Адамжүсіп Мәшһүр-Жүсіп 8 актілі қойылым / Тұрышев А.Қ, Павлодар : Кереку, 2010. 49 б



бет3/4
Дата31.01.2018
өлшемі0,7 Mb.
#37237
1   2   3   4

1913 жыл. Баянауыл. Күндегі әдетінше, Мәшһүр-Жүсіп үйінде арқасына жеңіл шапанын жамылып, жер үстелде өлең жазып отыр. Бір уақытта, есіктен атқосшысы кіріп келіп, өңі бұзылып кетіпті:

–Патшаның оқалы жандарымы келе жатыр, жүрістері суыт беті біздің үй болса керек дегенше болмады сау етіп бір қора аттылы, асынған қарулары бар, түсі сұсты әскер жетіп келді.

–Ішіндегісі командирі болу керек тілін бұза Машһур-Жусуп здесь живет – деп айқайлап сұрап жатыр. Үйге кірген біреуі тілмаш арқылы сөйлесіп, Мәшһүр-Жүсіпті көргенде алғашқы арындары басылып қалды. Орыс офицері сөйлеп тұр. Тілмаш аударуда.

Тілмаш: Машһур деген сіз боласыз ба?

–Иә, мен боламын. Не шаруамен жүрсіңдер, шешініңдер, ас-су ішіңдер.

–Жоқ, уақыт жоқ.

–Мына, кісі офицерді көрсетіп сенің үстіңнен арыз түсті-дейді. Сіздің жазған «Тіршілікте көп жасағағандықтан көрген бір тамашамыз» (Что мы видели на своем веку, прожив долгую жизнь) (Казань: тип. Шараф, 1907) 6000 тиражбен және «Хал-ахуал» (Положение и состояние) кітаптарыңызды Н.Ф. Катанов аудармасы бойынша оқылып, патшалық цензура қоғамға зинды, жат элементті идея деп тауып, оның бойында қылмыстық әрекеті бар-деп, Қазан губерниясы жандармея управлениясының начальнигі 129 статьяның 6 параграфының тармағымен Сізді сотқа тартып, кітабыңыз Қазан сот палатасының шешімімен арест жасалады. Ал осы-кітапты басып шығарған ағайынды Ш.Құсайынов баспаханасына 12 000 штраф салынады. Одан кейін, Сіздің тағы да, бірінші кітабыңыз 1907 жылы Қазан университетінің типографиясынан, екінші кітабыңыз 1912 жылы 3000 тиражбен жеке меншік Б.Л.Домбровский типографиясынан басылып шыққаны белгілі жай. Н.Ф.Катановтың аудармасы мәліметінде Сіз қазақ патша әкімшілігінің теріс істерін әшкерелеп, орыс переселендерін (қара шекпенділер деп атап) құнарлы жерге қоныстанып жатқанын, жергілікті қазақтарды иттен жаман көретінін және 1905 жылғы Манифесті бейшаралардың көзжасын төгетін қарар деп жазасыз. Сол сияқты патша саясатын колонизаторлық, тонау тек қана жоғарғы феодалдың-бай өкілдерімен ауыз жаласып, қазақты ауыр халге ұшыратты депсіз. Сондықтан, Қазан жандармениясы Сізге жиналып-түйінуге үш күн пұрсат береді. Мұнан соң Сіз итжекенге айдаласыз - деп келгендері қалай тез болса, шыққандары да солай тез болды.

Мәшһүр-Жүсіп ауыр ойланып, отырып қалды.

–Апырау, бұл қалай болғаны.

–Қой, халқым үшін қызмет еттім, біреудің ала жібін аттағам жоқ. 1905 жылғы орыс-демократиялық-буржуазиялық төңкерісінің дайындығына қазақ елінің ішінде үнқосып, қазақ зиялыларын тартып, үгіт насихат жүргіздік. Ә.Бөкейханов пен Ахмет Байтұрсынұлы да алыста ақылдасатын. Абай анау, үйін тінткені. Заман, не болып барады. Патша түрмесінде күйші Құрманғазы, әнші Мәди де қара нан мен қара суға зар болып отырды емес пе?. Қаншама қазақтың осындай ел үшін еңіреп туған ерлері қор болып кетті. Кенесары мен Махамбеттің өлімі анау. Мен солардың қайсысынан артықпын. Мойын сұнсам ба екен? Қой Мәшһүр ойлан. Ел аяғы тынышталып, патша ағзам тағынан таятын шаққа да көп қалған жоқ. Қалай да ел іші тыншу емес, бір тықырдың таянғаны анық. Жоқ, түнеу жастық кезімде кезген Бұхар, Ташкент жаққа бірақ тартып кетсем бе екен? Соным дұрыс болар, құр қарап отырсам босқа өлермін. Халқыма, әлі де әжетім мен қажетім керек болар, тәуекел тарттым сол жаққа. Аман болсам, келермін еліме, жеріме, қош туған жер, туған өлке, қош халқым!!!




5-шы акт.

Шәкәрім мен Мәшһүр – Жүсіп
Абайдың ұлы Әбіш (Әбдірахман) қаза болып, қасында ет жақын туыстары, Тәңірберген, Ысқақ, одан әрі немере інісі Шәкәрім т.б. өте көп халық жиналыпты. Абай Әбіш қазасына қайғырып жиналған халқына көңіл айту сөзін сөйлеп тұр.

– Уа, елім, жұртым! Мұндай бір келеңсіз халге тап болыпсың, -деді ежелгі ашық үнімен саңқ ете қалып.

–Қыршыныңнан қиылған жасың-өзіңнің бүлдіршін өмірің. Аштан қырылып азып, көштен жырылып тозып жүрсең де кеудеңнен отың өшіп, жаныңнан жалын кетпесін. Өлген бала, жеткен қаза-сенікі... Халқым, сен Аман бол! - деді де, екі жағынан жүгіріп кеп ұстай алған екі туысының қолына сылқ етіп, ес-түссіз жығылып құлап түсті.

Сол қарбалас шақта, киім үлгісі, түсі-түгі бөлек жиылған көптің ішінен бір адам Шәкәрімнің көзіне оттай басыла кетті. Ұзынбел ала атының үстіне шалжия қонып, үкілі жекей тымағын шалқайта қайырып алған жалқын сары өңді кісіні көрмегеніне он шақты жылдың қарасы болып қалса да жазбай танып алды. «Қарағым, ием-ау, сол ма? Мәшһүр Жүсіп пе бұл келіп тұрған?» деп ойлағанынша, оның өзі де көп ішінен сытылып бері ойысып, бұл-жаяу, ол атынан қарғып түскен бойда:

–Шәкәрім!

–Мәшекем...- деп бір-бірін аттарымен ғана атасып, айқара құшақтаса кетті.

–Абай халқына көңіл айтты. Мен, ет-бауыр туысы, саған айтамын. Өліміңді көппен бірге көріп жатсаң, алдағы өмірің де көппен бірге болсын, ылайым!-деді Мәшһүр құшағын жазып, жасаураған көздерін шапанының жеңімен сүрткілеп тұрып.

Шәкәрім де жас жуған бетін қос алақанымен басып тұрып:

– «Өлді ердің сүйегін, тірілтсе жайнап жапырақ. Жаралы менің жүрегім, жайнай да алмас ол бірақ» - деп айтса, қазаның жанға қатты батқанынан ғой, Мәшекем! Ылғи да қайғы-қасіретте жолығыса бермей, жақсылық алғы жақсы күндерге жанастырсын... Өзіңмен Мұсаның асында алғаш танысып, шығарған жоқтауыңды естіп ем, ести отырып қатты риза көңіл білдіріп ем – деді.

–Құдайберді баласы, сені бірқатар жұрт Абайдың інісі емес, кіші Абай атандыра бастапты. Сен мені осымен екінші рет Мәшкем деп қалдың. Мен де сені бұдан былай Кішекем атандырайын, - деді Мәшһүр оның қолын өзінің кең кеудесіне басып тұрып.



Шәкәрімнің ойы.

«Жүрегі қабырға сағатының тарсылы құсап соғады екен» деп ойлап қалды Шәкәрім. Мәшһүрдің жекей тымағының төбесіндегі ақ үкінің екі тал қанаты оның қан тепкен ақ сары өңіне әсем жарасыпты. Жанының нәзіктігі мен ойының ұшқырлығына да осы екі тал үкінің қанаты қосалқы шырай беріп тұрғандай.

–Кішік ұлы бабамның есімі еді. Ауырлық етіп жүрмесе, - деді Шәкәрім тек қарап тұрмай.

–Дәнеңе етпейді. Сен оның тужаты емеспісің, - деді Мәшһүр қолын сермей салып.



Шәкәрімнің ойы.

«Момындығың еліктей, дойырлығың жолбарыстай болар» - деп түйіп қойды Шәкәрім ішінен.

