Бақылау сұрақтары
Соңғы күндері
1 Фашисттік Германияның сыртқы істер министрлігі эмигранттық топтардың жетекшілерінің бірі – Мұстафа Шоқайға неліктен назар аударды?
2 М. Шоқай тұтқынға түскен неміс лагерьлеріндегі түркістандықтардың елдегі жағдай туралы қандай мәліметтер алды?
3 М. Шоқайдың «Түркістан легионына» қандай қатысы бар? Оған қандай дәлелдер келтіре аласыз?
4 М. Шоқайдың қазасы жөнінде қандай пікірлер бар?
5 М. Шоқай неміс лагерлерінде қамаудағы түркістандық тұтқындарға қандай көмек берді?
Әлем таныған қайраткер
(Қорытынды орнына)
1942 жылдың 8 ақпанында Парижде М. Шоқайды еске алуға арналған басқосуда профессор А. Я. Шульгин М. Шоқайдың өмірі мен қызметі жөнінде екі сағатқа созылған баяндама жасайды. Соның өзінде де ол Мұстафаның қайраткерлік, қаламгерлік, адами болмысын толық сипаттап беруге қиналады. Ең алдымен Александр Яковлевич өмірден ерте кеткен досының “байтақ елдің, бүкіл Орталық Азияның, Түркістанның нағыз көсемі” екендігіне тоқталып, “Мұстафаның бұл дүниеден озуы – бүкіл ел үшін апат, әрине, Түркістанда оның орнын басар адам табылар, бірақ Мұстафа бей секілді бірегей тұлғадай жан кездесе қоймас” деп тебірене сөйлейді. Украин қайраткері Мұстафаны – “тірілердің ішіндегі тірі”, өмір сүйгіш, өз бойына Шығыс пен Батыс өркениетінің ең үздік жетістіктерін жинақтаған шебер саясаткер, дарынды қаламгер, дәулескер шешен ретінде суреттейді. Қарсыластарымен пікір сайысында қандай қиын проблемалар болса да Мұстафа өз ойын анық жеткізе білетін, әсіресе, Түркістан жөнінде өз көзқарасын дәлелдеуде алдына жан салмайтын. Адамдармен қарым-қатынаста Мұстафаның сүйкімділігі мен мәдениеттілігін айта отырып, сонымен бірге оған батылдық пен қызуқандылық тән еді, бірақ “олар – нағыз күрескерлерде кездесетін қасиеттер ғой” дейді А. Шульгин. “Мұстафаны жоғалту – оның елі үшін қасірет болса, басқа ұлттарға жататын саяси серіктері ақылды да байсалды жолдастан, қажетті де қымбатты адамнан айырылды” [1] деген оның сөздеріне басқа да қайраткерлер, әзірбайжан, грузин, француз, түркі халықтарының өкілдері қосылады.
М. Шоқайды саяси сахнаға өскен ортасы, ел қамын ойлаған ата-бабасының бай дәстүрі, діни мектепте бойына дарытқан адалдық пен имандылық, қоғамның даму заңдылықтары туралы Еуропа ілімінен алған танымтағылымдары, отаршылдықтың зорлық-зомбылықтары, Ресей империясының астанасында шоғырланған түрік тектес халықтардың өкілдерімен қарым-қатынастар, Ә. Бөкейханов, А. Байтұрсынов, М. Дулатов секілді тұлғалардың ақыл-кеңестері алып шығады. Оның жан дүниесі, дүниетанымдық көзқарасы, ақыл- парасаты дәстүрлі дала мәдениеті мен батыс мәдениетінің өзара тоғысында, ұлт-азаттық қозғалысының өрлеуі жағдайында қалыптасады.
Мұстафа үшін студенттік шағынан неміс ауруханасында көз жұмғанына дейін тәуелсіздік идеясы – басты мәселе, ұлттық бостандық – ең жоғары құндылық, өмірінің мән-мағынасы, халыққа қызмет ету жолындағы шығар биігі болып қалады. Сол үшін ол қандай құрбандықтарға да дайын болған-ды. Ол алғашқы кезде Түркістанның мәдени-ұлттық автономия болып жариялануын қаласа, кейін сан қилы оқиғалардың дамуы барысында толық тәуелсіздік идеясына көшеді.
“М. Шоқай Ақпан революциясынан кейін, жастығына қарамастан, Орта Азияның саяси өміріндегі жетекші тұлғалардың бірі болды. Қазақ автономиясы үшін Алаш қозғалысына да атсалысты, бірақ көбіне ол күш-жігерін Түркістанның автономия алу жолына жұмсады” [2] деп жазады Хоккайдо университетінің (Жапония) профессоры Уяма Томохико.
Азғана уақыттың ішінде М. Шоқайдың табандылығы мен ұйымдастырушылық қабілеті арқасында Түркістан халқының басым көпшілігі автономия идеясы төңірегінде топтасып, өзінің ұлттық мүддесін қорғауға шығады. Жат жұртшылықтың билігіне қарсы тұруда оның өзбек, қазақ, қырғыз, түрікмен т. б. халық өкілдерінің бастарын біріктірген Түркістан өлкесі мұсылмандарының орталық кеңесін құрып, оның жұмысын басқаруы маңызды рөл атқарады.
