Оңтолағай – төбе. Дариялық Тақыр жазығының шығыс бөлігінде. Абс. биіктігі – 139 м. «Оң жақтағы төбе» мәніндегі атау.
Орта – құдық. Қызылқұмның солтүстік бөлігінде. «Суы орта белінен келетін құдық» мәніндегі атау.
Ортақшыл – ауыл, ауылдық округ орталығы. Шиелі кентінен солтүстік-батысқа қарай 25 км жерде, Сырдария өзенінің оң аңғарында орналасқан. Іргесі 1943 жылы құрылған Сырдария ұжымшары негізінде қаланған. 1975-97 жылдары қаракөл қойын өсіретін «Телікөл» кеңшары бөлімшесінің орталығы болған. Кеңес дәуірінде қойылған атау.
Өгейлібұлақ - бұлақ. Қаратау жотасының солтүстік-батыс етегінде.
Парнебек – құдық. Қызылқұмның солтүстік бөлігінде, Сырдария өзенінің аңғарында. Тереңдігі – 9 м, шығымы – 1000 л/с. Кісі есімінен қойылған атау.
Прогресс– ауыл. Шиелі кентінен оңтүстікке қарай 160 км жерде. Кеңес дәуірінде қойылған атау.
Сағатқалған – ауыл орны. Ауыл орны. Қызылқұмның солтүстік бөлігінде.
Сайқұдық – артезиандық құдық. Арысқұмның шығысында. «Сай табанындағы құдық» деген мағынадағы атау.
Сарыкөл – құдық. Қызылқұмның солтүстік бөлігінде, Сырдария өзенінің аңғарында.
Сарысу – құрғақ арна. Дариялық Тақыр жазығының солтүстік-шығысында, Ащыкөл ойпаңының батыс бөлігінде. «Кең су» мәніндегі атау (Е. Қойшыбаев, 1985). Э. Мурзаев (1984) сөздігінде сарысу «майлы, сары балшық, сары саз аралас, мөлдір емес су» делінген.
Сасыққара – төбе. Қаратау жотасының солтүстік-батыс бөлігінде. Абс. биіктігі – 264 м. «Сасық руының төбесі» мәніндегі атау.
Сегіз – қоныс. Дариялық Тақыр жазығының шығысында, Ащыкөл ойпаңының батыс бөлігінде.
Сейсенбай – артезиандық құдық. Қызылқұмның солтүстік-шығыс бөлігінде. Кісі есімінен қойылған атау.
Соркөл – көл. Дариялық Тақыр жазығының шығысында, Ащыкөл ойпаңының батыс бөлігінде.