264-бап. Шегерімге жатпайтын шығындар
Мыналар:
1) кіріс алуға бағытталған қызметке байланысты емес шығындар;
2) сот тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің осындай салық төлеушіден іс жүзінде алынғанын анықтаған операцияларды қоспағанда, соттың заңды күшіне енген шешімімен анықталған, басшысы және (немесе) құрылтайшысы (қатысушысы) осындай заңды тұлғаны тіркеуге (қайта тіркеуге) және (немесе) оның қаржы-шаруашылық қызметін жүзеге асыруға қатысты болмайтын салық төлеушімен іс жүзінде жұмыстарды орындамай, қызметтер көрсетпей, тауарларды тиеп-жөнелтпей жасалған операциялар бойынша шығыстар;
3) осы Кодекстің 91-бабында айқындалған тәртіппен әрекет етпейтін деп танылған салық төлеушіні әрекет етпейтін деп тану туралы бұйрық шығарылған күннен бастап онымен жасалған операциялар бойынша шығыстар;
4) заңды күшіне енген сот актісімен танылған, жеке кәсіпкерлік субъектісі іс жүзінде жұмыстарды орындамай, қызметтер көрсетпей, тауарларды тиеп-жөнелтпей жасаған шот-фактура немесе өзге құжат жазып беру жөніндегі әрекет (әрекеттер) бойынша шығыстар;
5) соттың заңды күшіне енген шешімі негізінде жарамсыз деп танылған мәміле бойынша шығыстар;
6) мемлекеттік сатып алу туралы шарттар бойынша бюджетке енгізілуге жататын (енгізілген) тұрақсыздық айыптарын (айыппұлдарды, өсімпұлды) қоспағанда, бюджетке енгізілуге жататын (енгізілген) тұрақсыздық айыптары (айыппұлдар, өсімпұл);
7) осы Кодексте өздері үшін шегерімге жатқызу нормалары белгіленген шығыстардың көрсетілген нормалар қолданыла отырып есептелген шегерімнің шекті сомасынан асып кету сомасы;
8) Қазақстан Республикасының немесе өзге мемлекеттің (өзге мемлекеттің бюджетіне төленген салықтар және төлемдер үшін) заңнамасында белгіленген мөлшерлерден артық есептелген (есепке жазылған) және төленген салықтар мен бюджетке төленетін төлемдер сомасы;
9) осы Кодекстің 239-бабында көзделген әлеуметтік сала объектілерінің құнына енгізілетін сатып алу, өндіру, салу, монтаждау, орнату жөніндегі шығындар және басқа да шығындар, сондай-ақ оларды пайдалану жөніндегі шығыстар;
10) егер осы Кодексте өзгеше көзделмесе, салық төлеуші өтеусіз негізде берген мүліктің құны шегерімге жатпайды. Өтеусіз орындалған жұмыстардың, көрсетілген қызметтердің құны осындай жұмыстарды орындауға, қызметтерді көрсетуге байланысты шегілген шығыстар мөлшерінде айқындалады;
11) осы Кодекстің 411-бабын қолданатын салық төлеушіде туындаған, есепке жатқызуға жататын қосылған құн салығы сомасының салықтық кезеңде есепке жазылған қосылған құн салығы сомасынан асып кетуі;
12) осы Кодекстің 250, 252 және 253-баптарында көзделген шегерімдерді қоспағанда, резервтік қорларға аударымдар;
13) кәсіпорынды мүліктік кешен ретінде сатып алу-сату шарты бойынша берілетін запастардың баланстық құны;
14) өнімді бөлу туралы келісімшарт бойынша қызметті жүзеге асыратын жер қойнауын пайдаланушының төленген қосымша төлемінің сомасы;
15) салық төлеушінің осы Кодекстің 228-бабына сәйкес амортизацияға жатпайтын активтердің бастапқы құнына қосылатын шығындары;
16) жер қойнауын пайдаланушы салықтық міндеттемені орындау есебіне заттай нысанда берген пайдалы қазбаларды өткізуге байланысты шығыстар;
17) мемлекет атынан алушыда – жер қойнауын пайдаланушы салықтық міндеттемені орындау есебіне заттай нысанда беретін пайдалы қазбалар көлемінің құны;
18) лизинг шартынан басқа, мүліктік жалдау (жалға алу) шарты бойынша уақытша иеленуге және пайдалануға берілетін активтердің баланстық құны;
19) жер қойнауын пайдаланушы салықтық міндеттемені орындау есебіне заттай нысанда беретін пайдалы қазбалар көлемінің құны;
РҚАО-ның ескертпесі!
20) тармақша 01.01.2027 дейін қолданыста болады - ҚР 25.12.2017 № 121-VI Заңымен.
20) бас банктің күмәнді және үмітсіз активтерін сатып алатын банктің еншілес ұйымының:
осы ұйым Қазақстан Республикасының банктер және банк қызметі туралы заңнамасына сәйкес алған және бас банкке аударылған ақша түріндегі;
Қазақстан Республикасының банктер және банк қызметі туралы заңнамасында көзделген қызмет түрлерін жүзеге асыруға байланысты емес шығыстары;
21) коммерциялық емес ұйымдардың осы Кодекстің 289-бабының 2-тармағында көрсетілген кірістер есебінен жүргізілген шығыстары шегерімге жатпайды.
3-параграф. Тіркелген активтер бойынша шегерімдер
Достарыңызбен бөлісу: |