Ақпан төңкерісінен кейінгі кезеңдегі М. Шоқайдың Түркістандағы қызметін талдай келіп, Англияның Орталық Азияны зерттеу қоғамы былай деп баға береді: “Мұстафа Шоқайдың қызметі мұсылман халқының санасын оятуға бағытталды... Оның барлық күш-жігері бүкіл Түркістанды біріктіруге арналды” [3]. Француз ғалымдары А. Беннигсен мен Ш. Лемерсье-Келькеже де Мұстафаны 1917 жылдың ақпанынан кейін Орталық Азияның саяси өмірінде “маңдайалды рөл атқарды” [4] деп жазады. Профессор Ш. Лемерсье-Келькеже “Тайпадан Уммаға дейін” атты еңбегінде Мұстафаны Түркістан халқының саяси және рухани жетекшісі, “Қоқан автономиясының” негізін қалаушы [5] ретінде таниды.
Кеңес әдебиетінде “Қоқан автономиясы” атанған Түркістан Мұхтарияты қазақ, өзбек, қырғыз, түрікмен, тәжік т. б. халықтардың М. Шоқай, Мүнәуар Қари, Махмудқожа Бехбуди, Убайдолла Қожаев, Мұхамеджан Тынышпаев, Шахислам Шагиахмедов секілді қайраткерлердің тікелей басшылығымен жүзеге асырған ортақ жетістігі болатын.
Кеңес өкіметінің Мұхтариятты аса қатыгездікпен басып-жаныштауы Мұстафаның көзқарасына қатты әсер етеді, бірақ сонда да ол русофобтық жолға түспейді, орыс халқының бәріне бірдей топырақ шашпайды, 1918–1919 жылдары “орыс демократиясының” революциялық әлеуетін ақырына дейін анықтауға ұмтылады. Дегенмен сол кездің өзінде-ақ Мұстафа түркістандықтар дербес өмір сүрмей, өздерінің ұлттық мүддесін толық жүзеге асыра алмайтындығы туралы тұжырымға алғашқы қадам жасап, 1919 жылы Антанта елдеріне үндеу жасайды. Кейін Түркістан Мұхтариятының сабақтарын талдай келіп, оның жақтаушылары орыс революциясын отарлықтан құтылу және ұлттық азаттық жолындағы алғашқы қадам – саяси автономияға қол жеткізу ретінде түсінді дейді. Осы мақсат жолында ол Әзірбайжан мен Грузияда, 1921 жылы Францияға барып орналасқаннан кейін баспа беттерінде большевиктерге қарсы дамылсыз күрес жүргізеді. Шетелде жүріп Мұстафа Ресей бодандығындағы түрік халықтарының ғасырлар бойғы ұлт-азаттық қозғалысын жаңа сатыға көтеріп, оның ұйымдық негіздерін қалайды, мақсат-міндеттерін, стратегиясы мен тактикасын анықтайды. “Біз диктатураға қарсы күресімізді өткен өмір үшін емес, болашағымыз үшін жүргіземіз. Біздің өткен жолымыз – қасіретке толы. Орыстың шектен шыққан монархиясы мен реакциясы араласқан сол кешегіміз біздің елімізді бүгінгі большевиктік ахуалға әкелді” дейді М. Шоқай. Мұстафа социалистік жүйеге емес, ол әкелген отарлыққа қарсы тұрады. Түркістанда, одан тыс жерде жүргенінде ол өз халқының перзенті ретінде қимылдайды, өз халқының талап-тілегіне орай әрекет етуді өмірлік қағидасы деп біледі. Оның “Мен өз қалауы, өз таңдауымен құрылған басқару аппаратына өз еркіммен қызмет етуге әзірмін... Егер ол кезде Түркістан бұқарасы өздерінің ұлттық мемлекеттері үшін кеңестік жүйені таңдаса, онда мен сол өкіметке шын ниетіммен адал қызмет етуге уәде беремін” деуі осының дәлелі.
Қандай қиындықтарға қарамастан өз еліне қалтқысыз қызмет ету туған халқына деген шексіз сүйіспеншіліктен туындайды. Берік ұлттық санасыз елжұртының мұң-мүддесін өзінің жеке басының мүддесінен артық қою мүмкін емес. Атамекенінен ұзақ жылдар жырақта жүргенімен оны өз халқымен байланыстырған рухани тіндер жансебіл де берік болады. Мұстафа үшін “атамекенді сүю – оның тұтас мүддесіне қызмет ету, осы жолда... керек болса жанпида қылуға дайын тұру болып табылады” [6]. Өзінің, не жеке топтың мүддесіне қызмет ететіндер жалпыұлттық деңгейдегі қайраткерлер сипатына жатпайтын, ой-өрісі шектеулі, пендешілікті медет тұтқан адамдар екендігін Мұстафа жақсы түсінеді. “Жалпыұлттық мүддесін жеке қожалықтар мен жеке топтардың мүддесінен жоғары қоя білген, өзінің белгілі бір түзімге белгілі бір себептермен қалыптасқан қатынасын, оған тәуелділігін жалпы ұлт мүддесі тұрғысына сәйкес, ұлттың жалпы жағдайына үйлесетін түзілім жолында құрбан ете білген адамдар ғана нағыз ұлттық патриот және ұлтқа пайдалы қызметші бола алады” дейді ол.
Мұстафа ұлт намысын, ар-ожданын бәрінен де жоғары қояды. Өз тарапынан да саяси күресте адалдықты жоғары тұтады. Түркістанның тәуелсіздігі үшін күресте оған апаратын жолдың да таза болуын қалайды.
Түркістандықтардың тарихында эмиграциялық күрес үрдісінің жоқтығына қарамастан, М. Шоқай Түркия, Ауғанстан, Иран, Сауд Арабиясы, Шығыс Түркістан, Еуропа елдеріндегі түрік-мұсылман мұғажырларын тәуелсіздік үшін күрес туы астында топтастыра біледі. М. Шоқай басқарған “Түркістан Ұлттық Бірлігі” ұйымы мен оның үні – “Яш Түркістан” журналы олардың идеялық, рухани орталығына айналады.
