«Еңісте» деген үшінші тарауда - Абай Әйгерімді ғана алып, Ақшоқыға жаңа отау тігеді. Құс салып жүрген Құдайбердінің үлкен ұлы Шәкеге Абай мен Оспан жолығады. Тәкежан мен Қаражанның тұңғыш баласы Мақұлбай қайтыс болады. Құнанбай Мекке-Мәдинадан келгеннен кейін дүние ісіне араласпай, өз мекенін намаз оқитын орынға айналдырады. Базаралы төрт жылға жуық қажылықта болған Құнанбайға сәлем бере келеді. Жүзі нұрлы, жолбарыстай келбетті тұлғалы Базаралының жүдеп-жадаған күйін көріп, Нұрғанымға жаңа киім тіккізуге тапсырма береді. Үйіне сауын боларлық екі сиыр, бес құлынды биені жаздай саууға жіберткізеді. Құнанбай Мақұлбайдың жетісі өткенше Нұрғаным ауылына қайтпайды. Базаралыдан Нұрғанымды қызғанған Оспан бұл ауылға су бергізбейді. Бұған ыза болған Нұрғаным сазды жерде тұрған ас үй ішінен құдық қазғызады. Кейін Оспан мен Нұрғаным тартысы аңызға айналады. Әйгерім Абайдың жазып берген жоқтау өлеңін айтқанда Құнанбайдың өзі ден қойып тыңдап, Мақұлбайдың қырқы өткенше баланың жоқтауын тек Әйгерімге айтқызуды тапсырады. Ералыда болыстық сайлау өтеді. Андреев деген тілмашты жақсы танитын Абай советник Лосовскийге мән-жайды түсіндіріп, Базаралы жағында болады. Дәркембай, Базаралы бастаған қарапайым халық жеңіп, Тәкежанды жақтаған тентек ояз оны амалсыз болыстықтан түсі реді. Керімбаладан айырылған Оралбай тобықты, керей, сыбан, найманның үлкен байларына барымта жасап, ел бүлдіруді бастайды. Ералыдағы сайлауда оязға қарсы шыққан Абай қалаға жауапқа шақырылып, каталашкаға түседі. Құнанбайдың құдасы Тінібекпен араласатын Әлдеке деген бай саудагердің үш сәйгүлікті пәуеске мініп жүретін сері қызы Салтанат Абайды кепілдікке мың сом төлеп шығарып алады. Салтанат – Абайдың апайы Мәкіштің құрбысы.
Лосовский ояз болады. Ол Қызылмола, Қоңыркөкше, Шыңғыс болысы сияқты үш болыстың сайлауына Абайды қасынан тастамай, ертіп жүреді. Қызылмолаға Абайдың інісі Ысқақ болыс болады. Абай атағы жайыла түседі.
«Оқапта» деген төртінші тарауда Есқожа аулының ерке қызы, сәнді сұлу, әнші Үмітей Көкше Қаратайдың туысы Дүтбайға ұзатылмақшы. Тойда Құдайбердінің ұлы Әмір бастаған сал-серілер өнер көрсетеді. Той үстінде Үмітей Әмірге бұрылып кетеді. Ашуға булыққан Құнанбай Әмірді үйіне алғызып, еңкейіп сәлем бере бергенде, қылқындырып, өлтіре жаздайды. Әкесінің мінезін білетін Абай дер кезінде жетіп, Әмірді арашалап қалады. Абай Шәке, Ербол, Баймағамбет сияқты бір топ туыс-достарымен аңға шығып, ақ түтек боранда жолдан адасып кетеді. Сол жолы Мотыш руының Аққозы деген жігітіне ұзатылып кеткен ғашығы Тоғжанға кез болады.
«Асуда» деген бесінші тарауда ертегіші, әңгімешілдігімен атағы шыққан Баймағамбет Абай аулына келеді. Ол сюжетін Абай айтқан немесе басқа ел аузындағы оқиғаны баяндағанда жұртты аузына қаратады. Баймағамбет келіпті дегенді естігенде, әңгімесін тыңдауға ел адамдарымен қатар Абай балалары да келеді. Үйде Ақылбай, Әбіш, Мағаштар бар. Қаладан келе жатқан Жидебайдағы үлкен ауылдың көршісі Асылбай Абайға Михайловтың хатын тапсырады, Ресей патшасы өлтірілгенін хабарлайды. Орнына Александр ІІІ отырады. Абай мен Баймағамбет ертеңіне Семейге жол тартады. Жазушы Абайды Евгений Петрович Михайловпен ұзақ сөйлестіріп, оның өмір тарихынан сыр шертеді. Чернышевский туралы да айтылады. Дәркембай бастаған жатақтардың егінін Тәкежанның малы таптап, жеп және жеті жылқысы нұрлап кетеді.