Алдын ала тергеу сатысы. Бұл әр қылмыстық істі тез және толық ашып, айыпты адамды қылмыстық жауапқа тарту мақсатында қолданылатын және заңмен реттелген тергеуші мен анықтама органдарының қызмет жүйесі болып табылады. Қылмыстық істерді тергеу екі түрде жүзеге асырылады: 1) анықтама; 2) алдын ала тергеу. Заңға сәйкес қылмыстардың басым көшпілігі бойынша алдын ала тергеу жүргізіледі. Сондықтан алдын ала тергеу - қылмыстық істерді тергеудің негізгі түрі болып саналады. Ал заңда арнайы көрсетілген ауыр емес қылмыстар бойынша алдын ала тергеу жүргізу міндетті емес және оның орнына анықтама жүргізіледі. Алдын ала тергеуді Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, ішкі істер және салық полициясы органдарының тергеушілері жүргізеді. Қылмыстық істер бойынша анықтама жүргізетін органдар да заңда көрсетілген (ішкі істер органдары, ұлттық қауіпсіздік органдары, салық полициясы органдары, кеден органдары, әскери полиция органдары, әділет органдары, шекара бөлімдерінің командирлері және т. б.). Анықтама органдарының жүргізуіне жататын қылмыстар бойынша анықтау қызметін атқаратын лауазымды адам анықтаушы деп аталады.
Достарыңызбен бөлісу: |