған кездегі қазақ тілін қайта түлетуге деген жаппай ұмтылыс қайда кетті? Президентіміз осы мәселелерге арналған сөздерінде орысша ағып тұрып, бізге сыбырлағандай етіп қазақша сөйлеп, бәрі өзімізге байланысты екенін ескертіп-ақ жүр.
Ымды білмеген дымды білмейді болып біз жүрміз. Бүйте берсек, қазақ тілін кез-келгеніміз мансұқтайтын КСРО кезіндегі кейпіне келтірерміз!..
* * *
Майами – Американың оңтүстік шығысындағы курортты қала. Атлант мұхитының жағасына орналасқан. Су қала ішіне бұғаз болып, канал болып ендейді екен. Бәрінде катерлер, қайықтар толып жүр. Оның бәрі туристерге қызмет көрсетеді. Ыстық дымқыл ауа өңеш өртейді.
Майамидің қонақ үйлерінің дені Атлант мұхитының жағасына орналасқан. Мақсат белгілі – туристер мұхитқа шомылсын. Біз аялдаған «Даблтри» отелі де мұхит жағасында екен.
Америка отельдері туралы тамсана айтуға тура келеді. Айтпағамызды жан рахаты осында деген бір-ақ сөзбен тұжырымдаса да болар еді, бірақ жалғыз отель ғана емес, жалпы осы жазбаны қағазға түсіруде белгілі мақсат бар, сол тұрғыда біраз гәп айтуға тура келеді. Отельдердің әр бөлмесінде екі адамға керектінің бәрі болады екен. Тек олардың бәрін пайдалануға көргенің мол болсын. Бізде ол жеткіліксіз, айталық, әдемілеп қатталып қойылған сүлгінің алты түрінің қайсысымен қай жерімізді сүртуді білмей қиналдық. Білетіміз – тәуірін бетімізге ала жүгіреміз. Бір жақсы жері екеуміз өне бойы бір нөмірге жатып жүрген Смекең (Смағұл Әбілеков) бұдан екі жыл бұрын Израилге барып қайтқан екен. Сол сапарында талай нәрсе үйренген. Пайдасын өзі де, мен де көрдік. Бір күн пайдаланған төсек-орын, сүлгі, сабын, т.б. тұрмыстық заттар ертеңгілік түгел ауыстырылады. Ойбай-ау, біздің қонақ үйлерімізде төсек-орынды ұрсып-таласып жатып жарты айда әрең ауыстырылатынын талай көрген біз бұған таңданбай, неге таңданайық. Адамға қамқорлық дейміз бе, жағдай дейміз бе, осындай-ақ болар, шіркін! Бізде неге өйтпеске? Жауап дайын: тапшылық.
Мен айтамын: кінәні бір ғана тапшылыққа таңудың қисыны жоқ. Шешім біреу – осы қызмет түрінің бәрін қонақ үйдің жамбаспұлына қосу. Шаруа бітті, қалтаң көтере ме, жат, көтермей ме, қой. Тәтті жеп, жақсы киіп, жайлы жерге жатқың келсе, ақша тап. Міне, нарық заңы.
Америка отельдерінің бәрінің жанында бассейін бар. Қайдан, қай уақытта келгін, салқын суға қой да кет. Жағаға шығып төсекшеге жат. Ұзындығы кісі бойы қопсыған сүлгі дегеніңіз қат-қат болып жинаулы тұр, ал да оранып ал. Бұл не, біз көксеген коммунизм бе, жоқ, жай ғана адамның тұрмыстық қажетін өтеу. Адам дәл осылайша өмір сүруі керек. Соны жасаған да қойған. Ең ғажабы бассейн маңындағы төсекшелер, сүлгілер ешқандай бақылаусыз жатыр. Оған көзін сатқан біреуді көрмейсің.
Біздегіге мұндағының бірде-біреуін салыстырып болмайды. Айталық, Америка отельдері есігінің кілті тілдей екі елі пластмасса, құлыптарының бәрі шифрланған. Құлпының тесігіне тілдей пластмассаны тығасыз, дәл келсе, көк жанады, ашылады, әйтпесе, тарс жабық. Бұл да адамға қамқорлық. Қалта тесер будақ-будақ кілт емес, ыңғайлы. Отельдер жайлы әлі айтыла жатар, әзірге доғара тұрайын.
* * *
Біз Атлант мұхитына шомылуды Майамиге келген күні, дәлірек айтқанда түнде бастадық. Отельге орналасу, жайғасу, бас-аяққа қарау дейтін оны-мұны тірлікті бітіргенімізше түн түсіп кетіпті.
«Қайтеміз, ертең шомыламыз ба?» – деген сөз шығып еді, шешімді пікірін шегелеп айтатын Григорий Арсентьевич:
– Бұларыңыз не, сол да бола ма екен? – деп бір-ақ қайырды.
Шынында, мұнымыз не, дәл бүйірімізде Атлант мұхиты аунап жатқанда, біз қайтіп төсекте дөңбекшімекпіз.
Ересек төртеуміз Атлант мұхитының ауыр, ақ жал толқынына кеуде тостық.
Су иесі Сүлеймен қолдай көр!
Менің пірім – Бекет аға, өзің қолда!
Иә, осындай бір үлкен суға алғаш түскенде менің есіме Бекет ағам түседі. Мені суға шомылуға Бекет ағам үйреткен. Бекет ағам – соғыстан қайтпай қалған боздақ. Ағам өзі ержетіп қалғанда артынан ерген екі інісі – Шәкен екеумізді Кербұлақ өзенінің діл біздің үйдің алдындағы Қалдыбайдың құйы аталатын тереңіне апарып малтау үйретіпті. Бекет ағам майданға 42-ші жылы кеткен.
Бұл – менің үштегі кезім. Еміс-еміс есімде, құйдың аяқ жағындағы жайпақ таяздау жерінде Бекет ағам мені арқасына мінгізіп алып әрлі-берлі малтаған. Сосын белімнен екі қолымен ұстап тұрып малтытқан. Мен су жұтып тұншыққам.
Апамдар да, басқалар да айтып отыратын, Бекет – бірбеткей, айтқанынан қайтпайтын өр, өжет, қара суды қақ жарып малтайтын қарулы жігіт екен. Сол жолы қақалған-шашалғаныма қарамай, мені суда жүзе алатын етіп бір-ақ шығарыпты өзеннен. Шәкенді малтауға менен бұрын үйреткен.
Ағамыз майданға кетті, Шәкен екеуміз әкеміздің есімімен аталатын құйда құлаштап малтап қала бердік. Ағамыз қайтпады, Кербұлақтан ел кеткен соң Қалдыбай құйы елеусіз болып қалды, біз басқа суға, үлкен өзенге, көлге, теңізге шомылып жүрміз. Енді, міне, Атлант мұхитына шомылу бұйырыпты.
Аға, майдан жолында Еуропаның қанша суын етігіңмен кешіп, киіміңмен жалдап өттің екенсің, ал, мен сен үйреткен малтаудың рахатын бір кісідей-ақ көрумен келемін. Шу, Ертіс, Есіл өзендері, Қарақұм каналы, Арал, Балқаш, Қара теңіз – осылардың бәрінде ерсілі-қарсылы малтап, құлаш ұрғанмын. Талайлар малтау білмей, су жағалап қалғанда жігітке керек өнер үйретіп кеткеніңе шексіз разы болдым, жан аға! Мен осындай үлкен суға шомылған сайын жанымдасың, Бекет аға!
Түнгі қара бауыр, бурыл жал-жал толқын жақындай бергенде жерге аяқ тіреп секіріп, жалына жармасамыз, қанат біткендей қалықтап барып, сайға түскендей құлдилаймыз.