Мұстафа ең алдымен түркістандықтардың бір халық ретінде жұмылуына, кейін барлық тағдырлас түрік халықтарының бастарын біріктіруге кіріседі. Ал, 30-жылдары тәуелсіздік үшін күресте орыс бодандығындағы грузин, әзірбайжан, украин, түрік тектес халықтардың біртұтас майданын құру платформасына көшеді. Түрік халықтарының араларындағы мәдени байланысты табиғи құбылыс деп қарастыра отырып, оны мүдделес басқа да халықтармен қарым-қатынаста болу идеясымен ұштастырады. Осы бірлікті, “бодан халықтардың интернационалистік одағын” нығайту жолында Мұстафа аянбай тер төгеді, бар күш-жігерін жұмсайды.
М. Шоқай философиясының өзегі халықтардың біртұтас майданына түркістандықтардың пікір және іс бірлігімен, ұлт болып ұйысуға бет алған қауым ретінде ену қажеттігі туралы ұғым болды. Осыған байланысты ол былай деп жазады: “Мына бір нәрсені естен ешқашан шығаруға болмайды: Біздің ұлтты құтқару жолындағы күресімізде табыстарға жетуіміз бен өз тағдырымызды өз қолымызға алуымыз ұлтымыздың ауызбірлігіне байланысты. Оған біздің ұлтымыз шаруаның жерге мүдделілігіндей мүдделілік танытуы керек”.
Біртұтас Түркістан тұжырымдамасының идеологиялық негізі – ұлтшылдық, оның қандай да бір қатыгездіктермен өшірілмейтіндігі, ұлтпен бірге жасайтындығы. Алайда Мұстафаның “ұлтшылдығы” отарлық жүйені “таптық”, “интернационалистік” принциптермен бүркемелейтін большевиктер ұғымындағы “ұлтшылдық” емес; ол – халықтың, ұлттың этностық бірегейлігін сақтауының кепілі болып табылатын, басқа мәдениет пен өркениеттердің экспансиясы барысында жұтылып кетпеуге мүмкіндік туғызатын қуатты күш. Ұлтшылдық идея – халықтардың жаны мен жүрегі, ұлтымыз өмір сүрсе, ол да өмір сүреді дейді Мұстафа.
М. Шоқай ұлттың мәңгіліктігін мансұқтайтын интернационалистік, космополиттік ағымдарды мүлдем қабылдамайды. 1939 жылдың маусым айында Гаяз Исхакимен түрік бірлігі идеясы төңірегіндегі талас-тартыс барысында жазған мақалаларының бірінде космополитизмнің ұлттық идеяларға қарсы бағытталғандығына, оны Ю. Ақшораның “Үш теріс саясат” деген еңбегінде дәлелдеп бергеніне [7] тоқталады. Мұстафа тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін ұлттық мемлекет құру керек, себебі ұлттық мәдениет ұлттық мемлекетте ғана өсіп, өркендейді, гүлденеді деп есептейді. Бұл мәселелерді ол ұлттық санамен, ұлттық рухпен өзара байланыста қарастырады, біріне-бірінің ықпалын жеткізеді. “Ұлт азаттығы – ұлттық рухтың нәтижесі. Ал ұлттық рухтың өзі ұлт азаттығы мен тәуелсіздігі аясында өсіп дамиды, жеміс береді” [8] дейді ол.
Мұстафа түркістандықтардың ішкі бірлігін қанша қолдаса, грузин, әзірбайжан, украин халықтарының да өз іштерінде талас-тартысқа, ынтымақтастық идеясына нұқсан келтіретін кикілжіңге жол бермеуін сонша қуаттайды; олардың қызметіндегі кемшіліктері мен түсініспестіктерге өкініш білдіріп, жетістіктеріне қуанады. Ол бодан халықтардың одағын осы негізде, яғни әрбір ұлттық ұйымдардың дербестігін сақтай отырып құруды ұсынады. Осы идеяны жүзеге асыру барысында Мұстафаның жеке тұлғалар, не болмаса саяси топтар арасындағы қайшылықтарды реттеуде этикалық нормаларды қатаң сақтай отырып, дау-дамайды дабырайтпай, нақтылы түрде шешу өнерінің шебері екендігі көрінеді. Грузин қайраткері А. И. Чхенкелиге (1939, 30 маусым): “Акакий Иванович! Мен біздің әртүрлі көзқарастағы (мүмкін, дүниетанымы, түсінігі), әртүрлі тәрбие алған адамдардан тұратын ортада ұшырасатын түсініспестіктерді жедел түрде жолдастық негізде реттеуді, сырт адамдарды, тіпті, ол ең жақын деген достар болса да, араластырмай-ақ, жөнге келтіруді жақтаймын” [9] деп жазады.
Ұйымда бірлесіп жұмыс істеудің кім-кімге де үлкен моральдық жауапкершілік артатынын кәміл ұғына отырып, Мұстафа өзіне жақын ғана емес, алысырақ тұрған адамдарға қатысты мәселеге де аса сақтықпен қарайды, ұсақ-түйек сөздермен жолдастарының бастарын саудаға салмайды, “өйткені ол, біріншіден, өзімізді қорлауға, екінші жағынан, достар арасындағы моральдық ахуалды ушықтыруға алып келеді” [10] дейді. Алайда қайсыбір грузин, не армян жетекшілері туралы М. Шоқай “былай депті”, “солай депті” деген жел сөздерді естігенде күнделікті қауырт жұмыстарын ысырып тастап, ешкімнің де бет-жүзіне қарамай бел шешіп күреске шығатын. Себебі ондай өсек-аяңның салдарынан азаттық қозғалысы күштерінің арасына іріткі түсетінін ол жақсы білетін.
