Негізгі құралдардың бағалануы. Негізгі құралдардың есебін ұйымдастыруда оларды бағалаудың маңызы зор болып табылады. Негізгі құралдар бастапқы құнымен, баланстық құнымен, ағымдағы құнымен, қалдық құнымен және келісілген құнымен бағаланады.
Негізгі құралдарды жөндеудің есебі. Ұйымдардағы негізгі құралдардың пайдалану барысында табиғи және сапалық жағынан тозатындығы алдыңғы бөлімдерде сөз етілді. Бүтін бөлігі, яғни табиғи пішінінің барлық тетіктері бір мезгілде, бір уақытта іске жарамсыз болып қалмағанымен, негізгі құралдардың бір бөлшегінің жарамсыз болып, соның себебінен негізгі құрал істен шығуы мүмкін. Тіпті іске жарамды болғанның өзінде кейбір бөлшектерінің тозуының әсерінен өнім өндіру қабілетінің азаюы да ғажап емес. Сонымен қатар сапалық жағынан тоза бастаған кейбір негізгі құралдарды да толығымен ауыстыруға кәсіпорынның қаржылық жағынан мүмкіндігі болмай, пайдаланып жүруі мүмкін. Негізгі құралдарға жүргізілетін жөндеу жұмыстары өзінің ұйымдастырылуына қарай жай және күрделі деп аталатын екі түрге бөлінеді.
Жай жөндеу дегеніміз негізгі құралдардың тозып, істен шыққан бөлшегін жұмыс үдерісі барысында ауыстыру немесе оны қалпына келтіру болып табылады. Бұл жөндеуде майлау, сырлау тағы да басқа жөндеу жұмыстары жатады.
Күрделі жөндеу дегеніміз алдын ала жоспарланып, сапалық және табиғи тозған негізгі құралдың бөлшектерін толығымен ауыстырып, оларды түгелдей жаңартуды айтады. Бұндай жөндеуге жұмсалынған шығындар тек объектінің жағдайын, қызмет атқару мерзімін, өндірістік қуатын, тағы да басқа көрсеткіштерін арттырғанда ғана оның яғни негізгі құралдың бастапқы құнын өсіреді. яғни күрделі жөндеу үшін шығарылған шығындар сомасы негізгі құралдардың бастапқы құнына қосылып, активтің болашақтағы табыс әкелуіне көзделеді.
Ал ағымдағы жөндеуге жұмсалған шығындар мен негізгі құралдардың бастапқы құнына қосылмайтын күрделі жөндеу үшін шыққан шығындар сомасы ұйымның ағымдағы шығыны болып есептеледі.
Кәсіпорындар өзінің негізгі құралдарын жөндеуге арнайы жабдықталған, яғни осындай мақсатқа арналған ұйымдарды қарастыратын болса, бұл жөндеудің мердігерлік ұйыммен келісімшарт жасасады. Ол шартта жөндеу үшін керекті материалдар мен қай ұйымның қамтамасыз ететіндігі, жөндеу жүргізу мерзімі, жөндеу жұмысының құны, есеп айырысу тәртібі, тағы да басқа жағдайлар көрсетіледі.
Жөндеу жүргізілген негізгі құралдарды кәсіпорындағы тағайындалған комиссия мүшелерінің шешімімен қабылдап алады. Ондай негізгі құралдарды қабылдау барысында үлгілі түрі НҚ-2-ші «Жөнделген, қайта құрылған және жаңартылған объектілерді қабылдау-тапсыру актісі» толтырылады.
Ұйымның негізгі құралдарды жөндеу шаруашылық әдіспен, яғни кәсіпорынның өз күшімен жүргізілетін болса, онда ол үшін жұмсалған, шыққан шығындар:
«Аяқталмаған құрылыс»,
«Тауарларды сату жөніндегі шығындар»,
«Жалпы және әкімшілік шығындар»,
«Негізгі құралдарды жөндеу» үстеме шығындары деп аталатын шоттардың тиістілерінің дебитіне, ал мына төмендегі:
«Материалдар»,
«Бюджетпен есеп айырысу»,
«Еншілес серіктестіктердің несиелік борышы»,
«Бюджеттен тыс төлемдер бойынша есеп айырысу»,
«Жабдықтаушылар және мердігерлермен есеп айырысу»,
«Басқадай несиелік борышпен есептеулер» деп аталатын шоттың тиістілерінің кредитіне жазылады.
Негізгі құралдарды жөндеу үшін жұмсалатын, шығарылатын өнімнің өзіндік құнына бірқалыпты кірістіруді, яғни қосып отыруды қамтамасыз ету үшін кәсіпорындар жөндеу қорын құруларына болады. Әсіресе жөндеу қорын құру маусыммен жұмыс істейтін ұйымдар үшін тиімді болып табылады. Бұл айтылған жөндеу қоры оның бекітілген мөлшердегі сомасын ай сайын өндіріс шығындарына қосу арқылы жасалады.
Достарыңызбен бөлісу: |