ЖАҢА ӘЛЕМДЕГІ МҰҒАЛІМ КЕЛБЕТІ Қапар Ұ .(Қызылорда) «Білім беру жүйесінің басты міндеті ұлттық және жалпы адамзаттық құндылықтар ғылым мен тәжірибе жетістіктері негізінде жеке адамды қалыптастыруға , дамытуға және кәсіби шыңдауға бағытталған білім алу үшін жағдайлар жасау»
«Білім туралы» заңынанҚазақстан Республикасының «Білім туралы» заңында «білім беру жүйесінің басты міндеті ұлттық және жалпы адамзаттық құндылықтар ғылым мен тәжірибе жетістіктері негізінде жеке адамды қалыптастыруға, дамытуға және кәсіби шыңдауға бағытталған білім алу үшін жағдайлар жасау» делінген.
Қазақстан Республикасында білім берудің дамытудың 2011 – 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында «экономиканың орнықты дамуы үшін сапалы білімнің қолжетімділігін қамтамасыз ету арқылы адами капиталды дамыту, білімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыру, жеке тұлғаның қажеттілігін қанағаттандыратын және білім беру саласындағы үздік әлемдік тәжірибелерге сай келетін білім сапасының жоғары деңгейіне қол жеткізу» міндеті қойылып отыр.
Педагогикалық қызмет — қоғамдық құбылыс. Қоғамдық қарым – қатынастың өзгеруі, өндірістің жетілдіруі, әлеуметтік прогресс педагог кызметінің мазмұндық сипатын өзгертуді талап етеді, себебі ол қоғамның әлеуметтік сұранысын қанағаттандыру тиіс.
Қазіргі заман мұғалімі қоғамдық дамудың деңгейінен көрінетін, оның әлеуметтік парызына жауап беретін , жаңалыққа жаны сергек, педагогикалық құбылыстардың барысын идеялық адамгершілік тұрғысынан шеше алатын, жаңаша ойлау дағдысын меңгерген, балалардың талапкерлігі мен қабілетін, өздігінен еркін дамуын ұйымдастыра алатын, әрі шығармашылықпен еңбек ете алатын маман.
Жас ұрпақ тәрбиесі, оның жеке тұлғасының жаңаша қалыптасуы, әлеуметтік дүниеге көзқарасы , жалпы болмысы ең алдымен мұғалімге байланысты. Көрнекті педагог В.П. Сухомлинский «егер мен сабақ беруші ғана болсам педагогтық деңгейге көтеріле алмас едім, шәкірттерімнің жүрегі мен үшін қақпасын мәңгі ашпас тас қамалдай болып қала берер еді», деген тұжырымдамасы педагогикалық қызметтің мәнін аша түседі. Жаңару жолындағы Қазақстанға жаңаша ойлайтын өмірге көзқарасы тың, ақыл – ой және шығармашылық әлеуеті қалыптасқан, рухани адамгершілік мәдениеті жоғары шығармашыл мұғалім қажет.
Сапалы білім беру үздіксіз ізденумен тығыз байланысты. Үздіксіз іздену бүгінгі таңда мұғалімге қойылып отырған басты талаптардың бірі. Мұғалім өз функциясын ойдағыдай атқару үшін нені меңгеруі қажет?
Әрбір маманның қызметіне қажетті кәсіби біліктер болуы тиіс. Осы ретте математика пәні мұғалімінен арнайы математикалық білім ғана емес, педагогтық қызметке шығармашылықпен қарау, өз білімін үздіксіз жетілдіріп отыру қабілеті де талап етіледі.
Америкалық педагог — математик Д.Пойа былай деген: «математиканы білу деген не? Бұл есептерді шығара білу, онда стандарттық есептерді ғана емес, ойлаудың еркіндігін, сананың сауаттылығын, өзіндік болмысты, тапқырлықты керек ететін есептерді шығару»
Оқушылардың математикадан өзіндік іс – әрекетін қалыптастыруда есеп шығарудың ролі зор. Осыған орай математика сабағында мұғалім есеп шығару барысында мынадай қызметтерді бөліп қарауы тиіс.
оқыту — математикалық білім, білік және дағды жүйесін қалыптастыру.
тәрбиелеу – қызығуды, танымдық дербестігін, жеке қасиеттерін қалыптастыру.
дамыту – математикалық ойлауды және шығармалық қабілетті дамыту.
бақылау – бұл жерде есептер нақты математикалық білім, білік дағдыны бақылау мен бағалаудың құралы болып табылады.
Математика мұғалімінің жеке тұлғасы, білімі, нақтылығы, оқушымен қарым – қатынасы әдістемелік шеберлігі – оқушының білімге деген ынтасын арттыру кепілі. Мұғалім оқушының қызығушылығын туғызуда басты роль атқарады. Ең бастысы ол оқушының танымдық қабілетін дамыту арқылы шығармашылыққа баулитын жұмысын ұйымдастырушы болмақ. Осы орайда мынадай нұсқаны басшылыққа аламын.
Математика пәнінің өзге пәндерге қарағанда өзіндік қиыншылықтары да бар. Қайсыбір оқушы болмасын осы пән туралы сөз қозғасақ бұл пәнді меңгере алмай жүргенін, оған деген құштарлығының жоқ екенін айтады. Бұл мәселені шешу мұғалімнің кәсіби шеберлігіне байланысты. Математика сабағында жоғарыда аталған қиындықтарды жеңіп, оқушылардың белсенді іс –әрекетін қалыптастыру мақсатында өз сабағымды түрлендіре отырып, әртүрлі әдіс – тәсілдерді пайдалана отырып өтемін. Атап айтқанда «Қарапайым тригонометриялық теңдеулерді шешу», «Туынды тарауын қорытындылау», «Логарифмдік теңдеулерді шешу» т.б тақырыбындағы ашық сабақтарымды оқытудың түрлі әдістерін қолданып түрлендіре өту арқылы жақсы нәтижеге жеттім. Сабақтың тиімділігін арттыру және оқушылардың пәнге қызығушылығын тудыру жолдарының бірі – сабақ барысында математика тарихының элементтерін, математикалық туралы қызықты материалдар, әр түрлі қызықты есептер, логикалық тапсырмалар, түрлі ойындар қолдану. Математикалық ұғымдарды түсіндіру, бекіту кезінде халық педагогикасының элементтерін қолдану оқытудың сапасын біршама жақсартады.
Математиканың мәні мен маңызын тек сабақ үстінде ғана ұғындырып қоймай, пәнге қызығушылығын арттыру мақсатында сабақтан тыс жұмыстар да ұйымдастырылады. Атап айтқанда пән үйірмелері, пән апталықтарын жүйелі түрде өткізіп отырамын. Үйірме отырысында ұлттық ұғымдарды, халықтық педагогика элементтерін математика заңдылықтарымен байланыстыра отырып, қарастыру оқушылардың қызығушылығын туғызады. Пән апталықтарында өткізілген «Интеллектуалды олимпиада» , «Миллион кімге бұйырады», «Табиғат құбылыстары математика заңдылығына бағынады» т.б іс-шаралар пән мұғалімнің шығармашылық ізденісін қалыптастырумен бірге оқушылардың пәнге құштарлығын арттырады.
Жалпы білімді жетілдіру негізіне құзыреттілік тұрғысынан қарау ұйғарымы бүгінгі күннің басты талабы. Құзыреттілік – алынған білім мен білікті тәжірибеде күнделікті өмірде қандайда бір практикалық және теориялық проблемаларды шешу үшін қолдана алуға қабілеттілікті білдіреді.
Құзыреттілік тұрғысынан қарауды жүзеге асыру кәсіптік салада арнаулы пәнді оқыту барысында, өндірістік оқуда математика сабағында алған білім, біліктерін қолдана білу болып табылады. Мысалы тригонометриялық ұғымдарды теміржолда cтрелка бұрмаларында қолдануға болатынын, ал геометриялық денелердің қасиеттерін өндірістік оқуларда, шеберханаларда өнім жасау барысында қалай қолдануға болатынын түсіндіріп отырамын.
Мұғалімнің кәсіби шеберлігін шыңдауда әдістемелік бірлестіктің, пән секциясының ролі зор. Осы орайда біздің оқу орнында бірнеше пән секциясы құрылған. Жаратылыстану бағытындағы пән секциясының жетекшісі ретінде де біршама игі істердің куәсі болып жүрмін. Секция жұмысын жоспарлағанда бірнеше бағыттарды таңдап аламын. Атап айтқанда:
мұғалімнің кәсіби шеберлігін арттыру мақсатында оқу үрдісіндегі жаңа ақпараттарды меңгеру.
оқушылардың пән бойынша білім нәтижесіне жету мақсатында апталықтар, пән үйірмелерін өткізу. Мұғалімнің шығармашылық ізденісін арттыру мақсатында ашық сабақтар өту.
мұғалімнің кәсіби өсуі үшін атқарылатын жұмыстар (педагогикалық оқуларға, ғылыми конференцияларға, түрлі байқауларға қатысу)Сондай – ақ оқушыларды пәндік олимпиадаларға әзірлеу, ғылыми жобалар жасату сияқты жұмыстар да мұғалім шеберлігін шыңдай түседі.Өйткені мұғалім өзгені оқыту арқылы өзі де оқиды, ізденеді.
Осы айтылған іс-шаралармен мұғалімнің қызмет аясы шектеліп қалмауы тиіс. Мұғалімдік мамандық – өмір бойы оқып өтетін мамандық. «Ұстаз — үйрену барысында ғана ұстаз, үйрену тоқтаған кезде ұстаздық та тоқтайды» деген ұлы адамдар пікірі бұған дәлел.
Мұғалім еңбегінің ақырғы өнімі оқушы. Қазіргі таңда оқушы бұрыңғыдай мұғалім берген білімді қабылдаушы емес, өзі де білім алу үрдісіне белсене араласады. Ал мұғалім оқушының білім алуына жағдай туғызушы. Мұғалім еңбегінің түпкі нәтижесі өмірге жан – жақты бейімделген оқушы тұлғасын тәрбиелеп шығару.
Ш.Құдайбердіұлының «Адамның өсуіне үш сала негіз болады, олар: адал еңбек, мінсіз ақыл, таза жүрек» деген пікірі мұғалімге арнап айтылған сияқты.
Мұғалімнің қазіргі қоғамдағы орны мен оның қызметінің мәні туралы өзімнің пікірімді қорытындылай келе жаңа әлемнің жаңашыл мұғалімінің моделін төмендегіше бейнелеймін.
Қазақстан Республикасында білім берудің дамытудың 2011 – 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында: «Мұғалімнің кәсіби беделін көтеру мақсатында қоғамда педагогтың оң имиджін қалыптастыру жұмысы жүргізілетін болады» деп атап көрсетілуі мұғалімнің қоғамдағы мәртебесін көтеріп, мұғалім келбетін айқындайтын игі қадам болмақ.