Айналайын табиғат ана, ғажапсың сен, біреуді бір тамшы суға зар қылып қоясың, ал енді біреулердің бар өмірін сумен байланыстырасың. Майами – барша дерлік өмірі суға таңылған қала. Қала іші алып каналдар, оларға ауқаттылардың катерлері, кемелері және сан атаулы су көліктері жүріп-тұрады. Қаланың өз халқы, біз сияқты келіп-кеткендер сол кеме-катерлермен серуен құрады, солардағы мейрамханаларда сауық-сайран салады, ішіп-жейді, ойнап-күледі. Олардың бірінде біз де болдық, ол жайлы әңгіме кейінірек.
* * *
Біз енді аялдайтын қала – Орландо. Орландо жайында таңдана айтатын сөз көп. Мұндағы Кипарис бауынан Флориданың өсімдік және жан-жануар әлемін тамашалайды екен. Бұл бауда өсімдіктің 8000 түрі, 90 елден әкелінген гүлдер бар көрінеді.
Нағыз Флориданы адам «Гейторлэндке» барғанда таниды десті. Ондағы фермада 5 мыңдай қолтырауын өсіріледі. Ал, Кеннеди космодромына барған адам космос көрмесінде болып, ракеталардың ұшырылуын тамашалай алады. Адам аяғы баспаған арал, акуламен бірге жүзу, алуан түрлі бассейндер мен парктердегі шоу – осының бәрін көруге көп күн керек.
Біздің еншімізге мультфильмдер данышпаны Уолт Дисней негізін қалаған Диснейленд қалашығында болу тиіпті. Бұл – бір ғажап қалашық.
Қалашыққа кірген адам алдымен алып мұнара ішіне кіреді. Қайдан келіп жатқаны белгісіз адамдардың қалың нөпірі толастамайды екен. Кезек қатаң сақлаған, ешкім біздегідей ентелеп, бірін-бірі итермелемейді. Алып мұнара алдындағы үлкен алаңқайға иір-иір арқан керілген. Соның арасына түсіп алып, ың-жыңсыз жылжып бара жатқан ел. Неткен тәртіп, бір адам арқанды аттамайды, тып-тыныш жылжиды да отырады. Ад, бізде... Енді белгілі ғой, арқан тұрмақ сымтемір кергін, үзіп, жолымызда тұрғандарды қағып-соғып алға ұмтыламыз.
Бірінен соң бірі жылжып келіп жатқан кішкентай вагонға екі-екіден отырып, қараңғылыққа сүңгіп, алып мұнара басына қарай жылжып келе жатқаныңызда адамзаттың сонау тас дәуірінен бүгінгі ғарыш заманына дейінгі өсу жолын бейнелейтін көріністер көз алдыңыздан өтеді. Тұлып адамдар, олардың әр дәуірдегі тұрмыс, кәсіп құралдары, оның бәрін іске қосуы – бәр-бәрі өмірдің өзіндей жанды.
Қалашыққа келушілерді міндетті түрде ендігі бір апаратын жер – мультфильм құдіретін көрсететін зал. Кіре берісте бәрімізге бір-бір қара көзілдірік берді, кинозалға ендік. Ағылшын тілінде әсем әуезді әңгіме айтыла бастады, біз түсінбейміз. Экраннан мультфильм көрсетіле бастады, біз түсіндік. Бейне шіркін тілсіз де өз сөзін айта алады ғой. Заланьский деген үлкен ғалым мультфильм әлеміне үлкен жаңалық әкеліпті. Соның кереметі басталды. Экраннан Заланьскийдің өзі көрінді, шатұр-шатұр найзағай ойнап, ғалым көзден ғайып болды. Экран. Экран емес-ау өмірдің өзі, бір столдан ақ тышқандар сау етіп төгіліп, залда отырған адамдардың аяғының астына лап қойды. Біреуі менің де балтырыма тиіп өтті. Әйелдер шыңғырып жатыр. Үлкен айдаһар пыс етіп көз алдыма келіп тұра қалды. Қорқып үлгергенше жоқ болып кетті. Алып ит көрінді, тұр. Не істер екен? Түшкіріп жіберді. Түкірігі бетімізге шашырады. Жиіркенішті. Американдықтар елең қылмайды, дұрысы осы – ит иттігін істеуі керек. Итіміз де әдепті деп білетін біздерге бұл анайы. Ит те біздің талғамымызға сай әрекет етсе қайтеді?
