Z – score шкаласы – 10 жасқа дейінгі балалардың тамақтану статусын сипаттау үшін БДДҰ ұсынған, баланың дене дамуын бағалау әдісі. Бұл әдісте зерттелінетін көрсеткіш стандартты популяция медианасынан қанша сигмаға айырмашылығы бар екенін анықтайды.
Регрессия шкалалары бойынша дененің дамуын бағалау әдісінің сигмалық ауытқулар әдісінен айырмашылығы, дене ұзындығы мен дене массасы арасындағы, дене ұзындығы мен кеуде торының шеңбері арасындағы корреляциялық байланыстылықты есепке алады. Регрессия шкалалары - бұл әр түрлі жастағы балалардың дене ұзындығының әрбір мәнінің тұсында, осы ұзындыққа сәйкес болуы тиіс салмағы мен кеуде торы шеңберінің көрсеткіштері берілген бағалау кестелері болып табылады. Дененің даму деңгейін дене ұзындығы бойынша: орташа, орташадан жоғары, биік, орташадан төмен және төмен деп бөледі. Даму үйлесімділігін анықтау үшін, белгілі бір жастағы баланың берілген бойының ұзындығы кезіндегі іс жүзіндегі массасы мен кеуде торы шеңберінің осы көрсеткіштердің бойының ұзындығына сәйкес болуы тиіс мөлшерінен, қанша регрессия сигмасына ( R) айырмашылықтары бар екенін есептейді. R – бұл, әрбір параметрге есептеліп қойылған статистикалық көрсеткіш. Оны басқа белгіге (бойының ұзындығына) байланысты жеке адам белгісінің (массасы, кеуде торының шеңберінің) тиісті мөлшерден ауытқуының өлшемі ретінде қолданады.. Егер масса мен кеуде торы шеңберінің көрсеткіштері 1 R мәнінен аспаса, онда дененің дамуы үйлесімді болып саналады. Сондай-ақ, май басу немесе басқа себептерден емес, бұлшық еттің жақсы дамуы мен қаңқа сүйектерінің ауырлығынан, дене массасы мен кеуде торының шеңбері тиісті болуы керек мөлшерден 1R артық болса да, даму үйлесімді деп санау керек. Егер дене массасы мен кеуде торының шеңбері тиісті мөлшерден 1,1-2,0 R аз немесе артық болса, онда морфологиялық-функционалдық жағдай үйлесімді емес болып есептеледі.
Егер дене массасы мен кеуде торының шеңбері тиісті болуы мөлшерден 2R кем немесе артық болса, онда морфологиялық-функционалдық жағдайды үйлесімділігі күрт өзгерген деп анықтайды. Даму дәрежесі функционалдық көрсеткіштер - ӨТС, қолдың бұлшық етінің күші бойынша да бағаланады. Дененің дамуын жоғарыда аталған әдістермен бағалау соматометриялық көрсеткіштер бойынша ғана жүргізіледі және олар толық та, қатесіз де емес, өйткені басқа кемшіліктермен қатар, биологиялық дамудың жеткен деңгейі, яғни баланың биологиялық жасы есепке алынбайды. Биологиялық жасы деп баланың қазіргі сәтте жетікен морфологиялық - функционалдық даму деңгейіне сәйкес жасын түсінеді. Биологиялық жастың баланың төл құжаттық жасынан, яғни, туғаннан бастап, өмір сүрген жылдары, айлары, күндерінің сандарынан, біраз айырмашылықтары болуы мүмкін. Төл құжаттық жас биологиялық жастан озуы немесе артта қалуы мүмкін. Мысалы, 7 жастағы балалардың биологиялық жасы 4 жастан 10 жас ауытқуы мүмкін, яғни олардың ішінде кейбір балалардың биологиялық даму деңгейі 4-5 жасқа немесе 9- 10 жасқа сәйкес келетіндері анықталады.
Биологиялық дамудан артта қалуы немесе озып кетуі, әр түрлі аурулар дамуының қауіп-қатер факторлары немесе ағзадағы бұрыннан бар патологияның көрінсітері болып табылады. Биологиялық дамудың айқын артта қалуы, сондай-ақ, ағзаның функционалдық мүмкіншілігінің, жұмысқа қабілеттілігінің төмендеуімен, оқыту, дене еңбегі жүктемелерін орындау, спортпен шұғылдану кезінде кездесетін қиыншылықтармен жүреді.
Балалардың мұндай жағдайы диспансерлік бақылауды және ой еңбегі мен дене еңбегінің жүктемелерін дифференциалды түрде нормалауды қажет етеді. Жедел қарқынмен дамуы ағзаға жоғары талаптар қойып, гипертониялық түрдегі вегетативті-қан тамырлары реакцияларының дамуына, невроздық реакцияларға, аллергиялық реакцияларға бейімділікке, ағзаның қарсы тұру қабілетінің төмендеуіне, тез қажуға әкелуі мүмкін.
Биологиялық жасты бағалау үшін, әр түрлі көрсеткіштерді қолданады, соның ішінде, практикада ең жиі дене ұзындығы, дене ұзындығының жыл сайынғы қосылуы, тұрақты тістерінің саны, жыныстық жетілу дәрежесі сияқты көрсеткіштер қолданылады. Биологиялық даму дәрежесін анықтаудың ең дұрыс және көпшілік құптаған критерийі қаңқаның әр түрлі сүйектерінің сүйектену (оссификация) деңгейі (сүйектің сүйектенуіне сәйкес жас) болып табылады. Бірақ, сүйектену дәрежесі рентгенографиялық зерттеулер көмегімен ғана анықталатындықтан, бұл белгі медициналық көрсетілімдері болған кезде ғана қолданылады.
Биологиялық дамудың жеке критерийлерінің маңыздылығы әр түрлі жас кезеңдері үшін бірдей емес. Мектепке дейінгі және кіші мектеп жастарында дененің ұзындығы, дене ұзындығының жыл сайынғы қосылуы және тұрақты тістерінің саны биологиялық дамуды анықтайтын көрсеткіштер болып табылады. Орта және үлкен мектеп жастарында дене ұзындығы және оның жыл сайынғы қосылуы өзінің ақпараттылығын сақтайды, бірақ жыныстық жетілудің жеткен деңгейі биологиялық дамудың басты белгісі болып табылады. Жыныстық жетілу кезеңі (пубертаттық кезең) ұлдарда 10-нан 18 жасқа дейінгі, ал қыздарда 9-дан 17 жасқа дейінгі жас аралығын қамтиды. Жыныстық жетілу дәрежесі ұлдарда қолтықтың (Ax ), қасағаның (P), беттің (F) түктенуі, дауыстың өзгеруі (V) және жұтқыншақтың өсуі (L) сияқты белгілермен бағаланады.
Қыздарда басталып келе жатқан жыныстық жетілудің бірінші белгісі сүт бездерінің өсуі (Ма) болып табылады, одан кейін қасаға мен қолтықтың түктенуі және алғашқы етеккір (менархе -Ме) пайда болады. Белгілердің әрқайсысы өздерінің дамуында бірнеше сатылардан өтеді, сондықтан пубертаттың әр түрлі жас кезеңдеріне өзінің жыныстық формуласы тән (9.3.- кесте).
Достарыңызбен бөлісу: |