Қалыптасатын дағдылар: -оқытудағы жобалау әрекеті барысында оқушылардың құзыреттіліктерін қалыптастыра алу;
- білім беру мазмұнын жобалай(тұжырымдамалар, білім беру бағдарламалары, оқу жоспарлары) алу;
-жобалауға қажет әдебиеттерді пайдалана отырып, сәйкес жаңа жоба жасай алу;
- білім беру технологияларының мақсаттарының, мазмұнының негізгі сипаттамаларын жобалау тұрғысынан көрсете алу;
-оқу жобаларын жасай алу.
ДӘРІСТЕР МАЗМҰНЫ
1-дәріс. «Білім беру аймағындағы жобалау» пәнінің мақсаты, міндеттері және құрылымы. Қоғамдық-әлеуметтік қайта құрулар жағдайында жобалау әрекеті идеясының пайда болуы мен дамуы. Жобалаудың мәдени-тарихи көздері. Жоспары: 1.1. «Білім беру аймағындағы жобалау» пәнінің мақсаты, міндеттері және құрылымы. 1.2. Қоғамдық-әлеуметтік қайта құрулар жағдайында жобалау әрекеті идеясының пайда болуы мен дамуы. 1.3. Педагогикалық жобалаудың дамуының тарихи-мәдени негіздері.
1.1. «Білім беру аймағындағы жобалау» пәнінің мақсаты, міндеттері және құрылымы. Еліміздің білім беру жүйесін дамыту стратегиясы «Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған Мемлекеттік бағдарламасында» айқындалып, оның мазмұны қоғамның даму талаптарына сай жастардың бойында білімділік пен бәсекеге қабілеттілік қасиеттерді қалыптастыруға бағытталып отыр. Жаңа экономикалық қатынастардың үдемелі инновациялық сипаты адам капиталын дамытуды алға қою туралы көзқарастарды тудыруда.
Білім берудің жаңа мазмұны мен нәтижелері білім алушының қоғами ортадан өз орнын бағдарлауға, білім мазмұны мен пәндерді өзі таңдауына бағытталған. Мектепте балаларды оқытудың жекелік сипаты мен оқушының мүмкіндіктерін дамыта отырып, өз бетімен білім алуын ұйымдастыру талаптары жаңа формациядағы мұғалімдерді, олардың жаңаша ойлау әрекеттері мен зерттеушілік ұстанымдарын қалыптастыруды көздейді. Бұл инновациялық үдерістер болашақ педагогтарды даярлайтын университеттердегі білім беру мазмұнын жаңғыртуды қажет ететіні сөзсіз. Сонымен қатар, жаңа өзгерістер педагогикалық білім беруді мазмұндық қана емес, әдістемелік және технологиялық қайта құруларды қамтамасыз ететін логикасын айқындап, білім берудің жаңа нәтижелеріне сай оларды тиімді ұйымдастыру қызметін белгілейді. Педагогикалық мамандықтар даярлайтын жоғары оқу орындарының білім беру бағдарламаларына оқытудың жаңа технологиялары мен әдістемелерін меңгертуге арналған пәндер енгізу бүгінгі қоғам сұранысына жауап беру қажеттігінен туындауда.
Ұсынылып отырған «Білім беру аймағындағы жобалау» пәні білім берудің жаңа парадигмасына сай оқытудағы негізгі бағыттардың бірі - педагогтың білім берушілік ролі өзгеруін теориялық және әдістемелік тұрғыдан қамтамасыз етуге бағытталған. Біздің ойымызша, курстың теориялық және әдістемелік мазмұны бүгінгі өркениеттің ерекшелігіне сай болашақ педагогтар үшін жаңаша ойлау мен зерттеушілік іс – әрекет дағдыларын айқындауда, ізденушілік пен инновациялыққа ұмтылуда, қалыптасқан стереотиптегі түсініктерін өзгертуде белгілі бір дәрежеде ықпал етері сөзсіз. Соған орай, бұл пән болашақ мұғалімдердің өз әрекетін кәсіби қалыптасудың басты ресурсы ретінде ұйымдастыра отырып, оларды ғылыми-теориялық тұрғыдан даярлауға мүмкіндік береді деп есептейміз.