Бұл қалашықта әлем халықтарының, оның ішінде американдықтардың тектері – ағылшындардың, испандықтардың, нидерландтардың, үндістердің, негрлердің өткені мен бүгінінен толық мағлұмат аласыз. Кемемен жүзіп, бір ел қалашығынан екіншісіне өтесіз. Әр арал – бір құрлық.
Құдайым-ау, осының бәрін қашан, қайтіп салып үлгерген бұл Америка. Жауабы ой жіберген адамға оңай. Бүгінгі Американың мақтанына айналып отырған ғажайыптың бәрін дерлік жеке адам, капиталист салған. Бәрін қазір халыққа қызмет етуге жегіп отырғандар – солардың тұқымдары, солардың компаниялары. Үлкен-кіші игіліктің бәрі тамаша күтімде, сол «шыр» деп өмірге келген күйінде.
Диснейлендте жүргенде менің ойыма өзіміздің Жамбыл қаласындағы Комсомол көлі аймағы түсе бергені. Біздің бір құрып қалғандығымыз – бір істі бастаймыз да тастаймыз. Бір кездері осы көлді қалалықтардың демалыс аймағы жасамақ болып жар салдық, әжептеуір тірлік бастадық, жағажай жасалды, суға қайық түст, «Жайлау» қазақ-ұлттық демалыс мекені дүркіреп, қонақ қабылдап, түрлі мәдени іс-шаралар жүргізілді. Қазір бәрі жоқ. Көл сасып, маңайына қарайтылғандар түгел қиратылды. Неге? Қожайын жоқ. Мәдениет мекемелерінің қазіргі көрген күні қараң. Кітапханалар, клубтар жабылып, саяжайлар азып-тозып жатыр. Ең жаманы қолда барды бүлдіріп, қиратуда болып тұр. Мысалға тағы бір Комсомол есімімен аталған, бүгіндері Қайрат Рысқұлбеков атындағы саябақты алайық. Бақты бүлдірудің үлгісі осындай-ақ болар. Осындағы балалар ойнап, қуанатын атаулының бәрі қиратылды. Шағын темір жолы, онда жүретін поезд, рельспен қозғалатын маралдар тып-типыл болды. Енді келіп әткеншекті бұзып әкетіп жатыр. Ертегілер қалашығы жойылды. Ондағы ағаштан ойып жасалған бейнелерді Жамбыл, Қойкелді көшелеріндегі «Жамбылгаз» жанындағы үйдің алдына апарып орнатып қойыпты. Бұл не? Оны осыны жасағандар ғана біледі. Парктегі балалардың автоматты ойындары орналасқан үй ересектер нард деп аталатын құмар ойын ойнайтын мекенге айналды. Бұған не дерсің енді? Осыны істегендердің енді бұған айтатын себептері дап-дайын. Біз айтамыз: парк балалар мен жастардікі. Ендеше соларға қызмет етсін.
Осы жерде айту керек, мәдениет мекемелеріне де қазіргі заман талабына сай меншік түрін енгізу керек. Көбісін мемлекет иелігінен алып, жекеменшікке берген мақұл. Айталық, Комсомол көліне немесе Т.Рысқұлов атындағы саябаққа белгілі бір адам иелік етсе, оның түрлі игілігін көрген адамдар ақысын төлесе, іс дөңгеленіп жүріп берер еді. Табыс тапқан қожайын құнығады, сөйтеді де қызмет аясын кеңейтеді, жаңа құрылыс салады. Бізде бір кезде демалыс жіне спорт кешені ұранымен бір нәрселер істелініп еді, аяғы иесіздікке ұрынып тынды. Жүдеп-жадаған бұл тірлігіміз қаншаға созылар екен? Біз бәрін апарып экономикаға тірейміз, сөйтеміз де аузын ашқан балық боламыз.
