Оқулық Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі бекіткен



бет37/297
Дата14.11.2022
өлшемі5,72 Mb.
#158178
түріОқулық
1   ...   33   34   35   36   37   38   39   40   ...   297
Байланысты:
Uchebnik Gigiena-kaz yaz (копия)

Биофизикалық компоненті УК сәулесінің фотоэлектрлік әсері салдарынан жасушалардағы ақуыздың коллоидтық жағдайы мен иондық құрамының өзгеруімен байланысты.
Ал жүйкелік-рефлекторлық компоненті, теріде түзілген гистамин және гистамин тәрізді заттардың және басқа да қосылыстардың терідегі жүйке ұштарын тітіркендіруі нәтижесінде, ағзадағы көптеген қызметтерді ширатуымен сипатталынады.
Гуморалдық, биофизикалық және жүйкелік-рефлекторлық әсерлерінің бірге жүруі арқасында, УК-сәуленің айқын жалпы ширататын әсері пайда болады. Атап айтқанда, тіндік тыныс алуға қатысатын ферменттерінің белсенділігі жоғарылайды, ақуыздың, майдың, көмірсулардың, минералды заттардың алмасу үрдістерінің белсенділігі арттады, қан түзілу, жасушалардың өсуі, тіндердің қайта қалпына келуі ынталанады. Сонымен бірге, ағзаның жұқпаларға қарсы тұру қабілетінің жоғарылауы да өте маңызды болып табылады. Бұл, антиденелердің синтезінің ынталануымен, тері мен қанның бактерицидтік қасиеттерінің және лейкоциттердің фагоцитарлық белсенділігінің күшейуімен түсіндіріледі. УК-сәулеленудің әсерінен ағзаның төзімділігі жұқпаларға ғана емес, сонымен қатар, иондаушы сәулелердің, уландыратын және канцерогенді агенттердің, фиброгенді шаңдардың әсеріне де жоғарлайды
УК-сәулесінің жалпы ынталандыратын (ширататын) әсері ұзын толқынды да, орта толқынды да УК-сәулеленуде бар, бірақ, ең айқын әсері орта толқынды УК-сәулеленуде байкалады. Жалпы биологиялық әсерінен басқа, УК сәулесінің әр диапазонына тән өзінің ерекше әсерлері бар. Мысалы, ұзын толқынды УК-сәулелену эритемды-күнге күю әсер көрсетеді, ал орта толқындысы – терідегі Д дәруменінің синтезін ынталандырады және әлсіз бактерицидтік әсер етеді. Ультракүлгіндік эритема сәулеленудің әсерінен соң 1-3 сағаттан кейін, кейде одан да ертерек дамиды. Терідегі эритема шекарасының айқын болуы және біраздан кейін меланиннің түзілуі (күнге күю) оның ерекшелігі болып табылады. УК-сәулесінің әсерінен пайда болатын күнге күю және эпидермистің қалыңдауы, күн радиациясының әсеріне ағзаның қорғаныстық реакциясы болып табылады. Күнге күюдің тез түзілуі - ағзаның реактивтілігінің жақсы екендігін көрсетеді.
Орта толқынды УК-сәулеленулер рахитке қарсы әсер етеді, себебі олар фотохимиялық реакцияларда Д дәрумендердің алдыңғы өнімдерін изомерлеу арқылы теріде Д2, Д3, Д4 дәрумендерінің түзілуіне ықпал етеді. 313 ммк толқын ұзындығындағы сәулелердің рахитке қарсы әсері ең жоғары болып келеді. УК сәулесі жеткіліксіз болғанда, Д дәруменінің түзілуі баяулайды, соның нәтижесінде фосфор-кальций алмасуы мен сүйектену үрдістері бұзылады. Балаларда рахит және тетания дамиды, бойы мен дене дамуы кешеуілдейді. Үлкен адамдарда остеопороз көріністері байқалуы мүмкін, байлам аппараттары әлсізденеді, сынған сүйектердің бітуі нашар жүреді, тістердің эмалі нәзік болып, тез бұзылады.
Сонымен, орта толқынды УК сәулелері биологиялық тұрғыдан ең пайдалы болып табылады, себебі дәл осы сәулелер айқын жалпы ынталандырушы, рахитке қарсы және ағзаны шынықтыратын әсер етеді, ағзаның иммундық статусын нығайтады, тіндердің қалпына келуіне мүмкіндік туғызады, даму мен өсу үрдістерін ынталандырады.
Сондай ақ, УК сәулелердің жоғарғы жүйке қызметі үрдістерінің белсенділігін жоғарлатуының да маңызы аз емес, соның арқасында ой еңбегіне қабілеттілік жоғарылайды, қажудын ерте дамуының алдын алады. Гипертониялық ауруларымен және жүректің ишемиялық ауруының асқынбаған түрлерімен ауыратын науқастарды УК сәулесіне түсіргенде, оң эффект болғаны жазылған.
Қазіргі орта ультракүлгін сәулесі жетіспеушілігі («күн сәулесіне ашығу») дамуының жоғары қауіптілігімен сипатталады, бұл аймақтың климаттық ерекшеліктерімен ғана емес, сонымен бірге, адамдардың тұрмыс және еңбек жағдайымен, ауаның ластануымен, тұрғын және қоғамдық ғимараттардың тиімді жоспарланбауымен, тұманды және бұлтты күндердің басым болуымен және т.б. байланысты. Ең жиі УК жетіспеушілікке тән белгілер солтүстік ендікте тұратын адамдарда, тау кен, көмір өндірісінде істейтін жұмысшыларда, метро құрылысшыларында, уақыттарының көп бөлігін жабық бөлмелерде өткізетін жоғарғы оқу орындары мен мектептерде оқитын оқушыларда кездеседі. «Күн сәулесіне ашығудың» алдын алу үшін, елді мекендерді жоспарлау мен салынуы тұрғын үй бөлмелердің терезелерінен тікелей түсетін күн сәулесі тәулігіне 3 сағаттан кем болмауын қамтамасыз етуі қажет (VII тарауды қараңыз).
Ультракүлгін сәулелері терезе әйнектерінен оңай өтуі керек, бірақ бұл қазіргі құрылыс жағдайларында көп ескеріле бермейді, керісінше, көптеген қоғамдық ғимараттардың терезелеріне күңгірт-қара әйнектер салынады. Атмосфералық ауаның шаңмен, түтінмен, күйемен және химиялық заттармен ластануының алдын алу үшін, белсенді шаралар жүргізілу қажет.
Көрсетілгендермен бірге, күн сәулесіне ашығудың алдын алу үшін, адамдарды УК сәулеленудің селективті және интегралды жасанды көздерін қолданып, УК-сәулесіне түсіруі жүргізіледі. Селективті көздері (эритемды люминесцентті шамдар –ЭЛШ), максимумы УК спектрінің жеке аймағының жіңішке бір бөлігінде шоғырланған сәулеленуді береді. Интегралды көздерінің шығаратын сәулелену спектрінде (тікелей сынапты - кварцтық шамдар - ТСК) УК спектрінің және көрінетін спектрінің барлық диапазондарындағы сәулеленулері бар.
УК сәулесіне түсіру үшін, ұзақ уақыт және қысқа уақыт әсер ететін УК сәулесін шығаратын қондырғылар қолданылады. Ұзақ уақыт әсер ететін УК сәулесін шығаратын қондырғыларда шамдар бөлменің шырақтарына жарық беру үшін қолданылатын әдеттегі люминесценттік шамдармен бірге орнатылады. Бұл жағдайда, алдын алу мақсатындағы дозаны адам бөлме ішінде 3-6 сағат бойына болған уақытта алады. Арнайы бөлмелерде – фотарийлерде қысқа уақыт УК сәулесіне түсіру кезінде, алдын алу жөніндегі доза бірнеше минут ішінде алынады. Күн сәулесіне ашығудың орнын толтыру әсіресе балалар үшін өте маңызды, себебі олардың ағзасы УК жетіспеушілігіне аса сезімтал. УК сәулесіне түсіргенде, оны міндетті түрде мөлшерлеу және дозасын бақылап отыру қажет. Әуелде биологиялық (эритемдік) дозаны И.Ф. Горбачевтың биодозиметр аспабының көмегімен анықтайды. Ол, білек пен іштің күймеген терісін сәулеленуге түсергеннен кейін 8-14 сағаттан сон, терінің сәулеленуге ұшыраған жерінде, айқындығы минимальды, эритема тудыратын, сәулелену әсерінің минимальды уақытына тең.
УК сәулесіне алдын алу мақсатында түсіргенде, күнделікті тәуліктік доза биодозаның 1/8-3/4 мөлшерін құрайды. Әдетте, қысқа мерзімді әсер ететін қондырғыларда сәулеленуге түсіруді, адамның жағдайына байланысты биодозаның 1/4 немесе 1/8 мөлшерінен бастайды және күн сайын немесе күн ара осы мөлшерде қосып отырып, сәулеленуге түсіруді 1,5 биодозаға дейін жеткізеді, содан кейін 2-3 айға үзіліс жасайды.
Ұзақ уақыт әсер ететін УК сәулесін шығаратын қондырғыларды бала бақшаларда, балалар үйлерінде, мектептерде, ауруханаларда, шипажайларда, демалыс үйлерінде, жатақханаларда, табиғи жарығы жоқ өндірістік бөлмелерде, спорт залдарында орнатады. Бұл бөлмелерде алдын алу мақсатындағы тәуліктік доза күн бойына алынады.
Қысқа толқынды УК сәулелері айқын бактерицидтік әсер етеді, сондай-ақ, адам ағзасына да зиянды әсерін тигізеді. Ұзын және орта толқынды сәулелер де абиогенді әсер етуі мүмкін, егер, сәулелену әсерінің қарқындылығы жоғары (5 және одан да көбірек минимальды эритемды биодоза) болса. Ультракүлгін сәулесінің абиогенді әсеріне күйік, фотодерматиттер, эрозиялар, жаралар, кератоконьюктивиттер, кератиттер, катаракта, птеригий, күн сәулесінін әсерінен дамитын эластоз, фотосенсибилизация, ішкі мүшелердің созылмалы ауруларының асқынуы, канцерогендік және мутагендік әсерлер жатады. Канцерогендік әсері көбінесе толқын ұзындығы 280-340 нм сәулеленуге тән, бірақ, ол күн сәулесінің және жасанды көздерінен сәулеленудің өте үлкен дозасы (40 биодозадан жоғары) ұзақ уақыт әсер еткен кезде ғана пайда болады.
Сонымен қатар, озон тесіктерінің өлшемі үлкеюі мен санының көбеюі салдарынан, тері обырымен аурушаңдықтың көбеюі болжамдалып отыр. Абиогенді эффектілері тек күн сәулесімен ғана емес, сонымен қатар, ультракүлгін сәулесінің әр түрлі жасанды көздерімен де: бактерицидтік сәуле шығаратындармен, электрлік дәнекерлеуші аппараттармен, плазмалық оттықпен, фотоэлектрлік сканнермен, лазерлермен, флюоресценттік панельдермен және басқаларымен байланысты болуы мүмкін.
Күннің УК сәулесінің қолайсыз әсерінің алдын алу үшін, ашық ауада жұмыстар 10-14 сағат аралығында жүргізілмеуі керек немесе, күннің астында болу уақытын шектеп және күннен қорғайтын киімдер мен заттарды қолданып, жүргізілуі тиіс. УК-сәулесінің жасанды көздерімен жұмыс істегенде, УК-сәулеленуі міндетті түрде нормаланауы және қорғайтын заттар, тиісті дабыл қағушылар қолданылуы тиіс.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   33   34   35   36   37   38   39   40   ...   297




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет