Қырықбай Аллаберген тарих және баспасөЗ Қазақ мерзімді баспасөзінде тарихтың «ақтаңдақ» мәселелерінің жазылуыбаспасөзінде тарихтың



бет19/20
Дата06.02.2022
өлшемі1,96 Mb.
#34765
1   ...   12   13   14   15   16   17   18   19   20
ОН БІРІНШІ ТАРАУ


Тың көтеру зардаптары

Қазақстан тарихында өз ізін қалдырған қайшылықты кезеңдердің бірі – тың және тыңайған жерлерді игеру. Бұл өзі кеңес өкіметінің екі қоянды бір оқпен атуды көздеген, астары мол жымысқы саясаттарының бірі еді. Тың көтеру идеясы Н.С.Хрущев келгеннен кейін көп ұзамай-ақ туған-ды. Бұл кездегі басты мақсаттардың бірі соғыстан жадап-жүдеп шыққан елдің қарнын тойдыру сылтауы болатын. Сол кезде Н.С.Хрущевтің көзі Ресейдің қара топырақты аймақтары мен Қазақстанға түсті. Орыс патшалары мен өкіметін қазақтың кең байтақ даласы ежелден-ақ қатты қызықтыратын. Сөйтіп, бұл мәселе КОКП Орталық Комитетінде бірнеше рет қаралғаннан кейін, ХІХ съездің қаулысымен тыңға жорық басталып та кетті.