М. Шоқайдың ұсақ-түйек басқа істермен айналасуына, “ши жүгірткен” әдіс-айлаға бой ұратындай уақыты да болған емес. Үнемі ол еңбек үстінде, алдына қойған мақсатты жүзеге асырумен ғана шұғылданады. Оған мына бір іс жоспары да дәлел. 1929 жылы ақпан айында ол әзірбайжан қайраткері М.-Э. Расул-Задеге: “Түркістан туралы орыс тіліндегі кітапшамды баспаға дайындап жатырмын. Шетел баспалары үшін бірқатар көлемді мақалалар жазу үстіндемін және кейбіреулерін жазып та қойдым. Түркістан туралы бірнеше кішігірім мақаланы (бесеуін) грузин журналында бастырдым... Бұл айда таулықтардың журналына арнап үш мақала, “Прометей” үшін бір мақала жаздым, Түркістан туралы кезекті мәлімет құрастырдым, қазақ-қырғыз ойранына қарсы наразылық мақаланы аяқтадым” деп жазады.
Саяси қайраткердің кісілік қасиеттері көбіне көлеңкеде қалып қояды, ал шындығына келгенде тұлғаның адами болмысы аса маңызды. Жұбайы Мария Яковлевна М. Шоқайдың бойында саяси менмендік атымен жоқ-тын, ол саяси айла-шарғыны жаны сүймейтін, ал жағымпаздық ол үшін өзін-өзі қорлаумен бірдей еді деп еске алады. Ол өзбек, қазақ, қырғыз, түрікмен, қарақалпақ, тәжік халықтарының бастарын біріктіріп, Швейцария мемлекетінің үлгісіндегі федерация құруды, оның тыныштықта, әлемнің басқа халықтарымен терезесі тең өмір сүруін ғана армандайды.
Мұстафаға мінез көрсету, астамшылық, билікқұмарлық сияқты екінің бірінде кездесе беретін қасиеттер мүлдем жат еді. Ол жөнінде өзі де “мен жылы жерге ұмтылмаймын... Атақ та, орын да мен үшін ешқандай рөл атқармайды. Маған нағыз түркістандық болғанымның өзі жетіп жатыр” дейді.
Отарлық үстемдікті ұстап тұрудың бір амалы ұлт-азаттық қозғалысының мән-мағынасын бұрмалау, соның бір дәлелі қозғалыстың мақсаты Түркістанда ағылшындар билігін орнату туралы большевиктердің “ертегісі” болатын. Шетелдіктердің “Түркістан ісіне араласуы” туралы долбарды мәскеуліктер кейін де кез келген уақытта өз мүддесіне орай пайдаланып келгені мәлім және оның қазақ, өзбек секілді халықтар тарих субъектісі емес, жеке-дара өмір сүре алмайды деген шовинистік қағидадан туындайтынын Мұстафа сан рет атап өтеді.
Кеңес баспасөзінде М. Шоқайды “ағылшындарға қызмет етеді”, “дүниежүзілік империализмнің агенті”, ал қуғын-сүргінге ұшыраған ұлт зиялыларын “М. Шоқайдың агенті” деп айыптау да бір ғана мақсатты – орыс үстемдігінің озықтығын дәлелдеу болатын. Осыған байланысты М. Шоқай былай дейді: “Мен Түркістанда агенттер дайындау туралы бас қатырып жатпаймын да. Мен жақсы білетін нәрсе бар. Өзім қызмет етіп келе жатқан армандар мен мұраттар менің атажұртым Түркістанда мен тәрізді әлі талай агенттер әзірлейтін болады. Өмірдің өрге тартар өрісі осындай” [11].
Бүгінгі күні тәуелсіз Қазақстанды, Өзбекстан мен Қырғызстанды құрып жатқан – Мұстафа айтқан сол “агенттер”.
Мұстафа – ақыл-парасатына ұлан-ғайыр білімі сәйкес, бірінен-бірі бастау алып жататын кемел тұлға. Сол себепті де ол өзін аса кішіпейіл ұстайды, керенау кердеңдікті жек көреді. Сын пікірді қабылдай алмаушылықты өресіздіктің белгісі деп таниды. “Өзін кінәсізбін деп санау жақсылықтың белгісі емес” дейді. Әр нәрсеге өз бетінше ойлы қараудың, өзінше пайымдай білудің қажеттілігін айтады. Мұстафаның бұл ескертуі еліктеушілігі басым қазақ жастары үшін бүгінгі күні айтылған сияқты. М. Шоқай билік үшін, жеке басының не әулетінің игілігі үшін күрескен жоқ, оның барлық ой-арманы халқының отарлық үстемдіктен құтылуына ғана саятын. “Алла елімнің тәуелсіздігіне қол жеткізгенін көруді нәсіп етсе, мен тек үгіт-насихат ісімен ғана айналысар едім” дейтін Мұстафа.
Жалпы алғанда М. Шоқайдың халыққа қызмет етуі Ә. Бөкейхановтың “жұрт істеген іске ақкөңіл, кір жұқпайтын мінсіз шарт” [12] деген сөздерін еске түсіреді. Мұстафа жолдастарынан қолынан келгенін аямайды. Грузин қайраткері А. И. Чхенкели “М. Шоқай өз басына қатер төндіруі мүмкін жағдайда да таныстарына көмек қолын ұсынуға даяр болатын” дейді. 1922 жылдың 12 мамырында Ташкентте тұрып жатқан Х. Досмұхамедовке жазған хатында: “Ислам (Шахислам Шагиахмедов. – К. Е.) бейшара қатты ауырып қалды... Ол біраз уақыттан бері Үндістанда тұратын. Мен оған жағдай жасау жөнінде ағылшындарға қоңырау соққанмын” дейді. “Енді бүгін осы Түркістан патриоты Шаһ Ахметбек қайда жүр екен? Қатерлі қыспақтардан өтті ме? Тірі ме? Білмеймін” деп қайғырады. “Яш Түркістан” журналына жазған бір мақаласында досы Садық Өтегенұлын “сен қазір қайда жүр екенсің? Әлде Түркістанның қазіргі қожайындарының әмірімен итжеккенге кеттің бе? Жоқ, әлде аштан өліп қалдың ба?” деп сағынышпен еске алады.
Талай жылдар бірге істес болған Варшавадағы Гаяз Исхакиге “өрелі де сауатты істерге бастап келе жатқан Сіздің ұлттық қайраткерлік қызметіңізді шын жүректен жоғары бағалаймын” деп өз ықыласын білдіреді. Мұстафа әзірбайжан, татар, грузин, армян, украин, қалмақ, түрікмен мұғажырларының жетекшілерімен жиі араласады. Қаламы жүйрік, ұлт мәселесінің маманы МирЯкуб Мехтиевпен достық қарым-қатынасы үзілмейді. Әзірбайжан қайраткері Мұстафа Векиллимен М. Шоқай бірін-бірі “Адаш” (“аттас” деген мағынада) деп, хат арқылы хабарласып тұрады. Олардың араларында кейде оқиғаны түрліше бағалаушылық болып жататын. Бірақ М. Шоқай кекшілдік, өкпешілдік дегендерге ешқашан жол бермейді. 1938 жылы 24 маусымда М. Векиллиге жазған хатында “Қымбатты Адаш, мен болған түсініспестіктерді барлық уақытта ұмытуға тырысамын” дейді.
Қайтыс болған дос-жолдастарын соңғы сапарға шығарып салу, оларды қырқына, жылына орай еске алу да Мұстафаның үлкен мәдениет иесі екендігін айғақтайды. 1939 жылы ол 1917 жылдан бергі “ескі досы” Фуад бек Тоқтардың қайтыс болуына байланысты қазанама жазып, жүрек тереңінен шыққан қимастық сезімін қағаз бетіне түсіреді. Әзірбайжан халқының аса көрнекті қайраткері М.-Э. Расул-Задені де өзінің “ең жақын достарының бірі” ретінде санайды.
1934 жылы 5 тамызда Ә. Топчибашының табытының басында тебірене сөз сөйлеп, оны Ресейдегі орыс емес ұлттардың бәріне ортақ ұлы тұлғалар қатарына қосады.
Түрікшілдік мәселелері жөніндегі араларындағы пікір алшақтықтарына қарамастан Ю. Ақшора туралы мақала жазып, оны да “түрік дүниесіндегі ұлы тұлғалардың бірі” деп бағалайды.
М. Шоқай тарихи тұлғаларға жеке басының мүддесі, қарым-қатынасы тұрғысынан қарамайды. Ол Түркияда “Яш Түркістан” журналының таратылуына тыйым салуды да, түрікшілдік насихатқа шектеу қою жөніндегі шешімді де түсіністікпен қабылдайды. Осыған байланысты серіктерін Түркия, оның басшылары жөнінде ғайбат сөздер айтуға аса сақ болуларының қажеттілігіне көздерін жеткізеді, өз жүрегінде де кірбің сақтамайды. Ататүрік қайтыс болғанда қатты қайғырып, “Яш Түркістанның” бетінде көңіл айтады. Оның дарынды да көсем қолбасшы, данышпан реформатор, білікті дипломат, мемлекет қайраткері, ұлы тұлға екендігіне бірнеше мәрте қайта оралып, мақалалар жазады.
М. Шоқайдың жолдастарына адалдығы, грузин, әзірбайжан, украин ұлттық ұйымдарымен одақтастық қарым-қатынастарға беріктігі ерекше болатын. 1931 жылдың 12 мамырында “Добчи-бей” есімді поляк резидентіне: “Мен қазіргі біздің жағдайымызда кімге болса да, “астыртын жұмыс” істеуге қарсымын. Біздің бәріміз бірлесіп жұмыс істеуіміз қажет, не болмаса бірімізгебіріміз кедергі келтірмеуге тиістіміз, “төраға”, “өкіл” секілді “атақтар” мені мүлдем қызықтырмайды” [13] деп жазады.
Мұстафаға адам тағдырына аса жауаптылықпен қарау тән. 1925 жылы Париждегі Дүниежүзілік көрмеде этнографиялық концертке қатысқан Әміре Қашаубаев Францияда қалғысы келгенде Мұстафа оған: “Сен мұнда қалсаң, күнделікті нан тауып жеудің амалын іздеген қатардағы эмигрант боласың. Ал өз еліңде сен – аты әйгілі әншісің. Сен жастарға керексің, ал сенің өнеріңді сенің де, менің де отандастарым талап етеді. Сенің қайтып оралғаның жөн” [14] дейді. Әміре өнерінің – халық қазынасы екендігі жайлы азаматтық пайым әншінің еліне қайтуына септігін тигізеді.
Мұстафа Германияға оқуға барған, кейін еліне оралуға ниет білдірген түркістандық жастарды саяси күреске тартуға қарсы болады. Мұстафа оларға үміт артып, елдің болашағы ретінде қарайды. Жастарды қорғаудың да, қолдаудың да қажеттігін ескертеді. “Жас ұрпақ шұғыл түрде ұйымдасып істі өз қолына алмайынша Түркістанның ұлттық мәселесі өз шешімін таппайды” деп көрсетеді ол. Мәскеудің айла-шарғыларына алданып қалмайтын саналы жастарға сенім білдіре отырып, жолдастарын Түркістан жастарының іс-әрекеттеріне баға беруде өте абай болуға, оларға жанашырлықпен қарауға шақырады. Жастарды ұлттық мүдделерге қарсы қойып алудан аулақ болуға, әр уақытта аялауға шақырады. 1936 жылы Мұстафа Берлин қаласында радио арқылы түркістандық жастарға арнап сөз сөйлейді.
М. Шоқай қызметінің ең бастысы – Түркістан мәселесіне әлем жұртшылығының назарын аудару екендігі сөзсіз. Ол жиырма жыл Еуропа төрінде тәуелсіздік туын көтеріп, Кеңес Одағы құрамындағы қазақ, өзбек, қырғыз, түрікмен т. б. халықтардың өз алдына дербес өмір сүруіне құқылы екендіктерін, тәуелсіздікке жету жолдарын айқындаумен болады. Осы жолда ол, бұрынғы Ресей Мемлекеттік думасының мүшесі, Грузия сыртқы істер министрі А. Чхенкелидің сөзімен айтқанда, “халықтық ұлттық көсемге айналды”. Бүкіл түрік халықтары алдында сіңірген орасан еңбегін бағалаған жерлестері 1939 жылдың 28 тамызында М. Шоқайға былай деген болатын: “Сіздің барлық ізгі ниетті патриоттардың сүйіспеншілігі мен ризашылығына бөлене отырып, еш нәрсеге қарамастан алдағы уақытта да өзіңіздің адал және тура бағытыңызбен жүретініңізге сенеміз. Біз, барлығымыз, өзіміздің Отанымызда ортақ мұраттар үшін шын ниетімен күрескендерге алғысымызды білдіретін уақыт алыс емес деп есептейміз” [15]. Большевиктік диктатураға қарсы қалам қарымы, қажыр-қайратымен күресе отырып, ол жалғыз Түркістан емес, әзірбайжан, грузин, украин, татар, башқұрт халықтарының ұлттық мүдделері туралы мәселені олардың жетекшілерімен бірге әлем сахнасына шығарысады. Сол себепті ол осы халықтардың мұң-мұқтажын жоқтаған ортақ тұлға болып табылады.
Түрік-мұсылман халықтары мәдениетін кемсітіп қалудың орайын құр жібермейтін А. Керенский мен П. Милюков секілділер де ақырында Мұстафаны мойындап шығады. Оның бір дәлелі – Мұстафаның “орыс демократтары” ұйымдастырған жоғары деңгейдегі басқосуларға шақырылып тұруы. Осындай жиындардың бірі “Дни”, “Последние новости” газеттерінің редакцияларында шетел журналистері мен дипломаттары үшін ұйымдастырылып тұратын таңертеңгі ас беру рәсімі болатын. Оның мақсаты шетел газеттерінің тілшілері мен қызметкерлерін Францияның саяси, ғылыми және әдеби әлеміндегі соңғы оқиғалармен таныстырып отыруға саяды. 1934 ж. 25 қаңтарда П. Н. Милюковтың төрағалығымен өткен Франциядағы Шетел баспасөзі ассоциациясының таңертеңгі асына Францияның депутаттар палатасының шетел істері комиссиясының төрағасы Пазет, профессор Бернар Леон, “Энформасьон” газетінің редакторы Келлерсон, депутат Мутэ, атақты француз жазушысы Жюль Ромен секілді белгілі тұлғалармен бірге М. Шоқай да шақырылады. Кездесу барысында түрлі оқиғалар жөнінде пікір алысылады. Бұл жолы, француз баспасөзі атап көрсеткендей, қонақтардың арасында Мұстафаның Шығыс Түркістан туралы мақаласы үлкен қызығушылық туғызады [16].
Кеңес Одағы жағындағы түрлі саяси ағымдар мен қозғалыс жетекшілерінің М. Шоқайды “жікшіл”, “ұлтшыл”, “түрікшіл” тұлға ретінде көрсетуге тырысқан әрекеттеріне қарамастан батыс елдерінің баспасөзінде ол әлемдік деңгейдегі қайраткерлердің бірі ретінде сипатталады.
Стокгольмнің “Nya Daglіgt Allehanda” газетінде Мәскеудің Түркістандағы саясаты, М. Шоқайдың “Йени Түркістан”, “Прометей” журналдарындағы қызметі туралы профессор Герман Гуммерустың мақаласы жарияланады [17]. М. Шоқайдың халықаралық беделінің арта түсуі басқа да басылымдардан көрінеді. 1928 жылы 8 қазанда шыққан санында “Журналь де Деба” деген француз басылымы оны “азаттықты аңсаған демократ” деп атап, қазақ қайраткерінің Кеңес Одағының отарлық саясатының құйтырқы әдіс-тәсілдерін әшкерелеп отырғанына тоқталады. Большевиктердің мұсылмандарды жүйелі түрде қуғындап, оларға жасап отырған зорлық-зомбылықтары саяси, әлеуметтік және экономикалық тұрғыдан бүкіл өркениетті мемлекеттер тарапынан айыпталуы тиіс дейді мақала авторы.
М. Шоқайдың алдына қойған түпкі мақсаттарының бірі де Кеңес Одағындағы түрік халықтарының ұлт-азаттық қозғалысының заңдылығын батыс елдерінің тануы, оған моральдық қолдау көрсетуі болатын. Бұл бағытта М. Шоқай жүргізген сан алуан жұмыстардың ауқымдылығы соншалық, олардың бәрін тізбелеп шығудың өзі қиынға соғады. 1929 жылдың маусым айында ол қазақ, өзбек, түрікмен, қырғыз халықтарында еркіндік рухының сөнбейтіндігі, сол себепті олардың қашан да болса отарлық бұғаудан босанатындығы туралы “Курьер Поранни” (“Kurіer Poranny”. 1929. 6 маусым) деген поляк газетінің тілшісіне сұхбат береді [18].
Ж. Кастанье өзінің 1930 жылы жарияланған “Қазақ-қырғыздар мен шығыс түрік халықтары арасындағы бақсы-балгерлік” деген еңбегінде М. Шоқайдың өмірі мен қызметін баяндай келіп, оны батыс оқырмандарына Түркістанның азаттығы үшін күрес жетекшісі, ірі саяси қайраткер деп таныстырады [19].
1939 жылдың шілде айында Мұстафа “Lіbre Belgіque” газетінің тілшісімен сұхбаттасып, Кеңес Одағындағы демографиялық ахуал жөнінде ой-пікірлерімен бөліседі [20]. Келесі жылы М. Шоқай мұсылман және Еуропа елдеріне арнап Кремль саясатының түпкі мақсаты Түркістанды біржолата отарлау екендігі туралы француз радиосы арқылы үндеу таратады. Оның осы сөзі төңірегінде, жалпы қайраткерлік болмысын сипаттаған Поль Беннидің 1941 ж. “Parіsіer Zeіtung” газетінде “Қолорақ пен Балға Жарты Айға қарсы” деген мақаласы жарық көреді [21].
М. Шоқай саяси және ғылыми-публицистикалық жұмыстарын Түркістан Ұлттық Бірлігіне басшылық жасау, ұйымның халықаралық байланыстарын нығайту, ұлттық күрестің кадрларын дайындау, түрік-татар, әзірбайжан, кавказ халықтарының эмигранттық ұйымдарындағы жағдайлармен танысу, “Яш Түркістан” журналын шығару істерімен ұштастыра жүргізеді. Оның үстіне Мұстафаға сан тараптан – Шығыс Түркістаннан, Сауд Арабиясынан, Ауғанстаннан, Түркиядан, Германиядан, Польшадан, Англиядан, Италиядан, Америка Құрама Штаттарынан т. б. елдерден келіп түсіп жатқан хаттарға жауап беруіне тура келеді. Соның бір мысалы ретінде М. Шоқайдың 1929 жылдың 24 сәуірінде станислав Казимировичке (Польша) жазған хатын келтіре кетейік. Онда Мұстафа былай дейді: “Сіз басқа жақта болған уақытыңызда мен бірнеше елден хат алдым. Истанбұлдан эзоп тілімен ұйым басшылығында біраз өзгерістердің болатындығын хабарлайды... Германиядан хаттар келді. Оларда жастар ұйымын құруды жеделдетуді еске салады” [22] делінеді.
М. Шоқай үнемі еңбектенумен, Түркістан тәуелсіздігі үшін дамылсыз күрес жүргізумен болады. Парижде, Берлинде, Лондонда, Истанбұлда, Прагада, Варшавада, Бухаресте, Женевада, Гаагада, Стокгольмде, т. б. қалаларда кездесулер өткізеді, маңызды келіссөздерге қатысады. Ондай қыруар жұмысты атқару толағай тұлға Мұстафаның еншісіне ғана бұйырады. М. Шоқайдың тынымсыз еңбегінің кейбір көріністерін жолдастарына жазған хаттарынан көз алдымызға келтіреміз. 1938 жылдың 10 мамырында ол әзірбайжан қайраткері М. Векиллиге: “Соңғы екі айда мен барлық уақытымды жол жүруге жұмсадым. Наурызды және сәуірдің бірінші он күнін Германияда өткіздім. Сәуірдің екінші жартысынан 5 мамырға дейін Швейцарияда болдым” [23] деп жазады. Сол жылдың 2 маусымындағы хатында Варшаваға Кавказ елдері, Украина, Идель Урал және қырым татарларымен кездесуге бара жатқанын хабарлайды. “Варшавада бір апта, әрі кетсе он күндей боламын. Парижге тездетіп қайтуым қажет, себебі маусымның 20-ларында біздің ортақ ісіміз үшін аса қажетті тұлғалармен кездесуім керек” [24] дейді. Оның М. Векиллиге “ортақ ісіміз” деп отырғаны да тәуелсіздік мәселесі еді. Саяси тұлғалар мен сарапшылардың М. Шоқайды Кемаль Ататүрік, Джавахарлал Неру секілді қайраткерлер қатарына қоюында ешбір асыра бағалаушылық жоқ. Мұстафаның қайраткерлік, ұйымдастырушылық қызметі халықаралық сарапшы, көсемсөз майталманы, тарихшы-ғалым ретіндегі қырларымен астасып жатады. Әлемдік өркениет жетістіктерінен нәр алып, оның бітім-болмысына қайнап біткен бұл қасиеттерін бірін-бірінен айырып алып, өз алдына жеке қарау қиынға соғады. Тереңдік пен жан-жақтылық секілді өлшемдер өзара үйлесім тапқан ғалымдық талантының арқасында Мұстафаның шығармашылық ізденістері сан алуан қайнар бұлақтардан бастау алып бір арнаға – өмірлік мұратына айналған “тәуелсіздік идеясы” атты мұхитқа барып құяды.
