9. Өндірістік канцерогенді факторлар. Өндірістік канцерогенді факторларға адам ағзасына еңбек үрдісі барысында әсер етуі кезінде кәсіби қатерлі ісіктердің дамуына алып келетін физикалық және химиялық факторларды жатқызады. Бұл ісіктерді сапалық белгілері бойынша басқа себептерден пайда болған қатерлі ісіктерден ажырату мүмкін емес, бұл мәселені шешу кезіндегі ең басты критерийіне сандық көрсеткіштер – белгілі бір өндіріс жағдайында жұмыс істейтіндерде ісіктердің ертерек және жиірек дамуы жатады. Ісіктердің өндірістік факторлардың әсерімен байланысын анықтауды ісіктердің пайда болуының ұзақ жасырын кезеңі қиындатады. Ісіктердің пайда болатын уақытында, адам канцерогенді фактормен жұмыс істеуін тоқтатып та қалады. Сондықтан да анамнезін дұрыс жинау және кәсіптік маршрутын анықтау, сонымен қатар өндірістік экспозиция қарқындылығын ескеру өте маңызды.
Ағзаның канцерогенді факторлармен тікелей қатынасымен (мұржа тазалушылардың тері ісіктері, шаңы көп кәсіп түрі өкілдерінің өкпе ісігі және т.с.с.) немесе канцерогенді заттар шоғырланатын (бауыр) және шығарылатын жолдарда (қуық) кәсіби ісіктер өте жиі кездеседі. Радиацияның бластомогенді әсеріне тіндердің жоғары сезімтал (қан түзуші тіндер) болуы да аса маңызды.
Өндірістік канцерогенді факторларды анықтау үшін эпидемиологиялық және эксперименталдық әдістерді қолданады. Тек эпидемиологиялық әдістің өзі жеткілікті ақпарат бере алмайды, себебі өндірістегі немесе тұрмыстағы кез-келген фактор өз алдына жеке әсер етпейді. Эксперименттердің көмегімен бірқатар химиялық заттардың бластомогенді қасиеттері анықталды, бұл жаңа ғылыми бағытқа – онкогигиенаға бастама берді. Бейорганикалық заттардың ішінде металлдардың (никелдің, хромның, бериллийдің, кадмийдің), сонымен қатар басым жабысқан жерінде канцерогенді эффект тудыратын талшықты материалдардың (асбест) канцерогенді әсері бәрінен де жақсы зерттелген. Табиғатты физикалық негізгі канцерогенді факторларға иондаушы сәулелер мен УК-сәулелер жатады. Енгіштігі жоғары иондағыш сәулеленудің (гамма-сәулеленулері, қатты рентген сәулеленулері, протондар, нейтрондар) жалпы әсері кезінде жаңа түзілімдер кез-келген мүшелерде пайда болады. Ағзаға енбейтін иондаушы сәулеленулер әсер еткен кезде (жұмсақ рентген сәулелері, ά және β – бөлшектер) ісіктер сәулелену көзі бірінші түскен жеріндегі немесе радиация ең ұзақ жанасқан жеріндегі тінде дамиды. Органикалық заттардың ішінде 3,4-бенз(о)пиреннің, галогенделген көмірсутектердің, ароматты аминдердің, шайырдың, минералды майлардың және т.с.с. канцерогенді әсері бар.
Канцерогенездің кез-келген түрінің алғашқы кезеңі, генетикалық өзгерген жасушалардың инициациясы-индукциясы болып табылады. Келесі кезеңі – промоция, ісікті анықтағанға дейінгі кезең, иницирленген (бастама алған) жасушалардың селекциясымен және олардың басқа түрге айналған фенотипінің пайда болуымен байланысты. Канцерогенездің екі кезеңіне де қажетті буыны (звеносы) жасушалық пролиферация болып табылады. Канцерогендердің көбісі иницирлеуші әсерге ие, олардың тек кейбіреулері үшін ғана промоторлық эффектісі негізгі болып табылады. Мұндай, шартты деп аталатын (төртхлорлы көміртегі, бірқатар металлдар, мүмкін – асбест), канцерогендер ісіктердің жиілеуіне әкеп соғады, бұл басқа агенттермен, бәрінен бұрын эндогенді агенттермен иницирленген жасушалардың пролиферациясын ынталандыру нәтижесінде болуы мүмкін. Канцерогенезге өзгертуші факторлар деп аталатын, көптеген факторлар әсер етеді. Олардың ішінде үрдістің ынталануына әкеп соғатын, тіндердің спецификалық емес (механикалық, термиялық, химиялық) зақымданулары маңызды орын алады, оларды «канцерогендік эффект» ретінде көрсетеді.
Ісіктердің пайда болуы едәуір дәрежеде ағзаның жеке сезімталдығына, атап айтқанда, ДНК репарациясын жүргізетін, зат алмасуына қатыстыратын жүйелер мен ферменттердің белсенділігінің генетикалық детерминделген (негізделген) деңгейіне байланысты.
Сонымен, канцерогендік қауіптілігі тек канцерогеннің табиғатымен ғана емес, сонымен қатар әр түрлі экзо- және эндогенді факторлармен де анықталады.
Обырды (рак) зерттеу жөніндегі Халықаралық агенттіктің (ОЗХА, 1982) жіктемесі бойынша химиялық заттарды адам үшін канцерогенділік қауіптілігі бойынша 2 үлкен топқа бөледі:
І тобы – адам үшін канцерогенділігі дәлелденген заттар: 4-амидофенил; мышьяк және оның қосылыстары; асбест, бензол; бензидин; бис (хлорметилді) және хлорметилді эфир (техникалық таза); хром және оның кейбір қосылыстары; күкіртті иприт; 2-нафтил-амин; күйе; шайыр және минералды майлар; винилхлорид.
ІІ тобы – адам үшін канцерогенді болуы мүмкін заттар ( 2 шағын топтарға бөлінеді): ІІа - бұл топтағылардың канцерогендік ықтималдылығы жоғары және ІІб – бұл топтағылардың канцерогендік ықтималдылық дәрежесі төмен.
ІІа шағын тобына жататындар: акрилонитрил, бенз (а)пирен, бериллий және оның қосылыстары, диэтилсульфат, диметилсульфат, никель және оның қосылыстары, о-толуидин .
ІІб шағын тобына жататындар: амитрол, аураминдер (техникалық таза); бензоүшхлорид; кадмий және оның қосылыстары; төртхлорлы көміртегі; хлороформ; хлорфенолдар (өндірістік экспозициясы); ДДТ; 3,3-үшхлорбензидин; 3,3-диметоксибензидин (ортодианизидин); диметилкарбомоилхлорид; 1,4-диаксин; тікелей қара 38 (техникалық таза); тікелей көк 6 (техникалық таза); эпихлоргидрин; этиленоксид; этилентиомочевина; формальдегид (газ); гидразин; гербицидтер: феноксисірке қышқылының туындылары (өндірістік экспозициясы); полихлорланған бифенилдер; тетрахлордибензо-n-диоксин-2,4,6,-үшхлорфенол.
Екі топтың да көпшілігі жануарлар үшін канцерогенді болып табылады. ІІб шағын топтағыларына қатысты эпидемиологиялық мәліметтер қарама-қайшы.
Химиялық факторлардың канцерогенді әсері олардың құрылымына байланысты болады.
Өндірісте обырдың алдын алу жолдары: обырдың алдын алудың негізгі екі жолын ажыратады: этиологиялық факторларды жоюға бағытталған біріншілік алдын алуды, және қатерлі ісік алды ауруларды ерте анықтап және емдеуге негізделген, екіншілік алдын алуды. Бұл кезде өндірістік-техникалық, санитарлық-гигиеналық және медициналық-алдын алу шараларын қолданады.
Өндірістік шаралар өндірісті жобалау және қайта құру сатыларында іске асырылатын әр түрлі инженерлік-техникалық, құқықтық және ұйымдастыру шешімдерін қамтиды. Олар қондырғыларды герметизациялаудан, технологиялық үрдістерді автоматтаудан, технологияны өзгертуден, өнеркәсіп өнімдерін канцерогенді қоспалардан тазалау немесе канцерогендерді жою жолымен канцерогенсіз етуден, кейбір шикізат түрлері мен материалдарды пайдалануға тыйым салу және т.б. тұрады.
Санитарлық-гигиеналық шаралар, негізінен, эпидемиологиялық және эксперименттік зерттеулер көмегімен өндірістік канцерогенді факторларды анықтауға, сонымен қатар өндірістік ортаның канцерогендермен ластануын анықтауға бағытталған. Канцерогенділік қасиеттердің болуына күмән тудыратын заттарды тез арада іріктеп алу үшін (скренинг) мутагенділікке (химиялық заттардың мутагендігі мен канцерогендігі арасында корреляциялық байланыс анықталған) экспресс-тесттер қолданылады.
Аса қауіпті канцерогенді қосылыстарға қатысты негізгі алдын алу шаралары оларды өндіру мен қолдануды шектеу болып табылады. Барлық жерде таралған канцерогендер үшін, жануарларға жүргізілген эксперименттің «доза-эффект» байланысы негізінде, гигиеналық норматив орнату және минимальды әсер ететін дозаны анықтап, алынған мәліметтерді әрі қарай адамға экстрополяциялау қажет.
Нормалау кезінде, сондай-ақ, эпидемиологиялық зерттеулердің нәтижелері де ескеріледі.
Жеке бас гигиенасы мен қауіпсіздік техникасын сақтау да (атап айтқанда, жеке басты қорғайтын заттарды үнемі және дұрыс пайдалану) алдын-алу мақсатында жүргізіледі, бұған жақсы ұйымдастырылған санитарлық-ағарту жұмысы мен уақтылы жүргізілетін нұсқау ықпал етеді.
Медициналық алдын-алу жұмысшыларды жұмысқа қабылдау алдында жүргізілетін және кезеңдік медициналық тексерулерді, сонымен қатар, фондық және ісік алды ауруларын анықтауға бағытталған халықты диспансерлеуді қамтиды. Рак ауруы пайда болуының жасырын кезеңі ұзақ уақыт болатынын ескеріп, онкоқауіпті өндірістерге жасы 40-45 асқан адамдарды қабылдаған жөн.
Алдын алу шараларын жүргізу арқасында коксхимиялық, тақтатас өңдеу, мұнай өңдеу, анилиндік-сырлар және басқа да өнеркәсіп салаларындағы кәсіби рак ауруының жиілігі төмендеді.