«Тәуке ханның заңы» барлық жүздер аумағында XIX ғасырдың ортасына дейін қолданылып келді.
§ 53. XV-XVII ғасырлардағы қазақтың дәстүрлі шаруашылығы
Мал шаруашылығы. ХV-ХVІІ ғасырларда көшпелі мал шаруашылығы шаруашылықтың негізгі саласы болып қалды. Оңтүстік Қазақстан өңірлерінде, Сырдария, Шу, Талас өзендері жағалауларында мал шаруашылығын отырықшы тұрмыспен ұштастырған дәстүр кең тарады.
Қазақтар негізінен қой, жылқы мен түйе өсірді. Төрт түлік малдың ішінде жылқы мен қойға ерекше мән берген.
Дала қойы төзімділігі, ірілігі және етті, сүттілігімен ерекшеленді. Мәселен, XVI ғасырда қазақ даласында болған саяхатшылар: «Бұл халық биязы жүнді, керемет ірі қойларды өсіреді», - деп жазған.
Көшпелілер өмірінде жылқының орны ерекше еді. Дала жылқылары төзімділігімен ерекшеленіп, қатаң жағдайларға тез көндікті. Жылқылар теңдеп жүк артатын (күш көлігі), салт мінетін және бәйге аттар болып бөлінді.
|
Түйе үй малының кең тараған түрі болды. Ол көшкен кезде таптырмайтын көлік еді. XV-XVII ғасырлардағы деректер қазақтың түйені киіз үйлі арбаға өгіз сияқты жегуге пайдаланғандығын атап өтеді. Түйенің жүнінен киім тоқылды, сүтінен дайындалған шұбат қымызбен бірдей бағаланды.
Малға жеке отбасылық меншік орнықты. Жайылымдар көшпелі қоғамның барлық мүшелеріне ортақ еді. Әр ру белгілі бір географиялық аймақ шегінде көшіп жүрді.
Маусымдық көші-қон. Көші-қон ережелері жылдың әр маусымындағы шөптің қалың шығуын есепке алу арқылы белгіленді. Жайылымдық жер аумағы жыл мезгіліне байланысты төртке бөлінді: қысқы жайылым - қыстау, көктемгі жайылым - көктеу, жазғы жайылым - жайлау және күзгі жайылым - күзеу деп аталды.
Қыстау үшін көбінесе көл жағасы, өзен бойы таңдап алынды. Мұның себебі: өзен-көлдер жағасында қамыс пен тоғай қалың өсті. Бұлар қатал қыс мезгілінде мал азығы ретінде пайдаланылды, отынға да жаратылды. Қыстауларда алдын ала мал қоралары салынды.
Желтоқсанда көшпелілер өздерін қысқы азықпен қамтамасыз ету үшін соғым сойды. Соғым кезінде қысқы ойын-сауықтар, думан-тойлар ұйымдастырылып, ауыл адамдары бірін-бірі қонаққа шақырды. Көшпелілер үшін ең қиын да мазасыз айлар қаңтар мен ақпан еді. Бұл айларда аяз күшейіп, боран, дала бұрқасыны басталды. Көшпелілерге малдың жаппай қырылуы жұт үлкен апат әкелді. Қыста күннің кенеттен жылынуы мен жаңбырдың жаууы, соңы аязға ұласуы жұт белгісі саналды. Мұндай жағдайда жер үстін мұз басып, мал оның астындағы шөпті тебіндеп жей алмады.
Қыста көшпелі қазақтар малды қыстаудан алысырақ жерге жайды, ауқымды мал азығы молырақ болуы үшін қыстаулар бір-бірінен қашық орналасты. Сол себепті ауылдардың өзара араласуы қиынға түсті.
Қыс әскери жағынан да өте қауіпті жыл мерзімі еді. Көшпелілерге қарсы жорықтар әдетте қыс кезінде жасалды. Рузбиханның айтуынша, ұлыстар «шашырап» орналасты да, қысқы тұрақтар арасындағы қашықтық «он бес күндік» жолды құрады.
Көктем шығысымен қазақтар көктеуге түсті. Қар ертерек еріген жерге көк шығып, мал тезірек қоңданды. Мұнда қыс бойы арықтап қалған мал көтеріліп, салмақ жинады, қой қырқу науқаны жүргізілді.
Жайлау көбінесе шөбі шүйгін жайылымдар мен ауасы қоңырсалқын солтүстік өңірлерде орналасты. Жайлаудағы өмір емін-еркін кезең болды. Мұнда үйлену тойлары, ұлттық ойындар, атбәйгелері өткізілді, балуан күрестіріліп, әнші мен жыршылардың жарыстары ұйымдастырылды.
Күз келісімен малшылар күзеуге қарай көшті. Күзде халық жиналыстары өткізілді. Көшпелілер әдетте күзгі жайылымдарынан алыс жерлерге жорықтар жасады. Себебі бұл кезде олардың мініс аттары күйлі келіп, алыс жолға шыдай алды. Ал қараша айында әскери іс-қимылдар тоқтатылды, өйткені деректе айтылғандай, «дала тұрғындары бұл кезде қыстау туралы ойлаулары тиіс еді».
Достарыңызбен бөлісу: |