Ақтоған – қыстау. Дариялық Тақыр жазығының оңтүстік-шығысында, Сырдария өзенінің аңғарында. «Үлкен тоған» мағынасындағы атау.
Ақтөбе – төбе. Қызылорда қаласынан оңтүстікке қарай 38 км жерде, Қызылқұмның солтүстік етегінде. Абс. биіктігі – 141 м. Ақ және төбе сөздерінің бірігуінен жасалған. Жота, төбелердегі ақ тас, кварцтардың түсіне қарай қойылған атау.
Ақтүбек – ауыл. Қызылорда қаласынан оңтүстік-батысқа қарай 30 км жерде. Ақ және түбек сөздерінен жасалған атау. Түбектің үлкендігіне, аумағының кеңдігіне, түсіне байланысты қойылған атау.
Аманкелді – ауыл, ауылдық округ орталығы. Тереңөзек кентінен оңтүстік-шығысқа қарай 77 км жерде, Сырдария өзенінің сол жағалауында орналасқан. 1997 жылға дейін Аманкелді атындағы қаракөл қой кеңшарының орталығы болған. Бұрынғы кеңшар негізінде шаруа қожалықтары жұмыс істейді.
Аңламас – жер атауы. Жаңадария каналының жағасында, Іңкәрдария қой кеңшарының аумағында орналасқан. Осы өңірде өмір сүрген Аңламас әулиенің есімімен аталған. Аңламас туралы халық ақыны Қ. Баймағанбетов тарихи дастан шығарған.