Байланысты: Педагогика тарихы Оқулық. - Алматы 2013. – 494 бет. (3)
Фридрих Вильгельм Адольф Дистервегтің педагогикалық идеялары. Германияда мұғалімдердің мұғалімі, белгілі неміс педагогы Адольф Дистервег (1790-1866) халық педагогикасын насихаттаушы болды, өзінің бай тәжірибесіне сүйеніп “Неміс мұғалімдерінің білімін жетілдіруге басшылық” атты кең мазмұнды еңбегін (1835) жазды. Ол бүкіл Еуропаға, Ресейге кең тараған шығарма дейміз.
А.Дистервег бастауыш мектеп мұғалімдерін даярлауды жетілдіру мәселесімен өмір бойы шұғылданып, 1827 жылдан бастап “Тәрбие, оқыту жөнінде Рейн беттері” атты журнал шығарып тұрды. Оның жазған шығармаларының көпшілігі халық мектептерінің мұғалімдеріне арналды. Оның өзі де Рейн облысындағы Мерсе қаласындағы мұғалімдер семинарын басқарып, отыз жылдай директорлық қызмет атқарумен қатар педагогика, математика және неміс тілінен сабақ жүргізді.
Пруссия үкіметі 1854 жылы қабылдаған мектепті толығымен шіркеуге бағындыру және бастауыш мектепте берілетін білімнің көлемін азайтып, дін сабағының жүктемесін негізгі сабақ ретінде көтеруді міндеттеген болатын. Ол реакциялық заңға қарсы шығып, баспа және депутаттар палатасының трибунасы арқылы жоғарыда аталған заңның халыққа қарсы екендігін айтты және оған белгілі өзгеріс енгізуге үкіметті мәжбүр етті.
А.Дистервег халық педагогикасын оқу-тәрбие үдерісіне ендіруге атсалыса жүре, сословиелік тәрбиеге қарсылығын көрсеткен. Мектептің алдында тұрған басты мақсат – жастарды саналы адамгершілік рухта тәрбиелеу және тәрбиенің мазмұны – адамдар арасындағы бір-бірімен адамгершілік қарым-қатынастағы сүйіспеншілікке балаларды әдеттендіруіміз керек деп санаған. Тәрбиенің мәні – баланың табиғи мүмкіндіктерін дер кезінде байқап, дамуына қозғау салып, өзін-өзі тәрбиелеуге себепші болуда деп И.Песталоццидің пікірін қызу қолдады. Оқушылардың жас ерекшеліктерін, әр баланың дара өзгешіліктерін, зейін, ес, ойлау қабілеттерін мұғалімдердің білу керектігін атап көрсетті.
Ал оқу үрдісінің негізгі міндеті оқушылардың ақыл-ойын және қабілетін дамыту, оқыту арқылы баланы жан-жақты қалыптастырумен бірге, білім бере отыра, оның адамгершілік қасиеттерін тәрбиелеуді міндеттейді. Оқушылардың ақыл-ойларын дамытуда жаратылыстану мен математиканың ролін жоғары бағалап, оған қоса тарих, география, ана тілі мен әдебиетін бірлікте оқыту барысында бұл үрдістің мән-мағынасы одан да бетер артатынын айтады.
Ол бастауыш мектепте берілетін білімнің көлемдерін кеңейтіп, жаратылыс, география, физика мен геометрия пәндерінен білім берумен қатар орта мектепте мамандыққа байланысты білім берілуін жақтады.
А.Дистервегтің мектептегі оқытудың мазмұнын және оны оқыту әдіс-тәсілдерінің дидактикалық негіздерін айқындаудағы еңбегі зор. Оқушылардың оқуды саналы қабылдап, негізгі оқу материалдарын ұғынып, айтып беруге дағдылануы ақыл-ойын, сөз байлығын дамытады дейді.