Қылмыстық әрекеттерді болдырмайтын, жауапкершілікті ауырлататын, жауапкершілікті жеңілдететін мән- жайлар. Қылмыс құрамы дегеніміз, әрекеттің қылмыс ретінде қоғамға қауіптілігін сипаттайтын объективтік және субъективтік белгілердің жиынтығы. Қылмыс құрамы - заңдық ұғым, ал қылмыс - адам әрекетінің бір түрі.
Қылмыс құрамы тек бір ғана қылмыста емес, барлық қылмыста ұшырасатын белгілердің жиынтығын құрайды.
Объективтік белгілердің жиынтығына қылмыстық заңмен қорғалатын қоғамдық қатынастар (қылмыс объектісі) және қоғамға қауіпті әрекет, зардап, жасалу орны, уақыты т. б. сияқты қылмыстың сыртқы көріністері кіреді.
Ал субъективтік белгілердің жиынтығына қылмыс жасаушының белгілері (кылмыс субъектісі) және жасаушының әрекетті оны зардапқа техникалық қатысын көрсететін (субъективтік жақ) белгілер енеді.
Қылмыс құрамының төрт элементі бар. Жоғарыда аталғандай белгілер осы төрт элементтін маңайында шоғырланады.
Олар:
1. Қылмыс объектісі;
2. Қылмыстың объективтік жағы;
3. Қылмыс субъектісі;
4. Қылмыстың субъективтік жағы.
Қылмыс құрамының белгілері қажетті (немесе міндетті) және факультативті (міндетті емес) белгілер болып екіге бөлінеді. Осыған сәйкес элементтің қажетті және факультативті белгілері бар.
Қылмыс құрамының элементтері
Қажетті белгілер
Факультативті (қосалқы) белгілер
1. Қылмыс объектісі
Қылмыстық заңмен қорғалатын қоғамдық қатынастар
Қосымша объектіге байланысты қорғалатын қоғамдық қатынастар; қылмыс заты.
2. Қылмыстың объективтік жағы
Қоғамға қауіпті іс-әрекет немесе әрекетсіздік
Қоғамға қауіпті зардап, әрекет пен зардаптың арасындағы себепті байланыс; қылмыс жасалу жолы, уақыты, орны, жағдайы, құралы мен қаруы.
3. Қылмыс субъектісі
Есі дұрыс, жасы он алтыға (кей қылмыстар үшін он төртке) толған адам
Арнайы субъектіні сипаттайтын белгілер: лауазымды адам; туыстық қатынасы бар адам; тек ер адам, тек әйел адам; тек ҚР азаматы т. б.
4. Қылмыстың субъективтік жағы
Кінә (абайсыздық немесе қасақаналық)
Мотив мақсат, эмоциялық жағдай
Қылмыс құрамының төрт элементінің қажетті белгілері - қылмыс құрамын ұстап тұрған төрт таған іспетті. Егер төрт тағанның біреуі жоқ болса (яғни қажетті белгілердің бірі жоқ болса) әрекет қылмыс болып «тұруы» мүмкін емес. Дегенмен, егер заңда қосалқы белгілердің біреуі көрсетілсе, дәл сол қылмыс құрамы үшін ол белгі міндетті болып табылады. Оның жоқтығы дәл сол қылмыс құрамының толыққанды еместігін, басқа қылмыс құрамына жататындығын көрсетеді. Мысалы, 98-бап. Жан күйзелісі жағдайында болған адамның кісі өлтіруі. Заң қылмыстың субъективтік жағы бойынша кінәмен қоса эмоциялық белгіні - жан күйзелісін (аффектіні) келтіріп отыр. Мұндай белгінің (аффектінің) болмауы қылмысты 98-бап бойынша емес, абайсызда (101-бап) немесе қасақана (96-бет) кісі өлтіру деп дәрежелеуге әкеледі.
Кейде қосалқы белгілер қылмыстык жауаптылықты ауырлатуға немесе жеңілдетуге бағыттайды. Сол себепті қылмыстық құқық теориясында негізгі қылмыс құрамын, жауаптылықты ауырлататын мән-жайларымен берілген қылмыс құрамын және жауаптылықты жеңілдететін мән-жайларымен берілген қылмыс құрамын бөліп көрсетеді.
Белгілерді баяндау жолына байланысты қылмыс құрамы қарапайым (бір әрекет, бір объект) және күрделі (қос объектімен, қос әрекеттен, кінәнің кос нысанымен) құрамға бөлінеді.
Қылмыс құрамы құрастырылуына байланысты материалдық және формальды құрам болып жіктеледі.
Материалдық құрамда қылмыстың аяқталу сәті қоғамға қауіпті зардаптың тууына байланысты болса, формальды құрамда зардапты тосып жатпай-ақ, қоғамға қауіпті әрекетті жасаудың өзі қылмыстың аяқталғандығын көрсетеді (мысалы, қарақшылық 179-бап, бандитизм 237-бап).
Қылмыс құрамының қылмысты дәрежелеу (квалификацаялау) үшін де ойып алар орны бар. Қылмысты дәрежелеу дегеніміз - жасалған қоғамға қауіпті әрекет (қылмыс) белгілерінің ҚК Ерекше бөлімінде көрсетілген нақты қылмыс құрамының белгілеріне толық сәйкес келуі. Дұрыс дәрежелемеу заңдылықтың бұзылуына әкеп соқтырады.
Қылмысты дұрыс дәрежелеу үшін, біріншіден, қылмыстың нақты жайларын анықтау, екінші, тиісті қылмыс құрамының ешқаңдай белгісін назардан тыс қалдырмау, үшіншіден, жоғарыдағы белгілердің толық сәйкестігін орнату қажет. Қылмысты дәрежелеу белгілі бір бапқа сілтеме жасау жолымен болады. Егер бап бөліктерден, яғни тармақтардан тұрса, тиісті бөлікке немесе тармаққа сілтеме жасау керек.