Жануар тіндерінен уланулар. Сойылған малдың бүйрек үсті бездерінен және ұйқы безінен дайындалған тағамды қабылдаған кезде байқалады. Улану бұл бездердің құрамында биологиялық белсенді қосылыстардың жоғары деңгейде болуымен байланысты. Сол мезгілде ұрық бездері және қалқанша без, т.б эндокринді бездер қауіпсіз және жеуге жарамды азықтар болып табылады.
Белгілі бір жағдайларда улы болатын өсімдік және жануар текті азықтардан уланулар. Бұл топқа жататын уланулар сирек кездеседі, олар өсімдік текті (шикі үрме бұршақтың фазині, картоптың соланині, жеміс сүйектерінің ішіндегі дәндері, бук жаңғағының фагині) және жануар текті (балық тіндері, мидии, улы өсімдік гүлінен жиналған ара балы) азықтардан улануларды қамтиды.
Фазин. Шикі үрме бұршақтың құрамында болады, қанды агглютинациялаушы қасиеті бар. Жоғары температураның әсері кезінде жойылады, сондықтан үрме бұршақтан жасалған тағам қауіпсіз, себебі, оларды дайындау үшін ұзақ уақыт қайнатуды қажет етеді. Улану жеткілікті жоғары температура әсеріне ұшырамаған үрме бұршақ ұнынан немесе тағамдық концентраттардан жасалған тағамдарды қабылдау кезінде пайда болуы мүмкін. Фазиннен улану кезінде жүрек айну, құсу, қарқындылық дәрежесі әр түрлі іш өту байқалады. Фазиннен уланудың алдын алу потенциалды қауіпті азықтарды жоғары температурада сенімді өңдеуге саяды.
Соланин. Көп емес мөлшерде (0,002-0,02%), негізінен картоптың қабығында болады. Картоп өніп кеткен немесе көгерген кезде, құрамындағы соланині ондаған есе өседі (шыққан бүршіктернде 0,42-0,73%). Соланиннің гемолитикалық қасиеті бар, бірақ улылығы салыстырмалы түрде үлкен емес, уланулар тек өніп кеткен картопты қабығымен қайнатып қабылдаған жағдайда немесе езбе жасау үшін оны қайнатқан суын пайдаланған кезде байқалады. Ауызда ащы дәм, тамағын қырнаған сезім, диспепсиялық өзгерістер байқалады.
Амигдалин. Ащы бадамның, өріктің, шабдалының, шиенің, т.б. жемістер сүйегінің ащы дәмінің құрамына кіретін гликозид. Амигдалиннің (ас қорыту ферменттерінің әсерінен) гидролизденуі кезінде, өзінің улылық қасиетін көрсететін көгерткіш қышқылы пайда болады. Өлімге келтіретін күшті уланулар, 60-80 г өріктің тазартылған ащы дәндерін жеген кезде байқалады. Амигдалиннен уланудың алдын алу үшін өрік, шабдалы сүйектерін сатуға тыйым салынады, ащы бадамды кондитерлік өндірісте қолдануды және де алькогольдік сусындар алу кезінде жеміс сүйектері дәндерін тұндыру уақытын мөлшерлейді. Сүйек дәнді жемістерден жасалған мұраппа қауіпті емес, себебі, қайнату үрдісінде амигдалин белсенділігін жоғалтады.
Фагин - шикі бук жаңғағының құрамында болатын улы зат. Қыздырған кезде фагин өзінің белсенділігін жоғалтады, сондықтан улану тек пісірілмеген жаңғақты қабылдаған кезде пайда болады, ал қуырылған жаңғақтар және жоғары температурада өңделген кондитер өндірісінде қолданылатын жаңғақтардың қауіптілігі жоқ. Улану бас аурумен, жүрек айнумен, ішек қызметінің бұзылыстарымен білінеді.
Жануар текті азықтардан уланулар. Кейбір балық түрлерінің (шортан, алабұға, лақа, скумбрия және т.б.) уылдырығы, сүті және бауыры уылдырық шашатын кезеңінде улы болады, оларды тағам ретінде қабылдағанда, жүрек айну, құсу, іш ауруы, іш өтуі пайда болады. Кейде ол, тырысқақ ауруына ұқсас өтеді. Жаз уақытында, планктон микроағзалары (динофлагеллаттар) қарқынды көбейе бастаған кезде, олармен қоректетенетін мидийлерде(моллюскаларда) улы қасиет пайда болады. Бұл кезеңде мидийлерде нейротоксикалық әсер ететін улы зат жиналады. Уланып ауырғандарда жалпы әлсіздік, жүрек айнуы, бас айналуы, беті, ерні, тілдің ұйып қалуы, тыныс алуының қиындауы байқалады, шала салдану дамиды, тыныс орталығының салдануынан өлімге әкеп соғуы мүмкін. Сауығу баяу жүреді. Мидилизмнің алдын алу мақсатында, планктондардың өте көп көбеюі кезіндегі планктондардың көптігі, теңіздің қызыл түске боялуымен және түнгі люминисценциясымен анықталатын жерлерде мидийлерді аулауға тиым салады.
Улы өсімдіктерден сасық мендуана, меңдуана, әлпеншек, азалия, т.б. жиналған араның балы, жиі улану себебі болуы мүмкін. Уланудың белгілері әр түрлі, бұл, бал шырыны жиналатын өсімдіктердің улылық қасиеттеріне байланысты. Алдын алу үшін, ара ұясын улы өсімдіктері жоқ жерге орналастыру қажет.
Достарыңызбен бөлісу: |