2. Балалар мен жасөспірімдердің денсаулығы және оған себепші факторлар.
Балалар мен жасөспірімдердің денсаулығы - бұл тек мемлекеттің және ұлттың ғана емес, сонымен қатар бүкіл қазіргі адамзаттың өмір сүруге қабілетілігінің негізі, себебі дені сау өсіп келе жатқан ұрпақ болашақтағы халық денсаулығын көрсететін әлеует болып табылады. Денсаулық – көп қырлы және динамикалы ұғым. Көпшілікке мәлім болған БДДҰ анықтамасы бойынша, «денсаулық - бұл аурулар мен дене ақауларының болмауы ғана емес, тән (дене) мен жан дүниесінің және әлеуметтік тұрғыдан толық саулық жағдайы» (БДДҰ Жарғысы,1946 ж.). Бірақ бұл концепция белгілі дәрежеде дерексіз болып табылады, себебі денсаулық жағдайын бағалаудың объективті критерийлерін көрсете алмайды және денсаулықты динамикасында емес, статикасында қарастырады. Оның үстіне, «саулық» жағдайы түсінігінің өзі субьективті, ал әлеуметтік саулық жағдайы – денсаулықтың белгісі емес, оған әсер ететін фактор болып табылады
Екінші жағынан, толық «саулық жағдайы» денсаулықтың мәнін көрсетпей, ағзаның төзімділік қабілетін төмендетіп, сырқаттанудың алғы шарты болуы да мүмкін. Сондықтан БДДҰ-ң 1968 жылғы басылымында «денсаулық – бұл адамның, аурулары мен ақаулары жоқ жағдайда өзгермелі ортада, шамадан артық жүктеме түскенде өзінің биоәлеуметтік қызметін шығынсыз орындайтын қасиеті» деп беріледі. Денсаулықты сандық бағалау қажеттілігі көрсетілген, анық және қысқа анықтамасын Н.М. Амосов берген: «Денсаулық - бұл мүшелердің қызмет атқаруының сапалық шегі сақталған кездегі, олардың ең жоғары жұмыс өнімділігі» (1987).
Үздіксіз өсу және даму үрдістері бала ағзасының ерекше айырмашылығы болып табылады.
Сондықтан, балалар мен жасөспірімдер денсаулығы деп, оларда ауруларының болмауы ғана емес, сонымен қатар, дене дамуының биологиялық жасына сәйкес келетін және дене мен ой өрісі сипаттамаларының үйлесімді бірлікте болуымен, және ағзаның өсу мен жетілу үрдістеріндегі бейімделу мен қалпына келу реакцияларының теңбе-тең қалыптасуымен көрсетілетін, ағзаның тіршілік ету жағдайын айтады (Ю.Е. Вельтищев,2002).
Қазіргі уақытта ғылыми зерттеулер мен емдеу-алдын алу жұмыстарында С.М. Громбах (1973ж) ұсынған, балалар мен жасөспірімдердің денсаулығын бағалауға арналған көпшілікке танымал критерийлер кеңінен қолданылады:
тексеру кезінде созылмалы аурулардың болуы немесе болмауы;
баланың дене дамуы мен жүйкелік-психикалық дамуының жеткен деңгейі және оның үйлесімділік дәрежесі;
ағзаның мүшелері мен жүйелерінің қызмет атқару деңгейі;
қолайсыз факторлар әсеріне ағзаның төзімділік дәрежесі.
Баланың денсаулық жағдайы көптеген факторлармен анықталады, оларды шартты түрде келесі топтарға бөлуге болады:
биологиялық
әлеуметтік
экологиялық
медициналық қамтамасыз ету.
БДДҰ мәліметтері бойынша, биологиялық факторлардың адам денсаулығын қалыптастыруға қатысу дәрежесі 15-20%, экологиялық - 20-25%, әлеуметтік - 50-55% және медициналық қамтамасыз етілуінің қатысу дәрежесі - 10-15% құрайды. Әлбетте, бұл мәліметтер жинақталып қорытылған болып табылады және өсіп келе жатқан ағзаның барлық жас кезеңдерінде бірдей бола бермейді. Ерте балалық шақта, әдетте, биологиялық факторлар басым болады. Оларға генетикалық факторларды, ата-анасының жасы және олардың денсаулығын, жүктілік кезіндегі анасының ауруларын, жүктілік және босану ағымының асқынуларын, баланың жынысын т.б. жатқызады.
