Қожа мұхтар баһадырұлы ортағасырлық Отырар: тарихи-археологиялық деректер негізінде


«Отырар қалалық мәдениетінің этникалық аспекті»



бет40/53
Дата06.02.2022
өлшемі1,05 Mb.
#37498
түріДиссертация
1   ...   36   37   38   39   40   41   42   43   ...   53
6.8 «Отырар қалалық мәдениетінің этникалық аспекті» деп аталатын бөлімде этникалық мәселелер талқыланады. Кейбір зерттеушілер Оңтүстік Қазақстанның қалашық пен елді мекендер тұрғындарын «сарт» деп атағанын алға тарта отырып кейінгі ортағасырлық Отырардың мәдениетін тек өзбектерге жатқызуы [49, c. 211–215; 50, c. 196–206] қарсылық туғызады. Сартты тек өзбек деп ұғыну қате. К.К. Абаза айтқандай: «Көшпелі тіршілігін қойып, қаладан үй салып, саудамен не кәсіппен айналысқан, қазақ не өзбектің балаларын бұдан былай сарт деп атайды». Этнограф А.Н. Жилинаның мәліметтеріне сүйенсек, әр текті Созақ қаласының тұрғындарын, оның айналасындағы көшпелі қазақтар «сарт» деп бір ортақ терминмен белгілеген. Зерттеушінің мәліметтеріне сүйенсек, тұрғындардың едәуір бөлігін отырықшы болып кеткен ошақты, сатек, қоралас, мырза тобы атты қазақ руларының өкілдері құраған. Сонымен қатар бұл жерде өзбектілді сарттар және қоқандық жаугершілік кезінде Өзбекстанның ішкі аймақтарынан көшіп келгендер тұрған [51, с. 141].
ХV ғ. Отырарға қатысты мәліметтерге жүгінсек, онда қыпшақ өкілдері басшылық жасағаны айтылады. Сары Бұғы қыпшақтың ұлы Шейх Нур ад-дин Темірдің бас қолбасшыларының бірі болды. Сары Бұғының екінші баласы Бердібек Отырарда әкім еді. Бұл әулеттің Сырдарияның орта ағысы өңірінің перзенттері екенін Бабырнамадан аңғарамыз: «Темірдің рақымы түскен түркістандық (астын сызған біз – М.Қ.) қыпшақ бегі Шейх Нур ад-дин» делінеді» [52, 22-б.]. Сонымен қатар Отырарда сұрақ белгісі бар мыс сырға табылып отырғанын айту керек. Оның қарапайым мыстан болуы оның билік өкілі емес Отырардың қарапайым тұрғыны тақса керек. Жалпы мұндай сырғалар кейінгі ортағасырлық қабаттардан жиі табыла бастады. Тараз №3 рабадының ХІІІ - ХІV ғғ. қабаттарынан да сұрақ белгісі бар сырға табылған болатын және Т.Н. Сенигова мұндай сырғалардың Орталық Қазақстан аймағындағы обалардан табылып отырғанын тілге тиек етіп қалалықтарға қыпшақтардың ықпалы жөнінде айтты [53, с. 197-198]. Сұрақ белгісі үлгісіндегі алтын сырға Сауранның орталығындағы стратиграфиялық қазбасынан, ХІІІ – ХІV ғғ. қабатынан шыққан [54, с. 81, фото 21]. Біз мұны қыпшақ және басқа далалық тайпалар өкілдерінің қалалар халқының құрамында болғанының айғағы деп түсінуіміз керек.
Отырар қаласынан оның тұрғындарының әр жаққа көшіп кеткені жөнінде жоғарыда айтқанбыз. Отырар тұрғындарының бір бөлігі таяу жерде орналасқан елді мекендерге көшіп барғаны жөнінде мәліметтер бар. А.К. Кларе отырарлық соңғы тұрғынның Түркістанға көшіп кеткенін, олардың ұрпақтары Түркістан мен Шілікте тұрып жатқанын жазады [48, с. 29]. «Шымкенттіктер өздерін Отырар мен Түркістанды мекен еткендердің ұрпағымыз деп санайтынын және олар таза сарт емес, қазақпен аралас («потомки выходцев из Отрара и Туркестана, и представляют из себя не чистый сартовский тип, а помесь с киргизами») тобына жатады», – деп жаза отырып, А.И. Добросмыслов: «Бұл жағдай шындыққа аса жақын. Шымкент сарттары сыртқы кейпімен де және дәстүрлерінің басым бөлігімен де қазақтарға ұқсайды» («Последнее обстоятельство весьма правдоподобно. Сарты Чимкента как по наружному своему виду, так и по многим сохранившимся обычаям во многом напоминают киргиз») деп түсіндіреді [55, с. 182].
А.К. Кларе Түркістан қаласында өздерін «Отырардың қожаларымыз» деп есептейтін қожалардың барын жазады [48, с. 29]. «Жаңадария мен Куандарияның жоғары бөлігіндегі жазық далада және батпақтарында түркістандықтар Орта Жүзге жатқызатын жартылай отырықшы қожалар мекен етеді. Алайда бұл пікір дұрыс деуге келмесе керек. Қожалар сунақтар сияқты күшті түркіленген елдің байырғы тұрғындарының бір бөлігі деп болжауға болады»- деп жазды ХІХ ғ. аяғында Е. Смирнов.
Отырардан басқа байырғы қала тұрғындарының ұрпақтары да қазақ халқының құрамына енген. Өздерін Сығанақ қаласының тұрғындарының ұрпағымыз деп санайтын сунақтар бар. Сунақтар жүзге кірмейтін қазақ тайпаларының құрамында аталады [56, 627-б.]. Сунақтар негізінен Қызылорда облысы мен Оңтүстік Қазақстан облысының солтүстік бөлігін мекен етеді. Сунақтартың шығу тегі жөнінде В.А. Каллаурдың 1900 ж. мақаласында қызықты мәліметтер бар: «По расспросам моим о народе Сунак, чиракчи Мулла Кош-Мухаммед Татыбаев сообщил, что сам он происходит из рода Сунак. Они, сунаки, считают себя чем-то средним между сартами и киргизами: один из них кочуют, другие живут оседло. По преданию, город Суганак до разрушения был заселен ими, сунакцами. После разрушения Суганака (это было 777 лет тому назад) Сунаки ушли в Булгары – Шары, а после проживали на Караспане по р. Арыси, когда он находился под управлением кипчаков во главе с Капланды. После покорения кипчаков кокандцами сунаки перешли в Перовский уезд, где строили кокандское укрепление Яны-Курган, находящееся около станции Яны-Курган» [57, с. 10]. Сунақтардың қалалық тегі жөнінде Е.А. Смирновтың мақаласынан ұғу қиын емес: «В окрестностях Сунака обитает полуоседлое племя Сунак–ходжи или Сунак, совершенно не исследованное в этнографическом отношении. Тип сунаков и некоторые особенности их быта и языка указывают на то,что это не кровные тюрки, а пожалуй отюреченные остатки тех поселенцев, которые занимали когда-то Саганак и остатки поселений в лощине Ирым». Осы ойын айта отырып арнайы ескертпеде: «По словам окрестных киргизов (роды Кипчак и Кунград) Сунаки–сартовского поколения, что доказывается внешними отличиями (типом лица), обычаями (женщины скрывают лицо от посторонних) и отчасти языком» [58, с. 8].
Кейінгі ортағасырлық Түркістан қаласына қатысты деректерді қарасақ, онда қазақтың көшпелі бөлігінің өкілдері де тұрғанын аңғарамыз. Мысалы, атақты Нияз батырдың тұрақты мекен жайы «түркістандық» деген мәлімет бар. Ол арғын руынан екені белгілі. 1740 ж. орыс өкілдерімен болған кездесуде Нияз батыр «түркістандық» екені, оның сауда-саттықты дамытуға мүделлі болғаны қағазға түскен: «А по нем Нияз-батыр примолвил: «Которые-де у нас лутшие старшины усердственно желают, чтобы торги к ним в Туркестант (ибо он, Нияз-батыр, житель туркестанский) и в Ташкент беспрепятственно продолжались» [59, с. 164]. Бұқара қаласында қазақтар тұрған жеке орам белгілі, онда 15 үй болыпты. Чоршанби мақаласында мешітті салдырған Шоқас бидің баласы Сәрсенбі қазақ екен. Бұл кісі керуенбасы, не үлкен саудагерлердің басшысы екен, осы мешіт айналасында топтасып қазақтар тұрған екен [60, с. 232, 320]. Осы тарихи жағдайларды ескере отырып, Қазақстанның ортағасырлық қала мәдениеті қазақ халқына да тиесілі, қалаларда қазақтар да тұрған демекпіз. Қала халқының бір бөлігі қазақ халқының құрамына кірді деген тұжырымға келеміз.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   36   37   38   39   40   41   42   43   ...   53




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет