Арықбалық ауылдық округі – 1928 жылы бұрынғы Қазалы уезі, Арықбалық болыстығы негізінде Арықбалық ауылдық кеңесі болып құрылған. Бұл округтен кезінде Көларық, Шәкен ауылдық округтері бөлініп шыққан.
Арықдығыр – төбе. Қазалы қаласынан оңтүстік – батысқа қарай 40 шақырым жерде. Абс. биіктігі - 86 м. «Кіші ойық төбе» мәніндегі атау болса керек.
Арыстан баб қорымы – Қазалы мен Арал ауданының шекарасында, Ақирек биігінде орналасқан. Бұл баба жөніндегі алғашқы деректерді Қазалыда қызмет істеген ғалым И. Аничков жинаған. Ел аузындағы әңгімелерге қарағанда Сырдария, Қамыстыбас, Райым көлдерінің ортасында арал болыпты. Басында бұлақ та болған көрінеді. Оны үдере көшкенде қарақалпақтар бұзып кеткен деседі. Бүгінде баба басына келіп ем алушыларға, зиярат етушілерге арналып үй салынған, шырақшысы бар.
Атанбай– бейіт. Қызылқұмның солтүстік бөлігінде. Кісі есімінен қойылған атау.
Аташ – ауыл орны. Қазалы қаласынан батысқа қарай 29 шақырым жерде, Сырдария өзеннің бойында.
Ащыкөл – көл. Қазалы қаласынан батысқа қарай 20 шақырым жерде.
Ащының сайы – құрғақ арна. Әйтеке би кентінен оңтүстікке қарай 105 шақырым жерде, Қызылқұмның солтүстік бөлігінде.
Ащысай – құрғақ арна. Арал теңізінің шығыс алабында, Қызылқұмның солтүстік бөлігінде. Ащы және сай сөздерінен жасалған атау. Бұл сайда ащы сор көп болғандықтан осылайша аталса керек.
Ащытелі – құдық. Арал Қарақұмының оңтүстігінде. «Екі ортадағы суы ащы құдық» мәніндегі атау.
Ащыұрғын – құдық. Әйтеке би кентінен солтүстік–шығысқа қарай 27 шақырым жерде. «Суы өте аз, ащы құдық» мәніндегі атау болса керек.