Мәдениет мекемелеріне тоң-теріс көзқарастың бір көрінісі – оларды жаппай жабуда болып отыр. Кинотеатр, клуб азайып бітіп еді, енді зобалаң кітапханаларға түсе бастады. Басқасы басқа, жазушы, зиялы қауым өкілі ретінде мені бұл жай қатты алаңдатады. Кітап – білім бұлағы, білім – өмір шырағы. Бұдан артық лұғат бола ма?
Штат қысқартамыз деп жүріп кітаптан айырылып қалмайық, деп шырқырауға тура келіп отыр. Редакцияға облыстық техникалық және балалар кітапханаларының жабылғалы жатқанына ренжіп келген адамдарға не айтарымды білмей, дал болдым. Нарық қыспағын түсінгендіктен мен бұл істің басы-қасында жүрген адамдарға кітапхананы жаппаған жөн, бұл іске шарасыздықтан бара қалсаңыздар, жолын тауып, олардағы кітаптарды сақтап қалыңдар демекпін. Кітапхана жойылса, кітап – жетім, ұстағанның қолында, тістегеннің тісінде кетеді. Оны біз көргенбіз, кітапхана жойылып, сяси-ағарту үйінің кітапханасы жабылғанда сондағы небір таптырмайтын кітаптар ит рәсуа болды.
* * *
Орландодан соңғы табан кірер жеріміз – Атланта – олимпиадалық ойындар өтіп жатқан қала. Жанкүйер боламыз деп жасақталып, сол үшін шеңбер ұрып келеміз емес пе, асығамыз. Ал, Америка олимпиадалық ойындар өтіп жатыр ма, жоқ па, алаң қылмайды, өз қамымен жүрген ел. Бұл не сонда, қолда барда алтынның қадірі жоқ па, басқа ма? Біздіңше, мұндай оқиғалардың жақыннан гөрі алыста дүмпуі зор болады. Әйтпесе, шынында, спрорттық жарыстар өтіп жатыр екен, жақсы өтсін. Жанкүйер дейтін, спорт десе, ішкен асын жерге қоятындар бар, солар жүрсін салпақтап, қай жарысты көрерге білмей. Басқа, спортты әй соны қойшы дейтіндер өз шаруасын күттесін.
Біздің ішімізде бұл екі топтың да өкілдері бар. Асық-асықпа, ешкім де маршруттан шыға алмайды. Жоқ, тоқтай тұрыңыз, ондайлар да болды. Айттым ғой, арамызда қалталылар аз болған жоқ, міне, солар Орландо-Атланта, Атланта-Вашингтон аралығында автобуспен жүруді азап көріп ұшақпен ұшып кетіп отырды.
Осы жерде бізді алып жүрген автобустар, жолдар туралы жазудың реті келіп тұр.
33-01, 33-03 болып белгіленген біздің топтарға екі автобус бөлінген екен. Мен әлі күнге мұндай автобустарға мініп көрген емеспін. Автобус салонында адам жанына керектің бәрі бар. Телевизор, мұздатқыш, кондиционер, дәретхана, жайлы креслолар. Автобус сағатына 130-140 километр жылдамдықпен жүреді, сонда бір қозғалу, шайқалу дегенді білмейсіз. Бұл – Америка жолдарының тақтайдай тегістігінің арқасы. Үлкен жолдар екі жақты қозғалысқа арналған, көлденең жолдар көпірлермен, тескен жерлермен бір-біріне қиылыспайды. Жол 4-5 қатар жолақ сызықтармен бөлініп тасталған. Соның біріне түсіп ал да жүйтки бер, алдыңнан қарайған шықпайды. Мынандай жолда жол апатына ұрыну күнә тегі. Солай да шығар, неше күн жүріп, ондай оқиға кездестірмедік. Америкада қызмет көрсетушіге шайлық беру – дәстүр. Бұл дәстүрді біз де аттағанымыз жоқ. Шайлық алған қызметші жанын салады екен, жүргізуші азаматтар барлық жағдайда біздің көңілімізді табудан жаңылған жоқ.
Бізде, әрине, сөз басқа. Бәріміз теңбіз, көйлегіміз көк, қарнымыз тоқ деп тәрбиеленген біз шайлық ұсынуды жат қылық, алуды намыс көреміз. Қараңыз, зейнетақысын үйге әкеліп берген пошташыға рахметін айтып, өзі қолқалап алғызатын бес-он теңгесін зейнеткер арызға жазбады ма. Міне, біздің сыйқымыз, беріп те, алып та жомарт бола алмаймыз.
Иә, жолаушының ақысы жүрсе, өнеді, демекші, жол жайлы әңгімеге тездетіп оралайық.
Тегі, Джордж, Чарльз атты екі жігіт – бұл жолда әбден көп жүрген тәжірибелі жүргізушілер. Ешкімді «шаршадық, тоқтайықшы» дегізбей, демалатын жерге кезінде тоқтап отырды. Американың автожолдарының жолаушылар аялдайтын жерлері керемет ғажап. Оларда көлігіңізге, өзіңізге қажетті сауда, тұрмыстық қызметтің бәрі дайын, жатқан бір кешен. Және де бәрі тап-таза, жинақы, әдемі. Сол, бәрінің қожасы бар, олар қызметін ұсынуды біледі, аялдаушылар ақысына пайдаланады. Екі жақ та разы.
Жолдың бойы қалың ағаш, алаңқай-алаңқай ашық жер. Бәрі фермерлер иелігінде. Әрқайсысының шетіне әсем безендірілген тоқталар ілініп, фермерлердің аты-жөндері жазылып қойылған. Бір кездері бізде де бригада, звеноларды жазып қоятын. Қайда, ол жарнама мен мынаның арасы жер мен көктей. Орландо мен Атланта аралы автобуспен жарты тәулік дерлік жер.
Джордж пен Чарльз жұрт шаршады-ау, аяқ-қолын жазатын кез келді-ау деп дер мезгілінде тоқтап, Америкадағы жолаушылар көретін рахатқа кенелтіп отырды. Олар тоқтаған жердің бәрі жұмақ. Адам жанына керектінің бәрі бар.
Орландодан біраз ұзаған соң қасқа жол бойындағы бір фермердің үйінің қарсысындағы көкөніс сататын дүкеніне тоқтадық. Кәдімгі біздерде де бар темір тордан жасалған көкөніс дүкені. Көкөніс түрі көп те емес, алма, шабдалы, жүзім, қарбыз, бірақ бәрі біркелкі әдемі, жуылған, қарбыздан басқасының бәрін шағын-шағын қорапқа салып қойған. Екі автобус толы адам шүпірлеп талай нәрсе алдық.
Бір қарасам, фермер әдеп екі қарбызды жарып жатыр. Сөйтті де бір-бір қорап алма, шабдалы, жүзімді стол үстіне қойып, бәрімізді шақырды. Сөйтсек, мұнысы – тауарларын көп сатып алғандарға көрсететін құрметі екен. Америкада бұл бір игі дәстүр көрінеді. Тауарын көп алған адамға барлық жерде құрмет белгісі ретінде бағаны төмендетеді. Кір-қожалақ көкөнісін ұсынып, тіптен арасына шірігенін тығатын, аз ал-көп ал, бәрібір бағасынан айнымайтын біздің сауда жасаушылар мен американдықтарды салыстырып көр енді. Сатушының бәрі мәдениетті, тіл білмейтін бізге жан-тәнін салып түсіндіріп, бар пейілімен қызмет көрсетеді. Сөйткен сатушыларды біздің орыс тілділер бұза бастапты. Майами магазиндерінің бірінде бір сатушы жас жігіт бізге күлімдеп, ілтипатпен қызмет көрсетті. Өкініштісі, оның бізбен түсініспек болған орыс сөзінің бәрі былапыт. Әлбетте, бұл жігіт кінәлі емес, осыларды үйреткен адам – оңбаған.
