8-дәріс
Негізгі құралдардың есебі
Бухгалтерлік есепте негізгі құралдар деп өндіріс үдерісінде ұзақ уақыт бойы, яғни бір жылдан артық уақыт пайдаланатын, өзінің бастапқы түрін, орындалған жұмысқа, көрсетілген қызметке есептелген амортизациялық аударым мөлшері шегінде біртіндеп ауыстырып ауыстырып отыратын еңбек құралдарын, яғни материалдық активтерді айтады.
«Негізгі құралдарға» - жылжымайтын мүлік, жер учаскелері, үйлер мен ғимараттар, өткізгіш тетіктер, машиналар мен жабдықтар, өлшеуіш және реттегіш аспаптары мен құралдары, есептеуіш машиналар мен техникалары және олардың бағдарламалық құралдары, көлік тасымалдау құралдары, аспаптар, өндірістік және шаруашылық құрал-саймандары, өнім және жұмыс малдары, көп жылдық көшеттер, шаруашылықтың ішкі жолы, тағы да басқалар жатады.
Көлеміне немесе бағасына қарамастан пайдалану мерзімі бір жылдан аспайтын өндіріс құралдары негізгі құралдарға жатпайды. Сонымен қатар негізгі құралдардың құрамына кәсіпорынның қоймаларындағы дайын бұйымдар болып саналатын жабдықтар мен машиналар, күрделі құрылыс құрамында есептелетін монтаждауды қажет ететін жабдықтар, жасалып біткен, бірақ әлі пайдалануға берілмей тұрған машиналар мен жабдықтар, құрылыс-монтаж жұмысының өзіндік құнның құрамында қаралған үстеме шығындардың есебінен салынған титулдық тізімге кірмеген ғимараттар мен тетіктер, сонымен бірге жас малдар, яғни малдың төлдері жатпайды.
Барлық «негізгі құралдар» өздерінің өндіріске қатысуына қарай өндірістік және өндірістік емес болып екі топқа бөлінеді. Өндірістік негізгі құралдар деп өндірісте қызмет ететін, яғни өнім өндіру орындарында пайдаланатын негізгі құралдарды айтады. Оларға: өндіріске арналған үйлер, ғимараттар, өткізгіш тетіктер, құрылыс машиналары, көлік тасымалдау құралдары, станоктар, құрал-саймандар, өлшеуіш аспаптар және тағы да басқалары жатады. Өндірістік емес негізгі құралдардың қатарына шаруашылықтың өндірістен басқа салаларында пайдаланылатын негізгі құралдар жатады.
Халық шаруашылық салаларына және істейтін қызметтерінің түрлеріне қарай барлық негізгі құралдар: өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, орман шаруашылығы, тасымалдау, байланыс, құрылыс, материалдық-техникалық жабдықтау және сату-өткізу ұйымдары, қоғамдық тамақтандыру, басқару органдары, әлеуметтік сақтандыру, ғылым және білім беру, ғылыми көмек көрсету және тағы да басқа салалар бойынша топталады. «Негізгі құралдарды» халық шаруашылығының салаларына топтастырған кезде олардың қатысуымен шығарылған өнімдердің, болмаса орындалған жұмыстар мен қызметтердің шаруашылықтың қай түріне жататындығы негізге алынады.
Егер кәсіпорынның балансында осы ұйымның негізгі қызметінен басқа салаларында қызмет атқаратын өндірістері мен бөлімшелері болса, онда осы бөлімшелер мен өндірістің атқаратын қызметтерінің сипатына сәйкес келетін халық шаруашылық саласы қызметі түріндегі топқа жатады.
Кәсіпорынның балансындағы ьтұрғын үй шаруашылығының негізгі құраладры халық шаруашылығының тұрғын үй шаруашылығы және халыққа тұрмыстық қызмет көрсету саласына жатады.
Негізгі құралдар алдына қойған мақсатына және атқаратын қызметіне қарай мынадай топтарға бөлінеді:
Үйлер (тұрғын үй, кеңсе үйі, қойма, тағы басқалары);
Ғимараттар (көпірлер, аспалы жолдар, жасанды су қоймалары, эстокадалар, скважиналар, тағы басқалары);
Өткізгіш тетіктер (жұмыс машиналар, энергия бөлетін тетіктер, құбырлар, т.б.);
Машиналар (іштен жанатын двигательдер, электроаппараттық трансформатрлар, экскаваторлар, грейдерлер, бульдозерлер, көтергіш крандар және т.б.);
Тасымалдау құралдары (жолаушылар және жүк таситын көліктер, көлікке тіркемелер т.б.);
Құрал-саймандар мен жабдықтар (шкафтар, бактар, контейнерлер тағы да басқа негізгі құралдар);
Шаруашылық құрал жабдықтары (жиһаздар, креслолар, кілемдер, сейфтер және т.б.);
Жер және жер телімі құны;
Жерді жақсартуға жұмсалған күрделі шығын;
Басқа да негізгі құралдар.
Негізгі құралдар кімнің меншігінде, иелігінде екендігіне қарай меншіктік, яғни кәсіпорынның өзіне тиісті және уақытша жалға алынған болып екіге бөлінеді. Кәсіпорын уақытша жалға алған негізгі құралдарды баланс сыртындағы «Жалға алынған негізгі құралдар» деп аталатын шотта есептейді.
Сонымен қатар пайдалану барысына қарай негізгі құралдар жұмыс істейтін, жұмыс істемейтін және сақтауда тұрған деп үш топқа бөлінеді.
Жұмыс істейтіндерге өндіріс үрдісіндегі, яғни қоланыстағы негізгі құралдар жатады.
Жұмыс істемейтін негізгі құралдардың қатарына тоқтатылып қойылған, белгілі бір себептермен басқа да жаққа әзірге берілмеген басы артық жабдықтар жатады.
Сақтауда тұрған негізгі құралдардың қатарына келешекте, яғни алдыңғы уақытта тозып немесе басқа да жағдайларға байланысты істен шығатын негізгі құралдардың орнына пайдалануға арналған құрал-жабдықтар жатады.
Материалдық активтер сатып алыну мақсатына қарай былай бөлініп есептелінеді:
Негізгі құралдар;
Тауарлық-материалдық қорлар;
Қаржылық инвестициялар.
Достарыңызбен бөлісу: |