Аша – құдық. Қаратүп түбегінде.
Ащықұдық – құдық. Арал теңізінің солтүстік-шығыс бөлігінде, Көктырнақ түбегінде. Ащы және құдық сөздерінен жасалған атау. Бұл сайда ащы сор көп болғандықтан осылайша аталса керек.
Әлибай – құдық. Баршақұмның оңтүстік-батыс бөлігінде. Кісі есімінен қойылған атау.
Әулие – қыстау. Баршақұмның оңтүстік-батыс бөлігінде.
Байқұн – бұлақ. Арал теңізінің солтүстік-шығыс жағалауында.
Байталыбұлақ – құдық. Арал теңізінің солтүстік-шығысында. «Байталы деген кісінің бұлағы» мәніндегі атау.
Байшора – мүйіс. Көктырнақ түбегінің шығыс бөлігінде. Ру атынан қойылған атау.
Балғабай каналы – жарма және Тұщы көлдерінің жүйесі. Балғабай Жолшыұлы атақты Нұржан Ишан атаның (1840-1922) әкесі.
Барсакелмес – түбек. Арал теңізінің солтүстік-шығыс бөлігінде. Теңіз суы тартылғанға дейін ұзындығы - 28 км , енді жері - 8 км, ауданы - 133 шаршы км арал болған (1987ж). Түбек ендік бағытта созылып жатыр. Жер қыртысы неоген шөгінділерінің сазды тақтатас және мергель тау жыныстарынан тұрады. Оның бетін төрттік кезеңнің шөгінділері жапқан. Жер бедері дөңесті-белесті болып келеді. Абс. биіктігі – 113 м (Шағалалы төбесі). Атаудың шығу тарихы жөніндегі аңыздардың бірінде: сол аралды қыстап шығуға барғандардың, қапелімде мұз түсіп кеткендіктен, құрлыққа қайта алмай қалғандығы жайлы айтылады. Сол себепті де Барсакелмес деп аталып кеткен.