5. Балалар мен жасөспірімдердің денсаулық жағдайын бағалау. Денсаулық топтары.
Балалар мен жасөспірімдердің денсаулық жағдайын зерттеу мен бағалау, жоғарыда көрсетілгендей, С.М. Громбах ұсынған белгілерге сәйкес жүргізіледі. Бір баланың денсаулығы да (жеке адам денсаулығы) және бүкіл балалардың да денсаулығы (қоғамдық денсаулық) сипатталынады.
Балада созылмалы аурулардың болуы немесе болмауы жөнінде педиатрдың және арнаулы саланың мамандарының жоспарлы медициналық тексерулерінің мәліметтері мен медициналық көмек алуға келу бойынша анықталған аурушаңдық деректері бойынша біледі.
Ағзаның қарсы тұру қабілеті, өткен жылдағы балада болған жедел аурулардың және созылмалы аурулардың асқынуларының сандары бойынша бағаланады. Жиі ауыратын балаларға, бір жылда 4 немесе одан көп рет ауыратындар жатады.
Мүшелер мен жүйелердің функционалдық жағдайы клиникалық–функционалдық зерттеу әдістерімен анықталады.
Жүйкелік–психикалық даму деңгейін, арнайы тесттердің (Керн–Ирасек тесті, монометриялық тест, әріптердің дыбысын дұрыс шығаруын бағалау және басқалар) көмегімен психоневролог анықтайды.
Дененің даму деңгейі кешендік және центильдік зерттеу және бағалау әдістерінің мәліметтері бойынша анықталады.
Алынған деректер негізінде балаларды 5 денсаулық тобының біреуіне жатқызады. Балалар мен жасөспірімдерді денсаулық топтарына бөлу, тиісті сауықтыру шараларын жүргізуге, диспансерлік бақылауға алуға, дене шынықтыру тәрбиесі мен еңбекке баулудың көлемі мен түріне түзету енгізуге, емдеу–алдын алу шараларының тиімділігін бағалауға және т.б. мүмкіндік береді.
Бірінші денсаулық тобына дені сау, созылмалы аурулары, кемтарлығы, ақаулары жоқ, дене дамуы мен жүйкелік–психикалық дамуы жасына сәйкес, үйлесімді, сирек ауыратын, функционалдық ауытқулары жоқ балалар жатады.
Екінші денсаулық тобына дені сау, созылмалы аурулары жоқ, бірақ кейбір функционалдық және морфологиялық ауытқулары бар балалар, сондай–ақ, биологиялық жасы күнтізбектік жасынан артта қалған эндокриндік патологиясы жоқ және дене массасы жеткіліксіз немесе артық, жиі және ұзақ ауыратын балалар жатады.
Үшінші денсаулық тобына, функционалдық мүмкіншіліктері сақталған, компенсация сатысындағы жүре пайда болған созылмалы аурулары және туа біткен патологиясы бар балалар, сондай–ақ оқуға немесе еңбекке қабілеттілігін бұзбайтын, дене кемістіктері және жарақаттануларының едәуір салдары бар, балалар жатады.
Төртінші денсаулық тобына функционалдық мүмкіншіліктері төмен, субкомпенсация сатысындағы жүре пайда болған немесе туа біткен созылмалы аурулары бар балалар, сондай–ақ, оқуға немесе еңбекке қабілеттілігін бұзатын, дене кемістіктері және жарақаттануларының едәуір салдары бар, балалар жатады.
Бесінші денсаулық тобына функционалдық мүмкіншіліктері айқын төмендеген, декомпенсация сатысындағы жүре пайда болған немесе туа біткен ауыр созылмалы аурулары бар балалар, сондай–ақ мүгедектікке әкеп соғатын, дене кемістіктері және жарақаттануларының едәуір салдары бар балалар жатады.
Созылмалы аурулар кезіндегі компенсация дәрежесі патологиялық үрдістің таралуы, оның жыл бойындағы асқынуларының жиілігі, интеркуррентті аурулардың жиілігі, ағзаның функционалдық мүмкіншіліктері төмендеуінің айқындылығы бойынша анықталады. Аурудың компенсациялық түрде өтуі кезінде, әдетте, бір-екі мүшелер мен жүйелердің зақымдалуы байқалады, асқынулар сирек – жылына 1 ретке дейін, ремиссия кезеңі – ұзақ, функционалдық мүмкіншіліктері сақталған, интеркуррентті аурулардың сирек қосылады және жеңіл өтеді, ағзаның жалпы жағдайы мен ахуалының айқын бұзылыстары байқалмайды.
Субкомпенсация сатысы, үрдістің басқа мүшелер мен жүйелерге таралуымен, аурудың жиі асқынуларымен (жылына–2–3 рет дейін) және интеркуррентті аурулардың жиі қосылуымен, реконвалесценция кезеңінің ұзаққа созылуымен, сондай–ақ, ағзаның функционалдық мүмкіншілігінің төмендеуімен сипатталады. Декомпенсация кезінде бұзылу үрдістері көптеген мүшелер мен жүйелерге таралады, ремиссия кезеңі – қысқа, ағзаның функционалдық мүмкіншіліктері күрт төмендеген, соның салдарынан, мұндай балалар басқа адам күтім көрсетуін қажет етеді және балалар мен жасөспірімдерге арналған жалпы салалық мекемелерге қатыспайды.
Денсаулық тобын өз саласы бойынша медициналық тексеруге қатысқан әрбір маман анықтайды. Соңғы бағаны мамандардың қорытындалары негізінде, жаппай медициналық тексерулер немесе диспансерлеу жүргізуге басшылық еткен дәрігер-педиатр немесе мектепке дейінгі мекемелер мен мектеп дәрігері береді. Егер балада бірнеше аурулар болса, онда баға олардың ішіндегі ең ауыры бойынша беріледі. Егер ол аурулардың әрқайсысы науқас баланы 3 денсаулық тобына жатқызуға мүмкіндік беретін болса және оның функционалдық мүмкіншіліктерін төмендетсе, онда баланы 4 топқа жатқызу керек. Денсаулық тобы мәңгілікке белгіленбейді, ол баланың денсаулық жағдайына қарай өзгеріп тұрады. Денсаулық тобын анықтауда бірыңғайлаған «Денсаулық тобын анықтау сұлбасы» қолданылыды.
Балаларды топтарға бөлу, оларға дифференциалды бақылау, денсаулық деңгейіне байланысты сауықтыру және емдеу жүргізуге мүмкіндік береді.
Достарыңызбен бөлісу: |