Мәшһүр Жүсіп қаралы жиыннан бөлек Шыңғыстың бауыр етегіне арнайы тігілген үйде күтілді. Қолынан қалам-қағазы түспейтін, адамның өмірден жалғыз тілейтіні-осындай оңашалық. Шәкәрім өзі де болыстық құрып, шапқыншылықпен айналысып жүріп ара-тұра жұрт көзінен тасаланып, жоғалып кетіп отырушы еді. Абайдан басқа ағайыны мұнысын берісі аусарлыққа, әрісі қызыл желікке балап жазғыра беруші еді. «көң құрысса қалыбына барады», Мәшһүрді әлемге мәшһүр еткен – көңілден қалыс, көзден таса осы тірлігі ғой. «Улы сия, ащы тіл. Не жазып кетсе, жайы сол» демеп пе Абай ағасы да. «Қауыңның барында қайрат қылмай, қаңғырып өткен өмірдің бәрі де жел» деп тағы айтқан. (Р.Тоқтаров. Абайдың жұмбағы., 656-657).

– «Дала уалаятында» сіз жазған «Үш Едіге» әңгімесі бізге көп ой артты. Арғы-бергі тауарық түгел сиып кетіпті,-деді Шәкәрім тыңқылдатып ақырын шертіп отырған домбырасын іргеге сүйей салып.

–Халықтың қараңғы болатыны өткенін білмей, ата-баба тірлігінен маһрұм қала беруінен бе екен? Сіз қалай ойлайсыз, Мәшекем? Халыққа керегі өткені ме, әлде келешек ертеңін көбірек ойлауы лазым ба?

Әбдірахманның арты жөнелетін болып, екеуінің бір - біріне толық тигені кешеден бері ғана. Үйде отырғанда басынан үкілі бұхар тақиясын тастамайтын Мәшһүрдің қазіргі толған айдай келбетінен оқу-тоқуы маңайлас құрдасы Шәкәрім түгіл жасы үлкен ақ сақалды қария сескенгендей қайрат еседі. Ол бұған «сен» деп сөйлесе, бұл қанша ерік берсе де «сізден» аса алмай қойып еді.

–Осы қазір ұлы бесінде отырып таңғы таза ауаны көксеп, кешкісін тыныс берер жатар мезгілді аңсамаймыз ба?-деп, Мәшһүр қамыс арасынан шыға келген жасыл көзді, тарғыл түсті жолбарысқа ұқсастығы күшейіп отырып.

–Екеуі бір орында өмірі түйіспейді. Оны тек ақыл қуаты, өнер ғана қосады. Әлгінде үш мезгілді айттым ба? Халықты, заманды тұтас етіп ұстау - осы үшеуінің бірлігінен туады. Әрқайсысы жеке-жеке қасиет болып жарытпайды.

Бұл сөз де «ақыл, қайрат, сезім бірлігі» туралы толғайтын Абай ағасының пікіріне үйлес шықты.

–Олай болғанда адам баласын бұзатын не? - деді Шәкәрім әрі қарай індете түсіп.

–Ол да үшеу, - деді Мәшһүр ойланбастан. –Парақорлық, жалақорлық және зинақорлық. Еңбексіз табыс, нахақ қиянат, махаббатсыз малшыныс. Бұл үшеуі адамдықтан ғана кетіріп қоймай, оны хайуаннан бетер етіп жібереді.

–Мен де Шәкәрім өзіңнің «Дала уалаятында» жарияланған бір сын хатыңды оқыдым.

–«Халық тіршілігінің жаман жақтары көбірек сөз болады, тәрбиелік маңызы кем мақал-мәтелдер талғаусыз беріле салады» - депсің.

–«Еркек жаманы ұрлық қыла алмас, ұрғашы жаманы ойнас жасамас» деген мақалды күлкі еткенің орынды-деген Мәшһүр әділ бағасын бере отырып өзін де түйрей кетіп.

–Біз екеуіміз де биыл дәл отыз жетіде, мүшел жастарымызда отыр екенбіз. Бәйтерек бойына гүрілдеп тарайтын су-адамның денесіндегі қаны. Нәрсіз су бәйтеректің жапырағын қуартса, арам қан жүректі ғана бұзып қоймайды. Бунақ-бунақ өмірде ақыл-санаға да қауіп төндіреді. Сенің ол мақаладағы сынға алған жайларға нақты мысал келтірмегінің жарамаған. Бұл турасында газет ұстанған бағыт, олардың саған қайтарған жауабы да көңілге қонады...