Біз Атлантаға 130 шақырым жетпей «Каллауэй Гардэнс» деп аталатын курортты кешенге келіп тоқтадық. Бұл қайың көмкерген тау етегіндегі ғажап жер екен. Көкпеңбек алаңқайлар, мөлдір көлдер, құмды жағалаулар, самсаған ағаштар – бәрі күтімде. Қаладан қашық бұл кешенде қалалықтар көрсетін игілік-қызмет атаулының бәрі дайын. Олимпиада күндері Атлантаға ағылған адамдардың дені оның маңындағы осындай шағын елді мекнедердегі қонақ үйлерде жатты. Біздер үшін 130 шақырым үлкен қашықтық, ал Америкада мұны елеп жатқан адамды көрмейсің. Тақтайдай тегіс, оқтаудай түзу жолға түсіп алып, Атлантаға жетіп барып, жетіп келіп жатты жұрт.
Біз де солардың біріне айналдық.
Атланта – орташа қала. Шет-шеті жатағандау, ал, орта тұсы кәдімгі американ қалаларына тән көп қабатты. Көшелері де сондай – түрлі деңгейде, бұлай деп отырғаным негізгі көшеден анандай жерде көрініп тұрған үйге бару үшін бірнеше көшені айналып төмендеуің не жоғарылауың керек.
Топ бағдарламасы бойынша біз әйелдер баскетболының жай бір кездесуін, көгалдағы хоккей, жеңіл атлетика, ат спорты ойындарының ақтық айқастарын тамашалауға тиіс болдық. Бұл біреуге ұнады, біреуге ұнамады. Әркім өзіне ұнаған жарыстарға барғысы келді. Оның шешімі онша қиын болмады, билетті «Трансатлантик» қызметшілері де ауыстырып береді екен, болмаса, бұл істі өзің атқарасың, болмайды екен өз ақшаңа қалаған ойыныңа бар.
Біз алғаш рет баскетболға бардық.
Олимпиаданың ұйымдастырылуы, өткізілуі туралы алуан түрлі пікір айтылып жүр. Журналист ағайындар біреудің аузынан шығып кеткен бір ауыз оңды-теріс сөзін гуілдетіп жіберетіні бар. Осындай жәйт осында да естілді. Көптің көңілінен шығу оңай емес. Кішкентай бір жетістікті дабырайтып, кемістікті сүмірейтудің қажеті шамалы. Атланта олимпиадасы жөнінде айтылған артық-кем пікірді былай қойып, өз байқағаным жарыс өтетін стадиондар, ареналар осы заманғы ең озық үлгімен салынып, жасақталған. Бұл дегеніңіз – спортшыларға барлық мүмкіндіктерін жүзеге асыруға жағдай жасалды деген сөз. Бұдан артық не керек? Жанкүйерлерге қажеттінің де бәрі қарастырылған.
Біз алғаш барған баскетбол ойыны «Джоржия Доум» спорт кешенін ғажап екен демеске лажың жоқ. Оның әр сектор, әр трибунасына эскалатормен көтерілесің. Ішке еңбес бұрын бірдеңе қаузап, сусын ішесің бе, бәрі дайын. Адамға аса қажетті бөлмелер трибуналарға кірер жерден екі қапталына орналасқан. Бірінде кезек жоқ, неге, бәрі жеткілікті.
Достарыңызбен бөлісу: |