Қалалардың топографиясы мен типологиясы
Қазақстанның оңтүстігіндегі қалалар ортаазиялық қалаларға ұқсас – бекініспен қоршалған немесе бекініссіз цитадель, шахристан мен рабадтан тұрады. Көп жағдайда олар жоспары бойынша дөңгелек. Тау беткейіндегі белдем мен Сырдарияның төменгі ағысында тік бұрышты жоспарда салынғандары басым.
Оңтүстік-Батыс Жетісу қалаларына орталық цитадель (орталықта орналасуы сирек) төбесі мен тік бұрышты, бес бұрышты, трапеция, көп бұрышты жоспардағы шахристан қалдықтары да анық байқалады. Қалаға кіретін қақпа бірден төртке дейін. Рабадтар ауылдық округтерге қосылып кеткен, сол себепті екі құрылыс арасындағы нақты шекараны табу өте қиын. Орталық қирандыларға ұзындығы үштен ондаған шақырымға жететін «ұзын қабырғамен (дуалмен)» қоршалған территория жалғасады.
Қалалар құрылымы. Цитадель – қалада кездесетін міндетті бөлшек болып табылады. Ол қаланың бекініспен мейлінше күшейтілген бөлігі еді. Мысалы, Құйрықтөбенің VІІ-VІІІ ғасырлардағы цитаделі биіктігі 10 метрге жететін пахсалық платформадағы замок түріндегі құрылыс еді. Ортада солтүстік-батыстан оңтүстік-шығысқа қарай 15 метрге созылған зал орналасты, оның ені 10,5 м-ді, ал жалпы алаңы 57,5 шаршы м-ді құрады. Салтанат залы мен оған жапсарластырыла солтүстік-шығыс, солтүстік-батыс және оңтүстік-батыстан салынған бөлмелер арқылы есігі шахристанға шығатын айналмалы дәліз болған. Ол арқылы салтанат залына, солтүстік-шығыстағы бөлмелерге баруға болатын еді. Гелереяның батыс бөлігі де осы ұзын дәліз арқылы залмен жалғасты. Қораптық жиынтықпен жабылған бұл дәлізде сарайдың шатырына апаратын тепкішек орналасты.
Салтанат залының болуы, ағашқа ойып салынған суреттердің табылуы құрылыстың репрезентативті мәнін көрсетеді, мұнда негізінен қала билеушісі орналасса керек.
Баба-Ата қаласы орнының қамалын қазған кезде мұнда VІ-VІІІ ғасырларда көлемі 240 шаршы метр болатын екі қабатты құрылыс болғаны анықталды. Бірінші, төменгі қабатында диаметрі 5,8 м болатын, күмбездеп жабылған салтанат залы болған. Екінші қабатына қорап сияқты етіп жабылған алты бөлме салынған. VІ ғасыр мен VІІІ ғасырдың алғашқы жартысындағы Ақтөбе-1 қаласының ішкі қамалының орнынан саз қабатынан үш метр етіп тұрғызылған биік тұғыр үстіне орнатылған екі қабатты замок табылды.
Луговое цитаделіндегі қазба жұмыстары мұнда да VІІ-VІІІ ғасырлардағы замок түріндегі құрылыс орнының ішінара аршылуына мүмкіндік берді.
Достарыңызбен бөлісу: |