9.2. Табиғаты микробтық емес тамақтан уланулар. Бұл улануларды улы қасиеттері бар, белгілі бір жағдайларда улылық қасиет пайда болатын азықтар және әр түрлі химиялық қоспалар тудырады. Өзінің табиғатынан улы азықтардың тобына улы саңырауқұлақтардан, кейбір жабайы және қолдан өсетін өсімдіктерден, балықтар мен жануарлардың жеке түрлерінің тіндері мен мүшелерінен уланулар жатады.
Саңырауқұлақтан уланулардың ең қауіптісіне, боз уқұлақтан, тілікқұлақтан, шыбынжұттан уланулар жатады.
Боз уқұлақ -ең улы саңырауқұлақтардың қатарына жатады. Одан уланулар 50-90% жағдайда өліммен аяқталады. Уланудың себебі, боз уқұлақтың қозықұйрыққа (шампиньон) және сазқатпаның кейбір түрлеріне ұқсастығында. Олардан боз уқұлақтың айырмашылығы, сабағының (ножки) асты түйнек тәрізді жуан және ақ жағасы болады. Боз уқұлақтың әсері, құрамында улылығы жоғары, ас қорытатын ферменттердің әсеріне тұрақты және жоғары температура әсерінен кейін өзінің белсенділігін сақтап қалатын α-, β-, γ- аманитиндер мен фаллоидин болуына байланысты. Саңырауқұлақты қабылдағаннан 10-12 сағат өткеннен соң, іші қатты ауырады, толассыз құсу, тырысқақ ауруындағы сияқты іш өтуі пайда болады, содан соң ағзаның сусыздану белгілері, дененің сарғаюы, анурия қосылып, одан әрі үдей түседі. Ауру 2-3 күннен кейін, сирегірек 9-10 күндері өледі.
Шыбынжұт. Өзіне тән түрі бар – басы ашық - қызыл, үстінде ақ үлпектері бар, сондықтан да олардан улану сирек кездеседі, негізінен балалар уланады, оларды түсі қызықтырады.
Шыбынжұттан улану, орталық жүйке жүйесіне улы әсер ететін, құрамындағы мускарин және мускаридин алкалоидтарынан пайда болады. Инкубациялық кезеңі қысқа 1-6 сағат, клиникалық белгілері ауызынан сілекей ағуымен, құсумен, іш өтуімен, көздің қарашығының кішіреюімен, ауыр жағдайында – елес, сандырақтау, сіңір тартылуымен сипатталады. Боз уқұлақтан уланған кездегідей жиі болмаса да аурудың өліммен аяқталуы мүмкін.
Шартты түрде жеуге жарамды саңырауқұлақтардың ішінен тілікқұлақтарды айта кеткен жөн. Олардан уланулар, сыртқы түрі ұқсас жеуге жарамды тыржыңқұлақтардың орнына жаңылысып жинау нәтижесінде пайда болады. Тілікқұлақтың құрамында бауырды айқын зақымдайтын әсері бар өте улы қосылыстар – гирометрин алколойды және бауырға тигізетін әсерінен басқа гемолитикалық әсері бар гельвел қышқылы болады.
Гельвел қышқылы суда жақсы ериді және саңырауқұлақты алдымен қайнатып пісірген кезде, қайнатқан суға өтеді. Ал гиромитрин болса, жоғары температураға тұрақты және суда қайнатқаннан кейін де саңырауқұлақта қалады. Сондықтан да, алдымен қайнатып, қайнатқан суды төгіп тастамай сорпа, қуырылған саңырауқұлақ, т.б. түрінде қабылдаған кезде уланудың ауырырақ түрлері байқалады. Уланудың бірінші белгілері саңырауқұлақты қабылдағаннан соң 3-20 сағаттан кейін, орта есеппен 8-10 сағаттан соң пайда болады. Асқазанның тұсында асқазан толып кеткен сезім, жүрек айну, толассыз құсу, сирек - диарея байқалады. Уланудың 2-3 тәулігінде терінің сарғаюы, әлсіздік, субфибрильді температура, жүрек қызметінң бұзылуы пайда болады, 20-25% жағдайда комаға және өлімге әкеп соғады.
Саңырауқұлақтардан уланудың алдын алу үшін:
Жеуге жарамды саңырауқұлақты біліп жинау қажет, жинаушылардан тек сұрыпталған саңырауқұлақтарды қабылдап алу керек, сұрыпталмаған саңырауқұлақтарды, сондай-ақ, сабағы (аяғы) жоқ қатпарлы саңырауқұлақтарды, саңырауқұлақтардан жасалған салаттарды, уылдырықтарды және майдаланған түріндегі басқа да өнімдерді сатуға тиым салу керек;
Қатпарлы саңырауқұлақтарды, алдымен тұздалған суда 5-7 минут қайнатып ағып тұрған суда жуғаннан кейін, тек тұздалған немесе маринадталған түрінде қабылдау керек;
Кәсіпорындарда саңырауқұлақ өнімдерін дайындау кезінде, оны қатал бекітілген гигиеналық талаптарға сәйкес жүргізу қажет, халық арасында санитарлық-ағарту жұмысын жүргізу керек;
Улы өсімдіктерден улану. Мұндай уланулар, негізінен жасы кіші балаларда байқалады, олар білмегендіктен улы өсімдіктердің жидектерін, тамырын, сабақтарын және басқа да бөліктерін жаңылысып жеуге жарамды деп қабылдауы мүмкін. Кейде, осы өсімдіктерден жасалған тұндырмаларды және қайнатпаны өзін өзі емдеу мақсатымен қолдану кезінде де, уланулар болуы мүмкін. Жиі улану себебі болатын, жабайы және мәдени өсімдіктерге жататындар меңдуана, сасық меңдуана, итжидек, сасық қурай, теңбіл убалдырған, ит ақжелек, қасқыр жидек, жабайы көкнәр, майкене, сүйелшөп, т.б.
Достарыңызбен бөлісу: |