Мерзімі
|
1921
|
1922
|
1923
|
1924
|
1925
|
Кітап
|
5
|
30
|
31
|
79
|
104
|
Газет
|
6
|
8
|
9
|
10
|
13
|
Журнал
|
3
|
2
|
3
|
2
|
5
|
Қазақ АССР-і құрылған жылы небәрі 129 кітапхана, 117 клуб, бірнеше қызыл керуен, қызыл отау жұмыс істеді. Әубәкір Диваев қазақтың бай әдеби мұрасын жинаумен шұғылданды.
1922 жылы Ташкентте қазақ-қырғыз мәдениетін көркейтушілер қауымы «Талап» құрылды. Сонда қазақ ағарту институтының жанынан жұмысшылар факультеті ашылды.
1921-1925 жылдарда Қазақстанда кітап басып шығару ісін дамытуда Советтердің бірінші съезінің тапсыруы бойынша Қазақ АССР Орталық Атқару Комитеті де 1922 жылдың бірінші маусымында қазақ тілінде баспа шығармаларын көбейту туралы арнаулы қаулы қабылдады. Онда еңбекші қазақ халқын ағартуға, мәдени дәрежесін арттыруға барлық білімді азаматтардың борышты екені айтылды.
Әсіресе, Заң, Әлеуметтік қамсыздандыру, Егіншілік, Денсаулық, Оқу-ағарту комиссариатына сауатсыздықты жою үшін алғашқы қарапайым оқулықтарды, үндеулерді, плакаттарды, жалпы білім беруге, ғылымға, саяси-үгіт жұмысына керекті кітапшалар мен көркем әдебиет жинақтарын шығару тапсырылды.
Осындай пәрменді шаралардың және практикалық істердің жүзеге асырылуы нәтижесінде 1921-1925 жылдар аралығында қазақ тілінде 277-ден астам кітап басылып шықты.(116)
1921 жылы Ташкентте «Үлкендер үшін әліппе» деген кітап Ш.Сартаев, Е.Қожантаевтардың редакциялауымен жарық көрді. Ол араб әрпімен 5000 дана болып басылды. 1925 жылы Ж Арыстанұлының «Жаңа тұрмыс жайында» атты кітабында жас республикамызда өркен жайған жаңа өмір құрудың барысы сөз етілді.
1924 жылы Ж.Арыстановтың аударуымен Ташкентте «Жастар ұйымының мақсаты, міндеттері», 1925 жылы Мәскеуде «Күншығыс баспасында» шығады. Анучиннің «Адам тегі» атты оқулығы Мамытовтың аударуында Мәскеуде басылып шықты.
Сондай-ақ, 1924 жылы Сала Жүсіпов «Интернационалдағы жұмыскер әйелдер» атты кітапшасын 3500 дана етіп шығарды.
Бұл жылдарда қазақ тілінде саяси кітаптарды басу ісі біршама жолға қойылды. Соның нәтижесінде 1924 жылы Орынборда көлемі 60 беттік «Ақылды істерді жүргізу заңы», 1925 жылы Ташкентте көлемі 123 беттік «Ауыл ұйымдарына жолбасшы», «Түркістанда келімсектерге арналған аудандарда жер мәселесі» атты кітаптар шыққан. Сонымен қатар жоғарыда аталған «Талап» ұйымы – «Қазақ-қырғыз мәдениетін көркейтуші қауымы», «Талаптың жолы» атты кітапша шығарды.(117)
Сөз болып отырған жылдар аралығында әдеби кітаптар шығару көрсеткіші төмендегідей:
1922 жылы А.Құнанбаевтың таңдамалы өлеңдері жарық көрді. Ұлы ақынның бұл үшінші басылымы Ташкентте шықты. Онда бұрын Кәкітай құрастырған екі жинаққа кірген өлеңдер енгізілген. Абайдың бұл мұрасын құрастыруға 1922 жылы Орта Азия университетінде оқып жүрген М.Әуезов көп еңбек сіңірген.
Ахмет Баржақсиннің 1923 жылы Мәскеуде жарық көрген «Мың бір мақал» атты кітабы өте құнды кітап. Онда қазақтың ел арасына кең тараған шешендік сөздері, мақал-мәтелдері жинақталған.
1924 жылы қазақ әндерін зерттеуші А.Затаевич Мәскеудегі «Музыка» баспасынан «Қазақтың мың әні» атты кітабын бастырып шығарды.
Бұл еңбекті француз жазушысы Ромен Роллан аса жоғары бағалады. Ол Затаевичке жазған хатында былай деп көрсетті: «Маған сіз Шығыстың бұрын білмейтін ғажап бір дүниесінің есігін ашып бердіңіз. Бұл қайран қалар ерлік және көркемдік».(118)
1923 жылы Орынборда қазақтың 146 беттік тұңғыш календары басылып шықты. Ол «1923 жылдың қазақ календары» деп аталды. Календарь алты тараудан тұрады. Календарға республикамыздың географиялық сипаттамасы, әкімшілік бөліктері, шаруашылығы жайлы материалдар енгізілген.
1923 жылдың күнтізбесіне көбірек тоқталған себебіміз, оның ең әуелі тұңғыш күнтізбе болғандығы. Оның үстіне тілі көркем, идеясы айқын бұл басылым қазақ еңбекшілерінің арасында кең танымал болды. Мұндай күнтізбе кейінгі жылдарда да шығып тұрған сияқты. Республикамыздың мелекеттік кітапханасының сирек кітаптар қорында осы күнтізбенің 1929, 1930, 1931 жылдары басылған кітапшаларының сақталуы осы пікірді орнықтыра түседі.
Бұл жылдарда көркем әдебиет нұсқалары, түрлі әдеби жинақтар шыға бастады. Ауыл шаруашылығы мамандарына мектеп оқушылары мен мұғалімдерге арналған кітаптар саны да жыл санап молая түсті.
Аталған кезеңде шыққан таңдаулы кітаптардың бірі – «Домбыра» атты өлеңдер жинағы. Оған сол кезде таныла бастаған қазақ ақындарының өлеңдері кірген. Әсіресе, Ә.Тәжібаевтың, Ө.Тұрманжановтың өлеңдерінің идеялық-көркемдік сапасы ерекше айтарлық.
Шаруашылық мәселелерге қатысты 1925жылы «Егіндік жерлерге қарды қалай тоқтатуға болады және мұның қандай пайдасы бар» деген екі кітапша жарық көрді. 1920-1925 жылдар аралығында шыққан кітаптардың сауаты артып, сапасы да жақсара түскен.
Келтірілген деректерден көрініп отырғандай 1921-1925жылдарда кітап бастыру ісі біршама ілгеріледі. Тікелей жұмысшы шаруаларға арналып шығарылған кітаптар саны қауырт өсті, әрі олар арзан бағамен шығарылды. Сөйтіп, 1921-1922 жылдары ғана оқулықтар тиражының өзі 178 мыңды көрсетті. 1924 жылмен салыстырғанда еңбекшілерге кітап тарату 1925жылы 5 есе көбейді.(119)
«Адамды мәдениетті етіп тәрбиелеуге екі нәрсе күшті әсер етеді. Ол – көркем өнер мен ғылым. Бұл екеуі де кітапта табысқан»(120), – деп М.Горький айтқандай, қоғамымызды алға бастыру үшін кітап шығару ісін одан әрі дамыту қажеттігі күмәнсіз шындыққа айналды. 1926-1929 жылдарда біздің өлкемізде де кітап басу ерекше маңызды міндеттердің қатарынан орын алды.
