Оқулық Медициналық жоғарғы оқу орындарының студенттеріне, дәрігер педиатрларға және



бет83/247
Дата07.02.2022
өлшемі7,1 Mb.
#83227
түріОқулық
1   ...   79   80   81   82   83   84   85   86   ...   247
Байланысты:
Balalar khirurgiasy kaz medical students

Бауыр эхинококкозының клиникасы әр түрлі. Ол паразиттің даму кезеңіне, организмге түскен онкосфераның өсу жылдамдығына, пайда болған эхинококк қуыстарының саны мен аумағына, асқынуларын және организмнің қарсылық күшіне байланысты.
Аурудың алғашқы белгісі - эхинококк қуысының көлемінің ұлғайып, бауыр және оның айналасындағы ағзаларды, қан тамырлары мен өт шығу жолдарын басып, олардың атқаратын қызметтерінің ретін бұзғанда ғана белгілі болады.
Осыны еске алып бауыр эхинококкозының дамуы 4 кезеңге бөлінеді (Ю.А.Волох, 1958):

  1. жасырын;

  2. аурудың алғашқы белгілері – продромальдық симптомдары;

  3. бауырдың біртіндеп ұлғаюы;

  4. асқынулары.

А.А.Изотава (1953) екі даму кезеңіне бөледі:

  1. жасырын немесе симптомсыз – эхинококктың адам денесіне түсіп, алғашқы ауру белгілері пайда болғанша;

  2. ауру белгілері пайда болған кезең.

Ю.С.Гилевич (1970) бауыр эхинококкозы дамуын мынадай кезеңдерге бөліп қолдануды ұсынған:

  1. жасырын (симптомсыз) – ауру белгісі жоқ кезең;

  2. аурудың анық белгілері пайда болған кезең;

  3. асқынулары.

А.В.Мельников (1935) бұл ауруды 3 сатыға бөледі.
Бірінші саты – бастапқы, ауру белгілері жоқ- онкосфера организмге түскенінен аурудың бірінші белгілері пайда болғанша. Бұл сатының ұзақтығы әр түрлі, кейде бірнеше жылдарға созылады. Эхинококк қуысының бауыр ішіндегі көлемі өте кіші болғандықтан оны байқап, диагноз қою мүмкін емес. Науқастың жалпы жағдайы өзгермейді, шағым болмайды. Тек оның басқа дертін тексергенде, немесе құрсақ қуысына операция жасағанда ғана кездейсоқ анықталады.
Екінші саты - әр түрлі ауруларға тән белгілері біліне бастайды. Эхинококк қуыстары өте үлкейеді. Кейде тез үлкейіп, бауырдың глиссон қабығын қатты кереді. Оң жақ қабырға астында, құрсақ қуысының жоғарығы жағында, оң жақ кеуденің төменгі жағында өне бойын басып тұратын ауыртпалық, жалпы әлсіздік, асқа тәбеті шаппау, тез шаршау байқалады. Аллергияға байланысты организм сезімталдығының күшеюінен адам денесінде есекжем, лоқсу, құсу және іш өту пайда болады. Эхинококк қуысы өте үлкейгенде іш қуысының алдыңғы оң жақ қабырға астын көтеріп тұрған ісік бары байқалады. Перкуссияда бауыр шекарасының ұлғайғаны, оның жоғары тұрғаны анықталады. Эхинококк қуысы бауырдың алдыңғы жағында орналасса, бауыр домалақтанып, сипап қарағанда жұмсақ және серпілмелі болады; бауыр ішіндегі паренхимада орналасса, оның жалпы көлемі ұлғаяды – гепатомегалия.
Үшінші саты – түрлі асқынулармен байқалады. Ол асқынулар тек эхинококк қуысында болған өзгерістерге (іріңдеу, тесілу, тастық қатаю) ғана байланысты емес. Олар, сонымен қатар, орналасқан ағзадағы немесе жалпы организмдегі өзгерістерге де байланысты. Эхинококк қуысының қақпа венасын басуынан іш қуысында сарысу-асцит жиналуы, көк бауыр венасының басылуынан – оның үлкеюі, бауыр ішілік және сыртындағы өт жолдарының басылуынан – біртіндеп адам денесінің сарғаюы және т.б. байқалады. Бұл асқынулардың осылай тіркесіп келуі шарт емес. Кейде, аурудың алғашқы белгісі эхинококк қуысы жарылып, ауыр асқынудың басталуынан, бірінші кезеңнен кейін тікелей үшінші кезеңге көшеді.
Эхинококк қуысының іріңдеуі (15-34%) эхинококкоздың ең жиі кездесетін асқынуларының бірі. Ол оң жақ қабырға астының қатты ауруымен, дененің қызуы 40-410С-қа дейін көтерілуімен, организмнің улануымен және науқастың қатты қалтырап, тер басуымен байқалады. Кейде сепсис сияқты басталады. Іріңдік жарылғанда көкірек мен құрсақ қуысына, іш астарына және бүйрек айналасына тарайды. Сирегірек жағдайда қуыстағы ірің сыртқа немесе жақын қуысты ағзаларға –асқан, ішек, бронхтарға төгіледі. Іріңнің тікелей қан тамырларына құйылуы өте сирек кездеседі.
Ауыр асқынуларының бірі – іріңдемеген эхинококк қуысының жарылуы (6-9%). Ол көбінесе бауыр шетіне жақын орналасқан қуыстардың кездейсоқ жарақаттануынан болады. Оның ішіндегі көпіршіктер іш қуысына түсіп жайылып кетеді. Бұл ауру адамның талуына, анафилактикалық талықсу болып, кейде табан астында өлімге әкелуі мүмкін. Сондай-ақ жарылған қуыс ішіндегілері өт өзегіне, асқазанға, ішекке, ал көкетке жақын орналасқан қуыстан – көкірек қуысына, өкпеге, бронхтарға төгілуі мүмкін. Бірінші жағдайда, клиникалық белгілерінде құрсақ қуысында өт жолының тас басқандай ауырсынуын, өт жолы қабынуының және сарғаюының белгілері болады. Егер көкірек қуысына, өкпеге, бронхқа ашылса жөтелгенде қақырықпен эхинококк көпіршіктері және оның сыртқы қабығының қалдықтары шығады; асқазан ішек жолына жарылғанда – эхинококк көпіршіктері үлкен дәретте байқалады.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   79   80   81   82   83   84   85   86   ...   247




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет