3.4. Табиғи сәйкестік принципі
Тұлға дамуында нәсілдік (табиғи) жағдаяттардың үлкен маңызға ие екендігі ежелгі дүниеден-ақ белгілі болған. Тұрмыста ұдайы дәлелденіп келе жатқан бұл тұжырым уақыттардың өтуімен педагогиканың тұғырлы және жетекші принципіне айналды. Бұл принцип кейін келе табиғи сәйкестік принципі деп аталатын болды. Осы принцип адамға табиғаттың бір бөлігі ретінде қарау қажет екенін алға тартады, адамның табиғи күштерін арқау етіп, бұларды оның дамуына пайдалануды ұсынады. Ежелгі дүние ғылымы адам тәрбиесін табиғаттан бөлек жүргізілетін іс деп тіпті де ойына алмаған. Көне Рим ораторы Цицерон: «Егер біз табиғат ізінен көсемге ергендей жүретін болсақ, еш уақытта да адаспаймыз» - деп ұрандаған. Ұлы Я.А. Коменский бірнеше ғасырлардан кейін ұмыт қалған табиғи сәйкестік идеясын қайта көтеріп, оның тәрбиедегі маңызын ашып берді. Тәрбиенің табиғи сәйкестік принциптері осы ұлы педагог – ғалымның «Ұлы дидактика» кітабында мейлінше толық келтірілген. Я.А.Коменский тәрбиенің табиғи негіздемелерін қадам-қадаммен ашып берді. Олардың қай-қайсысы да жоғары мән-мағыналылығымен және ғылыми қисынымен ерекшеленеді. Төменде «Ұлы дидактика» кітабынан келтірілген сілтемелер мұның айғағы:
Табиғат еш нәрсені өз мезетінсіз іске қоспайды.
Табиғат өз әрекеттерін сапырылыстырмайды, әрқайсысын өз алдына, белгілі тәртіпте орындайды.
Табиғат өзінің әрқандай әрекетін ішкі құрылым түзуден бастайды.
Табиғат қандай да қалыптастыру ісін жалпыдан бастап, ерекшесімен тамамдайды.
Табиғат әрқандай қарама-қарсылықтар мен зияндыларды мұқият айналып өтеді.
Табиғат ешқашан жарамсызды пайдаланбайды.
Табиғат материяны формаға келетіндей етіп пайдаланады.
Табиғат жеңілден қиынға қарай қозғалыс жасайды.
Табиғат өзіне артық жүктеме алмайды.
Табиғат асықпайды, алға қарай жайымен ілгерілейді.
Табиғат ешнәрсені өзі пісіп жетілмей, сыртқа шығаруға асықпайды.
Табиғат әрдайым өзіне көмектеседі.
Табиғат барша затты тұрақты байланысқа келтірген.
Табиғат заттардың сандық және сапалық қатнастары арасында теңдік сақтайды.
Шәкірттің табиғатына тән емес нәрсенің бәрі ол үшін жат.
Мұғалім табиғаттың үкімшісі емес, оның жәрдемшісі; оны түзуші емес, жаңалаушы.
Я.А.Коменскийдің табиғи сәйкестік принципін Джон Локк қуаттап, әрі қарай дамытты: «Балалармен тәрбие қатнасына түскен әрбір адам, олардың табиғатын мейлінше зерттеп, тумадан берілген нышандарын айқындауы, оларды қалай жетілдіру және қалай пайдалану керек екенін ойластыруы қажет».
Осы принциптің әсеріне көзі жеткен И.Г. Песталоций былай депті: «Қалаған ғылыми пәннің ізгі нәтижесі – адам табиғатын жетілдіру, оны дамытып, мүмкін болған жоғары деңгейге көтеру. Ғылым дамуы емес, ал сол ғылымның арқасында адам табиғатының дамуы… қасиетті міндет. Сондықтан, адам табиғаты ғылымға сәйкестендірілмей, керісінше, ғылым адам табиғатына икемдестірілуі тиіс».
Ұзақ уақыт желісінде табиғи сәйкестік принципі педагогикадан тыс, ұмыт қалды. Осы принципке қайта оралумен мектеп педагогикасы не ұтуы мүмкін? Бұдан біздің ұтатынымыз – ең алдымен балалардың мүмкіндіктерін түсіну. Бұл арқылы теңестірілген шәкірттерге арналған бірдей мектеп бағдарламалары және мектеп пәндерін игеру қабілеттері әртүрлі болған балалар арасындағы қайшылықтарды үйлестіре пайдалануға болады.
Табиғи сәйкестік принципін жадтан шығарудан көп елдерде тәрбие дағдарысы өріс алды. Тәрбиеленушілер денсаулығының төмендеуін, адамгершіліктің кері кетуі және психикалық ауытқуларды көзімен көрген бұл елдердің педагогтары өз қателерін мойындаудан қорықпай, ғасырлар таңдауынан өткен дәстүрлі педагогикаға қайта мойын бұрды. Бұл жөнінде неміс профессоры Л.Гурлитт: «Денсаулық құнымен қолға енген мәдениет түкке де тұрмайды, ол мәдениетсіздіктен зияндылау, өмір сүруге пайда бермейтін дайындықты өмір мақсаты деп атауға болмайды. Бізге мүгедек, тар кеуделі, тауық көзді, қаны жетімсіз, жүйкесі шаршаған, сондықтан да босбелбеу де аурушаң адамдарды дүниеге келтіретін бүгінгі тәрбиеміз түп тамырынан жойылып, халықтар өмірінен аласталуы тиіс». Біздің елімізде мектеп мерзімінің ұлғайтылуы, бағдарламалардың жеңілдетілуі, бала тәрбиесі сапасының көтерілуі тәлім-тәрбиенің қоғамда қалыптасып жатқан, дұрыс жолдары мен прнциптерінің қайта қолданымға келуінен. Егер әрбір педагог осы табиғи сәйкестік принципі талаптарына орай қызмет етсе, тәрбиедегі қате – кемшіліктер азайып, ал оның нәтижесі әлдеқайда көтерілер еді.
Достарыңызбен бөлісу: |