Ақшабұлақ – құдық. Арал Қарақұмының оңтүстігінде.
Ақши – ескі мешіт. Жуанқұм өңірінде, Сырдария өзеннің аңғарында. Бұл жерде ақ ши көп, қалың өсетіндіктен Ақши аталған.
Алаайғыр – қыстау. Қазалы қаласының солтүстік – батыс бөлігінде, Сырдария өзеннің аңғарында. Осы қыстауда ала айғыр жайылып жүруіне байланысты не оның басқа да қасиетіне орай қойылған атау болса керек.
Алға ауылдық округінің тарихы 1929-1939 жылдар аралығында майда серіктестіктердің құрылуынан басталады. 1939-1950 жылдары Бозкөл, Жаңажол, Алға, Жаңабасшылық ұжымшарлары бірігіп, 1950-1963 жылдары Карл Маркс атындағы колхоз бөлімшесі, 1966-1984 жылдан бастап Октябрь күріш кеңшары, 1966 жылдан Алға атқару комитеті болып құрылған. Алға ауылдық округінің аталу себебі – қазіргі Ү.Түктібаев ауылының орналасқан жерінде Кеңес кезінде Алға ауылы болған.
Алпар – артезиандық құдық. Жуанқұм өңірінде, Сырдария өзеннің аңғарында. Кісі атынан қойылған атау.
Алтай – темір жол бекеті. Әйтеке би кентінен шығысқа қарай 6,5 шақырым жерде. Кісі есімінен не ру атынан қойылған атау.
Алтай құмы – жер атауы, құмды алқап. Қазалы темір жол стансасынан шығысқа қарай 3 км жерде орналасқан. Ұзындығы – 22 шақырым, енді жері – 15 шақырым-ға жетеді. Құм алқабы төбешікті келген. Мұнда № 96 темір жол айырмасы, Көбек елді мекені орналасқан. Осы жердегі құм төбелердің бірінде Кенесары хан басқарған ұлт-азаттық көтерілісте (1837-47) қаза тапқан батырлардың бірі – Алтайдың бейіті бар.
Алтыбай – артезиандық құдық. Арал теңізінің шығысында, Қызылқұмның солтүстігінде. Кісі есімінен қойылған атау.
Алтынкөл – сор. Арал теңізінің шығысында, Қызылқұмның солтүстік бөлігінде. Сордың түсіне байланысты қалыптасқан атау.
Алтынтапқан – қоныс. Арал теңізінің шығысында, Сырдария өзеннің аңғарында. «Осы жерден алтын табылған» деген мағынаны білдіреді.