1954 жылдың ақпан-наурыз айларында-ақ, Қазақстан жерінде Ресейдің қалалары мен селоларынан эшалон-эшалон адамдар келе бастады. Оларды жергілікті халық «Тың игерушілер» деп құрметтеп қарсы алуға тиіс еді. Солай болды да. Қазақ халқы ежелгі меймандостығын көрсетіп-ақ бақты. Алғашқы тыңгерлер қазақ даласына:
Едем мы, друзья,
В дальние края.
Станем новоселами,
И ты, и я! -
деген әнді екпіндете айтып келді. Олардың бәрі дерлік өздерін Қазақстанға жақсылық жасаушы батырлар ретінде сезінді, қазақ жерін елсіз дала деп білді. Кейіннен тарихшы Ф.Усов тыңға келген біреудің күнделік дәптерінен мынадай үзінді келтірді: «Өткен заманда Ақмола өлкесінде ел сирек болатын, – деп жазыпты ол өз күнделігінде, – Ұлан байтақ даланы көшпелі қазақтар мекендейтін. Қазақтар бірыңғай мал өнімімен күн көретін, егін екпейтін. Өлкенің алғашқы отырықшы тұрғындары – Сибирь казактары еді». Міне, тың игеруге келгендердің көбінің қазақ жері, қазақ халқы туралы түсінігі осы деңгейде ғана болды. Сол кездегі газет материалдарынан мынадай жолдарды оқуға болатын: «Мен тың өлкесіне келдім. Комсомолдың жолдамасы менің еңбектегі шамшырағым болды». Ал арада бірнеше жыл өткеннен кейін олардың кейбірі газетке мынадай хаттар жолдайтын болды: «Мен тың өлкесінен өшпес бақытымды таптым. Коммунистік партияға мүше болып өттім. Семья құрдым. Мен еңбектің солдатымын».
Сонымен, күн сайын ағылып, жүз мыңдап келе бастаған осы адамдар айдалаға ақ шатырларын орнатып алды да, тың далаға түрен салып, оңды-солды жырта бастады. Нұсқау солай, ұран солай болды. Жергілікті жұрттан тың игерушілердің бетіне қарап сөз айтатын бір адам табылмады. Тіпті, ата-баба зираттары шынжыр балақ трактордың табанында тапталып қалғанда да ауыздарын аша алмады. Өйткені, қазақ халқы осыдан сәл-ақ бұрын көрген қуғын-сүргіннен, қырғыннан әлі есін де жиып үлгермеген еді. Үкімет пен партияның саясатына қарсы пікір айту, наразылық білдіру әлі де болса көпе-көрінеу отқа түсумен пара-пар еді... Бұл жай кейін бірлі-жарым жазушылардың көркем шығармаларында ғана елеусіздеу түрде елес берді.
Кеңес өкіметі кезінде баспасөз «партияның тілі мен қаруы», «өмір айнасы» деген атқа ие болғаны мәлім. Бұл, баспасөздің лақап аты десе де болғандай еді. Сондықтан баспасөз тіл алғыш, белсенді, көреген болды. Сол жылдардан бастап Қазақстан баспасөзі тыңның екінші майданына айналды. «Социалистік Қазақстан» газетінен бастап, балалардың «Қазақстан пионері» газетіне дейін тыңды мадақтаған, насихаттаған, үгіттеген мақалалар мен оқырман хаттары, өкімет қаулыларын бірінен кейін бірін үзбей жариялап жатты. Бұл бірауызды, бір дауысты «баспасөз хорын», әрине, орталықтағы «Правда» газеті бастап берді. Шындығын айту керек, баспасөз тыңның шашбауын көтерген осы әуенінен тоқсаныншы жылдарға дейін бір рет те жаңылысып көрген емес. Оған дәлел – 1984 жылы Қазақстан бойынша тың игерудің отыз жылдығы дәл бұрынғы дәстүрмен дүрілдеп өтті. Сол күндері, Қазақстан баспасөзі беттерінде мынадай тақырыптағы мақалалар жарық көріп жатты: «Партия мен халықтың аса үздік ерлігінің даңқы арта берсін!», «Даңқты жылдар эпопеясы», «Достық планетасы», «Партия мен халықтың ерлігі», «Әкелер жолын ұрпақтар жалғастыруда».
Тың игерудің алғашқы жылдары Қазақстан баспасөзі оны насихаттап қана қойған жоқ, бүкілхалықтық қозғалысты дамытуға тікелей үлес қосты. Газет тілшілері тың облыстарына лек-легімен барып-келіп жатты. Партиялық ұйымдастыру, бұқаралық саяси жұмыс баспасөзге арқа сүйеді. Тың игерудегі баспасөздің орасан зор рөлін білген өкімет басшылығы баспасөздің өз ішінде бірсыпыра ұйымдастыру шараларын жүргізді. 1954 жылы Қарағанды, Ақмола, Көкшетау, Орал облыстарында баспасөз қызметінің кеңесі өтті. Мұнда тыңды насихаттаудағы баспасөздің міндеттері айқындалды. 1954-1955 жылдары барлық облыстың газеттері екі беттен төрт бетке ұлғайып, таралым саны көбейтілді. Оған қоса, тың өлкесіндегі 85 аудандық газет төрт беттік болып шығатын болды. Жаңадан құрылған шаруашылықтарда көп таралымды газеттер мен қабырға газеттері шығатын болды. 1956 жылы осындай 120 ауылдық жерде «Молния», «Крокодил» сатиралық газеттері пайда болды.
Баспасөз тың игерудің барлық проблемаларына араласып отырды. Мысалы, «Социалистік Қазақстан», «Казахстанская правда» газеттері ауыл шаруашылығын техникамен жабдықтайтын өнеркәсіп орындарынан үзбей мақалалар беріп отырды. Социалистік жарысқа арнап мақалалар, очерктер мен арнаулы беттер ұйымдастырды. Жаңа қоныстанушылардың мәдени-тұрмыстық жағдайы (үй-жайы, сауда-саттық, дәрігерлік жәрдем, т.б.) үнемі баспасөздің назарынан тыс қалған жоқ.
«Правда», «Социалистік Қазақстан», «Казахстанская правда» газеттері облыстық газеттерге шолу жасап, оларға бағыт беріп отырды. Журналистердің республикалық, облыстық кеңес, семинарлары мен курстары ұйымдастырылды. КОКП Орталық Комитетінің баспасөз қызметінің жағдайын жақсарту туралы қаулысы шығып, баспасөз мамандарын дайындау мен редакциялардың материалдық- техникалық жағдайын жақсарту шаралары жүргізіле бастады. Бұған газеттер де «іспен жауап беріп» жатты. Қ.Бекхожин «Қазақ баспасөзі тарихының очерктері» деген кітабында Солтүстік Қазақстан облысының «Ленинское знамя» газеті 1954 жылы үш айда тың игеру тақырыбына 80-нен аса материал, оның ішінде 6 бас мақала, 9 редакциялық және тілшілер мақаласы, 20-дан аса еңбекші хатын жариялап, социалистік жарыстың барысы жөнінде 15 жұмысшы бригадир мен директорға сөз бергені туралы деректі келтірді.
1956 жылы қазақстандық мол астық үшін күрес қозғалысы өрістеді. Осы жылдары Қазақстан партия ұйымдарының «Мемлекетке миллиард пұд астық берейік!» деген үндеуі мен соның шашбауын көтерген ұрандар баспасөз беттерінен түскен жоқ. Бұл науқанға тың көтермей «тыныш» отырған барлық облыстық газеттер де білек сыбанып кірісті. Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Алматы облыстық газеттерінің қаламы жүйрік журналистері Төлен Құлымбетов, Кәрім Баялиев, Әукен Жайлаубеков жақсы мақала, фельетондарымен жарқырай көрінді. Осы жылы республика диқандары көршілес республикалардағы әріптестерімен социалистік жарысқа түсті: қостанайлықтар – алтайлықтармен, ақмолалықтар – красноярлықтармен, павлодарлықтар – новосібірліктермен, қарағандылықтар – кемеревтіктермен. Осыған орай, баспасөз беттерінде жарыс озаттары қостанайлық – Павел Бергун, Жансұлтан Демеев, Амангелді Исқақов, ақмолалық – Григорий Зубков, Николай Сергиенко, Қ.Алпысбаева, көкшетаулық – Александра Панфилова, Петр Музыка, т.б. туралы дабырата жазып жатты.
1952 жылы ақпан-наурыз айларында КОКП Орталық Комитетінің «Колхоз құрылысын одан әрі дамыту және машина-трактор станцияларын қайта құру туралы» ұсыныстары халықтық талқылаудан өтіп, МТС-тердегі техника ұжымшарларға сатып берілді. Осындай кезекті қайта құру кезеңінде, атап айтқанда 1958 жылы 30 тамызда КОКП Орталық Комитеті «Кеңес баспасөзінің жұмысшы және село тілшілерінің бұқаралық қозғалысына басшылықты жақсарту туралы» қаулысы қоса қабылданып, «социализм жағдайындағы баспасөз жұмысшының бағдарламалық құжаты» деп басталған бұл қаулыда: «XIX съезден кейін жұмысшы және село тілшілері сан жағынан да, сапа жағынан да өсті. Газеттер оларға сүйенуі керек!» – деген мазмұндағы нұсқаулар айтылды.
Өкімет тың игеруді белсенді насихаттаған газеттерді ынталандырып, баспаларға үлгі етіп отырды. 1958 жылы тың игерудің бес жылдығының қарсаңында және он мыңыншы нөмірінің шығуына орай «Социалистік Қазақстан» мен «Казахстанская правда» газеттері «Еңбек Қызыл Ту» орденімен наградталды. Газет тілшілеріне де наградалар берілді. Өз кезегінде газеттер мен тілшілер де тыңға дүниедегі барлық жақсы теңеулерді теліп бақты.
Ол жылдары «Партия айтты – комсомол орындайды!» деген сөз заңға айналған. Баспасөз де дәл осы жолмен жүрді. Аға газеттердің үлгісін ең аяғы қабырға газеттеріне дейін қайталау үлкен мақтанышқа айналды. «Қазақстан пионері» газеті 1969 жылдың көктемінде Шу өзені бойында қырғыз бен қазақ балаларының «Достық бағын» отырғызу қозғалысына айтарлықтай үлес қосты. Ол жылдары газет бетінде «Тың алқаптағы ауыл көңілді», «Мен де тыңгер боламын» секілді жаңа айдарлар көбейді. Газеттің 1957 жылғы редакторы М.Мамажанов: «Сол жылдары балалардың ұлы орыс тіліне деген құштарлығын, оны жетік үйрену жолындағы тәжірибесін жазу газеттің жетекші тақырыбы болған еді», – деп еске түсіреді. Бүгінгі көзбен қарасақ, мұның ана тіліміздің қағажу қалуына қаншалықты әсері болғанын да аңғарамыз.
Жоғарыда айтып өткеніміздей, Қазақстандағы тың игеру қозғалысын баспасөз сексенінші жылдардың соңына дейін сыпыра дәріптеу негізінде бір жақты жазып келді. Тың игерудің астық молшылығын жасау, жаңа қалалар мен селолар тұрғызу секілді жақсы жақтары асыра мақталғанымен, оның әсіресе қазақ халқының ұлттық тағдырына тигізген залалдары мен зардаптары жөнінде бір ауыз да сөз айтылмады. Оның есесіне, тоқсаныншы жылдан бергі қазақ тіліндегі баспасөз беттерінде тың игерудің қалтарыста қалған қара дақтары көбірек ашылып, көлеңкелі жақтары баса айтылды. Мұндай мақалалар, әсіресе, «Жұлдыз», «Арай», «Парасат» журналдарында, «Қазақ әдебиеті» мен бірқатар тың облыстарының газеттерінде жарияланды.
Қазіргі баспасөзде, әрине, бұрынғыдай тыңды насихаттау жоқ, тек бұл мәселеге өз көзқарасы тұрғысынан баға берушілік бар. Қазіргі кезде мұндай баға берудің екі түрлі тенденциясы басым көрініп жүр. Зерттеушілердің бір тобы тың игеру атымен жасалған қозғалыстың қазақтың елі мен жеріне келтірген кесел-залалдарын бұлтартпас дәлелдермен алға тартады. Бұл тақырып, әсіресе, «Арай» журналында 1991-1992 жылдары егжей-тегжейлі жазылды. Онда тың игерудің жоспарсыз басталып, тым асыра сілтеу болғандығы айтылады. Қазақстанда 25 миллион гектар жер жыртылып, соның 20 миллионы 1956 жылға дейін-ақ «игерілген» екен. Осының салдарынан тың жер эрозияға ұшырап, алғашқы 3-4 жылдан кейін өнімділік күрт азайған. Бүкіл тың тарихында үш-ақ рет миллиард пұт астық алынған. Демек, жел сөз көп болған. Ақырында, «Тың өлкесі» деп аталған облыстар экологиялық жағынан қатты бүлінді. Осы облыстардың көптеген аудандары «экономикалық және әлеуметтік жағынан артта қалған 70 аудан» дейтін тізімге ілікті. Жердің нәрін емген, халықты, әсіресе, жергілікті тұрғындарды ауру-сырқау жайлады. Рухани эрозия қоса келіп, адамдарды арақ аздырды. Тұрғын халық ана тілінен айырыла бастады. «Қазақ әдебиеті» газеті тың көтеру жылдары 700-дей қазақ мектебінің жабылып қалғанын ашына жазды.
Жазушы, журналист Ә.Көпішев өзінің «Адыра қалған ауылдар» атты мақаласында тың облысындағы «Жұмай» ауылының бұрын миллионер колхоз атанғанын айта келіп, тың игерілгеннен кейін бұл ауылдың қамқорлықтан мүлдем тыс қалғанын айтады. «...Қазіргі «Жұмайда» екі мыңға жуық сауын сиыр, 9 мың гектар егістік қалған. Еденіне тақтай да төселмеген сыз үйлер. Рахит, туберкулез т.б. қазақ ауылдарына кең тараған дімкәстерге душар болған балалар, үлкендер...», – дей келіп, автор бұл жүздеген қазақ ауылдарының басында бар жағдай екенін айтады.
Тың жерді игеру алғашында уақытша шара, астық қорын жасаудың тактикалық тәсілі ретінде ойластырылды десе де, оның астарында Мәскеудің басқа да мүдделері болғандығы мерзімді баспасөзде көп айтылып жүр. Тың көтерудің қате болғандығы Л.М.Богденко, В.П.Данилов секілді ғалымдар кейінірек айтты да. Бірақ өкімет тарапынан бұған құлақ асқан ешкім болмады. Шынында, ұлан-байтақ жерді мөлшерсіз жыртып тастап қарап отырумен ештеңе бітпейтіні түсінікті де. Бабын тауып, жағдайын жасамаса, жер өнім бере ме? Алғашқы үш-төрт жылдан кейінгі жағдай мұны дәлелдеп берді. Бірақ, журналист Ж.Қуанышев айтқандай, «көтеріңкі көңіл-күйге» негізделген орталықтың өктемдік саясаты жергілікті жерлердің мүмкіндіктері мен ерекшеліктеріне пысқырып та қарамады». «Қазақстан үшін тыңды игеру де тура «соғыс сипатында» басталды деуге болады. Жыртылған жерлер бірнеше күннің ішінде-ақ таңдап алынды, оның үстіне сәтсіз таңдалған жерлер көп кездесті»,- деп жазды жоғарыда айтып өткен ғалым М.Л.Богденко тың туралы зерттеу еңбегінде.
Тың игеру науқанының үлкен зардаптарының бірі – Қазақстандағы демографиялық тепе-теңдіктің жасанды түрде әрі күшпен бұзылуы Қазақстанды «жүз ұлттың лабараториясына» айналдырған да дәл осы тың екені даусыз. «1954-1956 жылдарда Қазақстанға сырттан 640 мың адам қоныс аударып келді»,- деп жазады тарихшылар С.Ковальский мен Х.Маданов. Ал журналист Ж.Қуанышев өзінің жоғарыдағы мақаласында бұл туралы: «...қалың тасқынның ішінде өзінің құлқыны мен жеке басының қамын көздеген ашкөз тобырдың көбейіп кетуі жергілікті тұрғындарды да, партия ұйымдарын да шоқ басып алғандай шаршатты»,-деп жазды.
Тың игерудің экономикалық тиімділігіне қарағанда экологиялық зардабы анағұрлым ауыр болғаны бұл күні әркімге белгілі шындық. Қазір Солтүстік облыстарда топырақ құнарының 30 процентке жуығы жойылып, тек 1960 жылға дейінгі кезеңнің өзінде ғана 9 миллион гектар жер істен шыққаны белгілі болып отыр. Ғалымдардың есебіне қарағанда, осыншама шығынмен, ойсыраған зардаптармен тың көтерілмей-ақ, оның есесіне астық өнімін гектарына небәрі бір центнерден ғана арттыра алған болсақ, әлдеқайда ұтады екенбіз. Ал шындық жағдай бұған керісінше болды. Гектарына 20 центнерден астық жинауды көксеген тың идеясының авторлары орта есеппен 7 центнерге қанағаттануға мәжбүр болды.
Тың игеру жылдары республикамызда басқа ұлт өкілдерінің үлес салмағының күрт артуына байланысты ұлттық тіліміз бен дініміздің, ұлттық болмысымыздың шеккен зардабы өз алдына бөлек әңгіме. Бұл туралы баспасөз беттерінде кейінгі кездері аз жазылып жүрген жоқ.
Тыңға байланысты баспасөз бетінде пікір айтушылардың екінші бір тобы тыңның зиянды болған жақтарын айта келіп, сонымен бірге оны мүлдем жоққа шығармай, жақсы жақтарын мойындайтынын білдіреді. Мысалы, К.Смайылов «Н.С.Хрущев: ағы мен қарасы» деген мақаласында: «Тың игеру кезіндегі еліміздегі селоға деген қаржы мен техниканың басым көпшілігі Қазақстанға бөлінді, жіберілді. Соның арқасында кең далада қанша поселкелер орнады, жолдар тартылды. Оны ұмытуға да, бұрмалауға да болмайды!»-десе, биология ғылымдарының докторы Р.Жанпейісов «Тыңды бірыңғай жамандауға қосылмаймыз»,- дей келіп, «Қазақ әдебиеті» газетінің 1990 жылғы 9 наурыздағы нөмірінде жарияланған «Аманат хат» деген мақаладағы «...жерімізді аздырып, құнарсыз қалған, жайылым өрісін тарылтып, зиянын тигізген тың игеру экономикалық қате саясат»,-деген пікірге реніш білдіреді. 1994 жылдың ақпан айында Қазақстанда тың көтерудің қырық жылдығы аталып өтті. Бұл жолы бұрынғыдай көпірме сөздер болмаса да, өзінің байыпты бағасын алды. Ақпанның 25-і күні Ақмоладағы тыңгерлер сарайында өткен салтанатты жиында Республика Президенті Н.Назарбаев Қазақстан тыңына баға бере келіп: «Тың игеру шын мәнінде дәуірлік сипат алған оқиға болды»,- деді. Осы тұста республикалық және облыстық баспасөз беттерінде тыңға байланысты ардагерлердің де естеліктері жарияланды. Солардың көпшілігінде сыпайыгершілік кемерінен асып кетпей, өткен оқиғаға байсалдылықпен баға берушілік байқалады.
Қалай дегенмен де, тың игеру қозғалысы қазақстандықтардың, оның ішінде қазақ халқының да тағдырымен терең байланысып кеткен, қайшылығы мол, күрделі оқиғалардың қатарына жататыны ақиқат. Ал баспасөз болса, тың ақиқатын енді ғана айта бастады. Сондықтан, тың туралы шынайы баға уақыт еншісінде деп білеміз.

ОН ЕКІНШІ ТАРАУ




Желтоқсан ызғары


Ең алдымен 1986 жылғы Желтоқсан ақиқаты алғаш баспасөз бетінде қалай жария етіліп, түсіндірілгенін еске алайық. Барлық материалдар бір жақты сипатта болды. Алматыдағы оқиға туралы алғашқы мәліметті бұрынғы Кеңес одағының телеграф агенттігі Желтоқсанның 18 жұлдызында хабарлады. Жай ғана «Алматыдан хабар» деп аталған шағын материал бұған дейін баспасөз бетіне шығып көрмеген тосын оқиғаны таратқан. Оны жарыса қайталағандардың ішінде, өкінішке орай, көптеген қазақ газеттері де бар болатын? Бірақ, жариялылық деген құдірет жоқ кездегі жағдай үшін кімді кінәларсың? Одан кейін орталық баспасөз Желтоқсан оқиғаларын жіліктеп шағып, өздерінше «ақ-қарасын» ашып берген «сүбелі» материалдар ұсына бастады.


Ол басылым беттерінде негізінен Алматы көшелерінде байқалған ұлтшылдық көріністерге кінә тағу, сөгу, ал тәртіпсіздіктерді ұйымдастырушыларды міндетті түрде табу, ұстау, соттау керек деген пиғылдағы ойлар ашық айтылып жатты. Ал заң жүзінде бұл міндетті сол кезде халық соттары онсыз да қамшы салдырмай орындау үстінде еді. Кезінде жазықсыз сотталып, кейіннен толық ақталған Сәбитова мен Рахметовтың, Салықова мен Қожахметовтың және басқалардың істері соның дәлелі. Айтып, айтпай не керек, сол бір қазақ жастары туғызған дүрбелеңді сын сағатта аты-шулы оқиғаны арнайы ұйымдастырушылар болды деп биік мінбелерден айтылған тұжырымдарға да кейіннен дәйек пен дәлел табылмай, ақыры ол сиырқұйымшақтанып барып басылды.
1987 жылғы қаңтардың бірінде «Литературная газетада» жарық көрген марқұм Ә.Әлімжановтың «Алматыда не болды?» деген мақаласына көңіл аударалық. Онда өкінішке орай: «Уақыты келгенде Алматыдағы оқиғаны ұйымдастырушылардың кім екенін білетін сәттің туатынына мен сенемін, шүбәсіз сенемін... Халық, мен өзінің ұлы болып саналатын халық республикада тұратын қазақтар мен басқа да халықтардың арасына баспалап келіп, сенімсіздік ұрығын сепкісі келгендердің түрін де, аты-жөнін де білуге тиіс. Біздің балаларымызды кімдердің алдағанын білетін күн де келеді. Өтірік және өсекпен, оларды студенттік жатақханалардан алып шығып, қолдарына дұшпандық, сауатсыз транспоранттар ұстатып өздері бас сауғалап қалғандарды әлі білетін боламыз», – деп жазды автор.
Одан кейін бұл пікірді араға екі апта салып шыққан нөміріндегі «Шындық сабақтары» атты мақаласында газеттің меншікті тілшісі А.Самойленко іліп алып, одан әрі «данышпандықпен» өрбітеді. Ол: «Көп жастар жазасын алды, комсомолдан шығарылды, правоға қарсы әрекетттері үшін оқу орындарынан қуылды, біразының бұзақылығы, жаппай тәртіпсіздік жасағаны үшін оқу орындарынан қуылды, біразының бұзақылығы жаппай тәртіпсіздік жасағаны үшін істері сотта қаралатын болды. Әрине, тәртіпсіздіктердің басшыларын, ұйымдастырушыларды іздестіруді табанды түрде жедел жүргізу керек»,-деп шешендік танытты.
Шындығын айту керек, осы орталық басылымдардың беттерінде жарияланған материалдарда бүгінгі күн тұрғысынан қарағанда біржақты, көлеңкелі, қара күйелі тұстары басым болуымен қатар, оқиғаға байыппен қарауға деген ұмтылыс, мәселенің түп-төркінін әлеуметтік жағдайлардан іздестіруге деген талпыныс та болды. Алайда, ең басты мәселе – жастардың алаңға неге шыққаны тұрғысындағы әңгімеге келгенде авторлардың барлығы да оларды біреулер айдап салды деген жалған тұжырыммен ғана шектеліп қалды.
Осындай ойдан сол кездегі комсомолдардың сүйікті органы «Комсомольская правда» да асып кете алған жоқ. Оның тілшісі А.Лапин өзінің «Ащы сабақ» деген материалында Алматыда болған желтоқсан оқиғасын былай деп айыптайды: «Біршама уақыт өтіп, ұлтшылдық пиғылдағы Желтоқсан оқиғаларындағы іс-әрекеттердің себебі айқындала түскен шақта бұған не деп жауап беруге болады? Бір нәрсені сеніммен айтар едік: «Болған жайдың себептері ең алдымен жастар арасындағы идеологиялық жұмыстардың елеулі кемшіліктері, патриоттық-интернационалдық тәрбиенің әлсіреуінде жатыр. Жастардың бір бөлігінің ұлтшылдық көзқарастары кеше ғана қалыптасқан жоқ. Олар баршаның көз алдында, уақытымен оталмаса қаулап өсетін арамшөп сияқты өскен болатын.
Республикада жүзден астам ұлт пен ұлыстың өкілдері тұратынына қарамастан, қазақ астанасында, қаланың жоғары оқу орындары мен техникумдарында оқитындардың басым көпшілігі жергілікті ұлт өкілдері екендігіне назар аудармады. Жатақханада студенттердің ұлттық белгісіне қарай орналасуына ұсақ-түйек деп қарады».
Бұдан біздер жастар газеті тілшісінің бар мәселені ұлтшылдыққа ойыстырып, нақты жауаптан қашқақтағанын байқаймыз. Өйткені сол тұста партияның сенімді идеологиялық қаруына айналған бұқаралық ақпарат құралдарында «ұлтшыл» жастардың оқу орындарында өз ана тілінде оқи алмайтыны, астана зауыттар мен фабрикаларында ең аз ақылы жұмысқа қолдары әрең жететінін, мүмкіндіктерінің толық жоқтығы, пәтер зардабын шеккендер тек қазақтар екендігін, қазақ тіліндегі мектептердің, бала-бақшалардың жыл санап жоғалып бара жатқандығын, ұлт тағдырына, тіл тағдырына қатысты көкейкесті, күрделі мәселелердің, проблемалардың шешімін таппай келе жатқаны жөнінде жергілікті ұлт өкілдерінің көп жерде кемсітушілікке ұшырап, өзінің азаматтық құқығын тіпті қорғай да алмай қалатыны жайында бір ауыз сөз айтылған жоқ.
Керісінше, қазақ жастарының мектепті қазақша бітіретіндігі, орыс тілін нашар білетіндігі негізгі күнә ретінде алға тартылды. Мәселен, орталықтан істің ақ-қарасын айыруға келген тілшіміз осыған орай комсомол қатарындағы студенттердің іс-қағаздарын қарап отырады да өзі үшін мынадай жайды анықтап, жаңалық ашады: «Біріншіден, олардың басым көпшілігі республиканың оңтүстік облыстарында тұратын халық болғандықтан негізінен бірыңғай болып келетін шағын селолар мен поселкелерде тұрған. Үлкен бөлігі ұлт мектептерін қазақ тілінде бітірген. Орыс тілін нашар біледі. Оқулары да орташа. Көбі өндірісте жұмыс істемеген немесе армия қатарында қызмет атқармағандар».
Жарайды, бұл біз айтып отырған «Комсомольская правданың» тілшісі халқымыздың тілінен, тарихынан, салт-дәстүрінен, қилы-қилы тағдырынан маһрұм болсын, оның республикаға аты беріліп отырған ұлт жайында білетіні шамалы, ол сол жақтағы Мәскеу тарапынан айтылатын әміршілдік сарынға үндескен ойын білдірді делік.
Ал, осы тұрғыдан алғанда, әр нәрсеге әділ қарауға тиісті болған, қара қылды қақ жарған партияның көзі мен құлағы есептелген «Правда» газетіне, оның Қазақстандағы «интернационалисіне» не жорық?! Осы басылымның тілшісі Т.Есілбаевтың бұл басылымның 1987 жылғы ақпанның он бірінші жұлдызында жарық көрген «Мардымсудың зардабы» атты мақаласы парықсыздыққа қара күйені баттастырып жаға салған қылмысқа пара-пар болды. Бұл мақала сол кездегі қиыншылыққа қарамастан қазақ оқырмандарының ашу-ызасын келтірді. Себебі сол кездегі саясатқа орай одақтық газет-журналдарда жарияланған барлық материалдар ұсақ-ірілеріне қарамастан арнайы нұсқаулар арқылы ұлт тіліне аударылып, халыққа жеткізіліп отырды.
Сөйтіп бұқаралық ақпарат құралдары арқылы таратылған желтоқсан жаңғырықтарында, олардың авторлары өз пікірлерін ешбір негізсіз, ғылыми дәлелдерсіз жариялап жатты. Осы бір, қазақ ұлтшылдығын «дәлелдегенде», тырнақ астынан кір іздеуде, орыс зиялыларынан қазақ «оқығандары» да қалыса қойған жоқ. Бір сөзбен айтқанда, одақтық басылымдарда «Партия тұрмысы», «Баспасөзге шолу» айдарларымен берілген көптеген мақалаларда желтоқсан оқиғасының тууына республикалық газеттер мен журналдардың беттерінде интернационалдық тәрбие мәселелерінің аз жазылатындығы, коммунистік идеологияның өз дәрежесінде жүрмей отырғандығы тәтпіштеп жазылды.
Желтоқсан оқиғасын талқылау үшін іле-шала шыққан әшкере құжаттарда айтылып, кінә таққан, жұрттың аузынан түспеген ерекше бір дерек Алматыда «Ер Төстік» атты қазақ балабақшасының болғандығы. Астанамыздың мектеп жасына дейінгі мекемелері тарихында алғашқылар санында ашылып, «өлгенде бір көрген» сол қазақ балабақшасы, «Правда» журналисінің «жүрдек қаламынан» тыс қалған жоқ.
Қазақ балабақшасының жеке шаңырақ көтеруі сол кезде шын мәнінде жұрт қуанатын жаңалық болғаны рас. Ал «қазақ патриоты» Т.Есілбаев мырзаның пікірі бұған мүлде кереғар еді. Себебі орталықтың «идеологы» осы жаңалықты, халық қолдаған қуанышты, өз оқырмандарынан сүйінші сұрап, аңқылдай хабарлаған басылымдарды жерден алып, жерге салды. Ал осы бір балабақша мысалынан-ақ ұлттық оқшаулықтың ашықтан-ашық насихатталып отырғанына қатты ашуланып, оған республикалық газеттің бір бетінің едәуір бөлігін арналғаны қалай деген таудай реніш білдірді. Автор онымен де шектелмей сол кездегі одақтың сойылын соғып «соншама дабырлайтындай шын мәнінде-ақ тарихи оқиға екен», – деп мысқылдап кекетті.
Тілші мырзаның бұдан кейінгі шүйілген жайы одан да бетер болды. Ол «Лениншіл жаста» жарияланған белгілі қазақ ақынның (Ә.Тәжібаевтің) тіл туралы пікіріне тиіседі. Ақсақал ақынымыз коммунистік «Правдаға» жақпайтын не айтты екен дейсіз ғой сонда? Ол мынау: «Туған тілін мақтан ету, оны сақтау, оның өрлеп, өсе түсуіне еңбек сіңіру әрбір қазақтың, әрбір қазақ семьясының, жүрегі қазақ әрбір адамның, бүкіл қауымның бірден-бір міндеті. Халықтың қуаты – тілдің қуаты. Біз қазақ ана тілімізді ең айтқыш, ең білгір, ең бай тілдердің біріне айналдыруымыз керек. Бұл бүгінгі біздің, ертеңгі жас ұрпақтың міндеті».
Осында не бар? Бұрыннан айтылып келе жатқан, бүгін де, ертең де айтылуға тиісті, ұрпақтарға өсиет емес пе? Ал орталық партия газеті, оның қазақ тілшісі осыдан ұлттық, өзімшілдік нышанын көреді және мұндай ойлардың жастар газетінде насихатталуы теріс деген ой тастайды. Қысқартып айтсақ, «Правда» газетінің пікірінше, оқыту мен тәрбиелеу қазақ тілінде жүргізілетін мектеп пен балабақшалар аз емес екен. Барлық жерде оларды ашу туралы мәселе қоюдан гөрі «әр ұлттың балалары оңаша болмай, ортақ бір мектепте оқып, ортақ бір балабақшада тәрбиеленгені әлдеқайда дұрыс». Жоғарыда айтқанымыздай, бұл «мардымсудың зардабы» ертеңінде-ақ республикада шығатын газеттердің барлығына жапа-тармағай аударылып, көшіріліп шығарылды.
Өзінің әріптестері ат басын еркін жіберген, жалған әшкерелеу шабысынан «Известия» газеті де қалысқан жоқ. Оның тілшісі Алматыға келген сапарынан «Шырмауық» атты мақала туындатып қайтты. Тағы сол бір жақты сарын. Тілші республика астанасындағы жоғары оқу орындарының ректорлары және факультет декандары қазақ ұлтынан екендігін жергілікті ұлт жалпы халық санының жартысына жетпейтіндігіне қарамастан институттардағы қазақ жастарының көбейгендігін, Брежнев алаңына шыққан жастардың арасында жұмысы бетімен жіберілген заң факультеттерінің студенттері, архитектура-құрылыс, зоотехникалық мал дәрігерлік институттарының дүмшелері болғанын және алаңға келгендердің басым көпшілігі күткендей-ақ оңтүстіктен келген жастар екендігін аса бір айызы қана отырып тізбелейді. Қазақ жастары арасындағы жоғары білім алуға деген құлшынысты қуаттаудан гөрі қаралауға бейім көзқарас, қазақ студенттері көбейіп кеткен Алматы, басқа да тұстарға қарағанда жергілікті ұлт көбірек жинақталған оңтүстіктегі облыстардың бел ортасында жатқандығын да қаперге алуды қажет деп таппайды. Өйткені желтоқсан оқиғасы сол кезде өртеніп тұрған тақырып болды. Ал, мұндайда кім отты көбірек көсесе, сол мықты көрінетіні бар. Бірақ, ол өтімділікті орталық газет тілшілерінің ұлтқа, халық мүддесіне тиісу арқылы тапқаны жалпы адамгершілік аясына сия бермейтін лас іс еді.
Осы жерде Мәскеулік журналистердің жұмысында сол желтоқсан оқиғасына байланысты қалай болса, солай көсілте, көпірте мақалалар жариялау дәстүрге айналып кеткенін ашып айтуымыз керек. Сол бір кез тарихта алтын әріппен жазылған 1986 жылдың желтоқсан ызғары жаңару күніне жеткізсе де, әлі де кей авторлардың тек ұлт мәселесіне байланысты тақырыпқа үйірсектік танытып, жоқ жерден ілік іздеп тұратыны жанға батады. Елімізде соңғы кездерде айқын демократиялық өзгерістер, бүкпесіз жариялылық, республика егемендігі мен дербестігі тұрғысында келелі жұмыстар өрістеп, жаңаша ойлаудың жарқын арналары ашылуда. Алайда, орталық газеттердің сол бір дүрбелең кезде республика қамымен бас ауыртып, балтыр сыздатпағаны белгілі.

Сілтемелер көрсеткіші





  1. М.Әуезов. Әдеби мұра және оны зерттеу. А., 1961.

  2. С.Мұқанов. Халық мұрасы. А., 1974.

  3. Б.Кенжебав. Қазақ баспасөзі тарихынан мәліметтер. А., 1956.

  4. Қ.Бекхожин. Қазақ баспасөзі тарихының очеркі. А., 1981.

  5. «Дала уалаятының газеті». 1889жыл, 14-наруыз, №12.

  6. «Дала уалаятының газеті». 1889 жыл, 17-ақпан, №7.

  7. «Дала уалаятының газеті». 1894 жыл, №18.

  8. «Дала уалаятының газеті». 1890 жыл, №6.

  9. «Дала уалаятының газеті». 1896 жыл, №31,32.

  10. «Дала уалаятының газеті». 1899 жыл, №22, 23.

  11. «Дала уалаятының газеті». 1894 жыл, №12.

  12. «Дала уалаятының газеті». 1900 жыл, №14.

  13. «Дала уалаятының газеті». 1897 жыл, №10.

  14. «Дала уалаятының газеті». 1890 жыл, №11.

  15. «Дала уалаятының газеті». 1890 жыл, №21.

  16. ҚСӘ. 2-том, 128 бет.

  17. Қ.Аллаберген, Ж.Нұсқабайұлы. Алты алаштың ардақтылары. А.,1994.

  18. «Қазақстан» газеті. 1911 жыл, 15-қараша.

  19. «Айқап». А., 1995. Құрастырғандар Ү.Сұбханбердина мен С.Дәуітов.

  20. «Қазақстан» газеті. 1912 жыл, №11.

  21. «Айқап» журналы. 1911 жыл, №11.

  22. «Айқап» журналы. 1912 жыл, №3.

  23. «Айқап» журналы. 1912 жыл, №8.

  24. «Айқап» журналы. 1913 жыл, №19.

  25. Ү.Сұбханбердина. «Қазақ. Сарыарқа. Алаш». А., 1993.

  26. «Қазақ» газеті. 1913 жыл, №11.

  27. «Қазақ» газеті. 1913 жыл, №14.

  28. «Айқап» журналы. 1912 жыл, №4,5.

  29. «Қазақ» газеті. 1917 жыл, №240.

  30. «Қазақ» газеті. 1913 жыл, №6.

  31. «Қазақ» газеті. 1913 жыл, №30.

  32. «Қазақ» газеті. 1913 жыл, №35.

  33. «Қазақ» газеті. 1916 жыл, №200.

  34. «Еңбекші қазақ» газеті. 1926 жыл, 8-шілде.

  35. «Еңбекші қазақ» газеті. 1926 жыл, 8- шілде.

  36. «Қазақ» газеті. 1917 жыл, №244.

  37. «Қазақ» газеті. 1914 жыл, №65.

  38. «Қазақ» газеті. 1915 жыл, №93.

  39. «Қазақ» газеті. 1915 жыл, №112.

  40. «Қазақ» газеті. 1917 жыл, №230.

  41. «Қазақ» газеті. 1917 жыл, №247.

  42. Ө.Әбдіманов. «Қазақ» газеті. А., 1993.

  43. Кудаш С. Незабываемые минуты. М., 1964.

  44. С.Байменшин. Майлының Бейімбеті. А., 1994.

  45. Т.Кәкішев. Садақ. А., 1986.

  46. «Қазақ әдебиеті» газеті. 1935 жыл, 2-қазан.

  47. «Садақ» журналы. 1915 жыл, №3.

  48. Қазақстан республикасының конституциясы. А., «Қазақстан». 1993 жыл, 12 бет.

  49. «Хронолигический перечень войска». Омбы, 1891.

  50. «Степной край» газеті. 1896 жыл, №42.

  51. «Қазақ» газеті. 1913 жыл, №4.

  52. Чуланов Г. Промышленность дореволюционного Казахстана. А., 1960.

  53. С.Мұқанов. ХХ ғасырдағы қазақ әдебиеті. Қызылорда. 1932 жыл.

  54. «Қазақ» газеті. 1913 жыл, № 42.

  55. Қазақ ССР тарихы. ІІІ том, 418 бет.

  56. «Айқап» журналы. 1911 жыл, №11.

  57. «Қазақ» газеті. 1914 жыл, № 48.

  58. «Айқап» журналы. 1911 жыл, №2.

  59. Ө.Әбдіманов. «Қазақ» газеті. А., «Қазақстан», 1993, 62-63 беттер.

  60. «Қазақстан» газеті 1912 жыл, №11.

  61. «Қазақстан» газеті. 1912 жыл, №11.

  62. «Айқап» журналы. 1911 жыл, №11.

  63. «Қазақстан» газеті. 1912 жыл, №4.

  64. «Айқап» журналы. 1913 жыл, №20.

  65. «Айқап» журналы. 1911 жыл, №9.

  66. «Айқап» журналы. 1912 жыл, №6.

  67. «Қазақ» газеті. 1913 жыл, №34.

  68. «Қазақ» газеті. 1913 жыл, №36.

  69. «Қазақ» газеті. 1913 жыл, №24.

  70. «Қазақ» газеті. 1914 жыл, №54.

  71. М.Қозыбаев. «Әмір Әбдіғапар» мақаласы. «Қазақ әдебиеті» газеті. №9, 1994 жыл.

  72. Қазақстан республикасының Орталық мемлекеттік архиві. 44-қор, 164. 24-бет.

