Сәркеқұдық – құдық. Қызылқұмның солтүстік бөлігінде. Кісі есімінен қойылған атау.
Сәтбай кесенесі – сәулет өнерінің ескерткіші. Жаңадария өзені бойында, Қызылорда қаласынан оңтүстік-батысқа қарай 115-120 км жерде орналасқан. Кесене Жент қаласының ескі орнына таяу жерде 1887 жылы салынған. Ежелгі Жаңақаланың күйдірілген кірпішін Ақмешіттің ұстасы қырғыз Мәмбетбет пен Құба Сарғасқа Аман қалаған. Үйтамда Сәтбайдың барлық балаларының суреті, қазақ ауылының көші, тұрмыс-салты бейнеленген көріністер (кілем, өрмек тоқу, ши өру, киіз басу, аң аулау, қыз ұзату, құдаларды күту, бүркіттің қасқырға түсуі, күйме, аттың үстіндегі жігіт, т.б.) ою-өрнектермен безендірілген. Сәтбай кесенесінің биіктігі – 5,7 м, ауданы – 8,2 х 8,0 м. Сәтбай кесенесі жергілікті маңызы бар ескерткіш ретінде мемлекеттік қорғауына алынған.