Генетикалық факторлар денсаулықтың ішкі биологиялық әлеуеті болып табылады. Генетикалық аппараттағы ақаулар - гендік және хромосомдық мутациялар - тұқым қуалайтын аурулардың дамуына әкеледі, мұндай аурулармен өмірге балалардың 1-2% келеді. Атеросклероз, гипертония ауруы, шизофрения, подагра, миопия сияқты және басқа да тұқым қуалаушылығы бойынша бейімділік бар аурулардың дамуында да генетикалық факторлардың рөлі зор. БДДҰ мәліметтері бойынша, тұқым қуалайтын аурулар балалар аурушаңдығының 4-8 % құрайды.
Бала денсаулығының қалыптасуында, олардың ата-аналарының денсаулық жағдайы маңызды орын алады. Созылмалы аурулар, ұрықталу және жүктілік кезеңіндегі жедел аурулар да, маскүнемдік, нашақорлық, темекі шегу, тұрмыс қалпының бейберекетсіздігі, дұрыс тамақтанбау және т.б. ұрық дамуының бұзылуна және балалардың ақаулармен және әр түрлі дәрежедегі аурулармен туылуына себепші болады. Жеке жағдайларда іштегі нәрестенің ана құрсағындағы өлімі немесе тіршілік етуге қабілетсіз балалардың өмірге келуі орын алады. Баланың келешектегі денсаулығына перинатальдық факторлар да өз үлесін қосады. Мысалы, босануының және сусыз кезеңінің ұзаққа созылуы, жүкті әйел жамбасының тар болуы және т.б. баланың асфиксия және жарақаттануларына, бас сүйегіішілік қысымның жоғарылауына және т.б. әкеп соғады.
Бала өскен сайын биологиялық факторлардың рөлі бәсеңдейді, әлеуметтік және экологиялық факторлар басымдай түседі. Бала денсаулығының қалыптасуында әлеуметтік факторлар басты мән алады, олардың қатарына ата-аналардың әлеуметтік-экономикалық ахуалы, олардың жасы мен білімі, тұрғын үй жағдайы, балаларының өмір сүру салты, олардың тамақтану сипаты, ақпараттық, оқу және еңбек жүктемесі және т.б. жатады.
Материалдық молшылыққа көбінесе басқа да әлеуметтік факторлардың, бірінші кезекте, тамақтанудың, әсер ету дәрежесі тікелей байланысты болады. Барлық әлеуметтік факторлардың ішінде тамақтануға негізгі рөл беріледі. Қуат пен тамақтық заттардың ағзаға қажеттілігін толықтыра отырып, тамақтану, сонымен қатар, әр түрлі аурулардың даму қаупі мен себептері ретінде болуы да мүмкін.
Кезінде Гиппократ «егер аурудың әкесі кейде белгісіз болса, онда оның анасы – тамақ» деген. Тұрмыс жағдайлары нашар отбасыларында жеткіліксіз және құрамында көмірсулары көп, балансталмаған тамақтану, балалардың өсуі мен даму үрдістерінің баяулауына, дене массасының жетіспеушілігіне, сондай-ақ ас қорыту, қан және қан түзу мүшелерінің, эндокриндік жүйенің ауруларымен, зат алмасу бұзылыстарына, туберкулез және т.б. аурулармен аурушандықтың өсуіне ықпал етеді.
Сондай-ақ, материалдық жағдайы жоғары отбасыларында жиі кездесетін, артық мөлшерде тамақтану да, аса қолайсыз болып табылады. Тазартылған тағам өнімдерін көп пайдалану, қарыны ашқан сезім пайда болғанда емес, тәбеті тартқан кезде тамақ жеу, тамақтану рационына жануар текті өнімдерді көп мөлшерде енгізу, құрамында қанты көп ішімдіктер мен кондитерлік өнімдерге әуестену, ерте жастың өзінде-ақ семіздік, қант диабеті, өт тасы ауруы, гипертониялық ауру, аллергиялық аурулардың және т.б. дамуына әкеледі.Сандық және сапалық жағынан талапқа сәйкес келмейтін тамақтану, қазіргі заманғы балалардың өмір сүру салтын сипаттайтын ерекшеліктердің бірі болып табылады.
Өркениет олардың өмір сүру салтының басқа да қырларының: гипокинезия және гиподинамия, ақпараттық жүктеменің көптігі, шамадан артық психоэмоционалдық күш түсу, дәрілік препараттарды көп пайдалану, аутоагрессивті әдеттер – темекі шегу, маскүнемдік, нашақорлық, толық жетілмеген жастағы жыныстық қатынастар және соның салдарынан болатын ЖИТС, В және С гепатиттері, венерологиялық аурулар, ерте жастағы жүктілік және т.б. пайда болуына себеп болды
Қимыл белсенділігінің созылмалы жеткіліксіздігі балалар денесінің қалыпты өсуін тежейді, өмір сүруін қамтамасыз ететін барлық жүйелердің жаттығуына кедергі келтіреді және ағзаның күйзеліс жағдайларға және қоршаған ортаның қолайсыз факторларының әсеріне төзімділігін төмендетеді. Гипокинезия әсіресе мектеп жасындағы балаларда көп таралған, оларда ол 50% дейін жетеді. Бірақ, гипокинезия жалғыз ғана «мектептік фактор» емес. 19-шы жүзжылдықтың өзінде-ақ, міндетті түрде оқудан пайда болатын «мектеп аурулары» деп аталатын аурулар: алыстан көрмеушілік, мүсіннің бұзылуы, омыртқаның қисаюы және т.б. белгілі болған. Қазіргі кезде «мектептік факторлардың» спектрі шексіз өсті және олардың сапасы да өзгерді. Бірінші орынға, шамадан артық оқу және ақпараттық жүктемелер, сонымен қатар, қимыл белсенділігінің едәуір шектелуі, күн тәртібінің бұзылуы, өмірдің компьютерленуі және онымен байланысты мәселелер шығады.
Сонымен бірге, оқыту және тәрбиелеу жағдайларының: бөлмелердің сыйымдылығы мен жоспарлануы, жарықпен қамтамасыз етілуі, микроклиматтық комфорт, жиһаздар үйлесімділігі және т.б. сияқты факторлар да өзекті болып қалып отыр. Мектептік факторлардан бастауыш сыныптардағы балалар аурушаңдығының 12 % жуығы қалыптасады, ал мектеп бітірер кезде бұл шама 2 есеге дейін дерлік өседі.
Балалар мен жасөспірімдер денсаулығына табиғи және антропогендік текті экологиялық факторлар да айқын әсер етеді, соның ішінде балалар аурушаңығының 20%-ға жуығы антропогендік факторлармен анықталса, табиғи-климаттық факторлармен тек 10% ғана анықталады. Қоршаған ортаның антропогендік факторлары тарапынан адамға түсетін қысым, бүгінгі таңда, адамның бейімделу мүмкіншіліктерінен әлдеқайда жоғары, себебі адамға бұрын-соңды табиғи жүйеде кездеспеген, бір емес, бірнеше факторлар бір уақытта әсер етеді. Қоршаған орта сапасының күрт нашарлауы, тазалау аудандармен салыстырғанда, ластанған аудандарда балалардың дене дамуының кешеуілдеуіне және жалпы аурушаңдықтың 40-60% жоғарылауына әкеледі. Жекелеген өнеркәсіпті аудандарда қоршаған орта нысандарының жоғары ластану деңгейі, әр түрлі ластағыштардың өзіне тән эффектілердің пайда болу себебіне айналады. Мысалы, Қазақстанның оңтүстік аудандарында қалыптасқан техногенді фторлы провинцияларда тұратын көптеген балаларда флюороздың белгілері, ал қоршаған ортаның ауыр металдармен ластану деңгейі жоғары Шығыс Қазақстан облысында, қорғасынның созылмалы әсерінің белгілері байқалады. Әлі толық зерттелмеген, бірақ, олардың дамуы қоршаған ортаның ластануына байланыстырылатын: балалар алопециясы, «сары балалар», «балаларда уақытынан ерте пайда болатын кәрілік», «созылмалы қажу синдромы» және басқа да балалардың жаңа аурулары тіркелген. Қоршаған ортаның ластағыштары мутацияның салмағын арттырады. Семей ядролық полигоны, Арал маңына жақын орналасқан экологиялық апат аймақтарында тұратын балаларда, ластанбаған аудандарда тұратын балаларға қарағанда, хромосомдық аберрациялар мен көп мүшелі созылмалы аурулар 3 есе жиі кездеседі (Чой С.В., 2003). Әрбір оныншы бала генетикалық кемістікпен өмірге келеді.
Сонымен, балалардың денсаулық жағдайына, үлесі біркелкі емес, көптеген факторлар әсер етеді. Бірақ, олардың әсерлерінің жиынтығы қазіргі уақыттағы балалардың денсаулық әлеуетінің едәуір және қауіпті түрде төмендеуіне әкеледі, сондықтан денсаулық бұзылыстарының алдын алу балалар мен жасөспірімдер гигиенасының негізгі міндеттерінің бірі болып табылады.
Достарыңызбен бөлісу: |