Аралық ми (diencephalon) мидың мүйізді денесі мен күмбез астында жарты шарлары мен бірігіп орналасқан. Аралық миға таламус (көру төмпешіктері), эпиталамус, метаталамус, гипоталамус кіреді. Аралық мидың қуысы ІІІ қарынша.
Таламус немесе көру томпағы (thalamus) – сұр заттардың жұмыртқа тәрізді бірігуінен пайда болған. Ол ақ затпен жабылған. Оның алдыңғы бөлігі қарынша аралық тесікке, ал артқы бөлігі төрт төмпешікке жанасады. Оның сыртқы беті ми жарты шарларымен біріккен, құйрықты ядро мен ішкі капсуламен шектеседі. Көру томпағының ішкі беті ІІІ қарыншаның қабырғасына, төменгісі гипоталамусқа жалғасады. Таламуста ядролардың үш түрі бар. Олар: алдыңғы, шеткі және ішкі ядролар. Барлығы 40-қа жақын ядролар бар. Таламусты сезгіш «жинақтаушысы» деп атайды. Себебі онда иіс сезуден басқа барлық сезудің қыртыс асты орталығы біріккен. Осы жерде алынған барлық хабарларға биологиялық баға беріледі. Таламуста адамның көңіл күйінің қыртыс асты орталығы (ашулану, қаһарлану, қорқу, жадырау) орналасқан. Таламустың зақымдануының белгілері: бас қатты ауырады, ұйқы, сезу, қимылдың дәлдігі бұзылады. Еріксіз қимыл пайда болады.
Эпиталамус немесе төмпешік үсті (epithalamus). Бұған эпифиз, ми тізгіні кіреді.
Эпифиз (corpus pineale) – үшінші қарыншаның артқы жағында, төрт төмпешіктің үстінде. Дене қызметінің тәуліктік ырғағына әсер етеді.
Метаталамусқа ішкі және сыртқы тізелі дене кіреді. Сыртқы тізелі дене көздің торлы қабығынан басталған көру жолының нейрондары сыртқы тізелі денеге, одан сол нейрондардың аксондары ми қыртысының көру аймағына бағытталады.
Ішкі тізелі дене есітудің қыртыс асты орталығы. Ішкі құлақтан басталған есіту нейрондарының қыртыс асты орталығы ішкі тізелі дене, одан нейрондардың аксондары бас ми қыртысына бағытталады.
Гипоталамус немесе томпақ асты аймағы (hypothalamus) – гипофиз. Сұр томпақ, көру жолы, көру жолының айқасы, емізікше дене кіреді. Гипофиз – ми қосымшасы, «түрік ер тоқымының» ойығындағы ішкі секреция безі. Көру айқастары (chiasma opticum) көз алмасынан басталатын көру жүйкесінің кейбір талшықтарының айқасынан пайда болады. Бұл айқас «түрік ер тоқымының» сәл алдында. Сұр томпақ (tuber cinercum) жылу және зат алмасуын реттейтін қыртыс асты орталығы.
Гипоталамуста 32 жұп вегетативтік жүйке жүйесінің қыртыс асты орталығы. Олар – ішкі ортаның тұрақтылығын сақтайтын, ақуыз, май көмірсу, тұз-су алмасуын реттейді. Сонымен бірге гипоталамуста дененің жылуын, қанағаттану, қанағаттанбау, қанның құрамы мен осмотикалық қысымын реттейтін орталықтар бар. Гипоталамуста ашу орталығы орналасқан.
Торша дене (formatio reticularis) – аралық ми мен ми діңгегіне тармақталған нейрондардың жиынтығы. Нейрондардың өсінділері торшаланып шатасқан. Торша дененің атқаратын қызметі: орталық жүйке жүйесінің қызметін, оған келген тітіркеністерді күшейтеді немесе әлсіретеді. Торша дене И.П.Павловтың теңеуімен сипаттағанда, ми қыртысының қызметіне «екпін» беріп тұрады. Сонымен бірге ми қыртысы торша дененің қызметін реттеп тұрады.
ІІІ қарынша, аралық мидың қуысы, екі көру төмпешігінің аралығында. Екі таламуста оның бүйірдегі қабырғасы IV қарыншамен «сильвий түтігі» арқылы, екі бүйірінде қарынша аралық тесік арқылы, үлкен мидың бүйір қарыншаларымен жалғасады.
Достарыңызбен бөлісу: |