1643 жылы Батыр қонтайшы Қазақ хандығының жеріне басып кірді. Жау шапқыншылығы туралы хабарды алған Жәңгір оларға қарсы шықты. Жәңгірдің бұл шайқасқа қанша қол жинағаны белгісіз.
Жәңгір хан Дала өңірі үшін озық жаңа әскери әдістерді пайдаланып, Орбұлақ шайқасында жеңіске жетті. Сол кезеңдегі орыс құжаттары бойынша, Жәңгір өз адамдарының жартысына «от қарумен» тау арасындагы өткелде ор қазып бекінуге бұйырады. Ал «өзі үш жүз адаммен тауда жасырынады». Ойраттар шатқалга енген кезде оларды бораған мылтық оғы қарсы алды. Жау дүрлігіп есі шықты, осы сәтте тылдан Жәңгірдің өзі соққы берді. Қазақ сарбаздарына Самарқан билеушісі Жалаңтөс батыр 20 мың адамымен көмекке келді. Ойраттар талқандалып, «бұл ұрыста он мыңдай адамынан» айырылып, кейін шегінеді.
Әскери іс-қимылдар осымен аяқталмай, кең ауқымды соғысқа ұласты. Бұл соғыс ұзаққа созылып, оған екі жақ барлық күшін жұмылдырды. Жәңгір хан 1643-1644 жылдардағы шайқаста шешуші жеңіске жетті.
Ойрат әскерін талқандау қазақ тарихындағы даңқты оқиғаның бірі саналады. Бұл кезеңде қазақ халқы жаппай ерлік көрсетті, олардың арасынан әйгілі батырлар шықты. 1993 жылы тәуелсіз еліміз бабалардың ерлік істерін құрметтеп, Орбұлақ шайқасындағы жеңістің 350 жылдығын кеңінен атап өтті.
Қазақ хандығының Жәңгір билік еткен тұста жоңғарларға күйрете соққы беруі көрші мемлекеттермен қатынаста белсенді саясат жүргізуге ықпал етті.
Қазақ хандығы мен Бұхар хандығы арасындағы қатынастар Жәңгір тұсында негізінен тыныш өтті. Жәңгір Қашғария хандарымен тату көршілік қатынасты орнатты.
Қазақтардың соққысынан есін жиған Батыр қонтайшы қайтадан Қазақ хандығына жорыққа шықты. Жәңгір хан 1652 жылы шайқастардың бірінде қаза тапты. Бұл шайқаста қазақтар жеңіліп, Алатаудың бөктерін тастап кетуге мәжбүр болды.
§ 48-49. Тәуке хан (1680-1715/18 жылдар) тұсындағы Қазақ хандығы
Тәуке хан - Жәңгір ханның ұлы. Тәуке хан билік еткен уақыттағы оқиғалар шығыс авторларының еңбектерінде, қытай, орыс деректерінде, сондай-ақ халық ауыз әдебиетінде кездеседі. Халық аңыздарында Тәуке хан билік еткен кезең Қазақ мемлекетінің «Алтын ғасыры» аталады.
Хандықтағы тәртіпті Тәуке әскери күш есебінен ғана емес, дипломатиялық және ел басқарудағы шеберлігінің арқасында қамтамасыз етті. Бұл қасиеттер Тәуке ханның беделінің барлық үш жүзде өсуіне ықпал етті. Деректер Тәукенің «дауласқандарды табыстырып, шешендік қабілетімен қарамағында халық санының көбеюіне» қол жеткізгендігін және «күшпен емес, неғұрлым ақылымен, тіл табысуымен билік еткендігін» жазады. Бұл қасиет оған елді біріктіріп, мемлекетті нығайтуға мүмкіндік берді.
Тәуке маңайына ақылгөй дана адамдарды жинады. Үш жүздің ықпалды билері хан жанындағы кеңеске енді. Олар Ұлы жүзде - Төле, Орта жүзде - Қазыбек, Кіші жүзде - Әйтеке билер.
Ұлы Дала тұрғындарының Тәуке хан билік еткен жылдарды «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман» деп бағалауы кездейсоқ емес. Бұл Дала өңіріндегі тұрақтылық, тыныштық пен халықтың жақсы өмірінің жетістігі ретінде түсіндіріледі.
|
Тәуке ханның ішкі саясаты. XVII ғасырда Тәуке ханның билігі қазақтың барлық үш жүзіне тарады.
«Жеті жарғы» заңына XVII ғасырдағы қазақ қоғамының қажеттіліктеріне жауап берген қағидалар енді. Тәуке хан жүздер арасындағы байланыстарды ретке келтіріп, Қазақ хандығының саяси ыдырауына жол бермеді. Елдің бүкіл күшін сыртқы жаудан қорғауға жұмылдырды.
Тәуке ханның сыртқы саясаты. Тәуке белсенді сыртқы саясат жүргізді. Ол әкесі Жәңгір хан билік еткен тұста-ақ елшіліктерді басқарған еді.
Тәуке билігі кезінде Бұхар мен Қазақ хандықтары арасында үлкен қақтығыстар болған жоқ. Оның есесіне қазақтардың ойраттармен әскери іс-қимылдары «толассыз» соғыс сипатында өтті.
Тәуке хан билеген кезеңде (1680-715/18 жылдар) Қазақ хандығының Ресеймен жақындасуы басталады. Бұған, біріншіден, XVII ғасырда Қазақстан мен Ресейдің Алтайдағы шегаралары Жоңғар хандығымен түйісті де, бұл жерде жоңғарлар мен қазақтар және орыстардың мүдделері тоғысты; екіншіден, жоңғарлардың қысымы нәтижесінде халықтың солтүстік аймақтарға көшуі басталды. Бұл Ресей бодандығындағы Еділ қалмақтары, башқұрттар, Сібір казактарымен тікелей араласуға әкелді.
Қазақ хандығының Ресеймен жақындасуына Жоңғариямен ұзақ жылғы күрес ықпал етті. Тәуке хан тұсында екі ел өзара елшілік алмасып отырды. Орта және Кіші жүздердің солтүстік өңіріндегі жағдайды реттеу, өзара тұтқындар алмасу, шегаралық сауданы дамыту мен жоңғарларға қарсы бірлесіп күресу мәселелері орыс-қазақ келіссөздерінің негізгі тақырыптары болды.
Достарыңызбен бөлісу: |