Мұстафа Түркістан халықтарының азаттыққа қол жеткізетініне бір сәт күмәнданып көрген емес. Ол егеменді ел болғаннан кейінгі уақытта түркістандықтардың өмірін қалай ұйымдастыру қажеттігі жөнінде аса құнды ой-пікірлерін, тұжырымдарын қалдырды. Олар: түркістандықтардың өзінің өмір сүру кеңістігін, жер-суын, байлығын, халқының этностық бірлігін, тыныштығын сақтау, жастарының ұлттық тәрбие алуын қамтамасыз етуі т. б. мәселелер. Мұстафа қазақ тілінің орыстандыру саясатындағы басты нысандардың бірі болып отырғанына үнемі үлкен абыржушылық танытып кетті [25]. Бірақ Мұстафа тәуелсіз Түркістанның томаға-тұйық өмір сүруін емес, әлем елдерінің барлығымен қарым-қатынаста болуын көпвекторлы саясат ұстануын қалайды. Менің білуімше, деп жазады А. Я. Шульгин, алдына қойған мақсатын орындап, азат Түркістанға басшылық ету жазғанда М. Шоқай Ататүрік ізімен жүретін еді, бірақ оған түгелдей еліктемес те еді. Ол азат Түркістан өзінің ұлттық кескін-келбетін сақтай отырып, басқа мемлекеттермен бәсекелестікке қабілетті болу үшін батыс елдерінен көп нәрселерді үйренуі тиіс [26] деп ойлады.
М. Шоқайдың бұл тұжырымы бүгінгі күні Елбасымыз Н. Ә. Назарбаевтың Қазақстанның алдыңғы қатарлы елу елдің қатарына қосылу саясатымен өзектес келеді. Жаһандану заманында халқымыздың ұлттық кескін-келбетін, этностық бірегейлігін, тілі мен ділін сақтап қалу да – қазіргі күрделі проблема. Большевиктік жүйе тарих сахнасынан кетіп, әр ұлт өз үйі ішінде өзі қожа болғаннан кейінгі уақыттағы мемлекетаралық қатынастар жөнінде айта келіп, Мұстафа тәуелсіз Түркістанның бұрынғы метрополия – Ресеймен өзара достық байланыста болуы геосаяси жағдайдан туындайтын міндет дейді. Автократиялық, демократиялық, не басқа сипатты Ресеймен қарым-қатынаста болу қажеттігін, бірақ оның өзара тиімділікке негізделуін, “жауапсыз достықтың зиянды” екендігін ескертеді.
Мұстафа мемлекетаралық қатынаста “мәңгілік дос”, “мәңгілік жау” деген түсініктер жоқ дейді. Ол мемлекетте тек мәңгілік мүдде ғана болатындығын аксиома ретінде ұғынады. Қазіргі уақытта саясаткерлер лексиконында жүрген “мәңгілік достық”, “достықтың тарихи тамырлары” деген түсініктер өмір шындығымен қиыспайды, олар – коньюнктуралық саясат категориялары ғана.
М. Шоқайдың біртұтас Түркістан туралы ой-пікірлерінің де Н. Ә. Назарбаевтың Орталық Азия Одағын құру идеясымен сабақтастығы ерекше назар аударып, жалпы Мұстафаның шығармашылық мұрасының заманауилық әлеуетін көрсетеді. Екі тұлғаның да ұсыныстарының өзегі Орталық Азия аймағындағы елдер арасындағы интеграциялық процестерді күшейтуге бағытталған. Қазіргі уақыттағы ғаламдану заманында, оның жойқын күштеріне саяси, мәдени және экономикалық тұрғыдан бәсекелес бола алатын мемлекет қана қарсы тұрып, өзін ассимиляциялауға ұшыратпай, тарих сахнасында қала алады. Ортаазиялық республикалардың бірлесу процесін жеделдету жөніндегі пікірлер осы алаңдаушылықтан, кішігірім елдердің түптіңтүбінде алпауыт мемлекеттерге тәуелді болып қалатыны жөніндегі болжамнан туындап отырғаны мәлім.
Мұстафа Еуропа өркениетінің көкжиегін көлегейлеп тұрған елдермен қарым-қатынаста болудың, әсіресе, Грузия мен Украинаның Түркістанның тәуелсіздігі үшін маңыздылығын есте сақтауды өсиет етеді. Ал әзірбайжандарға етене жақын бауырлас түркі халқы ретінде қарайды. 1934 жылы 28 мамырда Әзірбайжанның тәуелсіздік күніне байланысты түрік халықтарының одағы туралы Мұстафа жүрек тебірентерлік сөз сөйлейді. Оның Каспий теңізінің түркістандықтарды бөлмейтіні, қайта біріктіретіні туралы пайымдаулары бүгінгі күні де өзекті. “Түркістан бір күндері жаңарып, өз батырларын еске алатынын, Мұстафаға Перовскіде, не Ташкентте ескерткіш қоятынын білмеймін. Бірақ халық оған өз жүрегінен ескерткіш орнататынына кәміл сенемін” деген болатын А. Я. Шульгин 1942 жылы.
Бүгінгі күні Мұстафа халық жадында да, жүрегінде де берік орын тепті. Оның маңдайына кез келген тұлға ие бола бермейтін бақыт – өз халқымен үндес, тағдырлас болу жазылды.
Мұстафаның қайраткерлік болмысын, ұлан-ғайыр мұрасын, бүгінгі күнмен өзектесіп жатқан ой-тұжырымдарын зерттеу, насихаттау, ұлықтау еліміздің егемендігін баянды етуге, жас ұрпақты отансүйгіштік рухта тәрбиелеуге қызмет етеді.
Достарыңызбен бөлісу: |