Тағамда дәрумендердің жеткіліксіз болуы, адам ағзасын әлсіретеді. Мұндай жағдайды гиповитаминоз деп атайды. Оған ауа райының қолайсыз жағдайы, ауасы лас жерде ұзақ уақыт жұмыс істеу, сондай-ақ гастрит, асқазан ісігі, гельминтоз, лямблиоз, тағы да басқа аурулар себеп болады. Дәрумен жетіспеушілік болғанда ағзада зат алмасу процесі бұзылып, оның жұқпалы ауруларға қарсы тұру қабілеті нашарлайды. Сондай-ақ, адамның көңіл-күйі күйзеліске ұшырағанда, ауа-райының құбылмалы кезеңдерінде, әйелдердің жүктілігі не сәбиін емізуі, тағы да басқа жағдайларда ағзада дәрумен жетіспеушілік артады. Мұндай жағдайда дәрігерге қаралып, арнаулы дәрумендер қабылдап, көкөніс пен жемістерді көбірек пайдалану қажет. Дәрумен жетіспеушілік және гиповитаминоз жануарларда да болады. Мал авитаминозбен, көбінесе көктемде ауырады. Дәрумен жетіспеушіліктен аналық мал қысыр қалады, төл нашар өседі. Мысалы, В дәрумені жетіспеген жағдайда құс полиневритпен, шошқа пеллаграмен ауырады. D дәрумені жетіспесе, төл қатпа болады, ірі мал сүйек ауруына шалдығады.