  73. С.Сейфуллин. 5 томдық шығармалар жинағы. 4 том. А., 1988.

  74. Т.Рысқұлов. Избранные труды. А., «Қазақстан». 1984.

  75. «Қазақ» газеті. 1917 жыл. №254.

  76. Бөкейханов, Шестаков. «1916 жыл». А., 1926 жыл.

  77. М.Қозыбаев. Әмір Әбдіғапар. «Қазақ әдебиеті» газеті. №9. 4-наруыз, 1994 жыл.

  78. Амангелді Иманов. Документы и материалы. 54-бет.

  79. М.Қозыбаев. Әмір Әбдіғапар. «Қазақ әдебиеті» газеті. №9. 4- наурыз, 1994 жыл.

  80. Восстание 1916 года в Казахстане (документы и материалы). А., 1947.

  81. Сапаргалиев К. Карательная политика царизма в Казахстане (1905-1918). А., «Наука», 1916.

  82. Восстание 1916 года в Казахстане (документы и материалы). А., 1947.

  83. Восстание 1916 года в Казахстане (документы и материалы). А., 1948. Документ №26, С. 25.

  84. Сармурзина А., Григорьев В. Бөкейханов және тарих шындығы. «Қазақ әдебиеті» газеті. 1989, 7-шілде.

  85. «Қазақ» газеті. 1916 жыл, №188.

  86. «Қазақ» газеті. 1916 жыл, №207.

  87. «Еңбекші қазақ» газеті. 1926 жыл, 8-шілде.

  88. «Қазақ» газеті. 1916 жыл, №190.

  89. «Красный архив» журналы. 3-т. 1919 жыл, 60 бет.

  90. К.Нұрпейісов. Алаш һәм Алашорда. А., «Ататек». 1995 жыл, 6-бет.

  91. М.Дулатов. Шығармалары. А., 1991 жыл, 9-бет.

  92. Қ.Аллаберген, Ж.Нұсқабайұлы. Алты алаштың ардақтылары». А., 1994, 42-бет.

  93. М.Қойгелдиев. Алаш қозғалысы. А., 1995. 324-бет.

  94. К.Нұрпейісов. Алаш һәм Алашорда. А., 1995. 126-бет.

  95. Т.Кәкішев. Кер заманның кереғар ойлары. А., 1995.

  96. Қ.Аллаберген, Ж.Нұсқабайұлы. Алты алаштың ардақтылары». А., 1994.

  97. К.Нұрпейісов. Алаш һәм Алашорда. А., 1995.

  98. Қ.Аллаберген, Ж.Нұсқабайұлы, Ф.Оразаев. Қазақ журналистикасының тарихы.А., 1996.

  99. «Сарыарқа» гезеті. 1917 жыл, №22,23.

  100. «Сарыарқа» газеті. 1917 жыл, №3.

  101. «Ана тілі» газеті. 1993 жыл, 11- ақпан.

  102. Ә.Тәкенов, М.Шоқай өмірінің кейбір қырлары. «Қазақ тарихы» журналы. 1996 жыл, №5.

  103. «Ана тілі» газеті. 1993 жыл, №6, 11-ақпан,

  104. «Бірлік туы» газеті. 1918 жыл, №21.

  105. Қ.Аллаберген, Ж.Нұсқабайұлы, Ф.Оразаев. Қазақ журналистикасының тарихы.А., 1996.

  106. Богачев А.К. У истоков. Воспоминание. А., 1971. Бурабаев М.С. Общественная мысль Казахстана в 1917-1940 гг. А., 1991. Елеуов Т. Қазақ ауылында Совет өкіметінің орнауы мен мағынасы. А.,

  107. К.Нұрпейісов. Алаш һәм Алашорда. А., 1995. 286-бет.

  108. Есмағамбетов К. Қазақтар шетел әдебиетінде. А., Атамұра. 1994. 240- бет.

  109. С.Сейфуллин. Тар жол, тайғақ кешу. А., Жазушы. 1977. 392 бет.

  110. Әбішев Т. Тағдыр. «Егемен Қазақстан» газеті. 1997, 11-маусым.

  111. Сонда.

  112. Абай. Қара сөздер. А., 1983. 64-бет.

  113. Беренбаум, Давыдова. История книги. М., 1971, стр. 277.

  114. Ә.Бектемісов. Қазақстандағы баспа бетінің дамуы. «Қазақстан коммунисті» журналы. 1968, №8.

  115. Е.Нығметов. Мол мұра. «Қазақ әдебиеті» газеті. 1977, қараша.

  116. М.Сужиков. Қазақстан кітап сүюшілер өлкесі. «Лениншіл жас» газеті. 1963 жыл, 12-маусым.

  117. С.Мұқанов. Өмір мектебі. А., 1964. 116 бет.

  118. Бектемисов.Книгоиздание в Совестком Казахстане. А., 1972. с.35.

  119. М.Горький. Әдебиет туралы. А., 1984. 257-бет.

  120. А.Бектемисов. Книгоиздание в Советском Казахстане. А., 1972. С.35.

  121. «Лениншіл жас» газеті. 1927 жыл, 23 желтоқсан.

  122. Т.Кәкішев. Дәуір дидары. А., 1980. 61-бет.

  123. Ә.Жиреншин. Қазақ кітаптарының тарихынан. А., 1971. 172 бет.

  124. М.Дулатов. Шығармалары. А., 1991. 12 бет.

  125. Ж.Аймауытов. Шығармалары. А., 1989, 146-бет.

  126. «Қазақ әдебиеті» газеті. 1988.23-желтоқсан.

  127. «Айқап» журналы. 1914,№4.

  128. Шәкәрім. Өлеңдер мен поэмалар. А., 1988, 21 бет.

  129. А.Байтұрсынов. Ақ жол. А., 1991. 10 бет.

  130. М.Әуезовтың 1923 жылғы жазғанынан.

  131. Ә.Қарағұлов. «Социалистік Қазақстан» газеті. 1957, 15-қыркүйек.

  132. А. Бектемисов. Книгоиздание В Советском Казахстане. А., 1972.

МАЗМҰНЫ



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   12   13   14   15   16   17   18   19   20




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет