Сынап және оның бейорганикалық қосылыстары. Метал сынап бөлме температурасында сұйық, әрі ауыр металл болып келеді. Балқу температурасы – 38,8ºС, қайнау температурасы - 356ºС. Нөл градустың өзінде-ақ булану жүреді. Температура жоғарылаған сайын және буланатын бетінің ауданы ұлғайған сайын булану қарқындылығы өсе береді.
Металды сынаппен және оның бейорганикалық қосылыстарымен (сулема (HgCl2 ), сынап цианиді (Hg(CN)2), сынап роданиді (Hg(SCN)2 және басқалармен) өндірістің әр түрлі салаларында байланыста болуы мүмкін, атап айтқанда : өлшейтін аспаптар, рентген түтіктерін, кварц және люминесценттік шамдар жасауда, кендерден амальгама түрінде металдарды алу, сынапты кеннен балқытып алу, сынап препараттарын, фунгидцидтерді, кейбір жарылатын заттарды, ағаштың шіруінің алдын алу үшін қолданатын заттарды өндіру кезінде, зертхана және медицина практикасында.
Өндіріс жағдайында сынап ағзаға негізінен тыныс алу мүшелері арқылы булары мен аэрозольдеры түрінде түседі. Жарақаттанбаған тері арқылы және бірен-саран асқазан-ішек жолдары арқылы түсуі мүмкін болса да басқа жолдармен түсуі айтарлықтай емес. Сынап ағзадан нәжіспен, зәрмен, сілекеймен, термен, өкпе арқылы шығады, бірақ шығуы өте баяу жүреді, соған байланысты бауырда, бүйректе, көк бауырда, мида және сүйектерде қор түзе жиналады.
Металды сынаптың да және оның қосылыстарының да улылығы жоғары, бұл сынап иондарының белоктардың SH-топтарымен, карбоксил және амин топтарымен өзара әрекеттесіп, ферменттердің белсенділігін төмендететіндігімен және зат алмасуының бұзылуына әкеп соғатындығымен түсіндіріледі.
Жедел және созылмалы уланулар дамуы мүмкін. Жедел уланулар өндірісте сирек кездеседі, олар негізінен апат жағдайларында, сынап зауыттарында қазандар мен пештерді тазалау кезінде болуы мүмкін. Жедел уланулар кезінде сынап ағзадан шығатын мүшелер мен жүйелердің: бүйрек, асқазан-ішек жолы, сілекей безі зақымдануының көріністері басым болады. Мысалы, уланғаннан кейін көп уақыт өтпей-ақ (5-24 сағат) әлсіздік, бас ауруы, дене қызуының көтерілуі, жоғары тыныс жолының қабыну құбылысы пайда болады, ауыз қуысының шырышты қабығы, қызыл иектің жаралануымен жүретін сынап стоматиті, қатты ішінің ауыруы, қан араласып ішінің өтуі, тіпті бүйрек тіндерінің өліеттенуіне дейін баратын уланудан болған нефропатия дамиды. Сондай-ақ орталық жүйке және жүрек-қан тамыры жүйелерінің функционалдық жағдайында өзгерістер байқалады.
Сынаптан созылмалы уланулар аз дозаларымен улану кезінде аурудың белгілері айқын емес: бас ауыруы, бас айналуы, ұйқышылдық, есте сақтаудың төмендеуі, тез қажу, ұйқы ырғағының бұзылуы, қолын созғанда саусақтарының дірілдеуі, қызыл иектен қан шығуы, тістерінің тез бүлінуі, етеккір-анабез гормондары циклінің бұзылуы, лейкопения және басқалар байқалады. Уланудың бұл бастапқы сатысы микромеркуриализм (меркурий, грек тілінен – сынап дегенді білдіреді) деп аталады.
Сынаптан уланудың айқын сатысы – меркуриализм – әдетте сынаптың жеткілікті дәрежеде жоғары деңгейде ұзақ уақыт ағзаға әсер етуі кезінде байқалады. Уланудың көрінісінде сынаптың әсерінен болған энцефалопатия түріндегі жүйке жүйесінің зақымдануы бірінші байқалады, онымен асқазан-ішек жолының, бүйректің зақымдануы да қатар жүреді.Жоғарыда көрсетілген микромеркуриализмдегі функционалдық өзгерістер қарқындылау және тұрақты болады. Тремор ірі болады, тек қолда ғана емес, сонымен қатар қабаққа, тілге, аяққа, ауыр жағдайларда бүкіл денесіне таралады. Ол дәл қимылдар орындауын, қағаз жазуын қиындатады. Жазуы танымастай өзгереді. Аурудың психикасы өзгереді. Барған сайын күшейе беретін тұрақты бас ауыруы, күйгелектік, ашушаңдық және күйзеліс жағдайы аясында бұл адамға тән емес жасқаншақтық, ұялшақтық, қорқақтық, өзіне- өзі сенімсіздік (сынаптық эретизм) пайда болады, бұл ми қыртысы-қыртыс астылық қызметінің айқын бұзылуымен байланысты. Ауыр психикалық ауытқулар есте сақтау қабілетінің бұзылуымен, шизофрения тәрізді синдроммен білінеді. Кейде есінен танып қалатын жағдайлар, эпилепсия сияқты есінен танумен және тырысып қалуы, қояншық тәрізді есінен айырылу,еттерінің құрысып жиырылуы мүмкін.
Асқорыту мүшелерінде сынаптың әсерінен болған стоматит, гингивит, гастрит, энтерколит байқалады. Тамаққа тәбеті болмайды, тамақтануының шұғыл нашарлауына байланысты анемия, күрт арықтауы мүмкін. Тыныс алатын ауада сынаптың мөлшерінің жоғары болуы әйелдерде жүктілік барысының бұзылуына, өздігінен түсік тастауына, жаңа туылған нәрестелердің арасында өлім- жітімнің көп болуына әкеп соғады.
Сынаптан уланудың бұл сатысы тіпті ұзақ уақыт қарқынды емдегеннің өзінде де қайтымсыз деп айтуға болады.
Сынаптан уланудың алдын алу жөніндегі шаралар кешенінің ішіндегі тиімдісі технологиялық үрдісте сынапты зияндылығы аз заттармен алмастыру болып табылады. Бірақ бұл жолмен қол жеткізу барлық уақытта мүмкін бола бермейді. Осыған байланысты сынаптың жұмыс зонасы ауасына түсуінің алдын-алуға бағыттайтын шараларды қолданады. Жабдықтарды герметизациялау, үрдістерді қашықтан басқарудың, ашық сынаппен жұмысты сорып әкететін шкафтарда істеудің, жалпы көлемдік енбелі-сормалы желдету түрін орнатудың, сынаптың булануын азайту мақсатында бөлмелерде салыстырмалы түрде төмен температура жағдайын (15-16ºС) сақтаудың айрықша маңызы бар.
Сынаппен істелетін жұмыстың бәрі де жеке арнайы жабдықталған бөлмелерде жүргізілуі тиіс. Олардың қабырғалары мен төбесін сынап өтпейтін майлы сырмен сырлайды. Едендерін, жұмыс істейтін столдарының бетін линолеуммен жабады, шеттерін қабырғаға қарай көтеріп сылақтың астына жібереді. Сорып әкететін шкафтарды сынап еденге төгілмей ыдысқа ағуы үшін арнайы астаушамен жабдықтайды. Астаушадан қабылдайтын ыдыс калий перманганатының ерітіндісімен толтырылады, ол сынапты тотықтырып, булануының алдын алады.
Бөлмелерді үнемі жуып – жинау және оқтын-оқтын демеркуризация жүргізу марганец қышқылды калийдің, хлорлы темірдің, хлораминнің, гипосульфиттің судағы ертінділерімен белсенділігін жойып, сынаптан тазарту өте маңызды.
Ауаға ұшқан сынаптың булары тез арада сұйық күйге ауысатынын және линолеумдердің астында және басқа да жерлерде жиналып «қор» жасайды, сөйтіп бөлмеге қосымша түсіп отыратын жасырын көзіне айналатыны есте болуы керек. Сынаптың жұмыс істейтін және қосымша көздерінен ауаға түсуінен құтылу үшін оның буларының концентрациясын жүйелі түрде бақылау қамтамасыз етілуі тиіс. Оның максималды бір реттік ШРЕКм.б.р. – 0,01 мг/м3 ,орташа тәуліктік ШРЕКо.т. – 0,005 мг/м3 артық болмауы тиіс.
Сынап өндірісіндегі жұмысшылар арнайы жұмыс киімімен қамтамасыз етілуі тиіс. Технологиялық жабдықтардың ішінде жөндеу жұмыстарын жүргізу кезінде алдымен жабдықтардың ішкі бетінің температурасын 40ºС дейін төмендету, оқшаулайтын противогаздар мен арнайы киімдер қолдану, ұдайы сақтандыру және дабыл қаққышты қою міндетті түрде болып табылады.
Сынаппен қатынаста болатын жұмысқа қабылдауға қарсы көрсетілімдер, олар орталық жүйке жүйесінің органикалық аурулары, невроз жағдайлары, психопатия, шеткі жүйке жүйесінің созылмалы аурулары, вегетативтік ауытқулар, асқазан-ішек жолының, бауырдың, бүйректің, тістің және басқалардың созылмалы аурулары. Жұмысқа жүкті әйелдер мен бала емізетін әйелдер жіберілмейді.
Жұмыс істеушілердің кезеңдік медициналық тексерулерден өтуі міндетті болып табылады. Тексерулердің кезеңділігі жұмыстың қауіптілік дәрежесіне байланысты және жылына 1 реттен 4 ретке дейін болуы мүмкін.
Емдеу-алдын алу жөніндегі тамақтану тағайындалады (№4 рацион – VIII тарауды қараңыз). Жұмыс уақытында сынаптың қосылыстарын байланыстыру және кетіру мақсатында калий перманганатының ертіндісімен ауызды әлсін-әлсін шайып тұрады. Ағзада сынапты тасымалдаушылық анықталған жағдайда арнайы тағам рационын және бойына сіңіретін заттарды қолданып оның ағзадан шығуын ынталандырады.
Достарыңызбен бөлісу: |