10. Өнеркәсіптік улар
10.1 Жалпы түсініктер. Адамның өнеркәсіптегі еңбек іс әрекеті үрдісінде кездесетін, қауіпсіздік техникасының ережелерін және еңбек гигиенасын сақтамаған жағдайда жұмысшыларға зиянды әсер ететін барлық немесе барлығына жуық химиялық заттар өнеркәсіптік улар болып табылады. Олар газ, бу немесе сұйық, сондай-ақ шаң, түтін немесе тұман түріндегі бастапқы, аралық, жанама немесе соңғы өнімдер болуы мүмкін.
У–ағзаға туа біткен немесе жүре пайда болған қасиеттеріне сәйкес келмейтін мөлшерде (сирек –сапада) түсетін тіршілік ортасының химиялық компоненті, сондықтан да өмір сүру үшін үйлеспейді.
Өндіріс жағдайларында улы әсер ететін заттар адам ағзасына тыныс алу жолдары, тері, асқорыту жолы арқылы түседі. Заттардың ағзаға түсу жолдары заттың агрегаттық күйіне (аэрозольдер, булар, газдар, сұйықтар) және технологиялық үрдістің сипатына байланысты.
Удың биологиялық әсері оның биологиялық рецепторлармен химиялық өзара әсерлесу нәтижесі болып табылады. Бұл өзара әсерлесуі заттың ағзада ұсталыну дәрежесін, оның биотрансформациялану үрдісін, ағзада жиналу және одан шығарылу дәрежесін анықтайды. Ингаляциялық жолмен түскен кезде өкпеден қанға сіңу дәрежесі әр түрлі заттар үшін бірдей емес, ол ең алдымен биологиялық сұйықтарда ерігіштігіне альвеола, қан тамырлары мен жасуша мембраналары арқылы ену қабілетіне байланысты. Қанға сіңгеннен және мүшелерге таралғаннан кейін улар ағзада айналымға түседі (биотрансформацияланады) және жиналады. Бейорганикалық заттардың барлығы дерлік және көптеген органикалық заттар әр түрлі мүшелер мен тіндерде жиналып, ағзада ұзақ уақыт ұсталынады. Ағзадағы металдардың айналымға түсуі май қышқылдарымен және амин қышқылдарымен (глутамин және аспаргинқышқылдарымен, цистеинмен, метионинмен және басқаларымен) биокешендер түзуімен жүреді. Аминқышқылдарымен сынап, қорғасын, мыс, мырыш, кадмий, кобальт, марганец және басқалары кешендер түзеді. Металдардың белоктармен түзетін кешені аса тұрақты болып келеді, ол олардың ұзақ уақыт ағзада айналуын және жұмсақ тіндермен паренхиматозды мүшелерде қорға жиналуын қамтамасыз етеді.
Металдар, олар өздері микроэлементтер түрінде кездесетін тіндерде, және де зат алмасуы қарқынды жүретін мүшелерде (бауыр, бүйрек, эндокриндік бездер) қорға жиналады. Қорғасын, уран, берилий нашар еритін фосфаттар түзеді де сүйектерде жиналады. Сынап пен кадмий белоктармен мықты байланыс түзетіндіктен паренхиматозды мүшелерде жиналады. Хром эритроциттердің мембраналарында жиналады. Элементорганикалық және органикалық заттар жасуша мембраналарының липидтік құрам бөліктерімен өзара әрекеттесіп, ол олардың жасушаға енуін және одан кейін ары қарай биотрансформациялануына себепші болады.
Бөгде органикалық қосылыстардың биотрансформациялануы, әдетте, екі фазаға бөлінеді. Бірінші фазасындағы реакцияларда негізгі жүктеме гепотациттердің тегіс эндоплазмалық ретикулумында орналасқан микросомалық ферменттер тобының Р-450 цитохромына түседі. Бұдан басқа, ксенобиотиктердің айналымын паренхималы мүшелердің митохондриялары мен цитозолда, қан плазмасы құрамында болатын ферменттер де катализдейді. Бірінші фазада удың молекуласы тотықсыздану, тотығу, гидролиздену, гидратациялану, галогенсіздену және басқа реакциялар нәтижесінде, екінші фазасы - коньюгациялану үшін қажетті функционалдық топтарды қосып алады. Зат алмасудың аралық өнімдерінің түзілуі кейде улылық әсердің төмендеуімен емес, керсінше оның жоғарылауымен бірге жүреді. Мысалы, тиофос ағзада улылық әсері күштірек параоксон түзеді.
Екінші сатысында интермедиаттар немесе ағзаға түскен улардың эндогенді қосылыстармен - глюкурон, күкірт, сірке қышқылдарымен, аминқышқылдарымен, глутатионмен синтезделу (коньюгация), сондай-ақ метилдеу реакцияларына түседі. Нәтижесінде ксенобиотиктер полярлығы жоғарылау (ерігіштеу),әдетте улы әсері төмендеу заттарға айналады, ксенобиотиктер молекулалық массасы және молекулаларының өлшемі ұлғаяды, олардың бүйрек, асқазан-ішек жолы, тері , өкпе арқылы шығуы жақсарады. Өкпе арқылы ұшқыш қосылыстар шығады, қанға сіңген және қанда айналымда жүрген улар бүйректер шумақшасынан пассивті сүзілу, пассивті өзекшелік диффузия жолымен және белсенді тасымалданумен бүйрек арқылы бөлініп шығады. Улардың тер бездерімен, тері арқылы, май бездерімен бөлініп шығуы да мүмкін. Бауырда пайда болатын алмасу өнімдері (метаболиттер), көптеген улар сияқты өтпен ішекке шығарылады. Бөлініп шығуының мұндай жолдары металлдарға (сынап, қорғасын, марганец және басқаларға) тән. Ішектен металдардың қанға қайта сіңуі және қаннан бауырға өтуі металдардың ішектен-бүйректік айналымын қамтамасыз етеді, ол ең соңында ішек арқылы бөлініп шығатын металдың үлесін анықтайды.
Улы әсер ететін заттардың, ағзада айналымда болуы, басқа түрге айналуы және ағзаданбөлініп шығуы улардың ағзада өтетін құбылыстарының жиынтығын көрсетеді және улануды жою үрдісінің токсикокинетикасын, яғни заттардың ағза арқылы өту кинетикасын (динамикасын) анықтайды.
Химиялық заттардың улылық дәрежесі оның маңызды сипаттамасы болып табылады. Улылық дәрежесі (токсичность) – заттың өмір сүрумен үйлесімсіздігінің өлшемі, орташа өлімге келтіретін дозаның (LD50) немесе концентрацияның (LD50) мәніне кері шама. Удың орташа өлімге келтіретін дозасы (немесе концентрациясы) –әсер еткеннен кейін белгілі бір мерзім ішінде бақылауда болғанда, тәжірибе жүргізілген жануарлардың стандартты тобының 50%-ын өлімге әкелетін удың мөлшері. Улылық дәрежесінің эффектісі, ағза түрінің биологиялық ерекшеліктеріне, жынысына, жасына және жеке сезімталдығына; удың құрылымына және физико-химиялық қасиеттеріне; ағзаға түскен заттың мөлшеріне; сыртқы ортаның факторларына (температура, атмосфералық қысым және басқалары) байланысты.
Нақты өндірістік жағдайларда интоксикацияның даму ықтималдығы заттың улылығына ғана емес сонымен қатар, ағзаға өмір сүру үшін қауіпті мөлшерде удың түсуіне де байланысты. Сондықтан «қауіптілігі» түсінігі қабылданған. Қауіптілігі – шынайы өндіріс жағдайында және химиялық заттарды қолдану жағдайында денсаулық үшін зиянды әсерлерінің пайда болу ықтималдылығы. Тыныс жолымен түсіп улану тудыруға қабілетті улар, сондай-ақ салдары біраз уақыт өткеннен кейін пайда болатын, ағзада жиналатын қасиеті жоғары тері және шырышты қабық арқылы түсетін улар да қауіпті болып саналады.
Ағзаға әсер ету дәрежесі бойынша зиянды заттар 4 қауіптілік классына бөлінеді:
1 – аса қауіпті заттар;
2 – қауіптілігі жоғары заттар;
3 –қауіптілігі орташа заттар;
4 –қауіптілігі аз заттар.
Химиялық заттың улылық және қауіптілік дәрежесінің параметрін зерттейтін өнеркәсіптік токсикологияның тарауы – токсикометрия деп аталады.
Өндіріс жағдайында адам бір фактордың ғана емес, сондай-ақ әр түрлі факторлардың күрделі кешенінің әсеріне ұшырайды. Өнеркәсіп уларының аралас (біріккен), кешенді, бірлесе жүретін (сочетанное) әсерлерін ажыратады. Бірнеше улардың бір мезгілде немесе бірінен соң бірі ағзаға бір жолмен түсіп, әсер етуін әсері аралас әсері деп атайды. Аралас әсерінің келесі түрлерін ажыратады:
1. Аддитивті әсері – аралас әсерлерінен туындаған эффектілердің жинақталған феномені. Бұл кезде қоспалардың қосынды әсерлері әсер ететін құрамдастары әсерінің қосындысына тең болады.
2. Күшейтетін әсері (синергизм) – эффектісінің күшеюі, бұл әсері кезінде құрамдастары әсерінің жай қосындыларына қарағанда, қоспалардың қосынды әсері артық болады;
3. Антагонистік әсері - аралас әсерінің эффектісі құрамдастары әсерінің жай қосындылары кезінде күтілетін эффектісінен аздау болады.
4. Тәуелсіз әсері - аралас әсерінің эффектісі әрбір удың жеке әсерінің эффектісінен айырмашылығы болмайды. Ең уытты заттың әсері басым болады.
Улардың ағзаға бір мезгілде әр түрлі жолдармен (тыныс алатын ауамен тыныс жолдары арқылы, су және тамақ арқылы асқорыту жолымен, тері арқылы) түсіп әсер етуін кешенді әсері деп айтады. Қоршаған ортаның зиянды заттармен ластануы барған сайын өсуіне байланысты, улардың бұл жолмен түсуінің мәні күннен күнге артып келеді.
Өндірістік жағдайда өнеркәсіптік улар адам ағзасына физикалық, биологиялық (жоғары температура, ылғалдылық, иондаушы және иондаушы емес сәулеленулер, шу, діріл және т.б.) сияқты табиғаты басқа да факторлармен бірлесе (қатар) әсер етеді. Табиғатты әр түрлі зиянды факторлардың (физикалық, химиялық және т.б.) ағзаға бір мезгілде немесе ізінше әсер етуін бірлескен әсері деп айтады.
Өнеркәсіптік улар дозасы мен әсер жағдайына (концентрация/доза/уақыт) байланысты жедел және созылмалы уланулар тудыруы мүмкін. Жедел улану – удың едәуір үлкен дозада бір рет әсер етуінен кейін немесе бірнеше дозалары жұмыс күні бойына әсер етуінен кейін, пайда болған улану. Созылмалы улану –заттың жеке дозаларының әрбіреуі ағзаға зиян келтірмейтін, аз дозаларының ұзақ уақыт бойына көп рет әсер етуінен пайда болған улану.
Өнеркәсіптік заттардың әсер етуі кезінде белгілі патологиялық үрдістердің-қабыну, дистрофия, сенсибилизация, фиброз, жасушаның хромосамалық аппаратының зақымдануы, канцерогенді әсері және т.б. ішінен кез-келгені дамуы мүмкін. Бұл кезде әрбір заттың өзіне тән, меншікті ағзаға әсері де болады, сондай-ақ өзі жататын химиялық класына (тобқа) тән қасиеттерінің әсерін де көрсетеді.
Өнеркәсіптік улардың ішінен тітіркендіргіш, нейротропты заттарды, бүйрек уларын, қан уларын, мутагендерд,і аллергендерді, канцерогендерді, теротогендерді және басқаларын ажыратады. Бұлай бөлуі улардың минимальды мөлшерде әсер етуі кезінде білінетін, таңдамалы әсер сипатын көрсетеді. Жоғарырақ дозаларында (концентрацияларында) немесе зат ұзақ уақыт әсер еткенде жалпы уландыратын әсерінің белгілері дамиды. Жанасқан жерінде қабыну тудыратын тітіркендіргіш заттарға хлор, күкірт ангидриді, азоттың қос тотығы, қышқылдар мен сілтілер және басқалары жатады. Органикалық еріткіштердің, бірқатар металлдардың әсеріне жүйке жүйесінің басым зақымдануы тән. Гепатотропты уларға төртхлорлы көміртегі, аллил спирті және т.б. жатады; Айқын аллергенді қасиетке хром, формальдегид, бериллий және басқалар ие. Этиленгликоль және мышьякты сутегі көбінесе бүйрекке әсер етеді. Мутагенді, тератогенді, канцерогенді және гонадотропты әсері бар заттарға бенз(а)пирен, никель, алты валентті хром, гидразин және оның туындылары, этиленамин, органикалық асқын тотықтар жатады.
Достарыңызбен бөлісу: |