Бұл мәселені 1925 жылы Қазақстан РКП (б) облыстық комитеті өзінің Пленумында дербес мәселе ретінде қарады. Онда Қазақстанда еңбекшілерге кітаптың жетіспеушілігі, әсіресе, ана тіліміздегі оқулық кітаптардың жеткіліксіз болып отырғандығы айрықша айтылды. Осы Пленумның шешіміне байланысты қазақтың мемлекеттік баспасының жанынан оқулықтар шығарумен айналысатын арнайы редакция құрылды. Оны алғашында Ө.Тұрманжанов, М.Жанғалин, ал 1926 жылдан Р.Бөкейханов басқарды. Осыдан кейін-ақ қазақ тілінде басылған оқулықтардың мұқабаларында қазақ авторларының фамилиялары төбе көрсете бастады. Ал бұған дейінгі қазақ тіліндегі оқулықтар аударма болып, тек мәскеуде шығарылып келген еді. Сөйтіп, 1926 жылдың басында Н.Қожановтың «Мектепке дейінгі тәрбие», И.Тоқтыбаевтың «Бастауыш географиясы» С.Қожановтың «Арифметикалық оқулық» кітаптары басылып шықты, тіл мамандарына арналып «Синтаксис», «Грамматика» атты кітаптар алғаш дүниеге келді.(121)
Дегенмен, бұрын осы іспен айналысу міндеті жүктелген Академиялық орталық еңбекшілерді қажетті кітаптармен қамтамасыз етуде әлі елеулі жұмыс атқара алмай отырды. Бұл орталық 1926 жыл қарсаңында небары үш-ақ кітап бастырды. Олардың өзі М.Жұмабаевтың өлеңдер жинағы, М.Дулатовтың пьесалары, Баймұратовтың өлеңдері еді және бұлардың бәрі Ташкент қаласынан жарық көрді.
Газет-журналдар рецензия жариялауды дәстүрге айналдыра бастады. Соның ішінде жастар газеті: «Жыл құсы» не деген сөз? «Жыл құсы» қар кеткенде келетін жылдың құсы ма? Жоқ, «Жыл құсы» деген аттың мәні басқаша. «Жыл құсы» – қазақ әдебиетінің жыл құсы, онда аты қазақтың әдебиетінің емес, еңбекші кедей әдебиетінің жыл құсы. Солардың мұңын мұңдап, жабыққан көңілін көтеретін өз тұрмыстарын маржандай тізіп, суретті, әшекейлі, пернелі сөз қозғайтын жыл құсы» – деп жазды.
«Жыл құсы» халыққа тез тарады, тіпті жетпей қалды. ҚазАПП басқармасында Риддер зауытының жұмыскері Шыныбайұлы Қасымның: «Жыл құсы» деген кітапты тез жіберуіңізді өтінемін, неге десеңіз, мұндағы, жұмыскер бауырларыңыз әрқашан сондай кітаптан сусап тұрады. Біз, алыста, қараңғы түпкірде жатқан өңкей жұмыскерлер көзімізді ашсақ, осындай кітаппен, басқа кеңес өкіметінің тәрбиесімен ашамыз. Сондықтан кітап керек»(122), – деуі қазақ әдебиетінде жаңа процестің туғандығына оқушы мен жазушының арасында байланыс жасала бастағандығына, демек, әдебиеттің өмірмен қоян-қолтықтығының күшейе түскендігіне нақты дәлел болмақ деп жазды Т.Кәкішев.(123)
Бұл жылары саяси кітаптар көп аударылды. Әсіресе, 1926-1929 жылдарда қалың еңбекші бұқараға арналған кітаптарды шығару ісін дұрыс жолға қою міндеттері алға қойылды. Бұл міндеттер Қазақстан жазушыларының ұйымына жүктелді. Бұл істі көркем әдебиет туындыларын басатын арнаулы органдар ұйымдастырудың зор маңызы боды. Сөйтіп, 1927 жылдың жазында «Жыл құсы» атты әдеби альманах дүниеге келді.
«Жыл құсының» бірінші саны 4000 дана болып басылды. Ол кейін 1928 жылдан ай сайын шығатын «Жаңа әдебиет» журналына айналды. «Жаңа әдебиеттің» алғашқы екі саны араб әрпімен, қалғаны жаңа латын әрпімен шығарылды.
Қазақ халқы орыс алфавитіне 40-жылдары көшті. Бұған дейінгі кітаптары 1929 жылдан 1939 жылдар арасында латын әрпімен басылып келген болса, 1929 жылға дейін бірнеше ғасыр бойы араб әрпімен жазылып келгені белгілі. Қазақ кітаптарының тарихын, мазмұнын, білемін деуші талапкерлерге үш алфавитті де оқи, жаза білуі қажет екендігі түсінікті. (124)
«Жұлдыз» журналының тарихы «Жаңа әдебиеттен» басталады. Журнал беттері әдеби шығармаларды жариялауға аздық етті. Аталған жылдары жеке авторлардың ұжымдық жинақтарға сыймаған шығармаларын Қазақстан Мемлекеттік баспасы дербес кітап етіп шығару ісін жүзеге асыра бастады. Міне, соның нәтижесінде өлеңдері мен шығармалары бұрын да мерзімді баспасөз бетінде басылып жүрген белгілі қаламгерлер С.Сейфулиннің, Б.Майлиннің, С.Мұқановтың т.б. авторлардың туындылары жеке кітап болып шықты. Мәселен, 1926 жылы С.Сейфуллиннің «Экспресі», 1927 жылы «Тар жол тайғақ кешуі», 1928 жылы «Тұрмыс толқынында» атты шығармалары жарық көрді. 1926 жылы Семей қаласынан Б.Майлиннің «Ел сыры» атты кітабы, 1927 жылы Қызылордада «Жол үстінде» атты әңгімелер жинағы және «Құрақ», «Сойқанды содырлар» деген сатиралық туындылары дүниеге келді. Осы аталған жылдарда С.Мұқановтың үш өлеңдер жинағы: «Кешегі жалшы мен бүгінгі жалшы», «Октябрь өткелдері», «Сұлушаш» поэмалары кітап болып басылды.
Осы жылдары – жаңа есімдер жиі көріне бастады. Солардың қатарының бірі болып Ө.Тұрманжанов тұрды. 1927 жылы оның «Қашан кедей» (әңгімелер), 1928 жылы «Таң сыры» (өлеңдері) Қызылордадан 3 мың данамен басылып шықты.
Жиырмасыншы жылдың орта кезіне дейін қазақ әдебиетінде поэзия өктем болды. Ал 1927-1928 жылары Сәкен, Бейімбет сияқты прозаиктерді қоспағанның өзінде Ғ.Мүсіреповтің «Тулаған толқында», Е.Бекеновтың қазақ әйелдерінің бостандығын баяндайтын «Жәмила қалай сауаттанды?», т.б. авторлардың туындылары жеке-жеке кітап болып қосылды.
1926-1929 жылдары туған әдебиетіміздің алыптары С.Сейфуллиннің, Б.Майлиннің, І.Жансүгіровтің, М.Әуезовтің көркем туындылары үсті-үстіне жариялана бастаған кезі болатын.
М.Дулатовтың қазақ әдебиеті тарихиндағы тұңғыш романы «Бақытсыз Жамалдан» кейінгі уақыта қарбыта сілтеп, өңдірте жұмыс істеген аса бір жемісті жылдары болды. Атап айтқанда, 1922 жылы ол екі бөлімнен тұратын «Есеп құралын» жазып, Ташкент қаласында бастырып шығарды.
1924 жылы Орынборда екі жылдық «Қирағат кітабы», Қызылордада «Есеп құралының» жаңа басылымы жарық көрді ( кейін бұл оқулық үш-төрт жыл бойы жылма-жыл қайта басылып тұрған)(125).
«Балқия» – төрт актілі пьеса, Орынборда 1922 жылы жеке кітап болып басылған. Бұл шығарма М.Дулатовтың 1911 жылы ұсталғанға дейінгі қайраткерлік негізінде жазылған.
«Мерезден құтқарды» – екі актілі пьеса, 1926 жылы Қызылордада «Казнаркомздрав» баспасында жеке кітап болып басылған.
Ж.Аймауытовтың «Қартқожа» романы тұңғыш рет 1926 жылы Қызылорда қаласында жеке кітап болып басылып шықты. «Ақбілек» – жеке кітап болып басылып үлгермеген шығарма.
«Ақбілектің» бірінші бөлімінде: «Өскеменнің ар жағында, Бұқтырманың оң жағында әлемге аян Алтай бар. Сол Алтайдың күнгейінен құбыла жаққа құлай аққан, құлай ағып Ертіс түскен, құз күзеткен Күршім бар.
Алтай, Күршім – не заманнан қалың найман мекені… Әлгі Алтайдың аруларын айтуға, тіл жетпейді. Жүзі айтарлық айнадай боп, көзі құралайындай боп, күлкісі атқан таңындай боп, бойы құба талындай боп, былқ-сылқ етіп бұраңдасып, күбірлесіп, көлеңдесіп, езу тартса – есің кетіп, сұңқыл қақса – шым-шым етіп, бойың босап, ойың босап, қиялың қия кезеді (126),- деп келеді. Бұл шығарма кезінде «Әйел теңдігі» журналының 1927-1928 жылдар ішіндегі бірнеше санында жарияланған. Сондай-ақ «Нұр күйі» поэмасы 1929 жылы Қызылордада жеке кітап болып басылған.
Жүсіпбектің соңында бірталай ғылыми мұра қалды. Ғылым саласындағы оқу құралдары «Тәрбиеге жетекші» (1924), «Психология» (1926), «Жан жүйесі және өнер таңдау»( 1926), атты елеулі кітаптар бар. «Қанапия мен Шәрбану» 1926 – жылы Қазақстан Мемлекеттік баспасының күншығыс бөлімінен жеке кітап болып шықты. «Шернияз» – бес бөлімді пьеса. 1926 жылы Қазақстан Оқу Комиссариаты, Семей баспаханасынан жарық көрген. «Ел қорғаны» бір перделі пьеса. 1925 жылы Ташкенттен жеке кітап болып басылып шықты. «Мансапқорлар» – екі перделі драма. 1925 жылы Мәскеуде жарық көрген. Бұл, кітаптар, әрине өз кезеңі үшін аса пайдалы қызмет атқарды.
Арыстанмын, айбатыма кім шыдар?
Жолбарыспын, маған қарсы кім тұрар?
Көкте – бұлт, жерде- желмін гулеген,
Жер еркесі – желдің жөнін кім сұрар?-
деген ақын Мағжан Жұмабаев – қайта тірілген, қайта жанған отымыздың бірі.
Қазақ поэзиясының атасы Абайды сүйетінін айта келіп, М.Әуезов: «Бұдан соң Мағжанды сүйемін, еуропалығын, жарқыраған әшекейін сүйемін»(127), – деген екен.
Сондай-ақ, М.Жұмабаев – Гете, Гейне, Лермонтов өлеңдерін, М.Горькийдің «Сұңқар туралы жырын», Мамин-Сибиряктің «Ақбоз атын», Ивановтың әңгімелерін қазақ тілінде сөйлеткен шебер аудармашы.
Оның 1922 жылы Орынборда «Педагогика» деген еңбегі жарық көрді. Бұл кітап жастарды өнер-білімге баулу, тәлім беру, оларды оқыту проблемалары жайында жазылған. Сол жылы Бернияз Күлеевтің көмегімен Мағжанның өлеңдер жинағы Қазан қаласында басылып шығады. Ал «Шолпан» жинағы 1923 жылы Ташкенттен жарық көрген.
Ұлы Абайдың талантты шәкірті Шәкәрімнің шығармалары жөнінде кезінде «Айқап» журналы: «Әрбір кітап қадірін білген қазақтың алып оқуы тиіс. Сөзі жеңіл, жазуы ұғымды»(128), – деп жазған.
«Шәкәрімнің халық бірден қабылдаған, жыр етіп айтып, көшіріп оқыған, бірақ кешеуілдеп, кітап бетін 1924 жылы ғана көрген, оның есесіне ақын өлімінен соң 1935 жылы қайыра жарияланған (баспаға дайындаған Б.Кенжебаев) ең әуелгі еңбектерінің бірі – «Дубровскийдің» өлеңмен жасалған аудармасы.(129)
Ақынның бел баласы Ахат 1936 жылы ұлттық кітапхананың сирек кітаптар қорына екі томдық жинағын тапсырған. «Мұтылғанның өмірі» – ақын өмірінің соңғы жылдарында жазылған. Ақын кітаптары қолдан-қолға тимей, елге таралған.
А.Байтұрсынов – ғалым-лингвист, әдебиет зерттеушісі, ақын-аудармашы, публицист. Оныњ өз қолымен 1929 жылдың 5 маусымында жасап берген «Газет және журналда жарияланғаннан басқа, ғылыми, ғылыми-методикалык еңбектердің тізімі» деген құжат ҚазГПУ архивінде сақталған. Мұнда: 1.«Тіл құралы», 1-бөлім. Фонетика. 2.«Тіл құрал», 2-бөлім. Морфология. 3.«Тіл құрал», 3-бөлім. Синтаксис. 4.«Әдебиет танытқыш» 5.«Баяншы», методикалық жазбалар. 6.«Тіл жұмсар», 2-бөлім. Практикалық грамматика. 8.«Оқу құрал», балалар әліппесі 9.«Әліппе» 10.«Сауат ашқыш», ересектер әліппесі. 11.«Әліппе астар», әліппеге методикалық нұсқау. 12.«Қырық мысал» – Крылов мысалдары аудармасының жинағы. 13.«Маса», төлтума және аударма өлеңдер жинағы. 14.«Оқу құралы» хрестоматия (нұсқалық, Шонановпен бірге жазған) – еңбектері көрсетілген.(130) Сонымен қатар 1923 жылы Мєскеуде «Ер Сайын» жыры кітабы, Ташкентте 1926 жылы «Єдебиет танытқыш» кітабы басылған.
Кезінде А.Байтұрсыновты барлық қазақ зиялылары пір тұтып, соған ұқсауға тырысқан. Әсіресе, ақын, жазушылар: «... жаңа өсіп келе жатқан қазақ әдебиеті ақынды өзінің басшысы деп санайды. Қаламынан тамған бал еш бояудан айнымайды. Әлде болса өмірінің ұзақ болып, еңбегінің өнімді болуын тілеуден қазақ баласы қайтпайды»(131) – деп түсіндірген.
Бір ерекше айтарлық жай, 1926-1929 жылдары жазушылардың барлық жанрда қалам тербегендігі. Мәселен, М.Әуезов осы кезеңде кесек көркем туындыларымен қоса, педагогикалық кітаптар да жазған. Сол жылдары ол өзінің әйгілі «Қаракөзімен» қоса, 1926 жылы Қызылорда қаласында жастарға арналған «Жеткіншек» атты оқулығын бастырып шығарды.
Қазақ әдебиеті тарихында төкпе ақын И.Байзақовтың орны ерекше. 1927 жылы Исаның өлеңдер жинағы оқушыларға тиді.
Қазақтың әйгілі драматург режиссері Ж.Шаниннің «Торсықбай», «Айдарбек», «Шахта» деген пьеса кітаптарының да маңызы ерекше. Бұл пьесалары 1926 жылы Қызылордада басылды.
«1926-1929 жылдары кітап басып шығаратын баспалардың материалдық-техникалық базасы нығайды. Осы мақсатта Қазақстанда 29 баспахана мен бір литография жұмыс істеді. Содан 1926 жылдың өзінде ғана 408 мың дана тиражбен 51 кітап шығарылды».(132)
Жалпы 1926-1929 жылдар аралығында кітаптар санының көрсеткіші мына төмендегідей:
Достарыңызбен бөлісу: |