«Ұлтшылдық сарынға қарсы күрестің» құрбандары
XVIII-XX ғасырлардағы Ресей империясының отарлық және одан кейінгі «қызыл империяның» саясаты сол кезеңнің өзінде-ақ шет мемлекеттерде төртінші билік болып есептелетін баспасөз, яғни, бұқаралық ақпарат құралдарына да әсерін тигізді. Соның бір көрінісі төртінші бесжылдықтың соңында 1949 жылы қайта жаңғырған «ұлтшылдық сарынға қарсы күрес» болып табылады.
Бұл – турасын айтсақ, 1937-1938 жылғы нәубеттің жалғасы. Ұлтшылдыққа қатысы бар деген адамдарды жазалаудың түрлі жолдары қолданылды. Алдымен 1950 жылдардың басында қазақ тарихы, әдебиеті мен мәдениеті сынға алынды.
Мәселен, 1951 жылы 28 қыркүйекте «Казахстанская правда» газетінде Мұқан Төлебаевтың «Қазақстан музыкасындағы бұрыс бағыт туралы» деген сын мақаласы жарияланды. Бұл сын Ахмет Жұбановтың «Қазақ сазгерлерінің өмірі мен шығармашылығы» атты тұңғыш зерттеу-монографиясына қарсы бағытталды. Мұнда, бұрынғы сынау шегінен асқан автор А.Жұбановты буржуазияшыл-ұлтшылдығы, панисламист және пантюркистігі үшін айыптады.
Осыған орай Ахмет Жұбанов 1951 жылдың қазан айының бесінде «Социалистік Қазақстан» газетіне «өз қателіктерін мойындап» мақала жазуға мәжбүр болды. Бірақ, бұл ақталу оны жалған сыншылардың түйреулерінен құтылтқан жоқ. Қайта, іле-шала арада бір апта өтпей жатып Республика сазгерлер одағы қазақ музыкасындағы буржуазияшыл-ұлтшыл бұрмалаушылық туралы арнайы мәжіліс өткізіп, оған Мәскеуден үш адамды шақырған.
Бұл мәжілісте тек А.Жұбановтың мәселесі ғана қаралып, оған әр шешен өз атынан жаңа теңеу табуға тырысқан. Мысалы, баяндамашы П.В.Аравин Ахметті «идеалист, тұрпайы социолог, формалист, буржуазияшыл-ұлтшыл», Б.Г.Ерзакович «ұлтшыл әрі космополит», Иванов-Сокольский «музыкадағы бекмахановшылдықты дәріптеуші»,- деп, 20-30 жылдардағы «шылдықты» қайта қоздырғанын байқау қиын емес.
Келесі кезек қазақ әдебиетінің мақтанышы – Мұхтар Әуезовке келді. Бұл науқан қазақ халқының мәдениетін, оның өкілдерін жоққа шығаруға бағытталды. Олар М.Әуезов ірге тасын қалаған «Абайдың поэтикалық мектебін», осы тақырыпқа алғаш диссертация қорғаған Қайым Мұхамедхановтың еңбегін жоққа шығарып, Шәкәрім, Тұрағұлдарды буржуазияшыл-ұлтшылдардың қатарына қосты. Сөйтіп, Абайдан кеңестік дәуірге дейінгі кезең ақтаңдаққа айналып, өзінің көрнекті өкілдерінен айрылып 80-жылдарға дейін құлазып қалды. Ал, белгілі М.Әуезов, С.Мұқанов, Қ.Жұмалиев, Е.Ысмайылов, А.Жиреншин сияқты әдебиеттанушылар мен сыншылардың есімдері айыптау үшін пайдаланылды.
1951 жылдың 11 қазанында идеология «қайраткерлері» тағы да «Казахстанская правданың» беделіне сүйеніп, жаңа бір бастаманың ұштығын шығарды. «Қазақ батырлық эпосын зерттеудегі қателіктерге қарап» деп аталатын мақалада газет «біртұтас ағым» теориясын сынап, ауыз әдебиетін «таптық күрес» тұрғысынан қарастыруды талап етті. Оған 1944 жылы ВКП (б) Орталық Комитеті Татарстанда феодалдық пиғылдағы «Едіге» жырын әшкерелеген қаулы негіз болды. Сөйтіп, газет оқырмандар арасында қазақ эпостарына қарсы идеологиялық ой-пікір туғызуға тырысты. Ал, фольклор зерттеушілері М.Әуезов, Ә.Марғұлан, Қ.Жұмалиев, М.Ғабдуллин буржуазияшыл-ұлтшылдықтары үшін сыналды
1950 жылы 26 желтоқсанда «Правда» газеті көтерген ұлтшылдыққа қарсы науқандардың төресі 1951 жылдың 16-17 қазанында Қазақстан Орталық Комитетінің VIII пленумында хатшы Ж.Шаяхметовтың баяндамасы болды. Баяндамада сыналғандардың саны өсе түсті. Ол өзінің 1944 жылы Абылай, Кенесары, Наурызбайларды қазақ батырлары санатына қосқанына өкініш білдірді.
Бірақ, қанша ақталғанымен, хатшының өзі де сыналды. Себебі, білімі таяз болса да сол кездегі обком хатшыларының бірі Жанбаев қоғамның ағымын, партияның бағытын түсінетін көреген саясаткер әрі ғалымдар мен Орталық комитет хатшыларының үлкен сыншысы болып шықты.
Бұдан кейін қазақ интеллигенциясының көрнекті өкілдерінің үстінен жеке іс қозғалды. Енді нысанаға республика ғылымының мақтанышы академик Қаныш Сәтбаев ілікті. Жоғарыда айтылған VIII пленумда Ж.Шаяхметов, одан бұрынғы Орталық Комитетінің 10 тамыздағы «Вестник» және «Известия» журналдарына байланысты қаулысында Ғылым академиясының президенті Қ.Сәтбаев тарихшы Бекмахановқа қамқорлығы үшін, буржуазияшыл-ұлтшылдарды уақытында әшкерелемегені үшін айыпталды. Ал «Казахстанская правда» газеті болса, мұны «партия мүшелерінің халықтың үніне құлақ аспауы»,- деп тұжырымдады.
Сондай-ақ, белгілі ғалым, педагог, психолог, Қазақ мемлекеттік университетінің ректоры Т.Тәжібаев та бұрын саяси айыптар тағылып академиядан қуылған адамдарды университетке қызметке алғаны үшін, әсіресе, Бекмахановты қолдағаны үшін сыналды. Бұл сыннан жедел қорытынды шыға қоймаған соң, оған білек сыбана «Правда» газеті кірісті. Мұнда 1951 жылдың қазан айының 20-да «Қазақ университетінде сынға қысым жасауда» деген мақала жарияланды. Соның нәтижесінде 10 желтоқсанда орталық Комитетте болған мәжілістің ұйғарымымен үлкен ғалым, абзал азамат Т.Тәжібаевты ректорлық қызметтен алып тынды.
Бұл жылдары қазақ зиялыларының көзін жою үшін жасалған террордың алғы шарты орталық және республикалық басылымдар арқылы жасалды. Яғни, 30-жылдардың тәжірибесі қолданылды. Мәселен, «Правда» газетінде «Біздің арамыздағы ашық ауыздықтан арылайық» атты бас мақала жарияланды. Онда ашық ауыздықтың мысалына Бекмахановты әшкерелеушілердің бірі, тарихшы Б.Сүлейменовтың әшкереленбеуі сөз болды.
Осы орайда Орталық басылымдардан жергілікті газеттердің де қалыспай, тіпті озып кетуге тырысқандықтарын айтпай кетпеуге болмайды. Соның бір айқын мысалы Бекмахановты қудалаушылардың бірі – Шойынбаевтың «Казахстанская правда» газетінің сынына ілігуі болды. Сөйтіп, Орталық комитет бюросы бұл сыннан соң, оның Жанқожа көтерілісіне арналған кітабын буржуазияшыл-ұлтшылдығы үшін пайдалануға жаратпай тастады.
Тек, 1954 жылдың көктемінен кейін ғана Қазақстанның ғылымы мен мәдениетіне төнген қара түнектің бұлты ыдырап, саяси науқан бәсеңси бастады. Оған себеп болған бүкіл Одақ көлемінде басталған оң процестердің (Берияның «халық жауларымен» күрестегі зұлымдық әрекеттерінің ашылуы, жеке адамға табынушылықты әшкерелеген Хрущевтік «жылымықтың») әсері деуіміз керек.
Достарыңызбен бөлісу: |