205
Тіршілік
Көктем келдi өлкеме,
Нұрландырып аймақты.
Арайланған дала төсiн,
Бозғыл сағым жайлапты,
– деп осынау
бiр шумақты аптыға оқып шығып, «ал, қалай екен!» де-
ген пiшiнмен алабұртқан балауса көңiл өрекпи барып тоқтады. Жау-
ап күткендей мұғалима бетiне қарады. Балалар арасынан мырс-мырс
күлкi естiлдi.
– Отыр! Тәртiбiң үшiн екi қоямын. Шәкiрт фамилиясының тұсын-
дағы кiлең «4» пен «5»-тiң жанына құйрығы қайқия түсiп «2» қонжиды.
Жас ұстаз шәкiртiнiң көктемде жаңа бой жазып келе жатқан көк
сияқты бас көтерген албырт сезiмiн басып тастағанын байқамай, әрi
қарай сабағын жалғастырды.
Осы бiр көңiлсiз жайды көз алдынан өткерiп, бiраз тұрып қалған
Бейбiт, ауыл сыртына қарай бет алды. Үйге барғысы келмедi. Жер
көгерiп қалыпты. Қар алғаш ерiп жатқан кезде, бәйшешектер бiр түрлi
суықтан жасқанып, әр жерде бүрiсiп тұрғандай әсер қалдырушы едi
оған.
Ендi мiне, күн көзi мейiрленген сайын даланы қаптап кетiптi.
Бейбiт өзiнiң ауыл маңайының әр тасын жатқа бiлетiндiгiн мақта-
ныш көретiн. Әкесi екеуi бұл маңайды талай аралаған. Түрлi шөптер
мен өсiмдiктердiң, сайлар мен төбелердiң аттарын үйретушi едi. Бей-
бiттiң кiшкентай кездерiнде-ақ, оны туған жердi, елдi сүюге баулитын.
Әлi есiнде, Бейбiттiң төменгi сыныпта оқып жүрген кезi болу керек.
Егiстiк суарып жүрген әкесi қос уысына қара бұйра топырақты уы-
стап тұрып, баласынан «мынау не?» деп сұрады. «Соны да сұрай ма
екен, бұл топырақ қой!» – деген әрi таңырқай қараған ұлына ол: «Бұл
әншейiн топырақ емес, туған жердiң топырағы, ұқтың ба,
туған жердiң
топырағы», – деген едi зекiп.
Қазiр де әке iздерi, оның әрбiр қадамы көкiрегiнде сайрап, жабырқау
сағыныш көңiлiн ұялап алды. Оның тiптi алақанының жылылығын да
ұмыта алар емес. Кейде апасына сағынышын айтқысы келетiн, сонда
бойы жеңiлдеп салатындай көрiнетiн. Әлденеше рет айтуға оқталса да,
ана көзiне ұялайтын мұңды елестетсе, бұл ойынан айнып шығатын.
Сағыныш сазы кеудесiн кернеп, аузын
ашса лықсып барып төгi-
летiн дей, асығып-аптыққан Бейбiт қалтасынан қаламын iздедi. Сөйттi
де, оқуға алып шыққан кiтабының соңғы ақ парағына жаза бастады.
206
Клара Қабылғазина
Әке, сенiң ұлылығың – ақындардың жырындай.
Әке, сенiң жылылығың – мынау күннiң нұрындай,
Пәктігіңді әке сенiң, еңлiк гүлге теңер ем.
Iстерiңдi әке сенiң, ерліктерге теңер ем,
– деп лақ етiп келiп қал ған, толқынның бiр легiнше қайтып кетiп
қалатындай көрiнген, көңiлге оралған
балауса буындарды Бейбiт
қағазға түсiрiп шықты. Бойы бiр түрлi жеңiлдеп сала бергендей,
көкiрегiн кернеген әлгi бiр белгiсiз сезiмнiң тиегi ағытылғандай бол-
ды. Қайталай, күбiрлей оқып шықты. Тұңғыш өлеңнiң алғашқы, әлi
көк шумақтары өзiне ұнап кеттi де, бар дауысымен саңқылдап, оқи
жөнелдi. Туындап келе жатқан балауса өлеңдi тыңдағандай айна-
ла, табиғат та маужырай қалыпты. Кеудесiн қысқан құрсау ажырап,
көкiрегi ашылып, дүние кеңи түскендей… Бұл – поэзия деген қасиетті
күштің алғашқы шарпындары болатын...