Қазақстан Республикасы Білім және Ғылым министрлігі
Қызылорда қаласы, №264 мектеп-лицейі
Бағыты: Қазақ тілі мен әдебиеті
Тақырыбы: «Қазақ ертегілеріндегі қасқыр бейнесі»
Орындаған: №264 мектеп-лицейінің 5 сынып оқушысы Сагидатова Жания.
Жетекшісі: №264 мектеп-лицейінің мұғалімі Альмаханова Шара.
Ғылыми жетекшісі: филология ғылымдарының кандидаты, профессор
Жанбершиева Ұлжан Нахатқызы
Қызылорда – 2016 жыл.
Мазмұны:
I. Кіріспе.
Қасқыр туралы мәлімет
II. Негізгі бөлім.
2.1 Хайуанаттар туралы ертегілер және кейіпкер мінезі
2.2 Ертегілік қаһарман, ертегідегі басты тұлға – қасқыр.
2.3 Қасқыр мен жануарлар арасындағы қақтығыстар
2.4 «Қасқыр мен тоқты», «Қасқыр мен егінші», «Ақымақ қасқырдың аш қалуы», «Арыстан қасқыр, һәм түлкі» ертегілеріндегі қасқырдың суреттелуі.
III. Қорытынды
Қасқыр – түз тағысы.
Түйіндеме
Бағыты: Қазақ тілі мен әдебиеті
Зерттеу тақырыбы: «Қазақ ертегілеріндегі қасқыр бейнесі»
Зерттеудің өзектілігі: Әлем халықтарының фольклорына ортақ бейне болып табылатын көк бөрі, көкжал, арлан және ақымақ қасқыр туралы ертегілерді өзара салыстыра отырып, қасқыр бейнесіне жан-жақты талдау жасау.
Зерттеу болжамы: қазақ ертегілері
Зерттеу объектісі: ертегілердегі қасқырдың бейнесіне жан-жақты талдау жасау
Зерттеу мақсаты: Қасқыр туралы қызықты мәлімет бере отырып, қазақ ертегілеріндегі қасқыр бейнесін жан-жақты талдау, зерттеу. Оның халық қиялымен ұштасатын адамға бірде дос, бірде жауыз мінездерін тұтастай қарастырып, бұл бейненің ел танымындағы орнын айқындау. Қасқыр бейнесі - халықтың діни наным-сенімін танытатын, жан-жақты сомдалған күрделі тұлға екендігін көрсету.
Зерттеу міндеті: Мәселені айқындау, байқау.
Зерттеудің жаңалығы: Қасқыр бейнесін сомдаудағы халық қиялының асқақтығын көрсетіп, қасқыр бейнесіне жаңаша талдау жасау.
Зерттеу әдістері: жинақтау, жүйелеу, талдау, баяндау.
Зерттеу кезеңдері:
І. Даярлық кезеңі. Кіріспе.
ІІ. Тақырыпты зерттеу кезеңі. Хайуанаттар жайындағы ертегілерді оқу, тақырыпты ашуға қажетті мәліметтер жинау, жоспар жасау.
ІІІ. Жұмысты қорғауға әзірлік кезеңі. Жетекшімен бірлескен жұмыс, өзіндік ой қорыту, жұмыс негізінде баяндама, презентация (слайд) даярлау.
І. Кіріспе
Ертегі бала қиялын дамытып, ойлау қабілетін жетілдіруде үлкен рөл атқарады. Қазақ әдебиетін зерттеуші ғалымдар ертегіні қиял-ғажайып, хайуанаттар туралы және шыншыл деп бөліп жүр. Әдебиет зерттеушісі Мұхтар Әуезов:: «Хайуанаттар жайындағы ертегілерде қасқыр қастықтың, адамға өш зұлымдықтың жиынтық бейнесі болып суреттеледі», − деген.
Десек те, ерте заманда түркі тайпалары қасқырды «көк бөрі» деп ылғи ұнамды сипатта атаған. Түркілер қасқырды ата тегі деп қадір тұтып, табынған.
Түркі халқы өздерінің ата-тегін қасқыр деп санаған. Осы қайратты да ерікті, айлакер де, ақылды түз тағысы жаулардың шабуылынан қырғынға ұшыраған тайпаның ең соңғы ұрпағы, кішкентай сәбиді желеп-жебеуші, асыраушы, құтқарушы ретінде танылған.
Бағзы заманда түркі тайпалары қасқырды «Көк құрт» деп атаған. Мұндағы «көк» сөзі «аспан» және «көк түс» деген мағына береді. Сонымен бірге аспан құдайы Тәңірдің қасиетті символдық түсі - көк түс. Ал «құрт» сөзі «құтқару», «аластау» деген мағынаны береді.
Осындай қасиетті де қадірлі Көк бөрі бейнесі – барлық түркі халықтарының ежелгі дәуір әдебиетінде, фольклорында есте жоқ ескі заманнан келе жатқан образ. Оны көне түркі жазба ескерткіштерінен де кездестіре аламыз. Соның бірі – ХІІІ-ХV ғасырларда жазылған, түркі халықтарына ортақ көне мұрағат «Оғыз-наме» дастаны. Дастандағы «Ұранымыз Көк бөрі болсын» деген тіркестің үлкен мәні бар. Мұндағы ұран дәрежесіне дейін көтерілген Көк бөрі түркі тілді халықтардың аса қадір тұтып, табынатын киелі де қасиетті аты. Көк бөрі бейнесі Әлем әдебиетінің інжу-маржаны «Қорқыт ата кітабында» да ұшырасады. Қазақтың эпостық жырларында бөрі бейнесі ылғи да ұнамды сипатта алынып, жауға жалғыз шапқан батырдың асқан ерлігін суреттеу мақсатында қолданылады.
Біз сөз еткелі отырған ертегілерде қасқыр зұлым, қара ниет, екі жүзді, қорқақ, аңқау сияқты іс-әрекетімен көрінеді. Адамдар бойындағы ұнамсыз қылықтарды қасқыр бейнесінде беру ауыз әдебиетінде ертеден келе жатқан образ екені белгілі.
Көк бөрі бейнесі ауыз әдебиетінде хандар мен батырлардың ұлылығын, ерлігін суреттеуде бірден-бір теңестіріле көрсететін образ болғандықтан, мен ғылыми жобамның тақырыбын «Қазақ ертегілеріндегі қасқыр бейнесі» деп алдым. Енді мен қасқыр туралы қызықты деректер іздестірген болатынмын.
Қасқыр (лат. Canis lupus) — жыртқыш аң. Басқа атаулары да белгілі: бөрі, көкжал. Қасқыр — қайсар, аса сақ хайуан. Қайсарлығы — оның кез келген айқаста жеңіске жеткенше, не жеңіліп, демі үзілгенше шайқасуынан көрінеді. Ал аса сақ, аса қулығы әр түрлі әрекеттеріне байланысты айтылған.
Қасқыр туралы наным-сенімдердің ел санасында терең бойлағаны сонша, ата-бабаларымыз бауыр еті - балаларына бұл «киелі жануардың» есімін беруді әлі күнге дейін үрдіс етіп келеді. Бұл ел арасында кең тараған Бөрібай, Бөріқұл, Бөлтірік, Қасқырбай, Бөрі тәрізді есімдер мысал бола алады. Түркі халықтарына ортақ мұра «Алпамыс батыр» жырындағы басты кейіпкердің әкесінің Байбөрі аталуы да осындай үрдістің бір көрінісі болып табылмақ.
Ауа-райы жайлы болса, қасқырлар орман ішінде 9 км жердегі дыбысты ести алады. Ал ашық далада 16 км қашықтықтағы дыбысты құлағы сезеді.
Қасқырды үй күзетуге мәжбүрлеу мүмкін емес. Себебі олар таныс емес тіршілік иесінен қорқып, жасырынып жүретін болады.
Қасқырлар тірі жануардың иісін 1,5 шақырымнан анық сезе алады.
Қасқырдың бөлтірігінің көздері жаңа туған кезде көк түсті болады. Тек 8 айдан соң ғана көздері сарғыш тартады.
Қасқыр күшіктерін 65 күнде туады. Бөлтіріктер соқыр, саңырау болып туылады. Ал салмағы небары жарты килограмм болады.
Ежелгі замандарда жер бетіндегі ең көп таралған жыртқыш сүтқоректі осы қасқырлар болатын. Олар шөл далалар мен тропикалық ормандарды мекен етті.
Қасқырдың жағы өте күшті болады. Тістеген жерінің 1 шаршы сантиметріне шамамен 300 кг күш түседі. Салыстыру үшін айтсақ, иттерде бұл көрсеткіш 150 кг.
Аш қасқыр бір жегенде 10 кг ет жей алады.
Қасқырлар бір жүзгенде, 13 километрге дейін шаршамай жүзе алады.
Қасқырлар 2 минут бойы 32 км/сағ жылдамдықпен жүгіре алады. Ал қауіп сезінген жағдайда, 56 км/сағ жылдамдықты да бағындыра алады.
Қазақ ез жігітті «ой, ит екен...» деп төмендетіп, ал, жүрегінің түгі бар азаматты «қасқыр жігіт екен!» - деп мақтап жатады. Қасқырды қазақ қадір тұтып, атын атамай «ит-құс» деп меңзеп қана айтатының бала кезден бәріміз білеміз. Былай қарағанда, ит-құс көп жыртқыш аңдардың бірі ғана ғой дейміз. Дегенмен, қасқырға келгенде қазақ баласының бойында үлкен құрмет, ерекше толқыныс пайда болатыны рас. Оның себебі де бар. Біз түркі болғандықтан, өзімізді Бөріден тарадық дегенге сенеміз. Сенгіміз келеді соған. Себебі, бөрідей батыл, ақылды һәм сымбатты болғымыз келеді. Бабаларымыз бөрілі байрақ ұстап, ғасырлар бойы жерімізге сұқтанған қанша жаудың меселін қайтарып, жеңіске жетіп отырғаны - біздің қанымызда ерекше мақтаныш сезімін ойнатады.
Қасқырлардың тағы бір ерекшелігі ұрғашы қасқыр мен еркек қасқыр жұптарын жазбай өмір сүреді. Бір-бірін ешқашан алмастырмайды. Оларды тек қана өлім ғана ажырата алады. Бала тәрбиесіне екі жақ та атсалысады. Бір-біріне деген адалдығын қасқырлардың басты ерекшелігі ретінде атауға болады. Ұрғашы қасқыр ұйықтап жатқанда, еркек қасқыр күзетіп тұрады.
Қасқырлар араларындағы жұп қасқырларға (яғни, еркек пен ұрғашы) құрмет көрсетеді. Олжалы бола қалса бірінші соларға бөліп береді, жататын жерлерін де жайлы, оңашалау жерден таңдап қояды. Күшті қасқырлар әлсіздерге қамқор болады.
Одан соң мына кереметті қараңыз! Бір топ қасқыр. Ең алдында үш әлсіз әрі ауру қасқыр келеді. Егер алда бір төтенше жағдай бола қалса, алдымен солар құрбан болады. Сонымен қатар бұл үшеуі жол таптап, кейінгілердің күшін сақтап қалуына ықпал етеді. Одан кейін 5 еркек қасқыр келеді. Бұл - негізгі топтың басы. Ортада 11 ұрғашы қасқыр кетіп барады. Олардан соң тағы 5 еркек қасқыр, ал ең соңында - басшы бөрі келеді. Ол топтың жүру барысын қадағалап, бақылап әрі реттейді. Сол үшін топтың артында жүреді.
Бұл жыртқыш аңның бостандыққа деген ұмтылысын тарихқа таспен қашап жазуға болатындай. Неге десеңіз, қақпанға түскен қасқыр аяғын тіспен кесіп, ары қарай жолын жалғастыратындығы сөзімізге дәлел болса керек. Сондай-ақ, егер аңшылар қақпанға түскен қасқырды тез арада қолға түсірмесе, онда әлгі қасқырдың серіктестері оны жеп кетуі мүмкін. Себебі, қасқырлар өзінің тобындағы ең әлсіз, ауру қасқырларды азық ретінде жеп қоятынын біреу білсе, біреу білмес.
Қасқыр туралы көптеген қызықты мәлімет білдік, енді қасқыр бейнесінің ертегілерден көрініс табуына тоқталайын.
Достарыңызбен бөлісу: |