Бұдан соң Шәкәрім мен Мәшһүр-Жүсіп Абайдың осы уақытқа шейін жазған бар өлеңін дауыстап оқып шықты.

–Маған Абайдың аудармалары көбірек ұнайды. Лермонтов қалай мұңды да нәрлі тілмен сөйлейді:

Өзіңе сенбе жас ойшыл,

Тіл өнері дертпен тең.

Көңілдің жүгін қиял қыл,

Ызаға тұтқын бой мең-зең.

Қасиет тұтып ойға ұмтыл,

Қан қайнап қуат егілсін!

Онан гөрі еңбек қыл,

Улы сусын төгілсін!... (Р.Тоқтаров, Абай жұмбағы, 659).

–Мәшһүр-Жүсіп ал Шәкәрім, «Торқалы тойда, топырақты өлімде, бас көрсетпеген сол жаман» дегендей келіп көңіл айту менің парызым. «Кел демек бар да, кет демек жоқ» мен енді жүрейін, Абай ағамды, өзіңді т.б. ағайындарды көріп, көңілім марқайған жай бар, аманшылық болса, тек қана тойға келетін болайық. Абай ағаммен сенімен көкейде жүрген көп жайттың тілін ағытып, сөйлесіп, көңілім, еңсем көтерілді. Айтпақшы Шәкәрім сенің:

«Кім жалғыз, бұл жалғанда есті жалғыз, Сырласар болмаған соң бір сыңары» - деген сөзіңді жиі еске аламын.

– Рахмет, Мәшекем.

Шәкәрім мен Мәшһүр Жүсіп сыртқа шығып, есік алдында қоштасып тұр.

– Шәкәрім, екеуіміз бір жылғы төлміз. Екеуіміз де дін жолынан ақиқат іздедік. Мен де ақынмын, сенде Мәшеке ақынсың бірақ, сен Құдайға жақынсың ғой. Сондықтан да Мәшекем адамзаттың әулиесі болмасаң нетті.

–Мәшһүр Жүсіп мен білетін ақындардың әулиесі Абай Құнанбаев ол сияқты өлең шығарған ешқайсысы жоқ - дейді.

–Ал сау бол, Кішікем, Аумалы-төкпелі заманның келе жатқаны мынау. Біреуіміздің ажалымыз Алладан, біреуіміздің ажалымыз адамнан болып жүрмесін, - деп қалды аузына келген сөзді ірікпейтін Мәшекең. Өзі неге айтым екен деп-те өкініп қалды.

–Шәкәрім, пешенемізге жазылғанды көреміз де. Сөйтіп, құшақтаса тұрып, қимай-қимай ұзақ, кездеспейтіндерін білгендей қайта- қайта қоштасты.

Шәкәрімнің ойы.

Мәшһүр Жүсіп ауылдан ұзап кеткеннен кейін «әулиеге бұл сөзді періштелері айтқызды ма екен?» - деп ауыр күрсінді.


6-ші акт.

Мұхаметәмен (Әмен) Мәшһүр-Жүсіптің ортаншы ұлының ерліктері, қазасы
Мәшһүр - Жүсіп «Ескелдідегі» қыстауынан ұзап көшпей қозы көш жерде киіз үй тіктіріп отыр. Ол уақытта жаз қуаңшылық болды. Бір тамшы да жауын жауған жоқ.

Бір кезде қалың өрт шығып, ауыл үстін қара түтін басты, мал-жан түтінге булығып, қып-қызыл өрт жалыны ауылға жақындап қалды. Ауыл адамдары үрейге беріліп, үйлерін тастап, сулы құдық, терең апандарға бой тасалап тығылып жатыр. Өзінің алты қанат ақ үйінде табан аудармай Мәшһүр-Жүсіп атамыз ғана отыр. Ол кісі әдеттегінше жазу үстінде, ешкім ойын бөлуге дәті бармайды. Қасында үлкен келіні Ақзейнеп қана жүр. Біз бәріміз үлкен ұлы Шәрәпиденге қарайлаймыз. Шәрәпи де сабыр сақтап, ара-тұра әкесіне көз тастап қояды, өрттің беті әрі кетер дейді ғой деймін, үндемейді. Мәшекең енді бір қарасақ үлкен Құран кітабын алдына жайып қойып, аса бір салмақтылықпен дұға оқып отыр. Біз бәріміз қатты таң қалдық.

–Мәшһүр-Жүсіп, әй кім бар? Әйтімді шақырыңдар! – деді. Намауұлы Әтім тұра жүгірді, есіктен кіре-кірместен Мәшекең бұрылып:

–Менің тор атыма жайдақ мін де, мына дұғаны анау қаулап өрт болып жатқан «Ордабай құдығының» арғы беткейіндегі Қаратөбенің бергі шетін ала таста. Бірақ, тастаған жеріңді ұмытпа? – деп қысқа қайырды да, ұзақ намаз оқуға кірісіп кетті.

–Мен Мәшһүр атамның айтқанын екі етпей өртке қарай бет алдым. Алыстау болса да өрт қызуы бетке соғып тұр. Торы ат жиі пысқырып, екі құлағын жиі қайшылып жүріп келеді. Екі түп тобылғының арасын белгілеп, дұғаны ат үстінен жерге тастап, кейін қайттым. Бір уақытта аспаннан оймақтай қара бұл ойнап шыға келді де, нөсер жаңбыр құйып өтті. Өрт су сепкендей басылды.

–Мәшһүр атам, әй Әйтім өзің барып ана тастаған дұғаңды қайыра алып кел деді. Барсам, өрт дұға жазылған қағазды айналып өтіпті.

Сөйтіп, ел өзі де абыр сабыр болып жатқанда Разимбург деген жасағымен Баянаул ішіне шығып, елден мобилизация ретінде мал жинап, азын аулақ ірі-қарасын, ұсықтарын берсе қолынан, бермесе жолынан алып кетіп жатады. Ауылды аралап, Мәшһүр-Жүсіп отырған ауылға да малдарын жинап, қойларын көгендетіп, бес қойдың біреуін алады. Біреу Мәшһүрдің үйіне де әлгілерді сілтеп жібереді. Есіктің алдындағы қотанда 13 қой жатады. Комиссар қасында бірнеше жолдастары бар, Мәшһүрдің қойларының қасына келіп:

–Мынау қойдың иесі кім? – дейді.

–Бұл Мәшһүр деген кісікі – дейді біреу дауыстап.

–Ол кім, өзі қайда?

–Осында, үйі анау тұрған дейді тағы біреу.

Комиссар Разимбург өзі барып, есікті ашып қарап, көреді. Мәшһүр-Жүсіп малменен де жұмысы жоқ, «мал, мал» деп шулап жүрген елмен де жұмысы жоқ, көзінде әшкесі, қолында қаламы, алдында үстел мен қағазы, еш нәрседен қауіпсіз, қағазын жазып, отыра береді. Разимбург үйіне кіріп, үйдің ішіне, жан-жағына қарап, көз салып 5 минуттай тұрып, қайта шығып кетеді. Мәшһүрден ләм ешқандай бір жауап сұрамайды. Керегенің басында ілулі тұрған қос ауыз мылтығына да тимейді, қотандағы қойына да тигізбейді. Басқалардан, кім болса, ол болсын, көзіне түсіп, қолына ілінгенін тастамай, опыр-топыр қылып алып кетеді. Жұрт шын ба, өтірік пе – деп өз көздеріне өздері сенбей аңтарылып қала береді (8 т. 373 – 374 б.).

Біресе, өртті сөндіріп, біресе қызылдың әскерінен мезі болған ел, енді есін жинап, болған оқиғаны пысықтап, кейбірі көрген екі есе өсіріп айтып жатады. Алыстан бір салт атты көрінеді. Оқшарылып тұрған жұрт бұл не болды екен деп тағы да аңтарылып қалады. «Жұт жеті ағайынды» дегендей алдымен ойға жақсылық емес жаманшылық келетін әдеті ғой жұрт тек қана жақсылық болса екен деп тілейді.

Мәшһүр-Жүсіптің ортаншы ұлы, ақын - Әмен 1888 жылы туған. 1916 жылы Баянауылда патшаға әскер бермейміз деп көтеріліс ұйымдастырушылардың бірі болған. Ж. Аймауытовтың «Қартқожа» романының кейіпкерлерінің бірі. 1918 жылы мұғалімдік курста оқиды. 1920 жылы Орынбор қаласына шақыртып алынады, М. Әуезов пен біргі делегат болып сайланады. 1921 жылы Ташкентке мұғалім болып кетеді. Ғани Мұратбаевтің досы, Ташкенте 1921 жылы 18 июньде 14 интернатта мұғалім болып жүргенде 33 жасында дұшпандардың қолынан қаза табады.

Ташкент. 14 интернат іші, бір топ жас комсомолдар жиналыпты, жиналысты жалынды комсомол Әмен ашты:

–Құрметті, достар, жолдастар!!! Біз тап жауы ретінде контра ретінде жауларымызды аямауымыз керек, әйел теңсіздігімен, сауат ашумен күресуміз қажет - деп қысқа сөзін қайырды. Сөз Орта Азия Республикалық комсомол жетекшісі Ғани Мұратбаевқа беріледі.

–Мен, жолдастар ұзақ сөйлемеймін. Заманның қандай ала-сапыран болып кеткенін менен көрі сіздер жақсы білесіздер, бір жағымыздан ақтар, бір жағымыздар басымаштар дей ме, қолдарына қару алып, Кеңес өкіметін құлатуға тырысуда. Олардың ішінде де оң мен солын таба алмай адасып, жолдан тайып жүрген жандар аз емес. Мінекей, біз үгіт насихатты жүргізіп, осындай оң мен солын білмей жүрген кісілерді өзіміздің қатарымызға тартуымыз қажет. Комсомолдар ішкі тап жауларын әшкерелеп, ел ішінде қатаң тәртіп орнатуымыз керек-деп аяқтағанда отырған комсомолдар ду қол шапалақтап жіберді.

Келесі күн. Әмен жалғыз. Терең ой үстінде. Күніне 16 сағыт жұмыс істейді. Тап жауының күшейіп тұрған кезі. Әменге үкімет тарапынан арнайы күзет бөлінеді. Өйткені, Әменге, бір кедей сарт келіп:

–Ұлыққа барып сөзім өтпеді. Енді сіздің абыройыңыз бар деп, және жәбір көрген адамдарға көмек ете алады дегенді естіп келіп отырмын, - деп өтінеді.

–Айт, тыңдайын – дейді Әмен.

–Менің 14 жастағы қызым бар еді, бір өзбек байы қызымды алдап, зорлап, 15 пұт астық әкеңе беремін деп, жарты жылға таяу уақыт болып қалды, қамап жібермей отыр. Не астық жоқ, не қызымды көрсетпейді. Сұрастырсам қайырып бермейді іи, іи басымай, енді кімге шағым айтамын ай, ай...деп зар иледі ол байғұс.

–Әбден байыбына жетейін үш күннен соң келіп біл? Өзіңнің аты – жөнің кім, тұрағың қайда- деп Әмен жазып алады.

Келесі күні Әмен, өзбек байын шақырып:

–Сен ана сарттың қыз баласын неге еріксіз ұстап отырсың, сотқа тартыласың, қызын қайтарып бер – дейді. Кеңес өкіметі орнаған аты ғана, ел ішіндегі байлар әлі де болса, бой бермей өздерінің айтқандарын істетіп тұрған мезгіл.

–Мен ол-қызды көшеде қайыр сұрап жүрген жерінен өз еркі бойынша үйге апардым. Кейін әкесі келгенде астық берем дегенім рас. Бірақ, үкімет астығымды түгелдей тартып алды. Мықты болсаң сол астығымды алып бер, содан соң не қызымды, не астығымды берем – дейді.

Ертеңінде Әмен қызды алдырады да, әбден шындығына жеткен соң:

–Біз осы училищеде кедей балаларын жиып алып оқытып-тәрбиелеп жатырмыз. Әсіресе, қыз балаларға ерекше қамқорлық жасаудамыз – деп әлгі қызды өзінің келісімі бойынша алып қалып, оқуға орналастырады.

Өшіккен өзбек байы Әменнің күзетші шалын үгіттеп, қорқытып, Әменнің тұрған жайын, жүретін жерін астыртын сұрап біледі.

Күзетші шал:

–Әменнің тұрған жайы тал іші, іргесінде өзен ағып жатыр. Әмен әрдайым таңертеңгілік дене шынықтыру жасайды да өзендегі суға жалаңаш етіне тек желбегей шапан жамылып, жарғабақтан өзенге секіріп-сүңгіп түседі және су ішінде еркін малтып биенің сауымына таяу шомылып жүретінін айтады.

–Қапысын тапсаңдар осы жерде табасыңдар, ал бетпе – бет келе қалсаңдар бірді – екілі кісіге әл бермейді, алдырмайды мықты. Мен әсте ол кісіге қол көтермеймін, бар қолымнан келетіні қапысын тауып бір сылтаумен кейін қаламын.

Өзбек байы қасында үш қарақшысы бар таң қылаң бергенде, Әмен суға түсетін тал ішіне келіп жасырынып жатады. Біраздан кейін Әмен көрінеді, Қарақшылар айтылған жар түбінен тосып алып, Әмен суға қарғи бергенде үшеуі бас салып, бір өзбек қолындағы қанжармен Әменнің ішін жарады. Шек-қарыны шұбатыла Әмен су ішіне барып құлайды. Қарақшылар қалың тал ішіне сүңгіп көрінбей кетеді.

Әмен бар күш-қайратын жинап, ішін қолымен қармап басып, еңкейіп, бүгіліп жолшыбай кездескен талдарды қарманып, үй тұрағына әрең жетеді. Қарт күзетші өтірік байбалап салып:

–Ойбай, ойбай өлтірді, жарып кетті деп көршілерін шақырады.

–Әмен, бар күшін жинап, ақтық рет:

– ...Күзетші, өзбек байы – деген сөздерді айтып үлгереді. Әмен сөйтіп, ерлікпен қаза табады. Ташкент интернатының мұғалімдері, комсомолдар «Ақ жол» газетіне қазынама береді.

Сол уақытта Ж.Аймауытов та Ташкенте болатын. Әменді жерлеуге қатысып, бастан-аяқ көмек қылады. Мәшекеңе көңіл айтып ортаншы ұлы Әменнің қазасын есітіртіп «Ақ жол» газетіне мақала береді. Жүсіпбек Аймауытов «Ақ жол» газетіндегі сол мақаланы сенімді біреу арқылы Мәшекеңе, Баянауылға беріп жібереді.

Баянауыл. Мәшекеңнің аулы.

–Есік алдында тұрған біреу көзін көлегейлеп ей, мынау Мұхаметжанғой, жүрісі суыт қой, жайшылы па, өзі? Әй, бала былай тұр ат қағып кетер деп жатыр. Расында да Мұхаметжан екен. Аттан секіріп түсіп, –Мәшһүр атам үйінде ме?. Газет әкелдім, Әмен қайтыс болыпты, атама не айтамыз. Байдалы биге, ауылдың үлкендеріне бір бала ертіп келуге жүгіріп кетті. Ауыл ақсақалдары жиналып ішінде Байдалы би бар көңіл айтты:

Байдалы:

–Мәшһүр-Жүсіп дүниеде не қымбат?

–Жансызда гауһар тас қымбат, түпсіз тереңнен шығады неге қымбат болмасын.

– Жанды да не қымбат?

– Адам қымбат.

– Бұл екеуінің иесі бола ма?

– Е... иесіз нәрсе бар ма екен?

– Адамға не қымбат?

– Адамға бала қымбат.

– Өмірде не күшті.

– Өлім күшті.

– Өмір мен өлімнің қайсысы алады?

– Әрине, өлім алады.

– Апырмау, ішім бір жаманшылықты сезіп еді, ортаншым қайтыс болды ма, не болды, - деп жылап жіберді де ұзақ жоқтау айтты:

Ташкенте қаза тапты Әмен өзі,

Көп жұрттың қоя ма тек тіл мен көзі?!

Мән-жайын көзі көрген бастан-аяқ,

Уәлихан Омаровтың айтқан сөзі:

Ташкенте болдық бастас бір қыс бірге,



Бір бөлек көрнекті боп, түсті түрге.

Жолығып Орынбордан себептей боп,

Қамшы боп сөзім менің есіл ерге!
Үй қара ағаш Ташкенттің қаласына,

Көп жанның кетті сүңгіп арасына.

Бес интернат бар еді, бір институт,

Арналған қырғыз, қазақ баласына.
Мың жарымдай оқыған онда бала,

Сарт, ноғайдың школы басқа және,

Сегіз-орыс мұсылман-жиырмасы,

Мұғалім өткерілген өңшең дана.
Жалғанға кім бар дейсің жарып тұрған,

Қалжырап әркімдер-ақ арып тұрған.

Интарнат Әмен кірген он төртінші,

Бәрінің ең алды еді барып тұрған.
Өлгенде отыз үште, қыршын жасы,

Ташкенте екен тататын сыбағасы.

Алаштың аты атанған жастарының,

Қосылды таң атқан соң тегіс басы.
Қысқа өмір ұзара алмай, жойылғаны,

Жұртқа әшкере ап-айқын сойылғаны.

Ол Қашқар махалласы жаңа мазар,

Бұйырып топырақ сонан қойылғаны...

Байдалы би:

Ұлы өлмеген руда жоқ,

Қызы өлмеген Қырымда жоқ,

Қатыны өлмеген халықта жоқ,

Ағасы өлмеген аймақта жоқ,

Інісі өлмеген елде жоқ,

Әкесі өлмеген әлемде жоқ,

Анасы өлмеген пенде жоқ,

Алла тағала сізге бір гауһар берген екен,

Иесі оны өзі әкетті,

Әмен бәріміз баратын жерге кетті,

Байдалы би, Мәшекең болды-ау, саябырсыды-ау дегенде:

–Алла өзі берді өзі алды, Әмен тек қана сіздің ұлыңыз ғана емес, халықтың да ұлы – деп жан-жағына қарады, сол мезетте өздері де жылауға шақ тұрған жұрт еңіреп, жылап жіберді.

Мәшһүр-Жүсіп басын көтеріп, Мұхаметжан бармысың? –Әкел ана газетті – деді. Мәшһүр-Жүсіп Көпеевтің әрі туысы, әрі жерлесі жазушы Жүсіпбек Аймауытов «Ақ жол» газетінің бетінде (26 июнь 1921 ж.) ерекше күйініп былай деп жазыпты:

– «Ақ жолдың» 71 номеріндегі «Қапаста қалған Әмен Жүсіпұғылы» деген қазынаманы оқығанда жүрегім су ете түсті. Көзіме жас, көкірегіме қан толып, не болғанымды білмедім. «Әмен... Әмен»- кешегі өзіміздің оттай жайнап, жігері қайнап, жауыздықпен арпалысып жүрген Әмен бе?! Бауырым, досым, таянышым, рас сенсің бе?! Көзімді мұнар басқаны ма?!... Сөнген екен шырақ, ой жалған-ай, жас өмір-ай! Неге аяулы жан болдың? Қызық-қызметіңді аз күн көрсетіп едің, неге тезінен жоқ болдың? Басынан асқан пайдасы жоқ, көп жауыздың бірі болсаң, өкініш не, арман не? Жоқ, сен күйдірерлік жас едің. Сен елеулі жан едің. Сенің өміріңді, кім екеніңді жазбасқа болмайды...

Қазақтың кем, қор әйеліне теңдік әперем деп өлетін жігіт аз. Әйел теңдігі үшін бірінші құрбан болған жігіт - Әмен. Қазақ халқы жоғалмай (әйел құл болып өтсе де) жасайтын болса, әйелдер Әменнің атын алтын жазумен жазып, бойтұмар қылып сақтап, маңдайшасына іліп қоюға міндетті...

Қош бауырым! Жолдасым! Қаратайғанда жұбаныш, қайғырғанда қуаныш қылатын қарт әкең Мәшһүрдің, әпкеңнің қабырғасын сөксең амал не? Мәшһүр, Шәрипеден ағайлар! Әмен сіздерге – бала, туысқан, маған – серік, дос еді. Қатты батты, айтып болмас, қайтып келмес іс болды. Қазаға берік бол, бәлеге сабырдан басқа айтар сөз қалмады. Қуанып көрісудің орнына газет бетіне... жыласып көрісу кез, болды, уақыт солай, қайтеміз. Қайғыларыңа ортақпын.

Мәшһүр-Жүсіп енді жылаған жоқ, ауыр бір гүрсініп барып:

Қан түсті алпыс үште аяғыма,

Оқ тиді түзде жүрген саяғыма – деді.


Каталог: fulltext -> buuk
buuk -> Қазақстан республикасы білім және ғылым министрлігі жүсіпов нартай қуандықҰЛЫ
buuk -> Мамандыққа кіріспе «Музыкалық білім»
buuk -> МӘШҺҮР – ЖҮсіптің лингвистикалық КӨЗҚарастары оқу құралы Павлодар Кереку
buuk -> Кітаптану және кітап тарихы 050418 «Кітапханатану және библиография»
buuk -> Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі
buuk -> Психотерапия технологиялары
buuk -> ДӘСТҮР – ДӘріс қазақ тілі пәнінен студенттерге арналған оқу құралы Павлодар Кереку 2010 Т. Х. Сматаев ДӘСТҮР – ДӘріс
buuk -> Ашимбетова Р. Д. Журналистің тіл мәдениеті Оқу құралы 050504 «Журналистика» мамандығының студенттеріне арналған Павлодар


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет