Сақ Қайрат Өмірбайұлы



Дата28.01.2018
өлшемі85,36 Kb.
#35003
Сақ Қайрат Өмірбайұлы.

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті

ф.ғ.к., доцент, ЕҰУ профессоры

ТАУ ТҰЛҒА
«Тауман Амандосов!

Егемен Қазақ мемлекетіндегі қаламгер атаулыда бұл есімді білмейтін адам бүгінде кемде-кем. Өйткені ол 40 жыл меғдарында тапжылмай, табан аудармай күллі қазақ жорналшылығының тұтқасын ұстап отырғандардың бірі болды. Қазақ университетінде оқып, қазақ баспасөзіне жолдама алғандардың бәрі – осынау әйгілі білім-ілім-ғылым ордасында бірде проректор, бірде декан, бірде кафедра меңгерушісі болып бүкіл саналы ғұмырын адам тәрбиесіне арнаған профессор Амандосовтың шәкірттері. Тәкең олардың әрқайсысын өзі баулып-түлеткен қыран бүркіттей көретін. Әрқайсысын маман ретінде мақтаныш тұтатын, әрқайсысының қалам ізіне қызыға, қызғана қарайтын.

Дүниеде адам тәрбиелеуден артық ардақты іс, абыройлы әрекет жоқ. Ұстаздық – ұлы нәрсе! Тәкең осындай ұлылық өлкесінің өкілі еді. Табиғаты тап таза, жан жүрегі кіршіксіз әппақ, тұла бойы толы мейірім еді»,– депті Тау тұлға туралы жанында қатар жүріп, өмірдің ащы-тұщысын бірге кешіп, биікке бірге самғаған әріптес-інісі, алты алашқа аты әйгілі сөз зергері Зейнолла Қабдолов.

Ұстаз. Ғалым. Қаламгер. Қайраткер. Ортамызда болса, дәл осы күндері 90 жылдық мерейтойын атап өтіп жататын Амандосов ұстаздың төрт тағаны. Айтуға ғана жеңіл, ал тереңіне бойласаңыз шеті жоқ шексіз дария. Сондықтан да тұлға жайлы сарқып айтпақ тұрмақ, бетінен қалқып баяндаудың өзі біршама ыждағатты ізденуді қажет етеді.

Екінің бірінің қолы жете бермейтін биікті бағындыру, әрине, Тау-ағаға оңай соқпағанын былайғы жұрт біле бермейді. Балалар үйінен бастау алатын шырғалаңға толы өмір жолы оны әбден сынақтан өткізіп барып, шығармашылық атты майданға алып шыққанын кейінгі жас қайдан білсін? Бұл жөнінде қазақ сөз өнерінің саңлағы Хамит Ерғали бүй деп еске алады: «Екеуміз де жетімнен жетілген, адал жанның сарқытын Алланың берген несібесіндей қастерлеген, түнергеннен түңіле де білген пендеміз. Сондықтан бізді түсіну – оңайдың оңайы.

Өзара шүйіркелесіп, іш ашысқанда арқандаулы аттай айналып табатын түпқазығымыздың төркіні осыған сая беретін. Шынында да ол аузын ашса, көмейі көрінетін ақпейіл, ойдағысын іркітпейтін барынша батыл, бірсөзді бітім болатын. Адамға қайрым-рахым істеудің риясыз жолын оған өз басына түскен ауыртпалық танытты. Ол ұлағатты ұстаздық дәрежесіне жетім бөбек шағында біреуі кесіліп қалған жалғыз аяқпен жанығып көтерілді. Сол кемтарлықтың есесін ол ерлікпен, қазымыр білімдарлықпен қайтарды».

Тау тұлға бар саналы ғұмырын қазақ журналистикасын көркейтуге арнады. 1942 жылы қазіргі Атырау қаласында шығып тұрған облыстық «Социалистік құрылыс» газетіне әдеби қызметкер болып еңбекке араласқан кезінен бастап журналистикадан бір елі ажырамай, қаламгерлікті өмірлік серігі етті.

1946 жыл – жиырма бес жастағы Тауман аға өміріндегі ең бір шешуші кезең. Осы жылы талайлардың биік арманы болған атақты ҚазМУ-дің филология факультетінің журналистика бөліміне оқуға түсті.Соғыс жаңа аяқталып, елдің тұрмыс-тіршілігі әлі түзеле қоймаған жұпыны кез.Балалар үйінен шыққан шәкіртке оқу оңайға соқпағаны айтпаса да түсінікті.Бағына қарай, Қазақстан Компартиясы орталық комитеті жанындағы партия тарихы институтында кіші ғылыми қызметкер атқаратын аудармашылық жұмыс табылып, оқуын еңбекпен ұштастыруына тура келді.Сол кездегі атақты аудармашылар С.Байішев, Ж.Жантурин, Қ.Сағындықовтардың ақыл-кеңесін тыңдап, тәжірибе жинақтап, кеңес жазушыларының бірқатар шығармаларын қазақ тіліне аударуы – талантты аудармашы Амандосовтың алғашқы айтулы табысы болды. Атап айтқанда, С.Л.Лупоновтың «Әлемнің ашылуын», Н.Касильдің «Теңіз қашығындағысын» және А.Сафроновтың «Өкімет» атты пьесасын қазақша сөйлетуі кезінде жоғары бағаланғанын еске түсірсек те жеткілікті.

1950 жылы оқуын үздік дипломмен тәмамдаған жас маманды қасиетті білім ордасы – ҚазМУ ұстаз етіп өзінде алып қалуы, жай оқытушы емес, бірден аға оқытушы болып қызметке қабылдануы тегін емес-ті. Жастығына қарамастан ұйымдастырушылық қабілетімен көзге түскен Тауман Салықбайұлы 1952-1954 жылдар аралығында ҚазМУ-дің сырттай оқу жөніндегі проректоры қызметін абыроймен атқарды. Сөйтіп, қазақ журналистері арасынан жоғары оқу орнының биік лауазымына алғаш қол жеткізген талант иесі болып тарихта аты хатталды. Көрнекті қаламгердің ғылым жолындағы жеңістері де ауыз толтырып айтарлықтай. 1955 жылы «Қазақ кеңес әдебиетіндегі халықтар достығы идеясы» деген тақырыпта кандидаттық диссертациясын сәтті қорғап, бірінші оппененті – әлемнің Әуезові атанған Қазақ ССР Ғылым академиясының академигінен бата алды. «Батамен ер көгерер» демекші, ғалым Амандосовтың жолы даңғыр болды. Қазақ кеңес журналистикасының тарихы мен теориясын және алғашқы ұлт публицистері шығармашылығын зерттеп, зерделеді. Осы бағытта 100 баспа табақтан артық ғылыми еңбек жариялап, артында өлмес мол мұра қалдырды. 1982 жылы Мәскеуде МГУ-дың профессоры, әлемге әйгілі ғалым Ясен Николаевич Засурскийдің жетекшілігімен «Қазақ публицистикасының тарихы, өркендеуі және проблемалары» атты докторлық диссертация қорғап, Қазақстанда журналистика теориясы бойынша тұңғыш ғалым докторы ғылыми дәрежесін алды. «Журналистика» мамандығы студенттеріне арнап шығарған «Қазақ кеңес баспасөзінің жанрлары» атты қазақ тіліндегі тұңғыш оқулықтың авторы.Сонымен бірге 11 монографияның, соның ішінде күні бүгінге дейін студент-журналистердің қолынан түспейтін «Публицистика – дәуір үні», «Газет жанрлары», «Журналист және өмір» атты айтулы оқу құралдарының иегері.

Ғалымдықты ұстаздықпен ұштаған, сонымен бірге еліне қаламгерлікпен танылған Тауағаның қайраткерлік қызметі де көңіл төрінен орын иемденері хақ. 1958 - 1966 жылдар аралығында қазақ білімінің қара шаңырағы ҚазМУ-дің филология факультетінің, алдымен, бір жыл декан орынбасары, одан кейін атандай тоғыз жыл тапжылмай деканы қызметін абыроймен атқаруы – айрықша әспеттеп айтуды қажет ететін елеулі еңбек. 1966 жылы Тауман Салықбайұлының ұсынысымен филология факультеті құрамындағы журналистика бөлімі негізінде ҚазМУ-де журналистика факультеті ашылды.Ол осы факультеттің тұғыш деканы болып сайланып, осынау абыройлы міндетті 1971 жылға дейін үлкен жауапкершілікпен, толымды табыстармен атқарды. 1969 жылы факультетте телерадио кафедрасының ашылуына ұйтқы болып, оған жетекшілік жасаса, 1976 жылдан өмірінің соңғы сәтіне дейін замандастары Амандосов кафедрасы атап кеткен «Журналистік шеберлік және әдеби редакциялау» кафедрасының меңгерушісі міндетінде де үлгілі өрнек көрсетті.

Тауман Салықбайұлы 1970 жылы Ереванда өткен Азия мен Африка елдері журналистері симпозиуымына қатысып, қазақ елі атынан жалпақ әлемге сөз арнады. Қазақстан Журналистер одағының ІІ,ІІІ,ІҮ,Ү съездерінің делегаты болып сайланып, 1972 жылдан бастап осы одақ басқармасының мүшесі болды. Көп жылдар бойы Журналистер одағының ең беделді Алматы бөліміне жетекшілік етті. Осы ұйым жанынан журналистік шеберлік университетін ұйымдастырып, оның ректоры ретінде қазақ журналистикасының қарыштап дамуына сүбелі үлесін қосты. Кеңес одағы мен Индия елі достығы қоғамының қазақ бөлімі президиуымының мүшесі болған кезінде қайраткерлік тынысының кеңдігін таныта алды. Осы міндет аясында Индия еліне екі рет іссапармен барып, халықтар достығының нығаюына көп еңбек сіңірді. Жолсапар очерктерінің негізінде жарық көрген «Гималайдың арғы бетінде», «За Гималаями» атты кітабы екі ел достығын жалпақ әлемге жария етті.

Осыншама мол ғылыми-ұстаздық қызметі кезінде толық бағаланды деуге аузымыз бармайды. 1982 жылы Қазақ КСР Жоғары мектебінің еңбек сіңірген қызметкері атағын иемденгеннен басқа мемлекеттік марапаттау көрмеуі сөзіміздің жаны бар екенін аңғартады. Дей тұрсақ та, Тауағаны бақытсыз жан дей алмаймыз. «Шәкіртсіз – ұстаз тұл» демекші, туған халқына қалтқысыз қызмет ететін қалың шәкірт тәрбиелеп, шын бақытқа бөленді. Есепсіз ұшан-теңіз еңбегінің өтеуі – артында қалдырған мол мұрасы, жүректеріне нұр ұялатқан шәкірттері тұрғанда Тауағаның аты өшпек емес, даңқы аспандап, асқақтай беретіні хақ.

Осы орайда, Таукеңді айрықша құрмет тұтқан алты алашқа аты мәлім тарихшы-ғалым Манаш Қозыбаевтың төмендегі естелігі шынайылығымен құнды: «Өмірге келген пенде өзіне тиісті үш міндетті орындауы парыз. Бұ ретте Тәкең орда тігіп, қара шаңырақ тұрғызды, перзенттерін аяқтандырды. Ол ағаш өсірмеді, есесіне жүздеген, мыңдаған шәкірт тәрбиеледі. Орыс қызметкерлерінің «Біз Гогольдің шинелінен шықтық» дейтіні сияқты, еліміздегі кәсіби жорналшылықтың қалыптасуы мен дамуы осындай үлкен жүрек иесіне қарыздар. Бұл күні қазақ баспасөзінің тұтқасын ұстап жүрген журналистердің басым көпшілігі – Тәкеңнің шәкірттері. Тәкең аз ғана өмірінде өзіндік із қалдырды. Ендеше, оның аруағы бүгін де біздің арамызда, біздің жадымызда».

Тауекеңнің шәкірттері мыңдап саналады.

Ұстаздықты тек білім берумен шектесек, қателескен болар едік. Мұны бір ғана қыры десек, одан басқа да өлшем таразысы болуға тиіс қой. Киім киіс, жүріс-тұрыс, мінез-құлық - бар мәнері, болмысымен шәкірт жанын жаулап, оны адами өмір сүруге баули алатын оқытушы ғана ұстаз атануға әбден лайық. Біз білетін Амандосов сондай жандар қатырынан болатын.

Мұнтаздай таза киімін қыл түсірмей күтіп киетін, жаны жайсаң ұстазға шәкірттері қызыға қараушы едік. Тұла бойынан тазалықтың, менмендіктің емес, тәкәпарлықтың табы сезілетін ағайымыз аяғын сылтып басып аудиторияға кіргенде ортамызға ерекше шуақ қоса енетін. Барлығымыз орнымыздан өре түрегеліп, ұстазға ерекше ықыласымызбен ілтипат көрсетіп жататынбыз. Ол асықпай, аудиторияны сырлы жанарымен бір шолып шығып, сонан кейін барып орнына қарай беттеп, бізге отырыңдар дегендей ишарат ететін. Әр жолы қайталанатын осы бір үнсіз тілдесуден-ақ ұстаз бен шәкірт түсіністігінің әсерлі лебі есіп тұратын.

Тауағаның ерекше қасиеті шәкірттерін алғаш көргеннен-ақ ішкі жан дүниесін, таланты мен талабын тапжылтпай танитындығы еді. Бұл тума дарын иесінің ерекше қасиеті екендігіне енді көзіміз жетіп жүр. Мыны жай еріксіз таң қалдырмай қоймайды. Таукең бірінші курс студенттеріне «Журналистикаға кіріспе» деген пәннен сабақ беріп, семестр соңында сынақ алатын. Сондағы бағалары шәкірттерінің болашағын айқындап қойғандай дәл берілетініне тәнті болмай көріңіз. Ол «өте жақсы» деп жоғары бағалаған балалар – бүгінде ел сенімін ақтап жүрген журналистер.

«Тәкең адамды қабілетіне, жұмыс істей білуіне қарай бағалайтын, оның ең бір жақсы қасиеті – ешкімді алаламайтын, жершіл емес еді. Тәкеңнен кейінгі ұрпаққа қалатын үлгі болса, міне, осы болуға тиіс»,– деген көрнекті қаламгер, әдебиеттанушы-ғалым Шериаздан Елеукенов сөзінің жаны бар. Ол дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома.

Тауаға менің диплом жұмысымның жетекшісі болды. Бұл 1990 жылдың жазы еді. Арада жетпіс жылдай уақыт салып, ардақты алаш азаматтарының бірінен кейін екіншісі ақталып, өшкеніміз жанып, өлгеніміз тірілгендей мәре-сәре болып жатқан уақыт. Қайта құру, жариялылықтың лебі есіп, ой санадағы дүбір қоғамдық қым-қиғаш оқиғалармен астасқан тұс. Осының бәрі Таукең секілді сыртқы әсерді жан дүниесімен сезініп, жүрегіне жақын қабылдайтын шығармашылық адамы үшін оңай соқпағаны белгілі. Жетекшім жүрек сырқатымен қалалық кардиология ауруханасына жатып қалды.

Диплом жұмысымның тақырыбы «Міржақып Дулатовтың журналистік қызметі» деп бекітілген болатын. Алаш ардақтысының Қазақстан Компариясы орталық комитеті құрған арнайы комиссиясының шешімімен 1989 жылы 28 маусымда толық ақталып шыққаны баршаға аян. Бірақ, бай шығармашылық мұрасы әлі зерттелмек тұрмақ, жинақталып үлгермеген елең-алаң кез-тұғын. Қол жеткен мұрағат материалдарымен танысып, сол кездегі А.С.Пушкин атындағы кітапхана мен Ұлттық ғылым академиясы кітапханасының сирек қолжазбалар қорында сақталған ХХ ғасырдың басындағы газет-жорнал тігінділеріндегі жарияланымдарды жинап, өзімізше талдап, диплом жұмысымды жазып бітірдім де, жетекшіме ауруханаға апарып бердім. Бұл жұма күні болатын. Ол толық танысып шығуға үш күн керегін айтып, жетекші пікірі үшін дүйсенбіде келуімді тапсырды.



Келіскен уақытта ауруханадағы Тауекеңнің палатасына кіргенімде жетекшім мені ерекше ықыласпен жылы қарсы алды. «Қолыңа қалам-қағаз ал»,- деді де, сосын шеттегі орындық пен үстелді нұсқады. Өзі бөлмені ары-бері кезіп, ұзақ ойланып жүрді де, бір мезгілде жаз дегендей белгі берді: «Өртенген қара ормандар,- деп бір тоқтады, тағыда ойланып тұрып, –сыңсыған үн»,- деп сөзін жалғады. Бөлмені тағыда үнсіздік басты. Ол өз ойымен, мен өз ойыммен әуремін. «Апырмау, дипломға пікір деген бұлай жазылмаушы еді ғой» деймін іштей қобалжып. Ол ойымды оқып қойғандай , сөйлемді жалғастыра жазуға ишарат етті де, былай деп іліп әкетті: «Алып ұшқан жүрек лүпілі осы жас студентті толғантады, ойландырады. Талай ардақтар, талай данышпандар өртенген тоғайдың қасіретті халін көріп қайғырады, жанын ауыртады. Сөйтіп, өртенген орманның шалағой жыртық жапырағын қайта көктеуге әрекет етеді, ұмтылады». Осы сөздерден кейін ол менің арқамнан мейірлене қағып, ұстаздық ризалық сезімін білдірді де, пікірінің қалған бөлігін тездетіп айтып шықты. Осы сәт мәңгілік есімде сақталып қалды. Ал «өртенген қара ормандар, сыңсыған үн» халқымыздың ұстаз көңілінде шер боп қатқан тағдыры талай тарихының образды көрінісі деп ұқтым.



Каталог: bitstream -> handle -> data
data -> Шындалиева М. Б
data -> Бейсенбай Кенжебаев алаш туы астында (мақалалар мен зерттеулер)
data -> М. Б. Шындалиева Филология ғылымдарының докторы, профессор
data -> Олжабай Нұралыұлының шығармашылық мұрасы хаһында
data -> Оқулық Астана, 2012 Қазақстан республикасының білім және ғылым министрлігі
data -> Қазақ очеркі
data -> Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия
data -> -
data -> МЕҢдігүл шындалиева қазақ очеркінің поэтикасы (монография)
data -> МЕҢдігүл бұрханқызы шындалиева уақыт және суреткерлік шеберлік: жанрлар поэтикасы


Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет