Ұялы – ауыл. Жаңақорған кентінен оңтүстікке қарай 120 км-дей қашықтықта, Қызылқұмның солтүстік-шығыс бөлігінде.
Шалқия – кент. Жаңақорған кентінен солтүстік-шығысқа қарай 12 км жерде, Өгіз-мүйіз тауының оңтүстік етегіндегі сайлы-жыралы келген тау алды жазығында орналасқан. Кентте полиметалл кендерін өндіретін кеніш басқармасы орналасқан. Шалқия кентінің атауы осы өңірдегі Шалғая деген өзеннің атауымен аталған, кейіннен атауы Шалқия болып кеткен. Шалқия кенті әкімдігі 1986 жылы құрылған. Кент әкімінің қамтуында Құттықожа, Шалқия елді мекендері қамтылған.
Шалқия - кент, 2002 жылы құрылған, Шалқия, Құттықожа елді мекендерін қамтиды. Кент аудан орталығынан 7-8 шақырым жерде тау беткей бөлігінде орналасқан. Аумағында «Тау самалы» балалар тынығу лагері бар, сондай-ақ түрлі рудалар мен қазба байлықтар өндіретін кен өндіру орындары бар аймақ.
Шалқия – кен орны. Қаратау жотасының батысында, Сырдария өзенінің аңғарында, Жаңақорған кентінен шығысқа қарай 20 км жерде орналасқан. Кен орнын 1963 жылы Қаратау геологиялық зерттеу партиясы барлаған. Одан өндіруге болатын 15 элемент түрі анықталып, қоры 300 000 тоннаға бағаланды. 1975 жылдан кенішті қазу, бұрғылау жұмысы жаңарып, Жаңақорған стансасынан Шалқия кен орнына қарай темір жол тартылды. Игеру жұмыстарымен 1985 жылдан бастап «Ашполиметалл» комбинаты айналысты. Шал сөзінің атаулардағы берер мағынасы «ақ», «боз» екендігін ескерсек, Шалқия атауы тау жынысының, жер бетінің ақтеңбілденген бозғылт түсіне қарай қойылған. Топонимдік мағынасы: «ақшыл, бозғылт, кезеңді қия тау, осы тау маңындағы елді мекен».