Адамжүсіп Мәшһүр-Жүсіп 8 актілі қойылым / Тұрышев А.Қ, Павлодар : Кереку, 2010. 49 б



бет1/4
Дата31.01.2018
өлшемі0,7 Mb.
#37237
  1   2   3   4
Қазақстан Республикасының білім және ғылым министрлігі
С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті
Мәшһүртану ғылыми-практикалық орталығы

А.Қ. Тұрышев



АДАМЖҮСІП (МӘШҺҮР – ЖҮСІП)
8 актілі қойылым

Павлодар


Кереку

2010


ӘӨЖ 809, 434. 2 (075.8)

ББК 81.2. Каз -923

Т 84
С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті ғылыми кеңесімен басуға ұсынылған
Пікірсарапшылар:

Б. Сағындықұлы –Павлодар педагокикалық мемлекеттік институтының профессоры., филология ғылмыдарының докторы;

А.О. Кәрібжанова – С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті, қазақ филолгия кафедрасының аға, оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты
Т 84 Тұрышев А.Қ.

Адамжүсіп Мәшһүр-Жүсіп 8 актілі қойылым / Тұрышев А.Қ, – Павлодар : Кереку, 2010. – 49 б.


ISBN 9965-539-25-1
«Адамжүсіп (Мәшһүр-Жүсіп) 8- актілі қойылым». Сахынаға лайықталып өңделеген. Адамжүсіптің балалық шағынан бастап, дүниеден өткенге дейінгі Абайшаласақ «Дүние есігін ашады өлең, Өлеңмен жер қойынына кірер денең» өмірі суреттеледі. Оқиға ХIХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басындағы қазақ өмірінің қиын кезеңдерін шытырман оқиға үстінде көрсетеді. Атап айтқанда, ақын баланың оқу іздеп Бұқара, Ташкент жақа кетіп қалуы. 1916 жылғы, 1917 жылғы, 1931 жылғы ауыр күндер де қағыс қалмаған. Әсіресе, Қоянды, Қарқаралы жәрмеңкесі қызықты суреттелген. Қойлымда қазақтың ұлттық этнографиялық көрінісі де бой алған.

ӘӨЖ 809, 434. 2 (075.8)

ББК 81.2. Каз -923
ISBN 9965-539-25-1

© Тұрышев А.Қ. және т.б., 2010

© С.Торайғыров атындағы ПМУ, 2010
Материалдардың дұрыс болуына, грамматикалық және орфографиялық қателерге авторлар жауапты


АДАМЖҮСІП (МӘШҺҮР – ЖҮСІП)
Жанарыс-Қарақожа-Арғын-Құтан-Мейрам-Сүйіндік-Суғыншы-Шума-нақ-Құл-болды-Күлік-Тілеуімбет-Бесім-Ақжігіт.

Ақжігіттің ұлдары: Құлмұхаммед, Сермұхаммед, Досмұхаммед, Ізмұхаммед (Ізден абыз) – Көпейдің аталары.



Қатысқандар:

Сермұхамметтің үлкен ұлы – Шаншар, онан соңғысы – Мыңжасар, онан соңғысы – Жүзжасар, онан соңғысы – Көпжасар, ең кенжесі – Мағырып.

Көпей шын аты Көпжасар Мәшһүр Жүсіптің әкесі – 42 жаста (Көпжасар кішкене қораш болып туған екен, содан Көпжасар аты қалып, Көпей атанып кетіпті).

Құлмұхамметтен кейінгі ұл Сермұхаммет, Көпейдің әкесі.

Танашқызы Ұлбала Көпейдің әйелі – 18 жаста. Танаш-Қанайдың Танашы Ұлбаланың әкесі. Ұлбаланың екі інісі: Шотаяқ, Жақып. Қыстауы Семізқыз, Қосағаштың үш Көкөзен деген жерінде тұрған.

Адамжүсіптің (Мәшһүр-Жүсіп) дүниеге келуі.

Адамжүсіп (Мәшһүр-Жүсіп) – Көпейдің баласы – 5 жаста.

Нәжімеддин хазірет – алғашқы пірмұған.

Айдабол Күліктің бәйбішесінен туған – Тілеуімбет батыр.

Ақжігіттің Құдағи (бәйбішесін солай атайды, шын аты Әбуалқа, Қақсал Аманбай қызы-А.Қ.)

Шаншар – (Сермұхамметтің үлкен ұлы) Ғадолкәрім, Ысмақ; Мыңжасардан (Сермұхамметтің екінші ұлы) үш бала – Нүрке, Имаммәлік, Қаражүніс; Жүзжасардан бір бала – Көшкімбай; Көпейден – Мәшһүр – Жүсіп Нәжімедден хазіреттен дәріс алады.

Мәшһүр-Жүсіп (келіндері Әтей – дейді-А.Қ.): Мұхаммед Шарифалдин (кейде осылай, кейде Мұхаммедшарафи, Шәрафиден, Шәрапи – деп жазылған-А.Қ.) – Мәшһүр - Жүсіп өмірден өтер шағында осы кісінің үлкен ұлының қолында болды, Ақзейнеп – Шәрапидің әйелі - А.Қ.), Мұхаммед Әмен (Әмен- Ортаншы – дейді жеңгелері - А.Қ.), Мұхаммедфазыл (Фазыл-А.Қ.).

Мұхаммедфазылдан (Фазыл//Пазыл-А.Қ.) – Төлеубекті көзіміз көрді, жылы – қоян – депті Мәшһүр-Жүсіп. Фазылдың соңғы алған әйелі Нұриллә апа (көзіміз көрді 2008 жылы қайтты) – ф.ғ.д., проф. Қуандық Жүсіповтің анасы.

Мұхаммед Шарафалдиннан (Шәрапи) – Ғабдолләлел, Бап, Төлеубай (Мәшһүр-Жүсіптің қасында жүрген немересі осы –А.Қ.), Олжабай (9 т. 286).


1-ші акт.

Адамжүсіптің (Мәшһүр-Жүсіп) дүниеге келуі
1858 жыл (қой жылы) ережеп айы. Баянауыл. Көктем уақыты. Ел наурыз мейрамын тойлап жасылды – қызылды киініп алған. Бірі – Қожанасыр, бірі- Алдаркөсе, бірі мүйізді шайтан, бірі – албасты, бірі – сөрел т.б. беттеріне көк бөрінің, Зеңгі бабаның. Ойсыл қараның, Шопан атаның, Қамбар атаның маскасын жасап киіп алған. Бір топ жастар «алас» жасап оттан секіріп ойнап жүр. 5-6 ер бала асық атып, сақаға таласып жатыр. 7-8 жасар қызбалар үйдің көлеңкесінде «Соқыр теке» ойынын ойнап жүр. Анау жерде алтыбақан тігілген. Ауыл абыр – сабыр думан үстінде. Алыстау тігілген шымқай ақ отаудың алдында жайылған ақ киіз үстінде ауыл ақсақалдары отыр. Олардың ішінде ерекше көзге түсетіні иығына жеңіл жібек шапанын іле салған зор денелі сұлу күміс сақалды өңді келген ақсақал Сермұхаммед. Ал бір тізерлей, тұруға әзір отырған орта бойлы толықша келген 42-ге келіп қалған жігіт - ағасы Көпей. Сермұхаммед ұзақ сөйлеп отыр, қалғандары сол кісінің аузына қарап қалыпты.

Сермұхаммед:

–Арғы атамызды білесіздер. Беріден бастасам Құлболды-Күлік. Күліктің әкесі Құлболды, шешесінің аты - Мақпал. Мақпал бәйбішесінің тұңғышы осы – Күлік, ортаншысы – Тұлпар, кенжесі – Айдабол. Он үшінде «Айдабол би» атанып аты әлемге жайылды. Күліктен шыққан жүйрік озған емес. Шобалай баласы Жаңабатырдан би асқан емес. Күнту баласы Жанайдардан шешен асқан емес. Жаңабатыр баласы Жанақтан қасиетті ер асқан емес. Жанайдар баласы Өтеміс абыздан бір басты, екі аяқтының әулиешілдігі асқан емес. Көтеш ақыннан ақын асқан емес. Күні кеше Мұса, Секербай заманында Ақжігіт ұғлы Ізден абыздың алдына қара сөзде жан пар келмеген. Күліктің бел баласы Ақылдың байлығы үзілместен үрім-бұтағына бұл күнгеше келді. Наурыздан туған Ақайдың байлығы үзілместен үрім-бұтағына бұл күнгеше келді. Мырзалықта Ақай немересі, Санмырза баласы Байғанадан мырзалық асырған қазақ жоқ.

–Күліктің бәйбішесінен:

Тілеуімбет, Наурыз, Дәулет; тоқалдан Өтепберді, Данияр, Ақыл, Сексен. Сексен Күліктің сексен жасында туған. Тілеуімбеттің он бес ұлы ат арқасына мініп, соңынан ерген. Көшіп келе жатқан қазақтың көшіне қарақалмақ Қатсыбанның қосыны килігіп, алты ұлды Наурыз қашып құтылған. Он бес ұлды Тілеуімбет қашуды ар-намыс көріп соғыса берген. Қалмақ рабайсыз көп. Қашпай қалған қазақ аз. Жанын тәтті көріп, басын қорғап, балалары қашып шықса, Тілеуімбет отағасы өзі жауға қарай қайта қуып тығады дейді:

– Жаудан қашып барып, қатын қойнына қорғалағанша, жаудан жаралы болып, жарқырап жассаң, әне сонда кісілігіңді беремін деп, басы үлкен отағасының өзі болып он бес ұл сол жолы қырғын тауып, бықпырт болыпты. Орманшы: Бапке – Тайлақтың Тайлағы батыр кісі екен. Жайрап, жарқырап жатқан жерінен қайта-қайта кіріп, Тілеуімбеттің үш баласын алдына өңгеріп алып, қашып құтылады. Күліктің тоқалының баласы – сары атты Сексен батыр, астында сары аты бар, бір жүкті түйені жүгімен алып шығыпты. Ол түйенің жүгінде бесік бар екен, кебеже бар екен: Бірінің аты-Қойтан, екіншісінің аты – Бесім. Он бес ұлдың ең үлкені –Аспантай, одан тұқым жоқ, онан соңғысы Амантайдан: Қарашек, Айтқожа, Жаңабай. Бір баласының аты-Күнту. Мұнан жақсы Жанайдар би, мұнан - Өтеміс абыз туған. Және мына отырған ақсақалымыз Ізден абыз шыққан. Ал бір баласы бесікте, бірі кебежеде екі жас баланы Күліктің тоқалының баласы Сексен құтқарғанын бағана айтқан болатынмын. Егер Тайлақ батыр мен Сексен батыр болмағанда Тілеуімбеттен тұқым қалмас еді. Бесім - Ақжігіттің әкесі. Мәшһүр-Жүсіптің арғы атасы – деп, бір күрсініп алды. Ала - қотан отырғандар Көпейдің достары: Садыр, Сатылған, Асубай, Жұмабай т.б. жатақтар еді. Бастарын иіп, сүттей ұйып тыңдап отырып қалыпты.

Сермұхаммед сөзін енді жалғастыра берем дегенде үйде отырғандар есікке қарап, дабырласып қалды.

Киіз үйдің сыртында ас-су қамымен жүргендер, көрші ауылдан бір адамның үкідей ұшып жүгіріп келе жатқанын көріп аңтарылып апырмай, ә... бұл кім болды екен деп тұрып қалды. Ол бірдеңе деп айқайлайды. У-шудан онша естілмейді. Елдің бәрі дүр етіп орындарынан тұрысты. Не болды екен деп елеңдесіп те қалды. Келген 10 жастағы ұл бала екен. Ентігін баса алмай «сүйінші, сүйінші» дей береді. Қуанғанынан айтайын дегенін көпке дейін тұтығып жеткізе алмады. Жеңгелері не болды байғұс-ау деп, өзін төмпештеп те жүр. Ол басын қорғаштап Сермұхаммедтің алдына келіп:

– «Сүйінші» ұл, ұл-ұл тапты, келініңіз Ұлбала босанды, аман- есен жеңілдеді - деді. Қанша берік болса да Көпей үш ұлдан кейін келген ортаншы балаға қатты қуанды, бірақ білдірмей іштен тынды. Әке тұрғанда балам деп айтуға қақысы жоқ еді. Сермұхаммедтің не айтайын дегенін ерінінің еміреуінен таныған Көпей «сүйінші» сұрай келген «жаршыға» белдеуде тұрған көк қасқа атты қолма-қол мінгізіп жіберді. Әкесі Сермұхаммед баласының ісіне қатты разы болып, жұрт алдында айтпайтын мақтауын «жарайсыңды да» айтып қалды.

Өзі де қымыздың буына еліріп алған жастар жағы тойды думандатып жіберді. Асаба домбырасын қағып - қағып жіберіп, ауылдың алты ауызын бастап та жіберді. Желігіп алған кейбіреуі әйелдермен бірге «шілдеханаға» барамыз дайындап қойған қойыңды сой, деп Көпейді қалжың - шыны аралас, алқымынан алуда. Әншейінде ауыздыға сөз, аяқтыға жол бермейтін Көпей келіңдер, келіңдер дей береді, басқа сөз аузына түспейді. Көпейдің әйелі Ұлбала жолынан жығылмайын деді ме, Көпейден қалыспай: «Қыздар кешке «қалжасына» келіңдер» деп жатыр.

Киіз үйдің іші толған адам «дөңгелек» үстелді жағалай отырып алыпты. Жастар босаға жақта түрегеліп тұр. Сыймағаны жабықтан сығалап қарайды. Бір келіншек бала бөленген бесікті көтеріп, ортаға алып келді. Адамжүсіп (Мәшһүр-Жүсіп) - 1858 қой жылы, ережеп-әлміржіп айында, жұма күні әкесі - Көпей марқұмның 42 жасында, анасы - Танашқызы Ұлбаланың 18 жасында Қызылтауда Ашамайтас деген жерде дүниеге келген.

Көпеймен немере Қашқынбай, Босқынбай Ұлбала босанып жатқанда далада Көпейдің қасында болады. Әбігермен жүрген Босқынбайдың қатыны Қисық кіндік кесуге дәмеленеді, бала шыр етіп жерге түскенде есікке тұра ұмтылады.

Сонда Көпей:

– Әй, Қисық тұра тұр.

– Кіндік кескенде қалап алатын, көңіліңе алған нәрсеңді кеспей-ақ берейін, ал.

– Балаға жарық дүниенің жүзіне шығарда періштенің алақаны тиеді деуші еді баяғыда үлкендер.

– Жерге түскен соң, жерден кім көтеріп алса, соған тартып кетеді - деуші еді деді тағы да пысықтап.

– Сен Қисық қатын ренжіме, қалағаныңды ал дедім ғой, сөзім сөз. Жолыңды Шоңай абыздың бәйбішесіне Тоқтыққа бер, ол кісі көп балалы, көпті көрген дана адам. Қисық былай даңғой, болғанымен ақ көңіл, көңілшек қатын бірден келісе кетті.

–Жәрәйді, ата келістім бірақ, сұрағанымды берсеңіз болды.

Тоқтық бәйбіше жас сәбиді құндақтап алып, атасының алдына алып келіп өзі «ат ұстар» екен деп жатыр. Шоңайдың бәйбішесіне Көпей баланың кіндігін кестіруде ішкі өз есебі бар. Ақжігіттің бір қызы - Данадан жиен Керейіт Шоңай абыз туған еді (қараңыз-10 т. 73 б.).

Үш күннен кейін «ат қояр» тойы басталды. Жастар үйге еніп, ат қою тойын қыздырды. Өлең айтылды. Жұмбақ шешілді. Айтыс болды. Екі бөлмелі қоржын там. Төрде сандық тұр, сандықтың үстінде қымбат көрпе жастықтар жинаулы. Жерге қалың кілем жайылған. Сырттағы жер ошақта от қаулап жанып жатыр, қазанда асулы ет, бүлк-бүлк қайнайды, иісі мұрынды жарады. Іші толған ылғи жайсаңдар мен сыйлы осы - өңірдің адамдары. Бәрі бақанын қолына алып, қазақтың оюлы бөркі мен шапанын киген. Бүгінгі келістері ерекше жас баланың есімін қоятын күн. Орталарында бесік тұр, бесікте бала бөленген. Жас босанған Ұлбала атасының қолына сәбиді алып беріп, төмен барып, бір тізерлеп, жүзін жасырып отырып қалды.


  • Көпей, уа халайық, менің қасымда Ақжігіт балалары, өз әкем Сермұхаммед, әкемнің үлкен ағасы-Құлмұхаммед, інісі-Досмұхаммед, кенже інісі-Ізмұхаммед (Ізден абыз) отыр. Біріне ат қойдырайын десем, бірі ренжіуі мүмкін.

  • Мен сіздерге бір әңгіме айтып берейін. Әкемнің әкесі ұлы атамыз Ақжігіт үш қыз көріп ер бала көрмей жүрген кезі екен. Абыздың ең үлкен қызы Зарауханы Қозыкерейге ұзатқан екен, одан кейінгі Дәме мен Дана. Дәмені Төртуыл халфе еліне, Дананы Керейіт Шоңай абыз келін қылып түсіріпті. Ақжігіт бәйбішесін «Құдағи» дейді екен. Ақжігіт үй сыртына ақ қос тігіп, молда ұстап, бала оқытқан қазақтағы алғашқы кісі екен. Бала кездерінде ең үлкен қызы Зарауханы сегіз жасында, одан кейін үйемелі-сүйемелі және туысқан кісісінің тағы екі қызын нәзір қылып, қалыңсыз беріп Оспанқұл әштірді мектепбасы молда қылып ұстапты. Бір күні Ақжігіт абыз үй сыртында көлеңкеде намаз оқып отырса, от басында отырған кішкене қыз балалар ши шаншып «бала ойынын» ойнап отырыпты. Әлгі қыздар төрт ши шаншып бірінің аты-Құлмұхаммед бірінің аты-Серммұхамед, бірінің аты-Досмұхаммед, бірінің аты-Ізмұхаммед - әлгі өздері ат қойған балаларға намаз оқытып, ойнапты.

Ақжігіт:

– Құдағи (бәйбішесін солай атайды, шын аты Әбуалқа, Қақсал Аманбай қызы-А.Қ.) құдағи бері кел, Құдай береді екен. Балалардың ойынын байқадың ба?

– Сен төрт ұл табады екенсің. Осы төрт атты қояды екенбіз. «Баланың аузы, періштенің аузы»-деп ырым қылыпты. Айтқанындай Құдағи көп кідірмей құрсақты болып, бірінен соң-бірі ұл бала көтеріп: атын Құлмұхаммед одан кейінгісінің атын Сермұхаммед, одан кейінгісін Досмұхаммед қояды. Ал, мына кейінгі кенже ұл баласының туысы мүлдем бөлек екен. Ақжігіт қырық тоғыз жасында ел жайлауда отырғанда Көкшетау баурындағы Қыздың қара суы, Шүртек қарағай деген жерлерде бір жақтан жолаушылып келе жатып, түсте ат шалдырып, ұйықтап жатқанда түс көріп, оянысымен астында жирен жорға атын: «Түс садақасы!» - деп айдапты.


  • Түсімде көк кептер келіп, ұят жерімнің басына қонды. Ол –жұмақтың құсы. Енді мен өлемін. Мені осы түс көрген жеріме қойыңдар депті. Сол күні үйіне келе аурыпты. Қатыны Құдағи екі қабат екен.

  • Мына ішіңдегі еркек бала туар, атын Ізмұхаммед қой, менің ізімді жоғалтпас, - депті. Кідірмей опат болып, айтқан жеріне алып барып қойыпты. Өзі өлген соң, «Құдағи» еркек бала тауып, атын Ізмұхаммед қойып, «Ізден абыз» - атаныпты. Ендігі жыл ел жайлауға келгенде, ауыл-аймағы басына бата қыла барса, моласының үстіне үйрек ұя жасап, жұмыртқа салған екен. Соны заманындағы қариялар:

–Мынаның арты жақсы болады екен-ау!-деп, ырым қылысыпты. Айтқанындай-ақ Ізден абыз, Дос заманында Ақжігіт ұрпағы бір түрлі бай болып, өзінен жақсы кісі шығып, Алашқа білікті болыпты - деп сөзін аяқтады (10 т. 73-74).

– Сондықтан да, бұл баланың атын Ізден абыз қойсын. Ешкімнің, қарсы айтар уәжі болмас деймін.

Ізмұхаммед (Ізден) абыз «бісмәллә» деп баланы ақырын қолына алып, баурына басып:

– Бұл шырағым күндердің қожасы жұма күні туды ғой атамыз Адам ата жаратылған күн. Олай болса аты «Адамжүсіп» болады деп үш күннен кейін баланың атын өзі азан шақырып құлағына үш рет айқайлап, «Сенің атың Адамжүсіп, сенің атың Адамжүсіп, сенің атың Адамжүсіп» - деп қояды. Қасында жүрген серігі Төбеттің баласы Байсалбайға «ат қояр» рәсімінде бір киімдік батсайыны сыйға береді. «Ат қояр» тойы қызып ала жөнеледі. Ақын – жыршылар, сал – серілер домбырамен, қобыз, сырнай қосып ән-жыр айтып, ер адамдар «Жорға» биін, қыз-келіншектер «Қамажайды» билейді.



2-ші акт.

Медіреседегі оқу
Көпей ақсақал «Жалықпас торы» деген атының артына 5 жастағы Мәшһүр-Жүсіпті мінгестіріп Баянаула қаласына оқу оқысын деп алып келе жатыр. Нәжімеддин хазіреттің үйіне таянғанда хазіреттің өзі де сыртта ауласының алдында бұл кім екен деп қарап тұр екен. Шымнан салынған там. Молданың үйі. Үйге кіргенде бестік шам жанып тұр екен. Іргеде 3-4 қозы - лақ көгендеулі тұр. Оларды шытамен бөліп қойған екен. Қозы-лақпен бірге қосылып, балаларда шулап, араб әріптерін жаттауда:

Әліп, би, ти, си, жем, ха, хи, дәл, зәл, ре, зи, сын, шын, сат, зат, тай, зай, гәйін, ғайын, фи, каф, кеф, ләм, мим, нұн, нон, уау, һи, һә, йә

Нәжімеддин хазірет кірген бетте дұрыс оқуын көрсетіп, дауысын көтеріп, балалардың оқуын түзеп қойды. Балалардың алдында бір-бір төрт бұрышты тақта. Тақтаның жанында әк тас жатыр. Қолдарында құс қауырсынды қалам, мойындарына іліп алған боқшалары бар, сия сауытқа малып жазады. Бұрыштағы астауда суға салынған солқылдаған көк шыбықтар. Балалардың көзі анда-санда сол жоннан өтетін шыбықтарға түсіп кеткенде қабақтары түсіп, дауыстары одан сайын қатты шығады. Балалар малдастарын құрып алып, бастары салбырап, араб әріптерін дауыстап жаттауда. Олардың ішінде Сермұхамметің үлкен ұлы - Шаншардың екі баласы: Ғабдолкәрім, Ысмақ, екінші ұлы Мыңжасардан үш бала – Нүрке, Имаммәлік, Қаражүніс; өзінен (Көпейден) үлкен Жүзжасардың бір баласы-Көшкімбайларда сабаққа келген еді. Бәрінің бастарына кигендері тақия. Үстерінде жеңіл шапан, белдерін буып алған. Нәжімеддин хазірет Баянауылда «Байжан» хазірет салдырған ескі медіреседе бала оқытады. Байжан хазірет Ишағұлов ескі оқуы бар арабша, парсыша хат таниды. Баянауылдағы ең танымал, белгілі адам. Медіресенің іші кең, таза, төр жақта дөңгелек жер стөл, бұрышта әбдіре қойылған оның үстінде «Құран кәрім», «Таспиых», «Сия сауыт», бірнеше қалам, кітаптар қойылған.

Көпей баласын, жетелеп алып кіреді:

–Молдеке. Мына балам, Адамжүсіпті сізге білім алсын деп алып келдім. Сүйегі менікі, еті сіздікі. Өзім 18 жаста «оқу оқимын» деп Қызылжарға жаяу қашып едім. Барып медіресеге кірісімен ауырып қалдым. Үш төрт ай ауырып жатқан соң, ауырып жатқанда алған қаражатымды төлейін деп Ахметжаудыр деген ноғайға қарамайлыққа тұрдым. Әкесінің аты-жөні Фатихалла Бикташов дегендер болды. Қарамайлыққа тұрған соң ноғайлар босатпай Түркістан, Тәшкент, Бұқараға өздерімен бірге алып кетті. Мына бас не көрмеді. Өлмегенге өлі балық деген, сол жақта Қарасұн – Керней, Әлтеке – Сарым, Тама, Өр Қуандық елінде көп жүрдім «Көпей саудагер» атандым. Бұхар, Ташкент, Қоқан Россияға бағынбаған уақыт қой. Орысқа қараған қазақ пен сарт қатты жауласып тұрған кез. Ташкен пен Түркістан арасында сарттың «ақжалау» әскері керуенді тонайды, қарсыласып, қолға түссең құлдыққа алады. Көпей көзіне келіп қалған жасты тиып тастап, молдеке нанасыз ба, нанбайсыз ба? Бірде мынандай оқиға болды:

– Қазақ пен сарттың қатты өштесіп тұрған кезі дедім ғой бағана, бір күні сауда жасап керуенмен келе жатқанбыз. Сарттың «Ақжалауы» шыға келіп:

–Араларыңда қазақ бар ма?

–Осында қазақ Көпей деген саудагер бар – дейді. Қазақ Алтай Алдажұман Елікбайдың жүгі бар – дейді. Соны тауып бер, өзін өлтіреміз, жүгін талаймыз – деп дікіңдеп жетіп келеді. Ахметжан ноғайдың саудасын жасап жүрдім дедім ғой. Сол Ахметжан осылай болатынын біліп Ташкентен шығарда маған әйел киімін кигізіп, қолдан добалдай қылып шаш жасатып, оны басыма орнатып, басыма ақжаулық салып, түйенің үстіне отырғызып алған еді. Сонда, Ақжалаудың қосынды шындап тінткені әлі есімнен кетер емес, түйенің үстінде отырған мені жаулықтың астынан қарап, о жер, бұ жеріме әйел ме деп, қолдарын жүгіртіп, былқ еткен соң, оның үстіне жаулықтан шашым жалбырап көрініп тұрған соң, әйел екен деп, шын мәнінде шешіндіріп қарамады. Ахметжан ноғайға біреуі:

–Бауыздаймын, Осында қазақ Көпей саудагер бар! – дейді. Соны сен білесің, айт шыныңды, тауып бер жылдам деп, айбалтаның сыртымен бірнеше рет қатты нұқып-нұқып жіберіп, қылышты тамағына таяп.

Ахметжан: –Мен оны көргенім жоқ, бар болса, өзің тауып ала бер -деді қасарысып. Сөйтіп, аман-есен әрең құтылып, одан кейін, қой есің бар да, еліңді тап деген елге оралдым ғой, 22 жыл жат жерде жүрдім.

- Шыны керек күн көру үшін сауда жасадым. Әйтпесе, өзбектердің арасында күніңді көре алмай өліп қаласың. Өзім кеш оқыдым, айтып отырмын ғой қиыншылықты көп көрдім, ендігі қиыншылықты балам көрмесін деп сіздің алдыңызға әкеп отырмын.

– Нәжімеддин хазірет күрсініп, и, и... расында да бейнетті көп көрген екенсіз деді мақұлдағандай басын изеп, тыңдап отырған мына балаларға сабақ боларлықтай екен.

– Нәжімеддин хазірет Адамжүсіпті қарсы алдына отырғызып, тамағын кенеп алды да:

– Балақай бертаман кел деді.

– Сен арабша хәріп танисың ба?

– Танимын.

– Кәнекей хәріптерді рет ретімен аташы? Адамжүсіп мүдірмей араб харіптерін ретімен атай жөнелді.

– Хазірет, баланы тоқтатып, «Ағузы бисмилланы» айтқызып көреді де, «Құранның» бір - екі аятын жатқа қаншалықты білетінін сұрайды?

– Адамжүсіп бірден: «Құранның» көп оқылатын үш сүресі мен үш аятын зулата жөнеледі:



Бисмиллаһир рахмани рахим,

Әлхамду лиллаһи раббил алминар,

Рахманир Рахими,

Малики яумиддин.

Ияка наьбуду уа няка настаьйн,

Эһдинас сиротал мустақима,

Сиротал лазина ан аьмта алайһим ғайрул мағзуби,
Бисмиллаһир рахмани рахим,

Инна аьтайна кал каусар,

Фасоли лираббика уанхар.

Инна шаника һауал абтар (Әмин).
Аллаһу Акбар,

Бисмиллахир рахманир рахим,

Кул һуаллаху ахат,

Аллаһусамад,

Лам ялид уа лам юлад,

Уалам якуллаһу куфуан ахад (Әмин)

(Бұл сүре үш рет қайталанады).


Субхана раббика иьззати эьммэ ясифун,

Уассаламун элал мурсалина,

Уалхамду лиллаһи раббил аламин (Әмин).

(Бұдан әрі ниетін бала қазақша жалғастырады).

Риза болған хазірет.

– А, сопы, балаң Бұхарай-Шәріптің баласындай зерек екен. Нағыз «Бұхарлығым» - деп қатты сүйсінеді. Ана отырған балалардың оқып отырғанын естуімен біліп, көруімен танып кететін түрі бар. Бұрынғы ата - бабаларымыз айтқан сөздер бар еді: «Шар кітапты оқысаң, әр кітапты оқырсың!» - деген. Бұл баланы «Шар», «Михат» кітаптарынан бастап жатқа қақсатып қояйын! Өзі де қамшы салдырайын деп тұрған бала емес көрінеді. Мұны «Әпиек құранмен» алдандырмай-ақ қоян. Оны біздің үйде жатса естуімен үйренер. Біз «қадым» оқуымен оқимыз. «Шар кітапты» оқысын, соған салып жіберейін. Құр қарасымен емес мағынасымен екі жылда оқып шығады. Одан 9 жаста «Мұхтасарды» оқып шығады. Одан кейін сарыф (грамматика), наху (синтаксис), мантық (логика), тәржімә (арабшаны түрікше сөзбе сөз беру), ара-тұра «Мұхамедия» Мұхаммед пайғамбар тура оқиды. Бұларға түсінігіне ауыр «Шруто - ассалат», «Тағыллимө ассалат», «Түхфәтүәлмүлік», «Фиқһиқайдани» сияқты кітаптарды оқытпаймыз. Әлі еретерек қой.

Көпей:

– Хазірет, айттым ғой мана, баламның сүйегі менікі, еті сіздікі – деп, сөзім сөз. Құранның өзінде «Оқы, оқы және оқы деген ғой», оқысын, адам болсын.



–Ал балам кеш болып қалды, мен жүрейін, сабағыңды жақсы оқы, молдакеңнің айтқанын қате қылмай миыңа құйып ал. Қатарыңнан қалма айналайын, сен оқысын деп елге оралдым.

Адамжүсіп (Мәшһүр – Жүсіп) басы салбырап кеткен, көзіне жас тығылып, жүгіріп барып әкесінің мойнына асылып, құшақтап жібермей қояйын десе молдадан қорқады, ана тұрған солқылдаған көк шыбықтан қорқады. Әкесі, бір сәт қарап тұрады да, көңілі бұзылып, хош болыңыз молдеке деп, артына қарайламай тез-тез басып шығып кетеді.

Хазірет сабағын бастай жөнеледі:

– Ал балалар, «Мысыр мақамына» салып Ораза айларында оқылатын «тарауық» намазының «тасбиғы» аталатын дұғаны бәріміз қосылып (хормен) айтып жіберейік:

«Сәббаха, сәббаха,

Зікри айттым ол хаққа,

Мұсылмандар жұмаққа,

Кәфірларың тамұққа.

Ғайрауат – ау, ғайрауат,

Бір алладан ғинаят,

Атамызға дәулет бат,

Анамызға шафқат бат,

Моламызға ғылым бат,

Азат уақыт болып тұр,

Нұрмұхаммад салауат».

«Ассалаумағалайкем молда,

Сізден бізге ұлқысат!»

Молланың өзі де «Ғайрауат» аталатын жырға қосылып кетеді. Одан кейін молда үйге берілген тапсырманы сұрай бастайды.

– Тәліптер, шәкірттер үйге берілген тапсырма Қожа Ахмет Яссауийдің «Хикметтерін» жаттап келу еді.

– Шәкірттер бір ауыздан 37 – ші, 44 – ші хикметтері жаттап келдік, мен айтайыншы, мен айтайыншы деп шу ете түседі. Молда бәрін орынынан тұрғызып, жеке-жеке емес, жалпы айтқызады.



37 – ші хикмет

Он сегіз мың ғаламға сәруар болған Мұхаммед,

Отыз үш мың сахабқа сардар болған Мұхаммед.

Аш- жалаңаш жүргенге қанағат берген Мұхаммед ,

Үмматына рақым ғып шапағат берген Мұхаммед .

Түні бойы көз ілмей таң атырған Мұхаммед ,

Ғаріп пенен жетімге жанашыр болған Мұхаммед.

Тура жолдан тайғандар тағылым көрген Мұхаммед,

Зәру боп келген адамдар қайырым көрген Мұхаммед,

Әбу Жәһіл ,Лахабқа қағысын айтқан Мұхаммед,

Жүрегі таза үмматқа алғысын айтқан Мұхаммед.

Ораза, намазы бүтіндер киелі тұтқан Мұхаммед,

Қолынан дәспі түспеген тірегі тұтқан Мұхаммед.

Шайтан, малғұн ібіліс жоламай қашқан Мұхаммед ,

Шариғаттың жолымен нұр – сәуле шашқан Мұхаммед,

Дұғалары дару боп өтетұғын Мұхаммед,

Жамандыққа жақсылық ететұғын Мұхаммед.

Таупық берген залымға инабатты Мұхаммед,

Сәждеден басы кетпеген ибадатты Мұхаммед.

Аршы - күрсі үстінде сайрандаған Мұхаммед,

Сегіз пейіш ішінде жайраңдаған Мұхаммед.

Міскін Ахмет үмматы таңырқаған Мұхаммед,

Жетім, пақыр, ғаріпті жарылқаған Мұхаммед.

Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет